ӨТЕМБАЕВТЫҢ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУЫНЫҢ ҮШ ЖАҒЫ БАР...
Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне кінәлі деп танылып, 20 жылға сотталған Ержан Өтембаев қазан айында өзін түрмеден мерзімінен бұрын босатуды сұрап, өтініш жазған. Бүгін Астанада Өтембаевтың өтінішін қараған Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты судьясы Ербол Рахымбеков: «Сот Ержан Әбілқайырұлы Өтембаев жазасын толық өтеуге мұқтаж емес деп біледі. Сот қылмыстық-процессуальдық кодекстің 453, 455-баптарын басшылыққа ала отырып оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішін орындауға қаулы етті. Өтембаев әлі өтелмеген 4 жыл 2 ай 29 күндік жазасын орындаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылсын» деп шешім шығарды. Осылайша, сот шешімімен Өтембаев мерзімінен бұрын бостандыққа шығатын болды.
Естеріңізге сала кетейік, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның оққағары мен жүргізушісі 2006 жылы 13 ақпанда Алматы маңында қастандықпен өлтірілді. Бұл қылмысқа Ержан Өтембаев «тапсырыс беруші» ретінде айтыпталып, 20 жылға сотталған. Ал, Рустам Ибрагимов тапсырыспен кісі өлтіру айыбы бойынша өмірлік қамауға кесілген еді. 2013 жылдың соңында Қазақстан Бас прокуратурасы Ибрагимовтің жаңа түсініктемесіне байланысты Сәрсенбаев ісіне айыптылар қатарына Әлиевті де қосып, жаңадан іс қозғады.
Әміржан Қосанов,саясаткер: «Енді біз Өтембаевтың өмірі туралы ойлануымыз керек болар»
- Алтынбек секілді біртуар тұлғаның өліміне қатысты ойын сегіз жыл сегіз айдың ішінде ашық айтпаған Өтембаевты түрмеден мерзімінен тыс босату туралы шешімнің үш жағы бар.
Біріншіден, «Алтекеңнің және оның серіктестерін өлтіруге тапсырысты кім берді?» деген ең басты құқықтық сауалға жауап берілмей, осы процестің ең басты субъектісі болған адамға бостандық беруді заңды көпе-көрінеу бұзушылық деп білемін!
Екіншіден, ұлттық трагедияға айналған бұл қылмыстың артында үлкен саясат тұрғаны да белгілі. Ал мұндай «гуманистік» қадам сол саяси астарды одан сайын қоюлата түспек. Мұның өзі «Алтынбектің қазасына қатысы бар тұлғалар әлі де биліктің ішінде не басында отыр» деген қисынды тұжырымға жетелейді.
Үшіншіден, енді мен Өтембаевтың өзінің өміріне алаңдаушылық танытуымыз керек пе деп ойлаймын. Өйткені, ол, өзін осындай рольге пайдалануға келісім беріп, не болса да осы қылмысқа қатысты біраз, бізге беймәлім мәселені білуі әбден мүмкін. Ал оның сөйлеп кетуіне қарсы топтар мен адамдар жоқ деп кім кесіп-пішіп айта алады?
Дайындаған: QJ