Г.Сейтмағанбетова: Жер-су атауларын ауыстыру - тарихи әділеттілік
Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Гүлнар Сейтмағанбетова Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.
«Осы депутаттық сауал жасауыма бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жарияланған мақалалар мен сайлаушылардың ұсыныстары негіз болды.
Елімізде жер-судың, елді мекендердің атаулары кеңестік кезеңде үлкен өзгерістерге түскені белгілі. Әрбір жер-судың атауының шығу тарихы бар, олардың әрбірі сол жердің шежіресінен сыр шертеді. Сол себептен де кеңестік солақай саясат ұрпақ жадынан тарихи атауларды жоюға тырысты, Тәуелсіздік аталғалы көптеген елді мекендерге, нысандарға тарихи атаулары қайта берілді. Яғни, біз ескі атауларды қалпына келтіру арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіреміз деген сөз. Сондықтан жер-су аттары, елді мекендер атауларын байырғы тарихи атауына ауыстыру жай тарихи-мәдени мұрамызды сақтау ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси маңызды мәселе болып табылады.
Сіздің назарыңызға нақты елді мекен атына қатысты болмаса да осы күнге дейін бұрынғы атын сақтап отырған пойыз бағыты және темір жол стансасы туралы мәселені қарауыңызға жолдап отырмын. Астана, Алматы қалалары мен Ақтау қаласының арасына қатынайтын пойыз бағыты «Астана-Маңғышлақ», «Алматы- Маңғышлақ» деп аталады. Сол сияқты поездардың жүру кестелерін алып қарасақ, «Москва-Мангышлак», «Кунград-Мангышлак», «Астрахань-Мангышлак» сияқты атаулардан тұнып тұр. Маңғыстаудың бұрын Маңғышлақ облысы атанғаны рас, бірақ тарихи әділеттілік орнап, Маңғыстау облысы болып өзгергеніне де ондаған жылдан астам уақыт өтті. Әдетте, пойыздың бағытының баратын елді мекенінің атауына байланысты алынады деп пайымдайтын болсақ та бағыттың «Астана-Маңғышлақ» деп аталуы қисынға келмейді. Өйткені Маңғышлақ стансасы орналасқан елді мекен Мұнайлы ауданының ашылуына байланысты «Маңғыстау» ауылы болып 2007 жылдың 04 маусымда Президенттің №338 Жарлығымен өзгертілген болатын. Жалпы көлік бағыттарының, темір жол стансаларының атаулары да сол елді мекендердің атауына негізделуі тиіс емес пе?
Бұл пойыз бағытының бұрынғы ескі атауының сақталып қалуын ескіні көксеу деп түсінеміз бе, әлде салақтықтың салдары деп қана қараймыз ба? Тіпті, кеңестік дәуірде өмір сүрмеген, бұрыңғы атауларын білмейтін облысқа алғаш келе жатқан жолаушылар тарапынан осы жағдайға түсінбестік танытып, «Маңғышлак» деген бағытқа билет алсақ, Маңғыстау облысына барамыз ба деген сұрақтар да туындаған кездер болған.
Еліміздегі әрбір ауыл, әрбір жер-су атаулары еліміздің тұтастай тарихымен жалғасып жатыр. Сондықтан біз көлік бағыттарының, темір жол стансаларының атаулары арқылы қазақтың жер-су атауларын насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, халықты отаншылдыққа, (патриотизмге) шақырып, мемлекеттік идеологиямызға пайдалануға тиістіміз деп ойлаймын.
Осы депутаттық сауалды көтерген мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуіңізді сұрай отырып, жауабын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жазбаша беруіңізді сұраймын.
Abai.kz