АНАДОЛЫДА АЛАШ ИДЕЯСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз!
- Сұлтанмахмұт Торайғыров
Бүгін Түркияның Кония қаласында бір топ қазақ азаматтары «Алаш идеясының өткені мен бүгіні» атты пікір-сайыс кездесуін өткізді. Аталмыш іс-шараны «Алаш жастары» интелектуалдық клубы ұйымдастырды. Аталған клубты Кониядағы қазақ студенттері қазан айында құрғанын жазған едік. Кездесуді осыдан тұп-тура 97 жыл бұрын құрылған «Алаш автономиясының» жарияланған күніне құрмет ретінде ұйымдастырған олар, пікір-сайыс басында «Алаш» зиялыларын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Кездесуді «Алаш жастары» Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұранын» оқумен бастады, «Алаш» күйі орындалды.
Алаш автономиясы — 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде жарияланған қазақ халқының ұлттық-территориялық мемлекеттігі болатын. Бұл сьезде төмендегідей қаулы қабылданған еді: «Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құрылсын;
Қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;»
Осы қаулы қабылданғанға дейін Бүкіл қазақ даласы бір жарым ғасыр бойы Ресей патша үкіметінің меншігі болып саналып келді. 1920 жылы Совет үкіметі күштеп таратқан «Алаш автономиясын» құрушы зиялылар бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінің шекарасын өз заманында заңмен айқындап кеткен еді. Жоғарыдағы қаулының жарияланған мерекелік датасына орай Андолы жерінде «Алаш жастары» интелетуалдық клубы «Алаш автономиясының» және осы автономияның уақытша ұлттық кеңесі «Алашорданың» белгілі және белгісіз тарихына үңілді. Талқы-жиын барысында жастар «Алаш идеясы дегеніміз не?», «Алаш интелегенциясы дегеніміз кімдер?», «Бүгінгі жас буынның мойнына «Алаш идеясы» нені жүктейді?» деген сауалдарға жауап іздеді. «Алаш» сөзінің мәні зерттелді. Бірнеше сағатқа созылған дисскуциялық отырс соңында туған топырағынан жырақта жүрген қазақ балалары «оқуды табыспен аяқтап, сапалы біліммен елге оралу», тәуелсіздік тұғырын нығайта түсу жолында қызмет ету сынды мойындарындағы парыздарын тағы бір пысықтап тарасты.
Алаштың Әлиханы бір сөзінде: «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.», - десе, екінші бір сөзінде: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.», -дейді. Кониядағы қазақ балалары саны аз болса да бірлігін танытып Алаш жолында ғұмырын пида еткен ғазиз бабаларын еске алды. Дәл бүгінгі күні әлемнің әр түкпіріндегі Мағжан «сенетін» барша жастар өткенін ардақтап, тарихын ұлықтағаны анық. Ендеше олардың тәуелсіз отанының туын мәңгі желбірете түсу жолында аянбайтыны да хақ.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz