ОРАЛМАН ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ МАСЫЛ МА?!
Фото: azattyq.mobi
Елімізде, кейбіреуді тыным таптырмайтын, қоғамның бір бөлігіне құбыжық тәрізді көрінетін бір мәселе бар. Ол – оралмандар мәселесі. Оларды сыртқа тебу, қазақ қазанына қайнатқысы келмеу көкейкесті армандары. Белгілі бір топ «барлығына оралман кінәлі, олар жалқау, тоғышар, пәлен-пәштуән» деген әңгімені сыпсыңдатып, шулатып жүреді. Негізі мәселенің басты түйінін көрсетіп, жағдайға басқаша көзқараспен қарайтын уақыт жетті.
Оралмандар ең бірінші болып елімізге Моңғолиядан жұмыс квотасымен келді. Барлығымыз қуандық. Алдын мал салдық, қолдап қаржы бердік, сол жетеді деп ойлайды баз біреулер. Олай болмай шықты. Бауырмалдық жетпей қалды. Ағайындар келгеннен бастап тұрмыстық деңгейде антоганизм пайда болды.
Олар анандай екен, мынанда екен, олай емес, бұлай істейді екен» деген гу-гу жел сөз Қазақстанның түпкір-түпкіріне тарады. Оны таратқан кім? Біз, осы елдегі қазақтар. Дегенмен, өзімізді де жазғырмай, басқаға да кінә артпай, бұл феноменге байсалды сараптама жасап көрелікші.
Елімізде тұратын қазақтар патша өкіметі бар, кеңес өкіметінің 70 жылдығы бар, орыстың саяси-экономикалық ықпалында бола отырып, отаршылардың мәдени, әлеуметтік құндылықтарын бойына сіңіріп алған, орыста бар жат қасиет - өзінің бауырына безбүйректік дертіне шалдыққан. Қала қазағы бар, ауыл қазағы бар, барлығымыз орыс болуға тырыстық, «білімнің көзі – орыс тілінде» деп тәрбиелендік, оның ішінде мен де бармын. Бір орыс жоқ ауылда 6-7 жасымда тілім орысша сайрап шыққан. ОРысша білдік деп басқаға менсінбей қарау біздің әдетімізге айналды. Шыңырауға кетіп бара жатқанымыз, өзіміздің рухани жағдайымыздың мәз еместігі бізді алаңдатпайтын болды, керісінше, шыңырауға тереңдеген сайын, биігіміз соғұрлым жоғары тәрізденді.
Мәдениетіміз жаттанды. Орыспен араласқан, оның жаманды-жақсылы құндылықтарын бойына сіңірген, олардың шовинизмінің біразын қабыл алып, бой ұсынған мәдениет. Орыстар шовинизмін бізге істесе, біз сырттан келген өзіміздің бауырымызға саны аз болғандықтан ба, келген кезінде әлеуметтік тұрғыда әлсіз болғандықтан ба, әйтеуір орыс шовинизмін соларға қарсы қолдандық, тіземізді батырдық. Көрсеттік көкесін шовинизмнің. «Моңғол» атадық, «қытай» атадық, «түрік», «ауған» дедік. Айтпаған сөзіміз қалмады.
Бірақ бұлар да шыдамды екен. Басқа біреу болса, баяғыда қашып кететін еді. Бұлар төзді, көнді соған. Менің әкем өзінің Қытайдан келген туған әкесіне ұрсып отыратын. Сыртқа шығып, Әңгір атам, «қайтесің оның да көрмегені жоқ» деп өзін-өзі жұбатып тұратын. Дәл солай, бұлар да біз жөнінде «көрмегені жоқ, кешірімді болайық» - деді ме, үндемеді, төзді.
Көш тоқтамады, олар келе берді. Келгенде сіз бен біздің рухани күйімізді жақтырып, осыларға кіріптар болайық, босағасында жүрейік деп келген жоқ. Олар біздің рухани әлсіздігін, біраз «бас ауыруымыздың» бар екендігін бес саусақтай біледі. Келген ағайын жан-жақтан демографиялық, мәдени, тіл қысымына ұшырап жатыр. Бірақ балам, немерем қазақ болып қалсын деп, бәріне төзіп отыр. Қазақстаннан басқа барар жер, басар тау жоқ оларда!!! Қаржы тұрғысынан емес, ұлттық сана тұрғысынан. Сонда қайсысымызда қазақылық басым?! Ойланып көріңіздер.
Көп адамдармен кездестім. Омбыда бір апа өзінің өрімдей жас немересін көрсетіп, «мынаған елден, бір қолайлы жігіт тауып беріңдер. Әйтпесе орысқа шығып кетеді» - деп айтқаны бар. Олар бізді Ел дейді!! Дәл осындай жағдай Өзбекстанның да, Қытайдың да қазағында бар. Өзіміз жете алмасақ та балаларымыз барсын, қыз болса жатырында қазақтың баласын көтерсін, ұл болса қазақтың ұрпағын өсірсін деп ойлайды олар. Қазақтың ұлттық дамуын кім көп ойлап отыр сонда, іште жүрген біз бе, сыртта жүрген олар ма?!
Енді жалқаулық, масылдық мәселесіне көшейік. Жалпы қай қазақ болмасын, өлең құрап, жазу-сызуға кет ары емес. Бұл қазақтың табиғи болмысы. Кезінде біреу «Шығыс өркениеті Батыстың томдаған философиялық трактаттарын бірақ мақалмен түсіндіруге қабілетті» деп айтқан. Яғни, қазақ философ, ақын халық. Қол еңбегіне қазекең онша бейім емес.
Ал енді оралмандарға келейік. Рас, көштің басын бұларға қиын болды. Бізге үйрене алмады. Қазір үйренді, сөйлескен кезде, бізге құйрығын ұстатпай кететін неше түрлі шенеуіктерді орнына отырғызып қояды.
Өздері мемлекеттің көмегінсіз сауда-экономикалық қатынастарға түсіп, елдің нарығында судағы шабақ тәрізді жүзетін болды. Бүгінде елімізге ұзын-қысқасы 1 миллиондай оралман келіпті. Олар біздің экономикаға қандай үлес қосып жатыр?
Қытайдан келген ағайындар, елге көшпес бұрын сол жақта зейнет ақыға шығып алады. Оларда зейнетақы бізден 2-3 есе көп.
Сол, басқа бір мемлекеттің зейнетақысын осы Қазақстанда жаратады!! Осында келіп өз ақшаларына жер алады, үй алады, кіші-гірім магазин-кафе ашады. Олардың әкелген ақшалары төте жолмен ауылға жетіп, қазақ көп жүретін базарды, қойшылардың жайлауын аралап кетеді. Сондықтан көрінбейді. Сонымен, кіші-гірім тұрмыс-тіршілік ақшасы болғандықтан ол сырт көзге онша көрінбейді. Бірақ биліктің тыным таппай айтып келе жатқан еліміздегі кіші бизнестің стимуляторы осы жандар.
Егер оралманның бір жанұясы жылына 20 000 доллар әкеледі деп есептесек (кей кездері сома одан екі есе көп болады), жылына Қазақстанға 2 млрд АҚШ долларын кіреді екен!! Бұл адам инвестициясы, біздің елде қалатын қаржы. Осы қаржыдан салық төленеді, кіші-орта сауда жүреді, тағысын-тағылар.
Моңғолиядан келген ағайындар бүкіл елімізді жиһазбен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті, Алматының ірі жиһаз фабрикасының өзі осы шағын кәсіпкерлердің бәсекелестігіне төтеп бере алмағанын біріміз білсек, біріміз білмейміз.
Жақын болашақта мұнайдың универсалдық мәні бәсеңсуі ықтимал. Сол кезде экономиканы ішкі тұтыну ғана алға сүйрей алады. Бұл Дж. Кейнстің кезінен белгілі аксиома. Сол ішкі тұтынуды жасай білетін осы кісілер. Елдің экономикасы үй шаруашылықтары арасындағы айырбас дамыған кезде тұрақты болады. Бұлар үй шаруашылығы бизнесінің майталмандары.
Олардың осы елдің мәдениетіне берген үлесін айтып, айтыскер ақын, майталман журналист, тұңғиық тарихшыларды тізбелемей-ақ қояйық. Оларды бізсіз-ақ бүкіл қазақ жақсы біледі, жақсы көреді, олардың творчествосынсыз бүгінгі Қазақстанның мәдениет, ақпарат саласын елестету мүмкін еместігі айдан-анық нәрсе.
Бұлар әр-бір қазақта бар ауру – билікке таласпайды, саясатқа араласпайды, күйбіңдеп, өз тұрмыс-тіршіліктерін жасап жүреді. Бүгінгі билікке өте ыңғайлы адам өнімі. Менің апам да Қытайдан келген. Ол кісінің үнемі қара жұмыс істейтінін көріп таң қалатынмын. Шөп тасиды, оны түсіреді, картоп суарады, тамақ істейді, тыным таппайды.
Шеттен келген ағайынның барлығы қара жұмыс, еңбектен қорықпайды - көзді ашып көргендері сол. Жалқау, енжар деген сөз өтірік, жалған!!
Олар бізсіз өмір сүре ала ма? Қазіргі тұрып жатқан елдерінде, олар қоғамның белді мүшесі, сыйлы-сияпатты. Яғни, өмір сүре алады. Азар болса қытай, орыс, өзбек, моңғол болып кетер. Енді әкесінің қара шаңырағы қабылдамаса не істейді. Біреуге өгей болады да. Ал біз осындағы қазақ сорлы боламыз. Өз ініңді бауырыңа тартпасаң, сорлы болмағанда, немене?!
Жалпы, қазақтың қай жанұясын алсаң да, түбінде бір оралман тұрады. Егер ертеден бастасақ, қазақтың тең жартысы оралман деген сөз. Мен де оралманмын, мәселен! Атам Қытайдан келген. Онда барлығымызды геттоға тығып, құртып жібермейсіңдер ме? Көрейік, көсегеңдеріңнің көгергенін.
Ал оларды бөтен біреудің қазанында қайнатқаннан, өзіміздің қазанымызда қайнату бізге тиімді ме? Әрине тиімді. Бірақ оны ұғатын қазақ барма?!
Бір білімді, ой өрісі терең деп жүрген азамат олар «халяваны» жақсы көреді деді , бір рет. Ойланып отырсам біз оларға емес, олар бізге «халява» екен.
Ерлан Саиров, саясаттанушы
Abai.kz