Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 9035 0 пікір 30 Қазан, 2014 сағат 09:56

Жандос ҚҰСАЙЫН. Назарбаевтың идеологиясы

"Әуелі экономика, сосын саясат" ұстанымы неге өзін ақтады? Қазақ елінің тарихы 550 жылдан әрі басталады емес пе? 550 жылдықты тойлау ұлттық сананың өсуі ме, әлде Путиннің сөзіне жауап па? Біздің алдымызда енді қандай міндет тұр...

Ресейдің территориясына бойлай енген түркілердің мемлекеттігін б.з.д VII ғасыр мен б.з IV ғасыр аралығындағы Сақмемлекетінен бастаудан гөрі, тарихи жіпті беріден ширатуды жөн көрдік. Бері деп отырғанымыз, XV-XVI ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің қалыптасу әрі нығаю эволюциясы.

Бұл туралы  мәліметтер Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди»  атты еңбегінде кездеседі. XV ғасырдың орта шенінде Дешті Қыпшақтан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есенбұғамен тізе қосып, Әбілхайырханға қарсы күресуге сөз байласады. Алайда, көп ұзамай өзбек ұлысының ханы Әбілхайыр дүние салып, Керей мен Жәнібектің маңына қысымға ұшыраған түрлі тайпа өкілдері көшіп келеді.

«Тарих-и-Рашидиде» олардың ұзын-саны 200 000 адам деп көрсетілген. Шаруашылық дамыды, феодалдық қарым-қатынастар қалыптасты, нәтижесінде жаңағы көшпелі тайпалар бірыңғай этникалық топқа түзіліп, өздерін «қазақ» деп атады. Адам саны өсті, әскери құрылым қалыптасты, жайылымдық жер кеңіп,  айналадағы ұлттармен сауда-экономикалық қарым-қатынас жасалды. Осы кезеңдерді Қазақ хандығының тарихи хронологиясы деуге негіз бар.

Бірақ заманауи геосаясаттың тың тәсілі – өзіңнен басқаның тарихынкөрінеужоққа шығару белең алып бара жатқан соң, ел болып, жұрт болып барымызды қорғау және оны дәлел-дәйекпеншегелеу керек-ақ боп тұр. Демек, мемлекеттігіміздің тарихи кезеңдерін барынша жаңғыртып, оны ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналдыратын уақыт жетсе керек. 2015 жылы Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын тойлау туралы бастама осы тұрғыда аса маңызды шара болып отыр.

Бұл тарихи әділдік қазақ зиялыларының аузымен бұрын да бірнеше рет айтылған. Демек, 550 жылдығымызды Елбасыайтпаса білмес едік деген жалаң жағымпаздықтан аулақпыз. Бірақ бұл бастаманың дәл осы кезеңде президенттің аузымен айтылуы – стратегиялық қадам. Путиннің Селигердегі «Қазақта ешқашан мемлекет болмаған» деген сөзіне мемлекеттік деңгейде жауап берілмегені көңілімізді қоңылтақсытып тастап еді. Ендеше, қазақ билігінің саясатына тән асықпай-аптықпай әрі бұлтартпай жауап беру тәсілі осы  жолы да орын алды. «Қымбатты одақтасымызға» бұдан артық не істей аламыз?

Бұған дейін де қазақ ұлтының мүддесіне қатысты бастамаларға Құдай қосқан көршіміздің жүйкесі жұқарып, шекесі тырысып жүретін. Енді мына жайт біраз қауымның ұйқысын қашырары анық. Оны қойыңыз, өзін өзгеден ақылды етіп көрсетуге өмірін арнаған өзіміздегі бәзбіреулер де әйтеуір ештеңеге разы болмайтын әдетіне салып, «550 жыл емес, біз әріден едік» деп тырнақ астынан кір іздеуде. Бұл қанағатсыздық пен хикметсіздік дегенді қойсаңызшы... Қайтеміз енді,  «ит үреді, керуен жүреді» екен.

Мойындайықшы, жағрапиялық орналасуы аса күрделі Қазақстан үшін 550 жылдық тарих тақиямызға тар келіп тұрған жоқ. Сөз басында айтқандай, әңгіменің төркінін Сақ дәуірінен немесе Алтын Орданың хандығынан бастауға болар еді, бірақ әр нәрсе өз уақытымен болатынына көзіміз жетіп келеді ғой.  Соның бір мысалы, естеріңізде болса, 90-жылдарыНазарбаев «әуелі экономика, сосын саясат» деп, алдағы 20-30 жылдықтағы даму бағытымызды айшықтағандай болған.

Тәуелсіздіктің таңы атып, «міне, енді өз қолымыз өзімізге жетті, қожайын боламыз» деп отырған көпке бұл сөз жаға қоймады. Кеңес кезінде «ұлттар лабораториясына» айналған Қазақстандағы ұлтаралық мәселе тоқсаныншы жылдары тым күрделі еді. 1989 жылғы санақ бойынша, халық саны 16 464 464 адам болса, мемлекет құраушы ұлт - қазақтың саны 6 млн-нан әрең асып жығылған еді. Өте күрделі геосаяси  әрі экономикалық ахуалдың үстінде отырып, алты үйдей қазақпен ұлттық идеологияны жалпағынан жасауға қабілетіміз жеткенімен, қауқарымыз  жетер ме еді, жетпес пе еді?

Жауабын біз білмейміз, бірақ сол кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев ұлтаралық келісімді қастерлей отырып,  130 ұлттыңөкілін талмай еңбек етуге шақырды және оны «әуелі экономика, сосын саясат» деп атады. Ахуалды суық ақылға салып бағамдай алмаған көбіміз үшін осынша жыл қазақтың жоғы жоқталмай жатқандай көрінгені рас. Қазақылығы кем солтүстікке жақындау Астана салдық, бірақ  сатушыдан нанды орысша сұрауымыздың бар кілтипаны Назарбаевта жатқандай көрінетін.

 

Өз жерімізде өгейлік көріп отырмыз деп, эмоцияның екпінімен қос қолымыз құрғанды қиратпақ болып та көрдік. Бірақ осы аралықта мектептер қазақшаланыпты. Мешіттер бой көтеріпті. Бейбітшіліктің бесігінде тербелген қарадомалақтаркөбейіп қалыпты. Бір-бір айфон ұстаппыз, бірақ білінбей келген игіліктің бағасына жету көбіміздің қаперімізден тыс қалыпты. Себебі, барлық жақсылық өзінен өзі болып жатқандай көрінетін әдеті ғой.

Ниеті арам өзге біреу жаны ашығансып аярлық қылса, өзіміздегі игіліктің бәрін жоққа шығара кететін құлдықпсихология көрініс беретін кездер болған. Көпке топырақ шашып көмусіз қалар жайымыз жоқ,  бірақ бұл қасиет кейбіріміздің бойымызда әлі де бар.  Десе де, «береке - тыныштықта» деген қағиданы білетін халқымыз жеме-жемге келгенде сабырға бой алдырып, бірлік туы астында біріге кететін ежелгі қасиетін жаңғыртты. Сөзге тоқтайтын, өзі отырған бұтақты өзі кеспейтін мәрт мінезімен табысты.

Ендеше, бүгінгі күнге дейін әлемдегі түрлі бүліктен  аман отыруымыз, әуелі Алланың сақтауы, сосын халқымыздың өзгеұлттарға деген дархан көңілі, шүкіршілдігі мен әріден ойлайтын даналығынан болса керек.  Елбасының саясаты да елдің тыныштық пен тұрақтылықта дамуына негізделгенін айтсақ – ырысымыз кеміп қалмас, қайта ұлт ішінен қайнап шыққан тұлғаның тарих алдындағы әділ бағасын бергеніміз болар еді. Өткен өтті, кеткен кетті. Тұтас тарих үшін оймақтай көрінген тәуелсіздіктің 23 жылында Қазақстан  түрлі кезеңдерді басынан өткерді. Нәпақамызды ала дорбамен айырған кезден, үйімізде 4G интернет билік құрғанға дейінгі аралықта қазақы болмысымыздан айырылған жоқпыз, шүкір.

Жұрттан оза шаптық, елден ерек экономика қалыптастырдық деп асыра айтпаспыз, бірақ біреуден ілгері, біреуден кемтұрмысымыз бар. Яғни, Нұрсұлтан Назарбаевтың «әуелі экономикасының» апогейіне жеткеніміз жоқ. Бірақ бағамдар болсаңыз, «сосын саясат» деген екінші бөлігінің де мерзімі жылыстап еніпті.  Соңғы кездегі Нұрсұлтан Әбішұлыныңмәлімдемелерін бір саралап қарар болсаңыз, осыған көз жеткізе бастайсыз. Мысалы, 2012 жылғы Стамбулдағы қазақ-түрік форуманда сөйлеген сөзін тағы бір еске алып көрелік.

«Біз – қазақтар күллі түркі жұртының Отанында тұрамыз. 1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілген соң, біз орыс патшасының, кейін КСРО-ның бодауында болдық. Бодандықта болған 150 жылда ұлттық дәстүріміз бен тілімізден, дінімізден айырылып қала жаздадық. Бірақ Алланың қолдауымен 1991 жылы тәуелсіздікке қолымыз жетті... »

Бағамдар болсаңыз, 2000 жылдары Елбасының аузынан осындай оқыс сөздер шығу мүмкін емес еді. Бірақ Ресейтарапынан жиілеп кеткен жанама қоқан-лоққылардың салдары – көнбіс Қазақстанның да мінез көрсетуіне әкеп соқты. Бастыстық баспасөз осылай баға  берген бұл мәлімдеме ресейліктер арасында  үлкен дау тудырды. Ақорда Кремльдіңсаяси-стратегиялық одақтасы болғанымен, оның ұлттық саясаты мен мүддесі барын мойындағысы келмейтіндерге бұлсоққы ауыр тиген еді.

Кейін орыстың өзімшіл ойын ойрандаған түрлі мәлімдемелер жасалған. «Қазақстанның тәуелсіздігі константа...»немесе Еуразиялық Одаққа қаратыла айтылған «Қазақстан өз тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген ұйымнан шығады» деген ескерту, берідегі «Мәңгілік ел» идеясы мен Ұлытаудағы сұқбат, енді міне, «Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығы».  Бұның бәрі қазақ билігі арнайы саралап, өлшеп-пішіп отырған  ұлттық идеологиямыздың көрінісі болса керек. Салған жерден белден басып, қысқа қайыратын қауқарымыз болмаса да, екі қарап, бір шоқитын сақтықпен ұлттық мемлекет құрып келе жатқанымызды жоққа шығара алмаймыз. Ауызды қу шөппен сүртпеуімізге тағы бір дәлел - күні кеше Илья Азардың «Өскемен Халықтық Республикасы» деген ашық арандатуға үндейтін репортажы.

Сәбиінен шовинизм суына шомылып өскендердің апшысын қуырып отырған мәселе – қазақ билігінің ұлттық мемлекет құрудағы асықпайтын, әріден ойлайтын саясаты болса керек. Демек,  бұл бізді бір жағынан қуандырса, екінші жағынан ұлттық саясатымыздың кемшін түсіп жатқан тұсын бағамдауымызға, сөйтіп оңтайлы шешімдер қабылдауымызға түрткі болса керек.  Әлбетте аяр жау жоқ жерден мәселе көтергісі келіп,  қалыптан шығаруға тырысып, ұрдажық шешімдер қабылдауға  итермелеп бағады.  «Әуелі экономика» деген бастаманы қазақтың мүддесіне немқұрайды қарау деп түсінетін кейбіріміздің шабымыздан түртіп, ашық төбелеске айдап салады.

 

Себебі, сыртқы жау Қазақстанда жалаулатып тойланатын «ұлтаралық татулықтың» астарында  қазақтың болашағы үшін тындырылып жатқан қыруар шаруаны көріп-біліп отыр. Мұзды қатырғысы келмей, ұдайы шайқауға тырысатыны содан.

Сонымен, алдағы 2015 жыл - Қазақ Мемлекетігінің 550 жылдығы.

Бұл дегеніміз - бес жарым ғасырлық мемлекетімізді сақтаудың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі кемі 5 есеге артты деген сөз.

Бұл дегеніміз –  бес жарым ғасырлық  ежелгі мемлекетіміздің шебін  кімнен болса да қасық қанымыз қалғанша бес қаруымызды сайлап қорғаймыз деген сөз.

Бұл дегеніміз – ұлттық идеологиямыз жоқ деп жылай бермей, бес жарым ғасырлық тарихы бар мемлекеттің азаматына тән империялық сананы қалыптастыру деген сөз.

Бұл дегеніміз -  сырттың сойылын соққыш құлдық психологиядан, өзгенің қаңсығын сүйгіш сатқындық әдеттен, бұра тартып, кері кеткіш алауыздықтан арылуымыз керек деген сөз.

Бұл дегеніміз – бес жарым ғасырлық мемлекеттің тарихын баянды ету жолында  тыныштық пен татулықты 5 есе қастерлеу керек деген сөз.

Бүгінде Қазақстан  қуаты кемерінен асып, әскери әлеуеті әлемді санастырған кешегі Алтын Орда емес. Болашақтан күдер үзбесеңіз, одан бері де емес. Территориямыздың кеңдігі, байлығымыздың көптігі, халқымыздың аздығы біраз жұрттың біздің тарапқа жұтына қарауына себеп.

Елімізде атом бомбасы жоқ. Бірақ қуаты талай дұшпанның арам пиғылын жаншыған бас қаруымыз – татулық пен тыныштықты қастерлеген ерік-жігеріміз, бір басшының артынан еріп беретін серт сақтағыш мәрттігіміз, әр қадамды асықпай жасайтын сақ мінезіміз бар.

Ендеше, Қазақ Мемлекетінің 550 жылдығында Назарбаевтың «әуелі экономикасы»  «әлі де экономика және саясат» деген сипат алып, ұлттық идеологияның жаңа белесіне айналады деп сенейік. 2015 жыл – тарихи сананың айырықша жаңғыруы. Жарқын болашақтан әсте үміт үзбейміз. 

jaqsy.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320