АХМЕТБЕКОВКЕ Һәм Астана әкімшілігіне АРНАЛҒАН АҚЫЛ
«Бомждар біздің қоғамның ауруына айналды! Олар астанамыздың келбетін бұзып жатыр! Жақында ЭКСПО-2017 өтеді, оған шетелдік туристер келеді. Сонда біздің үйсіздер қайыр сұрап жүрсе, туристердің санасында біздің гүлденген ел туралы қандай ой қалыптасады? Міне, мыналарың ЭКСПО өткізіп жатыр, ал халқы кедейленіп, үйсіз жүр демей ме? Бұған жол беруге болмайды!»
Жамбыл Ахметбеков, Мәжіліс депутаты һәм Халықшыл коммунистер хатшысы
Abai.kz
Дәл осы Астанадағы «бомждар» мәселесін ана-а-ау жылы «ОБСЕ» саммиті өтер кезде мен де бір жазбамның бір пұшпағына қыстыра кеткен едім. Сонда мұрынымды шұқып отырып, астаналық бишікештерге арнап жазған ақылымды тағы бір қайталайын: біздің әпербақан әкімдер үшін бұл – бұйым емес шаруа. Бәлкім, Жамбылдан садаға кеткір Ахметбеков те басын қатты қатырып жүрген мәселені менің «ноу-хоуымды» қолдану арқылы шешіп, бәләм бір тынышталар.
Әрине, «еріккеннен» еліріп жүріп, «бомж» деген әлеуметтін статус алған қаңғыбас қауымға баспана бөліп бере алмайсың. Олар түгілі, алты балалы «Алтын алқалы» аналарға үй беру мәселесін үкімет үйдей проблема қылып отырғанда, «бомжды» бауырға басу – қытайды құда қылумен бірдей қиямет.
Енді не етпек керек? Ахметбековті «аһ» ұрдырмай, Астанаға төніп тұрған қатердің бетін қалай қайтарамыз?
Менде бір итжегір идея бар: Жамбекеңдер жаратса.
Ол үшін, ЭКСПО басталардан бір апта бұрын Астанадағы «бомждарды» түгін қалдырмай жиып-теріп, көлікке тиеп, Қарағандыға апарып тастау керек (олар тым көп болса, Қостанай, Көкшетау, Қызылжар, Кереку қалаларына бөлуге болады). Бірақ о жақтағы «бомждар» мен бұ жақтан апарылғандар арасында мүдде қақтығысы (подвалға талас, қоқыс жәшігі үшін шайқас, т.б.) болмас үшін, халықтық коммунистер Қарағанды қаласында «Қаңғыбастар құрылтайын» өткізуі керек.
Әлбетте, мұндай маңызды мемлекеттік шараны өткізу үшін, бюджеттен аз-маз қаржы бөлінуі тиіс. Ал құрылтай өткізетін орынға «Бесобада» құрылысы бітпей қалған бір үйдің подвалын пайдаланса болады: әрі – тегін, әрі – кең. Түскі үзіліс кезінде «бомж-делегаттарға» тамақ беріліп, кешкілікке бір-бір шөлмек арзан арақ ұстатып жіберсе болғаны: закусканы өздері тауып алады. Есесіне – бөгіп алған бомекеңдер Арқаның аспаны астында тырт-тырт қасынып, бор-бор ұйықтап, алаңсыз жата береді.
Бірақ, бұл құрылтайдың бір гәбі бар: оны үш ай бойы үзіліссіз өткізу керек. Себебі – ЭКСПО осынша уақытқа созылады. Косаревтің өзі көсем боп, бүткіл партиясымен үш ай құрылтайшылып жүрсе, өттері жарылып кетпейді: есесіне Ахметбеков айтпақшы, қаңғыбастар «Астананың келбетін бұзбайды».
Ал Қарағандыға апарып тастаған қаңғыбастарды қараусыз қалдырсаң, олар екі күннен кейін аңыратып отырып, Астанаға қайтып келеді. Олар қайтып келді дегенше, Астананың абыройы ашылды дей бер: туристер тырым-тырақай қашады; Нән көкеміздің қаны басына тебеді; оныкі тепті дегенше, Жақсыбековтің жүрегі жарылып қалды дей беріңіз...
Міне, ЭКСПО десе, ішкен асын жерге қойып, еңіреп жүргендер осы ұсынысты ұстанса, Астана да айбатты, Қазақстан да қайратты көрінеді. Бітті шаруа!
Қалай, Жамбыл мырза? Ойбай, тойыс, товарищ Ахметбеков?!
Ермұрат БАПИ.