ТАҒЫ ДА «ТІРКЕУ» ТУРАЛЫ
Тақырыптың тұздығы:
http://abai.kz/post/view?id=2490
«ҚАЛАДАН ҚУУ КОДЕКСІ»
Кеше еліміз Үкіметі аяқ астынан сылқ ете қалды: бақсақ, әңгіме талай күннен бері қазақстандықтардың, әсіресе қазақтардың қызу талқылауына айналған ПРОПИСКА мәселесіне қатысты екен. Ішкі істер министрлігі өкілінің бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәліметтеріне қарағанда, алдағы жылдан бастап жекеменшігінде үйі жоқ қазақстандықтарға жұмыс істейтін жерінде тіркеуге тұруға бола береді екен. Мұндай жағдайда азамат бір тиын да айыппұл төлемейді көрінеді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» жап-жаңа Кодекске аяқ астынан осындай өзгерістер енгізіліпті. Тағы мынандай өзгерістер бар: енді он күннен үш айға дейін тіркеуге отырмаған қазақстандық азаматтарға жәй ғана ескерту беріледі екен де, тіркелмеген мерзімі үш айдан асып кеткендерге ғана айыппұл салынатын болыпты. Айыппұл мөлшерін Ішкі істер министрлігінің өкілі ашып айта алмады, соған қарағанда бұл мәселе әлі «біржақты» бола қоймағанға ұқсайды. Ұзын сөздің қысқасы, алдағы жылдың бірінен бастап баспанасы жоқ қазақстандықтар жалдап жатқан пәтерлерінде, болмаса жұмыс істейтін жерлерінде ТІРКЕУГЕ тұруға тиісті, олай болмаған жағдайда Кодекс бойынша түрлі-түрлі әкімшілік жазаларға тартылады. Кодекстегі тағы бір жаңалық – «квартиранттары» көшіп кеткен пәтер немесе үй иелері тіркеуде болған «бывший квартираттарын» дереу тіркеуден шығарып жіберуге міндетті, олай болмаған жағдайда оларға да айыппұл салынады. Осымен БІТТІ бұл жаңалық.
Хош дейік, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегенге қатты ұқсайтын жаңа Кодекстегі «жаңалықтарға» дереу осындай да осындай өзгерістер енгізілгенмен, бұл өзгерістердің де оңып тұрғаны шамалы сияқты. Мәселен, Астана мен Алматы сияқты алып қалаларда ауылдардан келіп жұмыс істеп жүрген қарапайым құрылысшылар тіркеуге қайда тұрады – әлі бітпеген, фундаменті енді ғана құйылып жатқан, жуық арада біте қоюы да неғайбыл көппәтерлі үйге немесе зәулім де зәулім ғимаратқа ПРОПИСКАға қалай тұрмақ? Оу, салынып бітпеген «объектілердің» тиісті құжаттары да жоқ емес пе?
Осы жерде мынандай тағы бір мәселе бар: мысалы, фирманың жекеменшігінде жылжымайтын мүлігі болмаса, онда оның жалдап отырған ғимаратына тіркеуге отыруға кім рұқсат бере қояды екен, а? Бұл да басы ашылмаған маңызды мәселе! Мінекейіңіз, аталмыш Кодекстегі миға сыймайтын мәнсіз мәселелердің бірқатары осындай.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» - алдағы жылдан бастап... өзгелерден гөрі өзіміздің қазақтарды қаттырақ «қылқындырайын» деп отырған осынау Кодексті әлі шикі деп есептеуге әбден болады. Қараша халықтың көпшілігі осылай дейді.
Марат МАДАЛИМОВ.
Абай.kz