Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4862 0 пікір 18 Желтоқсан, 2014 сағат 10:14

ТӨРЕҒОЖИНАҒА БҰҰ ТӨРЕЛІК АЙТТЫ

Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Адам құқықтары комитетінен өзі жолдаған шағымы бойынша жауап алғанын БАҚ өкілдеріне хабардар етті. Баспасөз мәслихатына халықаралық құқық жөніндегі сарапшы, Қазақстандағы Freedom House жобасының жетекшісі Виктория Тюленева, адвокат Жанар Балғабаева қатысты.

 

Еске сала кетсек, бұдан төрт жыл бұрын – Бақытжан Төреғожина мен тағы бірнеше адам 2010 жылы наурыздың 11-і күні Алматыдағы Махатма Гандидің ескерткіші жанында флеш-моб өткізіп, көшедегі жұрттан «Қазақстандықтардың рухани жетекшісі кім?» деп сұраған болатын. Сол үшін Бақытжан Төреғожинаға айыппұл салынған еді.

Бейбіт шара аяқталған бетте Бақытжан Төреғожинаны полиция ұстап әкетіп, оған қарсы «Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңды бұзды деген айыппен әкімшілік іс қозғалып, Алматы қаласының әкімшілік соты оған көлемі 500 доллар айыппұл салған болатын. Төреғожинаның сот шешіміне қарсы түсірген арызын қазақстандық сот қанағаттандырмағандықтан, БҰҰ-ның Адам құқықтары комитетіне шағымдануға мәжбүр болған еді.

Қарашаның 21-і күні шыққан БҰҰ Адам құқықтары комитетінің шешімі қазақстандық билікті Төреғожинаның моральдық шығынын өтеуге міндеттеген. Сондай-ақ Қазақстан билігі Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 9-бабының («Жеке өмірге қол сұқпау»), 19-бабының («Пікірін білдіру еркіндігі»), 21-бабының («Бейбіт жиын өткізу еркіндігі») ережелерін бұзғаны айтылған. Комитет «мемлекет Бақытжан Төреғожинаның бұзылған құқықтарын қалпына келтіруі, оның ішінде сот шығындарын өтеп беруі тиіс» деген шешім шығарыпты.

– Мен бұл шешімнің ағылшын тілінде жазылған нұсқасын алдым, енді ресми аудармасын сотқа тапсырып, 2010 жылы өзіме тағылған әкімшілік жазаның күшін жоюды талап етемін. Содан кейін өзіме келтірілген моральдық және материалдық шығындарды өтеу жөнінде тағы да шағым түсіремін. Әрине, мұнымен тоқтамаймыз. «Бейбіт жиындар өткізу туралы заң қабылдау» жөнінде билікке ұсыныс айтып келе жатқанымызға біраз уақыт болған, соны әрі қарай жалғастырамыз. Қазақстанның «Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңы – 1995 жылы қабылданған, ескірген заң. Оны өзгертетін кез келді. Сондықтан БҰҰ-ның маған қатысты шешіміне өзіміз жасаған «Бейбіт жиындар» туралы жаңа заң жобасын қосып, парламент депутаттарына, Әділет министрлігіне, Бас прокуратураға жібереміз. Алдағы 2015 жылы қаңтар айында Қазақстанға БҰҰ-ның бейбіт жиындар туралы арнайы баяндамашысы келіп, Қазақстандағы бейбіт жиындар туралы заңнамалармен танысып, есептер мен ұсыныстар жасайды, – дейді Бахытжан Төреғожина (суретте).

Бейбіт шерулер мен жиындар өткізуге байланысты адам құқығының қорғалуы жөніндегі мәселе бойынша ғаламдық мәселерді шешетін беделді ұйымнан алғаш рет келген кесімді жауап – ел азаматтары үлгі аларлық іс болды.

Десек те, бейбіт жиындарға қатысу мәселесі біздің билік үшін тәртіп бұзу әрекеті деп саналады. Сондықтан БҰҰ-ның қағидаттарын заңнамалық құжаттарға енгізуге асыға қоймас, өйткені Бақытжанға «еліктегендерді» жауапқа қалай тартпақ? Әділетсіздіктің әуресіне шырмалған жұрт лап етіп, көшеге шықса, БҰҰ-ның шешімі демеу болмасы анық, бірақ өркениетке ұмтылған азаматтардың еркін бұғаулап ұстаймын деу, дәрменсіз билікке ғана тән құбылыс. Бұл күндер де өтер деген үміт пен сенім алдамайтыны уақыттың еншісіндегі шаруа.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Дереккөзі: «Общественная позиция»

(проект «DAT» № 45 (269) от 11 декабря 2014 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385