ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ КІМ?
Басын ашып алайық, әлдебіреулер айтып-жазғандай біз ешқандай Батысқа, орысқа, еврейге қарсы емеспіз. Біз қарсы болсақ көзсіз, сана-сарабына салмай, елітіп-еліккіш батысшылдыққа, орысшылдыққа, еврейшілдікке қарсымыз. Баяғыдан айтып-жазып та келе жатқанымыз со пікір, со іс-әрекет. Сондай-ақ, біздің ешкімнің жағасынан алып, етегінен басқымыз да, кез келген «ұлы тұлғаға орынсыз сын айтып, оны «ұлттың жауына» айналдырғымыз да жоқ, бар болғаны Лев Толстойдың: «Вера в авторитеты делает то, что ошибки авторитетов берутся за образцы» (Исповедь, Тайный дневник, 1998 г.) деп күнделігінде жазғанындай принципте ой-пікір қоздатамыз.
(2001 жыл. «Қазақ әдебиеті», «Тағы да сол батысшылдық, туралы» мақаламнан)
Көзсіз батысшылдар мен орысшылдар туын көтерген Олжас өзінің 1978 жылғы Ташкентте өткен Азия және Африка елдері ассоциациясының симпозиумында жасаған «К взаимозависимости» деген баяндамасында: «Американские социологи, пожалуй, первыми заметили и описали… маргинальный человек легко становится неустойчивой личностью с космополитическим мировоззрением, у которого нет чувства подлинной связи со своим народом, со своей родной культурой и исторической традицией. И потому никакой позитивной роли в развитии этноса и его культуры маргинальная личность играть не может» дейді де, ол әлі біз тарапынан толық зерттеліп-зерделенбеген құбылыс деген ой түйеді. Сөйтеді де «… все мы в той или иной степени люди маргинальной формации» деп оған: «Опыт показывает, что из маргинального сословия выходят и космополиты,.. и ассимилянты» дегенді қосады. Олжастың осы жердегі мықтылығы сол, өзінің ең осал тұсын білуі. Сөйте тұра, оның «все мы» дегенде кімдерді айтып отырғанын қайдам, ал, мен өз басым қазақ әдебиеті, қазақ ғылымы, қазақ тарихы, қазақ математикасын әлемге таратқан М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, О.Жәутіков, сондай-ақ, А.Жұмаділдаев секілді батыс пен орысты, сонымен бірге шығысты толық меңгерген азаматтарды ешқандай да маргиналдық топқа қоспас едім. Бұлар маргинал болмай-ақ, ұлт тілінде жазып, дәстүрлі ұлт менталитетін бұзып-жармай-ақ, оны бар болмысымен әлемге паш еткен, соңғысы паш етіп жүр. Яки, әлемдік мәдениет пен өркениетке ұлттық болмыспен еніп, оны одан әрі толыққанды дәрежеге көтеруге болады екен. Ендеше, Олжекеңнің «все мы» деуі өзін-өзі ақтауы. Осы жерде алдын ала айтарымыз, оның бүкіл шығармашылығында Кеңес одағы ұстанымындағы интернационалдық, арысы нигилистік-космополиттік бағыт-бағдар «қызыл жіп» болып тартылып отырады.
Олжас – қарама-қайшылыққа толы тұлға. Ол ертеректе «Адамға табын, Жер, енді» десе, бүгінде «Адам, табиғатқа табын, сен енді» дейді де, сосын жер «Қазақстан халқынікі», «Еуразиялық ұлт» және «Қазақстандық ұлт» дегенді қоғамдық-саяси өмірде айналымға түсіруге тырысатындардың алдында тұрғандардың бірі де бірегейі болып және оны тәуелсіздіктің ә деген кезінен-ақ «31-каналдан» жариялап қойған. «Аз и Я» мен «Мың бір сөзді» жазып түрікшілдік және қыпшақшылдық танытады да, артынан со бағыт-бағдарда аталған тақырыпты одан да әрі тереңдете, зерттеп-зерделеп жазған, сосын, кеңейте дамытқан Мұрат Аджидің «Полынь половецкого поля» және «Тайна георгиевского креста» деген еңбегін жоққа шығарып, оның болжамдары таза да нақты ғылыми дәлелге қарағанда, ет пен терінің арасындағы ұшпа сезімге құрылған, жалған патриотизмге негізделген тұжырым-пікірлер дегенге саятын ой айтады. Енді бірде, халқымыздың мың жылдық өмірлік тәжірибесінен жинақтала қорытындыланған мақалы «Таспен ұрғанды аспен ұрды» өзіме үлгі тұтамын деп отырып, ол ойынан араға жылдар салып қайтады да «Таспен ұрғанды таспен ұр» дейді. Мұнысымен ол өзінің мұсылмандыққа да, христиандыққа да жат «Глаз за глаз, зуб за зуб, руку за руку, ногу за ногу» деген иудаистік ұстанымды қалай насихаттағанын өзі білмей қалады. Олжас тарапынан айтылған мұндай өзіне-өзі қарсы әрі қайшы пікірлерді көптеп келтіруге болады. Міне, осыдан-ақ Олжастың әлі де болса өзінің кім екенін толық біліп болмай, Батыс пен Шығыс атты ұлы екі жағаның қай жағына шығуды білмей жүргенін аңғаруға болады. Оны оның бір шектен шығып, екінші шекке баратын жоғарыдағы келтірілген аумалы-төкпелі ой тұжырымдарынан көреміз. Ендеше, Олжас батысшылдығы мен шығысшылдығы, Олжас ұлтшылдығы мен интернационалистігі таразы басында тұрған құбылыс.
Біздің Батыс пен Шығыстың бір-бірімен күннің шығып-батқанындай қосылмайтынын, олардың мәдениеті мен өркениетінің әртүрлі деңгейде дамып, әрқайсысының өзінің дәстүрлі қарым-қатынасының болатынын салыстыра жазу арқылы ақиқатқа көз жеткізгіміз келсе, Олжас «Нет Востока, и Запада нет» дейді. Біздіңше, қазіргі әлемдегі қоғамдық-саяси ахуалға қарағанда қандасымыздан көп жылдар бұрын жазған Новель сыйлығының лауреаты, «Мауглидің» әкесі, ақын Р.Киплингтің: «О, запад есть запад. Восток есть Восток, и с мест они не сойдут» деуінің құны әлі де түсе қоймаған-ау, сірә. Шынында да, оларды ешкім зорлап қоса алмайды. Қазіргі әлемдегі қоғамдық-саяси ахуалдың шым-шытырық қайшылыққа толылығы соны көрсетеді. Оны көріп-біліп отырып Батыс пен Шығыс мәселесінің мәңгілігін түсінбейтіндерге еріксіз таңғаласың. Ғаламдастыру идеясының пайда болуы сол Батыс пен Шығысты жасанды тұтастыру ниетінен туып отырған жағдай емес пе?
Олжас Сүлейменовтің: «Халықтың өзіндік ерекшелігін, ашық-жарқындығын қазіргі заман этносының толыққанды өмір сүруінің бірден-бір шарты деп есептемеймін» деуінен бастап, ғаламдастыруға әлем болып қарсы тұрып, олардың саны күннен-күнге артып жатқанда «Антиглобализмнің ақиқат кейпі – ыдырау» дегенге дейінгі ұшқары пікірді айта келе, Ислам дініне байланысты, оның әмбебаптығына күдік келтіріп «… ол дәл сондай дін бола алмады, өйткені өз саясатында баяғы «не біз – не олар» принципін уағыздады» десе, іле «Барлық мемлекеттер шын мәнінде федералды (одақтасу, бірлесу), үстіміздегі жүзжылдықтың орта кезінде тек ақындар ғана емес, ғалымдар да: «Күллі әлем – бір ел», бірыңғай конституциясы, жалпыға ортақ заңдар жинағы және алуан түрлі бірегей мәдениеті бар, бір федералды мемлекет» – деп атайтын болады. Және сол мемлекет алдияр патшасыз, нәсілшілдікті, ұлтшылдықты, рушылдықты және әлеуметтік күйзелісті жеңуге қабілетті ұжымдық ақыл-оймен басқарылатын болады. Бұл қиял емес. Осындай кәміл жетілген әлемді жасауға біздің күш-жігеріміз жетеді. Егер қолдан құрылған тәуелсіздікке сандалып кетіп қалып жүрмесек (не деген жауапкершіліксіз айтылған сөз – А.Ә.)» дейді. Дәл осы «Қолдан құрылған тәуелсіздік» туралы ойын ол 1978 жылғы «К взаимозависимости» атты баяндамасында: «…независимость в своем предельном выражении может повести к самоизоляции. Иными словами – к общественной деградации» деп білдіріпті. Олжекеңнің бұл сөзіне қарағанда тәуелсіздік алған мемлекеттер ешбір ел-жұртпен араласпастай болып қалатын көрінеді. Жоқ, біздіңше керісінше, тәуелсіздікте ешқандай да «предельном выражении» деген ұғым болмайды. Өйткені, сонау ғасырларда бұдан да «жаман» кезінде де батыс пен Шығыс арасына тартылған «Жібек жолы» арқылы әлеммен байланысқан ел-жұрт, бүгінде тәуелсіздік қолына тигенде өзгемен байланыспай «самоизоляция» және «деградация» болып қалады дегенге кім сенеді? Және оған уақыт талабы, заман лебі де жібере қоймас-ау. Сосын, тәуелсіздік нәзік, шікәмшіл, кірпияз құбылыс, яғни, оған оппозиция болу әрбір интеллигентке жараспайды. Одан шығудың жолы Сүлейменов айтқандай, «единственный выход – создавать универсальное мировоззрение, общее для культур всех этносов» пен бүкіл халықты «планетарьный сознания» ұғым-түсінігіне дейін көтеру болса, оны кітаби-фарисейлік негізде дамыған интеллигенттік-утопиялық сана-сезім мен атеизм мектебінен өткендердің ой-тұжырымдары демегенде не дейміз? Енді, ол бұдан кейінгі шығармашылықтарында да, өмірлік бағыт-бағдарларында да, ұстанған принциптерінде де жоғарыдағы келтірілген сөздерден артық ештеңе айтып, жаза алмайды. Өйткені, ғұмырлық жиып-терген рухани азығы сол дережеде ғана. Ал, уақытқа бейімделіп (адаптация) сан құбылып жатса, оған мен таңқалмаймын. Яғни, ол топырақтан қол үзіп, өздерінің қайдан шыққанын һәм қайда баратынын білмейтіндердің тобына жататын интеллигенция өкілі. Оның пікір-ойы әрі тұжырымына орай, біз ұлт мәдениеті, ұлт денсаулығы, ұлт білімі, ұлт білім-біліктілігі секілді қасиетті ұғымдарды дамытып, ұлтты қорғауды қолға алуға тиіспіз.
О.Сүлейменов мен біліп, шығармасын оқығаннан бергі аралықта екі алаңда ойнап, екі жаққа сүйкімді болғысы келіп жүрген жан. Оның айғағы, ол сонау жылдары «НТК» арнасында сөйлеген бір сөзінде «В будущем Казахстане будет жить только одна нация – казахстанец» десе, «Халық конгресі» партиясының серкесі болып жүрген кезінде «орыс мәселесін» «көзір» етіп ойнап, Жапон газетінің тілшісіне берген сұхбатында: «Президент – Заң мен Конституция беріктігінің кепілі. алайда, Президент аппараты дайындап, 1993 жылы қабылданған конституция республика халқының елу сегіз пайызын разы етпей отыр, (Бұл Қазақстандағы қазақтан басқа халықтың саны). Мұның өзі қазақ ұлтының жайбарақат өсіп-өнуіне кесірін тигізуі мүмкін. «Бірыңғай Қазақстан республикасы – өзін-өзі билейтін қазақ ұлтының мемлекеттік формасы». Негізгі заңның осы құжатымен Қазақстан халқының қалған жұрты келісе ала ма? (Бұл арандату емес пе? – А.Ә.) Бұл қырық екі пайызының ғана конституциясы (не деген шегелеп айту – А.Ә.). Ал, басқасының болашағы не болмақ? Көше ме, әлде сіңе ме? (мұндай жанашырлық болмас, сірә. – А.Ә.)» деп айтпас еді. Мұндай ұпай жинау әдісі ешкімді, еш уақытта ұшпаққа шығармаған. Адамда принцип болуы керек, әсіресе, ол творчество адамында нақты әрі жақсы жолға қойылмаса, тіпті болмайды. болмаса, Олжекеңнің ғаламдастыруға қарсылықты ыдырау дей отырып: «Мен өзімді ғаламдастыруды қорғаушыларға да, оның жауларына да қоса алмаймын» деуіне не жорық? сосын, ол: «итальяндарда Ежелгі Римнен мирас болып қалған: «Бүкіл әлем – бір ел!» – «Tutto il mondo e paesa!» деген мәтел бар (мен оны қайталағанды ұнатамын)» деп келеді де, «XXI ғасырдың жұрты хақ адамзат – Homo Sapiens» (ойлы адам) халқы болып бірлесуі шарт» дейді де, әлгі итальян мақалын «жаһандандырудың формуласы» дейді. Сосын, «XXI ғасырдағы адамзат дамуының анықтаушысы болатын бүкіл-адамзаттық планетарлық сана осы ұқсастықтарды негізге алады» дегенді алға тартуының өзі кітаби, интеллигенттік-утопиялық сана-сезімнің көрінісі емес пе? Болмаса, ол кезде бұл мәтел қазіргі ғаламдастыру ұғымына жабайы, отарлау саясатындағы жаугершілікке тән түсінік болатын. Әйтпесе, онда ешқандай ізгілік жоқ. болмас еді де. Жалпы, Олжас Сүлейменов, «Бүкіл әлем – бір ел!» болуы керек түсінігінде әлемде социализм мен коммунизмді орнаттырмақ болған КСРО-ның салқыны барын біле ме екен? Және ол ешуақытта да бұрынғы КСРО-ны көксейтінін ешкімнен жасырып, не бүккен емес. Ол осынау ойын сонау 1972 жылы-ақ: «На земле за полвека появилась новая общность людей, новая нация – советский народ…» деп тасқа бастыра нықтап қойған. Ол сонысымен-ақ КСРО атты ұлы империяның ең соңғы рыцарьларының бірі екенін айқындаған. Сондықтан, бізді түптің түбінде орға жығатындар өздерінің қайдан шығып, қайда баратынын білмейтіндер. Яғни, бұлар «бүкіләлемдік – қалыпты модельді» қалыптастырып, абстрактілі «абсолюттік ақиқатты» іздеймін деп, қазіргі сөз бостандығы мен ой-еркіндігін ұлтжандыларға қарағанда асыра пайдаланып жүргендер.
Соңғы жылдары Олжас Сүлейменов өзінің бір сөзінде жазғандай, «Ұлы Ресей – Еуразиялық одақ» партиялар блогының құрылтайына қатысып, онда «Ресей мен Қазақстан – Еуразия одағының негізі. Біз өзіміздің бір-бірімізден алшақтай алмайтынымызды күн өткен сайын жақсы сезініп келеміз. ресей қаншалықты қуатты және тыныш болған сайын, Қазақстан да соншалықты тыныш болып гүлдене түспек. Біз өзіміздің еліміздің де патриоттары болуға тиіспіз» дедім дейді. Көрдіңіздер ме, бұл да мақтаныш. Ал, біз сол одақтың төрағасы А.Дугиннің православиеге негізделіп, орыс шовинизмі құлық-ниетіндегі Еуразия идеясына байланысты «евразийство наследует дух и стиль Московской Руси. Это продолжение той Руси, того русского государства, где элита и массы говорят на одном языке и где этот язык национальный» дегенін жақсы білеміз. Жалпы, Еуразия идеясы орыс мүддесіндегі шовинистердің ойлап тапқан Еуразия аймағындағы шағын жаһандандыруы ғой. Ендеше, сол Олжас Сүлейменовтің сонау патшалық ресей кезінің өзінде-ақ князь Трубецкийдің Еуразиядағы халық туралы «Эту нацию мы называем евразийской, ее территорию – Евразией, ее национализм – евразийством» дегені мен оның идеясын жалғастырушы Л.Гумилевтің «На континенте Евразия, мы все евразийцы – с общей ментальностью, с общим мироощущением» деуі аралығындағы ниет-пиғылды түсінбеді дегенге сенбейміз. Ол бәрін біледі. Біле тұрып солардың идеясы мен идеологиясын насихаттайды. Өйткені, оның бойында ұлттық намысы өліп, генетикалық коды бұзылған. Оның «Қазақстанда дүниеге келген Еуразиялық одақ идеясы Ресейде де жеңіске жететіндігіне сенімдімін» дейтіні сондықтан. Осы тұста ескертетініміз, Олжас мырза ресейлік дугин (идея – идея) мен қазақстандық Назарбаевтың (Одақ – факті) ұстанған Еуразия жайлы пікір-түсініктерінің әртүрлі кеңістікте болып отырғанын сезбейтіндігі-ау, сірә. Бұл жерде Олжас Сүлейменов идея мен фактіні ажырата алмайды немесе ажыратқысы келмейді. Бұл оның ғана емес Еуразия идеясы мен одағы туралы жазып жүргендердің көбіне тән қасиеттер. Бұ секілділер қоғамымызда шашетектен. Олардың кітаптары мен мінбелерде айтқан сөздері том-том болып шығып жатады. Соған қарамай, кітап пен сөз басты нәрсе емес. Ол тілмен айтылып, қаламмен жазылса да – діл (жүрек) мен іс-әркет арқылы бекітілуі тиіс. Міне, ол басты нәрсе. Оны тұлға ғана бір-бірімен ұштастырып, өзі өмір сүріп отырған қоғам мемлекет, ұлт мүддесіне пайдаланады. Ұжым оған көмектеседі, қолдайды, қорғайды. Сөйтіп, әлгі жеке тұлғаны әлемдік деңгейдегі азаматтыққа көтереді. Мұны білмегендер не білсе де құлаққа ілмегендер әлем аузындағы Андрей Сахаровтың «Меморандумындағы» (1968): «человечество может безболезненно развиваться только как одна семья, без разделения на нации» деп жазғанындай өмірге бейімделіп әрі сұранып тұрады. Бұларды біз батысшылдықтың балалық ауруымен ауырғандар дейміз. Оның көрнекті өкілдерінің бірі – Олжас Сүлейменов. Осы бір ірі тұлға болуға барлық мүмкіндігі бар адамның бүгінгі күнге дейін өз позициясын азамат ретінде қалыптастыра алмай жүргеніне таңғаламын. Ол уақыт тамырын басып, оның лүпілін аңдыған дәрігер секілді. Со «лүпілді» сезінген сәтте соған бейімделіп шыға келеді. Яғни, онда қандай бір қоғамда болмасын айнымай тұратын принцип жоқ. Оның кемшілігі, тіпті драмасы деуге де келетін жай, өзінің азаматтық-шығармашылық тұлғасының құдайсыздығы немесе нақты айтқанда, атеистігі, ал гуманистігі – саясаттанғандығы. Әрине, Олжекең, Сүлейменов ел-жерді, қоғамды, ұлтты, адамдарды сүйеді, бірақ оның сүйіспеншілігі коммунизм құрылысшысының прагмативтік сүйіспеншілігі сияқты. Яғни, ол сүйіспеншілік мұсылмандық, не христиандыққа да жатпайды. Сосын, ол сүйіспеншілік шыны не мұз қаланы жобалаушы архитектордың сүйіспеншілігі десе де болады. Және бұл қасиеттердің жұқпалылығы сонша, қазір оның соңынан бір топ со секілді азаматтар тәрбиеленіп, ұлт менталитетінің қайта қалыптасып, мейлінше өзін-өзі сақтап қалуына кері әсерін тигізуде. Өйткені, ұлтшылдық – психо-антропологиялық тектен өретін қадір-қасиет болса, ал, патриотизм тарихи-географиялық ойға да, бойға да жүре келді сіңетін ұғым-түсінік. Міне, осыны өзін батысшыл да, ресейшіл де санайтындар түсінбейді, түсінсе де мойындағысы келмейді. Бұл – ұлы трагедия.
Олжастың азаматтық-шығармашылық тұлғасының құдайсыздығы, не атеистігі демекші, ол біздіңше ешбір дінге ден қоймастан, тек кеңестік құрылымның моральдық кодексіне ғана бой ұсына қалыптасқан, шын мәніндегі совет азаматы болса керек. Олай дейтініміз, оны Комсомол сыйлығының лауреаты атандырған «Адамға табын, Жер, енді» поэмасынан бастап, ақиқатын айту керек ең арысы аты шулы, славян және түркі халықтарының тарихи байланыстары жөніндегі қасаң да сіресіп қалған догматтарға батыл қарсылық танытқан «АЗиЯ» кітабы сол кездегі орталық (яғни, орыс ғалымдары жағынан – А.Ә.) тарабынан «пантюркизм», «сионизм», автордың жазуынша, тіпті, «панславизм» айдарымен айып тағылғанына қарамай, аталған шығармаларында Сүлейменов өзінің атеистігі мен Кеңес одағына адалдығынан бір танбайды. Шын мәнінде, Олжастың «АЗиЯ» жинағындағы ой-пікірлер сол кездегі КСРО ғалымдары арасында анда-санда да болса бой көтеріп, ара-арасында ауызша айтылып жүретін. Ал, Олжекеңнің соның барлығын біртұтас дүниеге айналдыра отырып, барлық жетістік кемшілігіне қарамай, өзіндік көзқарастар арқылы қалыптасқан дәстүрді күйретерліктей ғылыми еңбек жазып шыққаны, сол кездегі талап-тілекке қарағанда үлкен батылдық болатын. Бірақ, осы шығармаларының өзінде де ақын Кеңес одағы талабы, әрі лениндік идея принципіне берік, адал. Мысалы, «Адамға табын, Жер, енді» поэмасында:
Если надо –
именем Ленина
Этот подвиг
Мы повторим!.. – деген жолдармен Күн көсем салған сара жолға бүкіл жан дүниесімен берілгендігін көрсетсе:
Возносил и сносил богов,
Я создал эти реки
И ветер швырнул в моря,
Ты, Земля,
Поклонись Человеку,
Твой бог –
Я, –
деп Аллаға астамдық танытады. Әрине, бұны ақындық алымдылыққа салып ақтауға болар, бірақ, оны адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасқа келгенде күштінің әлсізге көрсеткен (табиғатқа – А.Ә.) зорлығы деп білуіміз керек. Ендігі бір Олжекеңнің азаматтық шығармашылығының көрінісі ретінде танылатын кемшілігі, оның әлем мойындаған діни ұғым-түсінікті жоққа шығарып, Кеңес одағының жаңа адам тәрбиелеудегі ісіне сеніммен қарауы. Сөйтіп, «АЗиЯ» (1990 жыл) кітабында: «может быть, среди десятков юных читателей моих найдутся будущие создатели гуманитарных, но точных наук; люди новой формации, избавившиеся от предрассудков (бұрынғы 1975 жылғы басылымында «христианских, мусульманских и буддийских» деп көрсетілген – А.Ә.) религиозных знаний, свободные от догм философий расовых и национальных.
Постоянная религия, неподвижный быт создают тот искусственный режим, в котором не увядает слово, обладающее золотой структурой» – деп болашаққа үміт артады. осындайда есіңе К.Маркс, Ф.Энгельстің: «Критика религии освобождает человека от иллюзий, чтобы он мыслил, действовал, строил свою действительность как освободившийся от иллюзий, как ставший разумным человек; чтобы он вращался вокруг себя самого и своего действительного солнца. религия есть лишь иллюзорное солнце, движущееся вокруг человека до тех пор, пока он не начинает двигаться вокруг себя самого» деп айтқандары мен А.Яковлевтің: «Преодолеть религию означало преодолеть догматизм…» дегені түседі екен. сонда, Олжастың күйретуші күшке ие революциялық ұстанымдағы Маркс пен Энгельстен айырмашылығы неде? яковлевтен ше? Ендеше, Сүлейменовтің бойына да, ойына да Маркс идеясы қалтқысыз сіңгендігі осыдан-ақ көрініп тұр емес пе? Егер, Олжекеңе сенсек, о кісіше пайым-парасатқа салсақ, тұтастай пәлен ғасырлық тарихы бар діни ұғым-нанымның, ұстанымның, тіпті, көктен түскен төрт кітаптың қай-қайсысы да уақыт, кеңестік тарапынан «предрассудки» көрінісі болып шығады емес пе? Өкінішке орай, олай болып шықпағаны ақын әрі ғалымға шынында да қиын-ақ. Әйтпесе, сол кезде Н.Рубцов, қазақтың, Қ.Шаңғытбаев секілді ақындары атақ-даңқтың соңынан шам алып түспей-ақ, бүгінде өз ұлттарының ұлы ақындары атанып, өздері жоқ болса да сөздері XXI ғасырдың қақпасын қағып тұр. Сондықтан да, ақыры Достоевский айтқандай «социализм неправ, потому что есть Бог» болып шықты емес пе. шынында да, Құдай жоқ болып, Олжас секілді атеистердің айтқаны келгенде, социализмнің өміршеңдігінде еш шек болмай, олардың желі әлі де болса оңынан есіп тұрар еді. Осы тұста біреулер әзір олай емес пе дер? Әрине, олай емес. Бүгінде Сүлейменовтер заманы өткен, олар қазір сол баяғы инерциямен (екпінмен) уақыт көшінен қалмай келеді. Оның сол кездегі тілге, дінге көзқарасы нигилистік-атеистік, космополиттік таным-нанымда қалыптасса, өз ұлтына деген сана-сезімі де соншалықты дәрежеде қалыптасқанына шек болмаса керек. Мұндай бойға да, ойға да шым-шымдап сіңген қасиеттер қаншама жасырын ұстағанмен бірде болмаса бірде сыр беріп, қылаң ұратыны анық процесс. Оның айғағы Олжас Сүлейменовтің «Сөз» газеті журналисінің (түп-нұсқаны бұзбай сол қалпында беріп отырмыз – А.Ә.):
– Мы не Афганистан. Мы достойны демократии? – деген сауалына:
– Мы достойны, безусловно, но когда мы в процессе ускоренной эволюции станем единой нацией. А кто мы сейчас – нация или национальности? В Афганистане пока нет национального самосознания, у них есть племенное сознание. Они – союз племен до сих пор. В этом смысле мы ближе к афганистану и Ираку, чем к Франции.
Сейчас мы объединяемся, как казахи, только когда рядом есть другие национальности. Они, как обручи, которые бочку объединяют, – это наше окружение, среда. Убери эти обручи и, боюсь, рассыплется бочка» – деп жауап бергені. «тауды аласартпай, даланы асқақтататын» Олжас осылай өз халқының еңсесін басып, сағын сындырады. Осының өзі оның ел-жұрттан шеттеп қалған, шеттеп қалғанды былай қойғанда бірте-бірте туған ұлтынан қол үзіп бара жатып, онымен сіңісіп, тіл табыса отырып, діл табысуына жол таба алмайтын болғасын көрсеткен ақырғы қыры болса керек. Әйтпесе, қан тазалығын реттейтін жақсы мағына-мәндегі ру, жүз түсініктері текті ұлт негізін қалаған. Осы тұста, біз тұтастықты бұзатын жаман мағандағы рушыл, жүзшілдерге жауап бере алмаймыз. болмаса, ресей өткеніндегі Владимир, Новгород, Рязань княздіктерінің қым-қиғаш бір-бірімен соғыстары тарихтан белгілі болса, ал, орыс отарлауының алуан шарғылы айла әрекетіне дейінгі қазақтан рулық, жүздік соғыстарды оқып білдіңіздер ме? Әрине, ондай болған емес. Ендеше, Олжас мырза «обручиді» қаншама алып тастасаңыз да («обручилар» оған көне қойса, және оның бола қоюы мүмкін емес те. Сүлейменов онымен бізді қорқытпасын – А.Ә.) қазақ халқы Қазақстанда өзге ұлттардың басын біріктіруші күш кіндік ұлт болып қала береді. Ал, оларды ру, жүзге бөлушілер сонау I Петрден қазіргі Петр Своикке дейін болған, әлі де бола береді. Тіпті, Сүлейменов секілділерге Лев гумилевтегі «Россия – это хрящ (не ет, не сүйек емес, шеміршек деуге келерлік мүше бөлшегін солай дейді – А.Ә.) наросший от трение Европы об Азию, Запад об Восток» дегендей орыс пен қазақтан пайда болған ассимлянттар, яғни «хряштар» қаншалықты керек болса, бізге И.Ильиннің: «Всякое государство живое и действующее должно быть исполнено национализма. Это его душа. Это его сущность. Это его бытие. космополитические государство аморфная, безформенная масса. Тоже и с человеком. Что такое человек без нации? Быть может это идеал. Но идеал в реальной жизни не что отвлеченное, безсильное и обречен на гибель. Человек без нации, – то же, что дерево без рода, Дерево – ни груша, ни слива, ни яблоня в природе не нужно», – деп көрсеткеніндей оң талап-тілектегі нық та тұрақты мемлекет пен ұлт керек.
Олай дейтініміз, ол «қалыптаспаған» қазаққа «озық» орталықтың (Батыс пен Ресей – А.Ә.) көзқарасымен қарайтын «ауруға» шалдыққан маргинал. Жалпы, Қазақстан, оның ішінде қазақ тәуелсіздігі нығайған сайын өз тілін, ділін, ел-жұртының әдет-ғұрып, салт-дәстүр, сана-сезімін ұмытқандарға рухани өмір сүріп, күн кешу ауыр болады. Өйткені, оларға сонау Кеңес Одағы кезеңіндей қанатын еркін қағатын аспан, еркін ұшқанның өзінде де қалтқысыз қонатын жер жоқ. Олардың өз тілдерімен айтқанда, өзіндік ұлттық рең-кескінін тапқан әрбір мемлекет олар үшін «тұйықталған".Оларға халықтың ғарыштық сана-сезімге (планетарьные сознание) жеткені керек. О шіркіндердің ғарыштық сана-сезім топ-тобыр немесе көпте емес, жеке тұлға генилерде болатынымен шаруасы бар ма екен? Әсіресе, Олжасқа ауыр болатыны, оның ес біліп етек жинағанынан арқа сүйеген «обручиі» бүгінде басқа кескін-кейіптегі ел-жұрттың ұстанымында. Ал, ақынның осынау тапқан теңеуі, ұқсатқан образы сан жылдардан бері бауыр басып, қан-жыны араласып кеткен елден кете қоймас-ау, сірә. Ендеше, бұны қашанда ірі сөйлеп, уысына байтақ Қазақстан симайтын алып Олжастың топырақтан қол үзіп шетелде пепси ішіп, апельсин жейтін көңіліне қонбайтын қазаққа көрсеткен қыры демегенде не дейміз. Ол өзін «тауды аласартпай, даланы асқақтататын» қанша гуманист етіп көрсеткісі келсе де, дәл осы тұста ең соңғы империяның ең соңғы рыцары екенін қалай байқатып қалғанын өзі де сезінбейді. Пайғамбар жасынан асқан Олжекең осындай. Әрине, ол кісіні түсінетін біз, бізді түсінетін ол кісі жоқ. Оған бізге қарағанда масанов, Әуезов және Толмачев жақын. Өйткені, ол болса дүниежүзілік деңгейдегі құшағына аспан мен жерді сыйғызуға тырысатын әлемдік алып. Соған қарағанда, ол өзінің түбі қонатын жері туған топырақ екенін ұмытқан секілді.
Аманхан Әлім, ақын
«Заң газеті»
12 қаңтар, 2005 жыл