Талғат Ешенұлы. ҚАЗАҚ-СОВЕТ ӘДЕБИЕТІ ӨКІЛІНІҢ МОНОЛОГЫ
Күні кеше ғой,
Коммунизмді мақтап көп;
Күн көсем ғана тақпақ боп;
Тап-тап боп және жақ-жақ боп;
Отанымызды, ошағымызды сатпақ боп;
Жақсы-жайсаңды түгелдей асып, атпақ боп;
Жанқалтамызға партбилетіміз шап-шақ кеп;
«Билеттен қымбат зат жоқ» деп;
«Советтен әділ сот жоқ» деп;
Оттап,
Оттап кеп, оттап кеп...
Жүйе өлгенде,
Өлместің күйін кешкенде –
Революциядан қалған том-том кітабымызды
Тамызық қылып жақпап па ек?!.
Күні кеше ғой,
Құдайдың басынан,
Құранның үстінен секіріп;
Ел бола алмай отырып,
Қазақ болғанымызға өкініп;
Бала-шағаны «мәмбет қылмауға» бекініп;
Ана тілдерін айырлап, екі қып;
Қызылдан іздеп тақырып;
Қызыл жұлдызға шоқынып;
Қызыл көсемдер мезгілсіз қайтыс болғанда
Өгіздей өкіріп;
Қызыл мінберлерде көпіріп;
Көпіріп, көпіріп...
Жүйе өлгенде,
Өлместің күйін кешкенде –
Революциядан қалған соңғы кітабымыздың атын
«Тәуелсіздік» деп қоя салмап па ек өтірік!
28.10.2014
Abai.kz