Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 10825 0 пікір 28 Желтоқсан, 2014 сағат 23:54

Талғат КЕҢЕСБАЕВ. «МАХАББАТ СЕНІ...»

Алданған жүрек алданыш іздейді екен...
Жо-жоқ, аспан астында ақиқат барда менің елімді сағынғаным шындық. Жаралы жүрегіме ем таба алмай аурухана төсегіне аласұрдым. Өзімді-өзім алдағым келген. Болмады. Елімді, Махаббатымды сағындым. Өлуге айналдым... 
Қайдасың елім... мен келе жатырмын. Күшікбай бұлағынан толғап-толғап су іштім. Қасқабұлақтан асып кеттім. Жүрегім дүрс-дүрс етіп кеудеме сыймайды. Алда жол... Жол. Жол. Жол. Үш қайтара айтқан сәлемдей! 
Сонау алыстан Орда тауы көрінеді. Шөккен бурадай. Көшкен елдей. Жалдарын желге тосқан мың-мың жылқы сияқты. Сағым көтеріп тұр. Сағым. Сағым. Сағым. 
Үш рет айтылған сағыныш әні сияқты.
Махаббат мекені Орда тауынан солға қарай бұрылар жерде жол мекемесі орнатқан құлынның ескерткіші тұр. Елеусіз ғана. Қарапайым. Бірақ, мен үшін ерекше. Қымбат. Құлын. Осыдан көп-көп жылдар бұрын мен осы құлынның маңдайын ақ бояумен бояп, «Бұл Оралханның қасқа құлынының құрметіне орнатылған ескерткіш» деп ел айтып жүрсін деп ырымдаған болатынмын. Бүгінде әрі өткен, бері өткен жолаушылар «Қасқа тайдың тұсынан түсіріп кет» деп айтады екен. Әрине, бұл күнде мен бояған бояу өшіп қалған. Әр-әр жерінде кішкене ақ дақтар қалғаны болмаса. Осы жолы әдейілеп тағы да құлынның маңдайын бояу үшінкеле жатырмын. Алып-ұшып жеттім...
Орда тауы. Басынан бұлт көшіп жатыр. Бұлт емес-ау, жүздеген аппақ қаздар жарыса ұшып бара жатқан сияқты. Сұлу сурет. Отау үйдей қазбауыр бұлт тас құлынды бауырына алып, біраз тұрды да, жер бауырлап солға қарай жылжи берді. Таң қалдым. Тас мүсін қозғалып кеткендей. Тіпті, менімен сөйлескісі келген сияқты. Мен адаммын, бірінші болып мен сөйледім. 
МЕН: Қасқа құлыным-ау, сенің жаның мен бейнең тастан жасалған болса да, сен ҰЛЫ ТАЛАНТ Оралхан Бөкеевтің бір шығармасының символикалық бейнесісің. Мен – адаммын. Сенімен тілдескім келеді. Жаным жүдеді. Жалғыздығым арқама аяздай батады. Мың адамның ортасында жүрсем де, өзімді жападан-жалғыз сезінемін. Бір табақ қазы-қартаны өзім жалғыз жесем де, қарным ашып тұрады. Бұл не деген ас батпайтын асқазан! Бұл не деген көтерілмейтін көңіл! Мұңға толы кеуде. Сен айтшы, қасқа құлыным, мен кіммін?!
ҚҰЛЫН: Мен сені керемет адам деп ойламаймын. Ортаңқол көп талапкер жазушының бірі ғанасың. Бірақ, құштарлығың , алға ұмтылысың бар. Соның бағасын білмей жүрсің. Менің ИЕМ – Оралхандай жазушы болу үшін саған көп еңбектену керек. Өзіңді-өзің қолға ал. Жақсылықты ойла, жасық болма. Дәл қазір менің иеме еліктеген көптің бірі ғанасың. 
МЕН: (аз-кем үндемей тұрдым) Қасқа құлыным-ау, осы жазу үшін түн ұйықтамадым, күндіз ас ішпедім. Басымды тауға да, тасқа да соқтым. Осы жаз Махаббатты жолықтырғаннан кейін қайта түлегендей едім. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, Махаббатымды ренжітіп алдым. 
ҚҰЛЫН: Сен оны ренжіткен жоқсың.
МЕН: Қалай? Мен... мен...
ҚҰЛЫН: Иә, ол сені сынап жүр. Ал, сен байы ұрған жаман қатын сияқты бір жолғы сынға шыдамай, байбалам салдың. Төзімді болуың керек еді. Өзіңді-өзің ұстай алмадың. Ашық болам деп тантық болдың. Іштің. Жындандың. Өзіңді-өзің бұралқы иттей көрсеттің. Шыдам болмады.Сабыр емес, Сайтанға ердің. Сен ынжықсың.
МЕН: Махаббат маған уәде берген. Ешқашан ұрыспаймыз деп.Сенбесең, кешке Орда тауының төбесінде жарқырап тұратын ҮРКЕР жұлдызынан сұра.
ҚҰЛЫН: Мен ешкіммен ештеңе сұрамаймын, сұрай да алмаймын. Менің жанымды ұғатын, менің тілімді ұғатын сен ғанасың.Сенемін саған. Бірақ, өзің ойлашы ер азаматсың. Әйел жаны нәзік. Аялағанды, жылы жылы сөйлегенді, өзіне үнемі назар аударғанды қалайды. Ал сен эгоиссің, өз басынды ғана ойлайсың. 
МЕН:Әй, тас құлын, сен осының бәрін қайдан білесің?
ҚҰЛЫН:Ә-ә, әлсіз пенде. Сен енді маған « Әй ға» көштіңбе? Есіңдеме, осыдан он жылдан астан уақыт бұрын қу жаныңды сүйретіп «Қытайға кетіп бара жатырмын, өлі келемінбе,тірі келемінбе» деп алдыма тізерлеп отыр едің қолдарын дір-діретіп маңдайымды әрең-әрең бояғансың. Күбірлеп көп сөйлегенсің. «Оралхан ағам Үнді жерінде қайтыс болды.Елінде кішкентай қасқа құлын бар еді.Оралхан ағамның қырқы өткеннен кейін ауыл азаматтары Оралханның құлыны тай болды, үйретеміз деп мойнына бұғалық салғанда, иесі жоқ касқа кұлын ешкімге ұстатпай, құздан құлап өліпті. Иесін іздеп о дүниеге кеткен шығар» деп едіңғой.Маған да жылы сөз айтқансың. «Классик жазушының қасқа құлынының символикасысын» деп едіңғой. Енді бүгін тас жүрегім жібіп, «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, өзіне сын айтып едім, ертоқымыңды бауырыңа алып тулап тұрсын. Тіпті «әйға» көштің. Сенің сөзіңнің шыны қайсы, жалғаны қайсы екені жақын адамдарың аңғармай да қалады. Олар сенің сөзіңді түсіне алмай қиналады. Өйткені, сен – эгоиссің. 
МЕН: Қасқа құлыным-ау, аясаңшы мені. Шаршап-шалдығып саған жеттім-ау. 
ҚҰЛЫН: Шаршадым дейсің бе? Әттең, орнымнан қозғала алмаймын. Тұяқтарым тасқа мықтап орнатылған. Әйтпесе, сені арқама мінгізіп алып, жалымнан ұстатқызып, қазбауыр бұлттармен бірге жөңкіліп кетер едім. Амал қанша.
МЕН: Құлыным менің, кешірші мені. Кешірші мені. 
ҚҰЛЫН: Сен менен кешірім сұрама. МЕН ТАСПЫН. Кешіре алмаймын. Кешірімді Махаббаттан сұра. Ол – Адам. Сені сол ғана кешіреді. Осыдан біраз уақыт бұрын 160 жылдық мерейтойында ол сені елегізіп күтті. Қарауылға бара жатып, жаутаң-жаутаң етіп маған қарады. Ал, тойдан қайтып келе жатқанда менің маңдаймдағы кішкентай ғана төбелге елеусіз ғана қарап, көзін тайдырып әкетті. Сен өзіңнің туған күнің 15 тамызда мен туралы не айттың? Көп-көп ойларды айтып едің ғой. Оған тіпті уәде бергенсің. Махаббат сенің бос сөздеріңнен, орындалмаитын уәделеріңнен әбден жалықты.
МЕН: Неге екенін білмеймін, мен өзімді есекпен бір арбаға жегілген бәйге аты сияқты сезінемін. Сол бәйге аты есекпен бір арбаны сүйреп келе жатып, аламан бәйгенің дүбірін естіп құлағын қайшылап, тұяғын тарпып, ұзақ кісінеп, есекпен бірге таңылған дертені сындыра алмай қыналды ғой. Мен де сондаймын. Менің де тағдырым осындай...
ҚҰЛЫН: Түсінемін, түсінемін. Сен де әбден шаршадың. Махаббаттан көп үміт күтіп едің,араларыңа көп сөздер кіріп кетті. Сол сөздерді жоқ қылудың орнына, өнбеитін іспен шұғылдандың. Барды шаштың. Жоқты іздедің. Өстіп тентіреп жүргеніңде Махаббат саған көмекке келіп еді. Оның да қадірін білмедіңғой. Сен анау Орданың биігіне шықшы. Шаршарсың. Шалдығарсың. Махаббатыңды ойларсың.Ол да адам баласы ғой, сенеді, түсінеді. Үмітіңді үзбеші.СЕНІ КӨП ИТКЕ ТАЛАТЫП ДАЛАҒА ҚАЛДЫРМАС. Өмірде кешірілмейтін ештеңе болмайды.Өткен өтті. Сөз деген не? Жел... Болашақтарыңды ойлаңдар. ӨТКЕН КҮННІҢ ӨКПЕСІМЕН ЕМЕС, БОЛАШАҚТЫҢ ҮМІТІМЕН ӨМІР СҮРІҢДЕР. Өйткені сендердегі сезімнің тамыры тереңде. Тауға шыға ғой. Тауға шық...
Бір сәтте қалың тұман көшіп келіп, құлын екеумізді қоршап алды. Тұман. Қалың. Есіме Махаббатқа «Тұманды күнде жолыққанша» деп қалжындайтыным түсті. Тұман айықты. Тағы да есіме махабаттың: « Аға, сіз үнемі жол жүріп жүресіз, байқап жүріңізші. Сіздің амандығыңызды тілеймін» деп көзіне жас алғаны түсті. 
Құлын үнсіз. Тас. Әбден тозған. 
... Ойға шомып, орданың биігін көтеріле бердім. Төменге қараймын. Ұзын жолдың бойында анда-санда машиналар өтеді. Құлын орнынан қозғалмайды. 
Кәдімгі өмір. 
Біра, менің кеудемде басқа өмір. Сағыныш. Бұл жер – тарихи жер. «Абай жолын» оқып отырсаңыз, Абай мен Тоғжанның кездесетін жері осы маңай. 
«Махаббат па? Осы ма? Осы болса, мынау дүние мынау маужыраған тынысты нәзік түн... бесігі ғой. Сол сұлу саздың құлақ күйі ғой» деп Абай атамның Тоғжанды алғаш рет көрген кездегі кешкен көңіл күйіне куә осы маңай... 
Абайдың Тоғжанға ғашық болып, алғаш арнаған өлеңі де осы маңайда туған. «Таң... Жүрек таңы... Сол таңым сенсің бе? Жарығымбысың? Кімсің? » Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр білегі жас баланың етіндей, ақ торғындай мойын! Таң осы да... өзі ғой! 
«... Ақ етің аппақ екен атқан таңдай» деп тебіренген Ұлы Абай Тоғжан ғашығына өстіп жыр арнаған жер осы маңай. Тоғжан әні. Кейінгі жылдары осы ән халық арасында көп орындалып жүр. Құдай-ау қалай еді? 
Кер таудың ат байладым аршасына, 
Сәлем айт Тобықтының баршасына.
Екеуміз екі таудың киігі едік
Қалмасын біз бейбақтың көз жасына, - деп келетін керемет әнді шығарған марқұм Жәнібек Кәрменов ағамыз еді ғой...
Тау басындамын. Жалғызбын. Үлкен Орда тауының басының қыран қалықтап жүр. Шіркін, құс болсам, Махаббатымды қанатыма отырғызып, аспан мен жердің барлық әдемілігін көрсетер едім. Кеш бата Үркер жұлдыдың астында фотоаппараттарымызды жарқ-жарқ еткізіп суретке түсер едік. «Енді ешқашан ұрыспаймыз» деп қол алысар едік. Бір-бірімізге серт берер едік. (Ант бірақ рет беріледі ғой). Мүмкін, әйтеуір, бір жақсы сөздер айтар едік қой... Тебіреніп кеттім. 
«Ей, кең дала, тәкаппар таулар! Түсінсеңдерші мен! Адамдар түсінбесе сендер жанымды түсінсеңдерші!»
Таулар үнсіз. 
«Керім... Несін айтасың»,- деді Абай. 
- «Әй, керім! Әй, керім! – деп Ербол да сұқтанып, тамсанудың үстінде еді».
Осы жер. Тоғжанынан айрылған Абайдың Шүкіманды алғаш көріп, Айгерім деп ат қойған жері. Дәл осы жер Шіліктікезең. Махаббат мекені. 
Жел қатты соғып тұр. Қаңқу жел. 
«Сен – жалғызсың. Жалғызсың. Жалғызсың». 
Аспанға қараймын. Ештеңе жоқ. Үңіле түсемін. Жазу. Жазу. Жазу. Үш қайтара толғанған ішкі дерттің запыраны сияқты. Ащы. Бірақ тәтті мәңгілік. «Көңіліңді ашатын, жалыныңды басатын, жалғыздыққа, зарыққанда, талыққанда жүрекке ем болатын жалғыз ғана махаббат, адам шын сүйсе, махаббат жүректі жаралайтын тікенек! Жар сүйсе, жүрек жазылады, сүймесе, өледі. Махаббат – бір тәтті у, дүниенің – у-шуы жүреккке махаббаттай әсер бере алмайды» деген Мағжан Жұмабаевтың асыл сөздерін тұп-тұнық аспаннан көріп, оқып-оқып алдым. 
Махаббатым менің сенсіз өмірім не болмақ?! Һлмеспін-ау, құр сүлдерімді сүйретіп , ит тірлік кешіремін-ау. Мейлі, «мен ішпеген у бар ма?» көрермін.
Бірақ, Құдайдан бірақ тілегім бар. СЕН АМАН-ЕСЕН БОЛШЫ. СЕН БАҚЫТТЫ БОЛШЫ, МАХАББАТ...
Тау басында тұрып құлазып кеттім. «Әйел үшін арыстанды маймылға айырбастап жіберу түкке тұрмайды» деп еді бір журналист қарындасымыз. Неге айтты екен сол сөзді? Керең болғыр құлағым, осы сөзді қайдан ғана естідім? Неге?, деппін . «Ақырған арыстаннан ағаш басындағы бананды алып берген маймыл сияқты боп қалады емеспе құл болады ғой әйелге». Ойланып қалдым. Сол оймен бүгін Орда тауының басында жападан жалғыз тұрмын. Баяғы жыр қайта басталды. «Жалғызбын. Ұлым жоқ. Шынымды айтайын, оқырман. Айғайлай, айғайлай қасқырдан да ұят болды».
Бәрі де жалған.қайтқым келеді Семейге. Асығыс. Дәл сценарий бойынша жұмыс істеп жүрген асистент құсап құлынның маңлайын асығыс боядым. Тас құлынға қарайлар емеспін. Өтіп бара жатқан бір машинаны тоқтатып, фотоаппаратымның түймесін басып қалуды өтіндім. Біздің елдің атқа мінер әкім-қаралары болмаса қарапайым адамдары, ақын, жазушыларды, жалпы өнер адамдарын қатты қадірлейді. Өтінішімді орындады. Сарт-сұрт. Сурет түсірімді. (көз алдыма пәуеске келді).
Ұзақ жол. Тура жол. Күшікбай бұлағына қайта тоқтадым. Денем өртеніп барады. Дем алар емеспін. Ойпырмай-ай, ауа райы да бұзыла қалды. Күздің сүйек сындырар қара суығы. Киіз үйді төңкерердей құтырынып тентек жел соқты. Басымды бұлақтағы ағып жатқан сұп-суық суға төседім. От пен су қашан бірігуші еді? Қалтырай бастадым. Сонда да қоймаймын. Басымды қайта-қайта суға тыға беремін. Тісім тісіме тимейді. 
- Балам-ау саған не болды? Ауырасың ғой. – Жалт қарадым. Ақ жаулықты апай. «Қайдан көрдім?»
- Суық тиеді ғой , ауырып қаласың. Біздің машинаның ішіне кірші, айналайын. 
«Москвичтің» ішінде отырмыз. Апай термостан шәй құйды. Кесені өзі ұстатып, бір-екі рет ұртатты. Жылы-жылы сөздер. Жаным кіре бастады. Рульде отырған жас жігіт «Брат, ептеп жүз грамм ішсең қайтеді?» деп, бөтелкесін алып шықты. 
- Әкет! – дедім. – Әкет. Көрсетпе көзіме. Менің түбіме жеткен осы, шошқаның...
Бойым жылып, жаным кіре бастады. 
- Сенің елге келгеніңді жаңа қасқа құлынның маңдайы жарқырап тұрғанын көргенде сезіп едім, балам. Сен де біздің елден шыққан жазушысың ғой, аман жүрші, қарағым. 
... Олар ұзап кетті. Есіме түсті. Түсімде көрген адамға өте ұқсайды. Ауруханаға жатар алдында түс көргенмін. Өңім екен деймін. Диванда сұлық жатырмын. Басымды көтере алар емеспін. Бір кезде жаныма басына жаулық таққан бір апай келіп, жылы алақанымен демеп, басымды көтерді де: «Балам-ау, ана оңбағандар сенің мойныңа білдіртпей екі жылан орап қойды, мына ақты мойныңа орап берейін, ешқашан шешуші болма» , - деп, баяғыдай пионер кезімізде қызыл галстук бар еді ғой дәл сол формадағы, аппақ болғанда аппақ матаны мойныма орап берді. 
Оянып кеттім. Таң атып қалыпты. Мына құдіретті қараңызшы, түсімде көрген апайға жаңағы мейірімді апайға қатты ұқсайды. Түс әлетінде Семейге жеттім. Пойызға отырдым...Алматыға бармақпын. Махаббатқа барып, бар сырымды ақтарғым келді. «Ботам ау қатығез емес едің ғой...» Қасқа құлынмен сөйлескенімді, бәрін-бәрін айтқым келді. Кешірім сұрамақпын. Кім өз бақытын кір жолдан іздейді? Менің Махаббатқа деген сезімім де, ниетім де ақ. Ақ гүлдер сатып алдым.Сұлтанмахмұт көшесі мен Мұстафин көшесінің қиылысына келдім... Үйіне тақап қалдым...
Кенет, жолымды... 
Жолымды...
Қара мысық кесіп өтті...

Абай.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299