Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7348 0 пікір 22 Желтоқсан, 2014 сағат 09:34

ТАҒЫ ДА КӨШ МӘСЕЛЕСІ: ЕЛ ДЕ, ЕЛБАСЫ ДА АЛАҢДАМАС ҮШІН...

Осы мақаланы Елбасымыздың: «Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табу - өмірлік маңызды нәрсе..», «Қазақстан мемлекеті ешқашан, тіпті ең қиын кезде де азаматтарын тастамайды. Мемлекет елдің дамуына қажетті танымал емес шешім қабылдауға өзіне жауапкершілік алудан қорыққан жоқ» - деген даналық сөздерімен бастағым келді. Оған себеп: 1997 жылы бекітілген «Халықтың көші-қоны туралы заңы» 2011 жылы 22 шілдеде түбегейлі өзгерістерімен өмір талабына сай жаңадан бекітілген еді. Егер сол кезде Ішкі істер министрлігі, Үкіметке осы заңды жүйелі жүзеге асырудың оңтайлы шешімдерін қарастырған нормативтік акт, ережелерін бекіттіріп қолданысқа енгізгенде заң да өз қажеттілігін ақтар ма еді?.. Өкінішке орай, одан кейін де едел-жедел 2013 жылы 13 маусым және 10 желтоқсанда өзгерістер енгізілгенімен  «Отаным» деп келген қазақ ұлт өкілдері сергелдеңге түсіп, ел арасында сабылып, қайта-қайта шекара асып, тек уақытша тіркеуге тұрумен ғана шектеліп жүргендеріне де бір жыл болды...

 Алыстағы ағайын үшін  өгейленіп өмір сүргенше, өз елінде, өмірдің маңдайына жазғанын көру –  тағдырдың жазу болып табылады. Ата жұртына жедел жетуді армандаған ынталы қауым –    Өзбекстан, Қытай, Моңғолия еліндегі ұрпақ тағдыры алаңдатқан этникалық қазақ өкілдері. Айталық: Моңғолия елінде бір демограф ғалым, ұлты моңғол әйел Англия елінің ғалымдарымен бірлесіп көп жылдары жүргізген зертеулерінің нәтижесінде, Моңғолия Республикасының Президентіне «Қазақ деген ұлт әлемдегі бірден-бір тегі таза, құт-береке, ырыс дарыған ел. Қалған қазақтарға бар жағдайды жасап, елден көшіп кетулеріне жол бермеңіз, олармен бірге ел мен жерден құт-береке кетеді» деп жазыпты.

Сол Моңғолия елінде АҚШ-та, Жапонияда, Кореяда, Ресейде т.с.с. шет мемлекеттерден білім алып докторлық атақ қорғап, әр елде қызмет істеп жүрген аса білікті маман иелері де бар. Соларды өз елімізге алдырып, пайдалануды Үкімет өзі қолға алса игі іс болар еді. 

 Кезінде 1965-1970 жылдары Семейден Моңғолия елінің Баян-Өлгей аймағына жеткізілген ақбас сиырлар мен қазақи қойлардың санын Баян-Өлгей, Қобда аймағының қазақтары бүгіндері қаншама миллионға жеткізді?..  3 миллионға жуық халық тұратын Моңғолия елінде қазір 60 миллион мал саны бар.

Ендеше, көшіп келемін деген әр бір отбасына 15-20 бас қозы-лақ, 5-10 бас тай мен баспақ және жеке көліктерімен  шекара асып келу жағдайын Ресей елі мен Қазақ елінің Үкіметі келісіп шешсе, келген ағайындар өз күндерін өздері көріп, 2050 жылдары Қазақ елінің мал басын миллиондап еселеумен бірге адам санын да күрт өсіруге өз үлестерін қосар еді.

 Ал, бүгінгі қолданыстағы заңның солқылдақ тұстары, басқарудың ара жігі, жауапкершілігіне байланысты Түркия елі арқылы самолетпен көшіп келген, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, басқа да елдерден келіп Қазақстан Республикасының азаматтығын алған, қолдарына еліміздің төлқұжаты тигенімен қаншама ағайын өздері келген елдеріне барып тұрып жатқандарына 10-20 жыл болғанын енді   өздері мәлімдеп, жаза бастады. Бұл – қазіргі кездегі көші-қон үрдісіне жауапты мемлекеттік мекемелердің қызметінде белгілі бір жүйенің жоқ екендігін білідіретін жайт. 

Сондықтан да Үкімет халықтың көші-қон үрдісі бойынша, Елбасымыздың саясатын жүзеге асыруды тікелей өз қолына алуы қажет екендігін өмір өзі талап етіп отыр деуге болады.

Жұмамұрат Кеңесұлы 2014 жылғы 12 желтоқсандағы «ҚАЗАҚ» газетіндегі «Өзбекстандағы Қазақтардың халі мүшкіл» атты мақаласында: «Бүгінгі таңда, Өзбекстан қазақтарының жоғарғы оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері мүлдем жоқ. Өйткені, оқу бағдарламаларының барлығы да толығымен латын әрпіне көшіп кеткен. Осының салдарынан көптеген қазақ мектептері жабылып қалған. Жасыратын несі бар, Өзбекстандағы таза қазақ бір жарым миллион деп жүрміз. Қазіргі таңда, өзбек болып кеткен қазақтар саны одан әлдеқайда көп. Жетпіс жыл орысқа табынған еді, енді келіп өзбектің «ыстық құшағына» кіруде. Осылай бара беретін болса, он-жиырма жылда Өзбекстандағы қазағым қайнаған суға салған мұздай еріп, өзінен-өзі жоқ болады» - деп ағынан жарыла жазады.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына қарасты талдау орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаеваның зерттеуі бойынша, шетелдегі саны көп қазақ қауымы Қытай елінде тұрады. Қазақтар негізінен 1955 жылы 1 қазанда құрылған Шыңжаң-ұйғыр автономиялы районының (ШҰАР) солтүстік батыс өңірінде тұрады. 2010 жылы бұл өңірде 1 418 278 қазақ мекендеген. Яғни Қытайдағы  барлық қазақтың 96,97 пайызы осында. Алтыншы бүкіл қытайлық халық санағы бойынша, 11 425 қазақ басқа ұлт өкілдерімен некелескен. Яғни қазақтың 10 470 жігіті басқа ұлт өкілдерімен үйленсе, 955 қызымыз бөгде ұлт жігіттеріне күйеуге шыққан. Бұның ішінде 6617 адам ханзулар(қытай) мен некелессе, 4813 адам аз ұлттармен некеге тұрған. Ханзулықтармен некеге тұру саны жөнінен қазақтар қытайдағы ұйғыр, орыс, қырғыз халықтарының бәрін қоса санағандағыдан көп. Ұйғырлар мен дүнгендер өз проблемаларын тікелей Бейжіңге жеткізе алады, қазақтардың мұндай құқығы жоқ, олар өз мәселесін Үрімші билігіне қоюы керек. 

Шыңжаң қазақтарының ауылдық бөлігінің жерден айырылу қаупі күшейген.

 Қазақтар жазғы жайылымдарынан айырылуда, олардың байырғы жерлерін ханзулықтар белсенді түрде сатып ала бастаған. Аймақтағы халқы санының ханзулықтар есебінен жасанды жолмен көбеюі, кадрлық шектеулер арқылы бәрін шешу – жергілікті халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр екен..

Мұндай ахуал атам заманнан барлық халқының 99,5 пайызы қазақтар болып есептелетін Баян-Өлгей аймағында да көрініс табуда. Өйткен,  соңғы жылдары ішкі көші-қон бойынша квотамен Баян-Өлгейге моңғолдар көптеп көшіп келіп билікке де солар ақырындап орналасудаКүні кешеге дейін өз биліктерін өздері жүргізіп, мамыражай күй кешкен Өзбекстан, Қытай, Моңғолия еліндегі, тағы басқа да елдердегі дінін, ділін, тілін, қазақи рух салт санасын қаз қалпында сақтап келген бауырларымыздың қатары сиреп, жойылып барады. Сондықтан да, тәуелсіз еліміздің қазынасы, қара қазанының бетіне түсетін қаймағыына есеп ұл-қыздарымыздың жолын ашып,  Үкіметіміз   бірнеше жылдың ішінде апыр-топыр ұйымдасқан түрде көшіріп алса, ел ертеңі, мемлекеттің мерейлі мүддесі үшін мәңгілікке жалғасар игі іс болар еді. Бұл қазақтардан артық кем құжаттар талап етілмей, шет елде тұрған ауылынан есеп айырысып шыққан, шет елдегі Қазақстан Республикасының елшіліктері мен консулдарынан Қазақстан Республикасына қоныстануға алған куәліктері негізінде үш айдың ішінде   жеңілдетілген түрде азаматтыққа қабылданса құп болар еді. 4-5 жан саны бар бір отбасы барлық құжаттарына аударма жасатып, нотариуспен куәландыру үшін 18-20 мың теңге төлейді. Егер оларға бірінші кезекте ықтиярхат берілсе, ол отбасы екі қайта шығындалмақ. «Отаныма тұрақты тұрамын, азаматтық аламын» деп келген қазаққа не үшін ықтиярхат беру қажет екені де түсініксіз. Ел ертеңі мен мемлекетіміздің мүддесін ойласақ, шетелдіктерге де ықтиярхат шектеулі талаптарға сай берілуі керек.

Сондай-ақ: өз еркімен үш айдың ішінде азаматтық алған қазақтарға ары қарай Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектер ішкі көші-қон заңы аясында рет-ретімен, жергілікті халықпен тең дәрежеде жүргізілсе;

 Жастары қайта даярлау курстарынан өтіп, жұмыспен қамтамасыз етілсе;

 Өз кәсіптерін жалғастырар мүмкіндіктер, жеңілдіктер жең ұшымен жалғаспай, делдалсыз тікелей өздеріне тисе;

Үкімет өткеннен өнеге алып, ұлы істің басына ұлты үшін ұлағатты қызмет жасайтын ұлт жанды кадрларды таңдаса;

Облыстарда көші-қон үрдісімен жеке айналысып жүйелі жұмыс жасайтын басқармалар жедел жасақталып өзгертулер енгізілген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңын іске асыруға ат салысса –  нұр үстіне нұр болып, көш те көлікті болар ед. Ел де, Елбасы да көш мәселесіне көп алаңдай бермес еді.

Құрметбек Сансызбайұлы, саясаткер, көші-қон үрдісін зерделеуші

Алматы облысы. Талдықорған қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364