ӘКІМ... ҚАШЫП КЕТТІ
Қызық жағдай: ауылдық округтің бір әкіміне халықаралық іздеу жарияланды. Қызық дейтін себебіміз – іздеу жарияланған әкімнің аты-жөні ашып айтылмайды. Оу, сонда о кісінің аты-жөні ашық айтылмайтын болса, оған іздеу қалай жарияланды? Неге жарияланды? Миға сыймайтын мәселе.
Ал енді «НЕГЕ?» деген сұраққа жауап іздейтін болсақ: Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының ресми мәліметтеріне қарағанда, облыстағы бір ауылдық округтің әкімі мемлекетке 127 миллион теңге зиян келтіріпті. Тағы бір қызығы – прокуратура күмілжіп, қашқынның аты-жөнін ашық айтқысы келмей отырса да жергілікті тұрғындар «қашқын әкімнің» кім екенін тап басып біліп отыр. Олардың әңгімелеріне сенсек, мемлекетке миллиондаған теңге зиян келтірген әкім – Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл кентінің әкімі көрінеді. Іздеу жарияланған әкім қазір қайда жүр – облыстың бұрынғы әкімі Виктор ХРАПУНОВ сияқты «тескен тау» асып кетті ме, әлде адам сенбейтін бір жағдайға (Алла бетін аулақ қылсын) ұшырап қалды ма – белгісіз.
Марат МАДАЛИМОВ.
Абай.kz