Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 15211 0 пікір 5 Желтоқсан, 2014 сағат 14:45

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. «БІЗ – ҚАЗАҚ ЕЖЕЛДЕН...»

 

(Соңы, басы алдыңғы сілтемеде http://abai.kz/post/view?id=2307)

Біз Әбілқайыр хандығындағы осынау екі жарылу мен бөліну орын алған шақты Қазақ хандығының негізі қаланған уақыт деп санаймыз. Алайда сол мерзім тарихи әдебиетте әр түрлі көрсетіледі. Бұл жайындағы дау-дамай ғылымда күні бүгінге дейін толастаған жоқ.  Мәселен, шығыс дереккөздерін тауып, аударып, зерттеп, ғылыми айналымға бірінші болып қосқан ағылшын ғалымдары (айталық, Г.Ховарс) аталмыш ханзадалардың бөлініп шығуы 1451 жылы орын алды деп есептейді. А.Чулочников пен Б.Ахмедов бұл оқиға 1455–56 жылдары болды деп санайды. Ұлыстағы келіспеушілік және Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп көшіп кетуі 1450 жылы, тіпті 1465 жылы  болды дейтін көзқарастағы авторлар да бар (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись... 190-б.). Ал Шәкәрім осы оқиға қарсаңындағы жағдайды: «...Шибан (Шайбан – Б.Қ.) нәсілінен Әбілқайыр хан деген 1452 жылы Қазан ханына да, Қырымға да қарамай, өз алдына Жошы ұлысының күншығыс жағын түгел билеп тұрды. Сонда қазақтың ханы Әз Жәнібек хан еді, Әбілқайырға қарап тұрушы еді. Әз Жәнібектің шын аты Әбусағид  (тарихи әдебиетте Абу-Сайид, Бу-Саид деп те жазылады – Б.Қ.) еді. ...Барақ хан баласы еді», – деп баяндай келе, оқиғаның мән-жайы мен өткен уақытын былай деп хабарлайды:  «1455 жылы Әз Жәнібек хан немере інісі Шаһгерей хан (Керей хан – Б.Қ.) менен тамам қазақты алып, Әбілқайырға өкпелеп, Шудағы Шағатай нәсілінен Есен Бұғаның баласы Тоқлұқ Темірханға қарады» (Шәкәрім. ІІ том. 143-б.).

 С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтанов «Қазақстан. Үш мыңжылдық жылнамасы» атты өздерінің белгілі еңбегінде сол замандағы тарихи оқиғаларды өзара салғастырып талдай келе: «...Керей мен Жәнібектің көшіп кеткен, дәлірек айтқанда, ұлыс адамдарымен бірге моғол ханы Есен-Бұғаның иелігіне көшіп келген уақытын 864/1459–60 жылдармен белгілеу керек» (233-б.), – деп қорытады. «Қазақстан тарихының» авторлары: «Жәнібек пен Керей... өз төңіректеріне басқа да Жошы әулеті мен соларға тәуелді көшпелі және жартылай көшпелі қазақ далалары тұрғындарының рулық-тайпалық топтарын жинастырып алды да, 1458–1459 жылдары Әбілқайыр хандығынан тысқары, Моғолстанға, Батыс Жетісу жерлеріне ертіп кетті» (2-т., 232–233-бб.), – деп жаза келе, Қазақ хандығының құрылған уақытын нақтылауда, одан отыз шақты жыл бұрын (1979) жарық көрген «Қазақ ССР» тарихындағы «1465–1466 жыл» деген мерзімді шүбәсіз қабылдайды (2-т. 337-б.).  Бұл түсінікті де, себебі «Рашид тарихы» еңбегінің авторы  қалдырған мәлімет негізінде, «тарихи әдебиетте 870/1465-66 жж. – Қазақ хандығының негізі қаланған жыл деп есептейтін пікір толығымен қалыптасқан» (Султанов Т. Поднятые на белай кошме. Ханы казахских степей. Астана, 2006. 126-б.) болатын. Және бұл жыл, «Қазақстан тарихы» авторларының айтуынша, «Моғолстандағы саяси жағдай (Есен-Бұға ханның... өкімет билігі үшін інісі Жүніс ханмен жүргізген күресі, 1462 жылғы оның өлімі... осы кезеңде Моғолстанда өкіметтің мүлдем болмауы) ...қазақ хандары билігінің нығаюына, ...шын мәнінде дербес саяси бірлестік құруларына толық қолайлы» болған. Бұған қосымша, олар сондай-ақ, «Жәнібек пен Керейдің асықпай Әбілқайыр мемлекетінің күйреуін күтуі ешқандай ақылға сыймайтын іс» екенін де атап айтады (2-т., 343-б.).

Белгілі дәрежеде қисыны бар бұл сөздер Мырза Мұхамед Хайдардың: «Қазақ сұлтандарының басқаруының басы – сегіз жүз жетпісінші жылдан» (Из истории казахов. – 29-б.), – деген мәлімдемесімен сөзсіз келісушіліктің дәлелдері ретінде келтірілген. Алайда Мұхамед Хайдардың өз еңбегінде тарихи жылдарды есте қалған деңгейде, жобалап қана қойып отырғанын шығыстанушылық әдебиетте академик Бартольдтан бастап талай ғалым атап айтқан болатын. Сондықтан да қазіргі заманғы зерттеушілердің біразы сол дәуір оқиғаларының хронологиясын өзге материалмен салыстырып қарай отырып, Қазақ хандығы 1470-1471 жылдары құрылды деп санайды (Султанов Т. Поднятые на белай кошме... – 126-б.).

Біз бұл анықтаулардан туатын қорытындының дұрыстығына өз тарапымыздан күмән келтіретінімізді мәлімдейміз. Мұхаммед Хайдар қазақ хандарының билігі қай жылы басталғанының анығын «бір Алла жақсы біледі» дейді (Прошлое Казахстана... 116-б.). Сондықтан да  870-шы (1465-66 жж.) жылы қазақ сұлтандарының билігі басталды деп ойша атаған мерзімнің туралығына, оның өзі де дұрысы бір құдайға ғана мәлім деп отырғанда, шүбәмен қарауға әбден болады.

Қазақ тарихы үшін аса бағалы дереккөз қызметін атқаратын «Рашид тарихының» авторы Жәнібек пен Керейдің «сол кезде Дешті-Қыпшақта Әбілқайыр билеп-төстеп тұрған» және «Жошы тегінен шыққан сұлтандарға көп жайсыздық келтірген» әрекеті салдарынан Моғолстанға көшіп келген уақытының «моғол әмірлерінің әрқайсысы Есен-Бұға ханнан бөлініп, өздеріне қамал салып алған» шаққа сай келгенін айтады  (Из истории казахов. 29-б.). Осы оқиғалар уақыт жағынан ХV ғасырдың орта тұсында орын алған деп жобалауға болады. Бұл кезде Орыс-хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек Қазақстанның оңтүстік аудандарын билеп тұрған-ды. Олардың екеуін де өздері басқаратын аумақта хан лауазымымен атайтын, оларға кезінде Жәнібектің әкесі Барақ-ханды қолдаған ру-тайпалардың Сыр бойы қалаларымен байланысып жатқан едәуір бөлігі бағынатын-ды. Ал Әбілқайыр Сырдария қалаларын 1446 жылы алған. Демек, осы жылдан Жошы-хан әулетінің екі бұтағы өкілдері арасындағы қарсы тұрушылық өрши түскен.  Сол шамада Әбілқайыр ұлысындағы билікке наразы  қазақ сұлтандары мен өз еліндегі дүрдараздықтан күші әлсіреген моғол ханы арасында келіссөз жүрген болса керек...

1935 жылы шыққан «Қазақстанның өткені дереккөздер мен материалда» жинағындағы мәтінге көз жүгіртейік.  «Тарих-и Рашидиден» алынған үзікте:  «...Ал бұл кезде (860 = 1456 ж. шамасында) Дешті-Қыпшақта Әбіл-Қайыр-хан билік жүргізіп тұрған еді; одан Жошы тұқымы сұлтандары өте қатты қысастық көрді, содан олардың екеуі, Жәнібек-хан мен Керей-хан Моғолстанға қашты. Иса-Бұға-хан қашқындарды жақсы қарсы алып, оларға Моғолстанның батыс шет аймағын құрайтын Джу (Шу – Б.Қ.)  және Қозыбасы өлкесін бөліп берді. Сонда олар тыныш өмір сүре берді», – делінген (Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сборник І (V в. до н.э. – XVІІІ в.н.э.). Под редакцией проф. С.Д. Асфендиярова и проф. П.А.  Кунте. 2-е изд. Алматы, 1997. 116-б.).  Байқалып тұрғандай, онда Әбілқайыр ханның билеп-төстеуінен қатты қыспақ көрген Жәнібек пен Керейдің екеуінің де хан деген лауазымы болғанын Мұхаммед Хайдар Дулати куәландырады. Дешті-Қыпшақ әміршісі Әбілқайыр Сыр мен Қаратау өңіріндегі жекелеген ру-тайпа хандары  Жәнібек пен Керейге шүйілгенде, олар мұсылманша 860, христианша 1456 жылы  Әбілқайыр құзырын тастап кетеді... 

 

***

1457 жылы ойраттар Моғолстанның шығыс бөлігі арқылы Жетісуға өтіп, Түркістанға ұмтылды. Сығанақ маңындағы Көккесене деген жерде Әбілқайыр әскерімен  шайқасты. Әбілқайыр ханның әскері жеңілді, бірнеше жошылық сұлтан (Бахтияр-сұлтан, Ахмет-сұлтан және басқалар) қаза тапты. Ойраттар Сырдарияның ортаңғы ағысындағы қалаларды талан-таражға түсірді. Әбілқайыр хан қалмақтармен қорлаушылыққа парапар (қалмаққа кіріптарлығын мойындап, ұлын аманатқа беру секілді) шарттар бойынша келісімге келуге мәжбүр болды (Қазақстан тарихы. 2-т. 147–148-бб.).  Тарихи әдебиетте Жәнібек пен Керей осы шапқыншылықтан кейін бөлініп кетті делінеді.

Біздің ойымызша, 1457 жылғы соғысқа Жәнібек пен Керей қатысқан жоқ. Егер өз дәстүрлі мекендерінде жүрген болса, олар, сол тұстағы  жекелеген ру-тайпа хандары ретінде, отан қорғау ісінен сырт қалмас еді. Жоғарыда айтылған «жошылық  Бахтияр-сұлтан, Ахмет-сұлтан және басқалар» секілді, қалмақтардың жаулаушылықтарына қарсы шығар еді. Демек, олар Әбілқайыр құзырынан қалмақтар шапқыншылығы басталардан бұрын, 1456 жылы шығып кеткен де,  ойраттар Сыр бойын ойрандап жатқанда, Шу сағасы өңірінде жаңа мемлекет іргесін қалаумен айналысып жүрген...

Сығанақ түбінде күйрей жеңіліп, қалмақ шартына мойынсұнған Әбілқайыр хан бірер жылда ес жияды, сосын өзінің шапқыншылықтан күйзелген иеліктерінде тәртіп орнатуға кіріседі. Ішкі жағдайын біршама реттегеннен кейін, құзырынан бөлініп кетіп өз алдына хандық құрған Жәнібек пен Керей хандарды жуасытып алмаққа, Моғолстанға аттанады. Сол жорық кезінде, 1468 жылы, Жошының бір ұлы Шайбан  әулетінің қырық жыл әмірші тағында болған өкілі Әбілқайыр-хан қаза табады. Осы оқиғадан кейін Жәнібек пен Керей өз жақтастарымен «өзбек ұлысына қайта оралып, ондағы жоғарғы билікті басып алады» (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись... 238-б.). Содан бастап Жошы ұрпағының басқа бұтағы – Шайбанның ағасы Орда-Еженнен тарайтын Орыс-хан әулетінің оғландары басқаратын жаңа саяси және мемлекеттік құрылым – Қазақ Ордасы,  Қазақ хандығы – Ұлы Далада іргесін батыл кеңейтіп, кең қанат жаяды.

Көне шығыс қолжазбаларының деректері мен соларды негізге алған зерттеулерде айтылған күллі ой-пікірді талдай келе, «Қазақстан тарихы» авторлары біріншіден, «Ақ Орда хандарының билігі іс жүзінде Қазақстан аумағының бір бөлігінде... 1428 ж. Барақ хан қаза тапқаннан кейін де» және «Көшпенді өзбек мемлекеті» делінетін Әбілқайыр хандығы тұсында да үзілмегенін дәлелдей келіп, «Ақ орда да Қазақ мемлекеті болып танылуы керек» (2-т. 339-б.) деп тұжырады, екіншіден, «XV ғасырдың 50–60 жылдарында Жетісуға көшіп келген қазақ тайпаларының» «бүкіл аймақтың саяси тарихына және бүкіл жергілікті қазақ халқының тағдырына өзгеріс енгізгенін», Қазақ хандығының негізі Батыс Жетісуда қаланғанын атап айтады (2-т. 341–342-бб.).

Енді дербес мемлекеттікті көздеген сол тарихи оқиғаның бұдан 555 жыл ілгеріде, 1456 жылы орын алғанын мойындау ләзім... (19.07.2011).

***

Сонымен, менің белгілі ғалым інім қазақ хандығының негізі қаланған шақ пен құрылған кезін бір 1465 жылға орайластырып қателесті ме деймін.  Қазақтың өз атымен жарыққа шығатын мемлекеттілігінің алғашқы іргетасы Жәнібек пен Керей сұлтандардың қарамақтарындағы жұртын бастап Әбілқайыр хандығынан бөлініп кетуінен,  олардың Моғолстан ханы Есен-бұғаның (ол 1462 жылы дүние салған) рұқсатымен   Шудың төменгі ағысына қоныстануынан қалана бастады. Бұған ешкім қарсы уәж айтпайтын сияқты. Ол заманда Моғолстан шекарасы Тәңіртау (Тянь-Шань), Көкшетеңіз (Балқаш көлі), Ертіс, Сырдария өзендеріне дейінгі араларын, оңтүстігінде Ферғана, Тұрфанды алып жататын. Шу өзені де қазіргідей тартыла қоймаған, төменгі ағысы Қаратаудың солтүстік сілемдері мен Бетпақдала аралығындағы Ащысу ойысы көлдеріне еркін жетіп жатқан болуға керек. Ал Шу арнасынан бір көш қашықтықта қазақ хандығы алғаш ту тіккен деп саналатын көне Созақ қаласы  жатыр...

 2.12.2014.

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364