Тоқтағұл Сатылғанов – 150 жыл
Түркі әлемінің өнері мен мәдениетінің жанашыры болып отырған «ТҮРКСОЙ» ұйымы биылғы жылды туғанына 150 жыл толып отырған Тоқтағұл Сатылғанов жылы деп жариялап, игі шаралар ұйымдастыруда.
Тоқтағұл 1864 жылы Қырғызстанда Кетмен-Төбе алқабында кедей шаруа отбасында туған. Ол ән-жыр айтуды анасы Бүрмеден үйренеді. Он екі жасында байға жалшылыққа беріліп, ауыр тұрмыс тапшылығын ерте көреді. Жасынан комузымен күй шертіп, жыр жырлайды, төгілтіп ән айтады. Түрлі той-томалақтың гүлі болып, ел арнайы шақыра бастайды.
Алғаш рет 1882 жылы Арзымат ақынмен айтысқа түсіп, бала қырандай от өлеңімен бүріп, жеңіп шығады. Барған сайын алысқа шабатын тұлпардай тынысы ашылып, өрісі кеңейіп, алыс-жақын ел-жұрт қаумалап, төріне шығарып, өнерін тамашалайды. Арыстанбек, Қалығұл, Молда Қылыш және басқа да ақындардың жырларымен танысып, ежелгі көне қисса-дастандарды жұртқа айта бастайды. 1884 жылы 21 жасында Тоты деген қызға үйленеді, одан Топшыбай деген тұңғышы дүниеге келеді.
Ән-жырымен елі еркелеткен Тоқтағұл ақынды патша өкіметі тұтқындап, 1898 жылы 3 тамызда Наманғанда сот өлім жазасына үкім шығарып, оны дарға асып өлтіру туралы ауыр жаза белгілейді. Кейін оны 25 жылдық каторгада жазалауға ауыстырады.
Красноводск–Мәскеу–Иркутск арқылы жазалау орнына 17 ай жол жүріп, әзер азып-тозып жетеді. Жолда Тоқтағұл қашып шығып, ұсталып, қосымша тағы 12 жылға сотталады. Екінші мәрте 1905 жылы каторгадан қашып, 3 айдан кейін қайтып ұсталады. Қолындағы балтамен қомуз шауып жасап, оған балалайканың қылын жалғап, зарлы да шерлі, елін, жерін сағынған ән-күйлерін шығарады.
Үшінші мәрте 12 жыл каторгада отырған соң қашып шығып, арнайы басқа жолмен, Сібірді аралап, көп тауқыметпен 1910 жылы еліне жетеді. Аңсап, сағынып жетсе, әйелі басқа біреуге тиіп кеткен, жалғыз ұлы қайтыс болыпты. Соңына түскен тыңшылар қоймай Наманған түрмесіне тағы қамайды. Бірақ бұл жолы бүкіл ел-жұрты дүр көтеріліп, Ешмамбет, халық ақындары бас қосып, 20 мың сом қаржы жинап, ақынын түрмеден босатып алады. Қырғыз елінің ұлы ақыны Тоқтағұл 1933 жылы туған ауылында қайтыс болады.
Т.Сатылғанов – ірі суырыпсалма ақын, әрі 50-ден астам әндері бар композитор, асқан күйші-қомузшы. А.В. Затаевич 1928 жылы Тоқтағұлдың өз аузынан 18 әнін жазып алған. В.Виноградов оның ақындық, композиторлық, жыршылықтағы сан қырлы өнерін зерттеп «Тоқтағұл Сатылғанов және қырғыз ақындары» атты кітап жазып шығарған. Тоқтағұл – қомузымен қырғыз, қазақ, өзбек, татар, тәжік, орыс ән-жырларының әуенін шертіп, әндерін айтқан бесаспап әнші. Оның «Кербез», «Арман», «Арман Кербез», «Әлімхан», «Терісқағыс», «Сен, сен дүние», «Көкейкесті», «Мың-толғау» тағы басқа да ән-жырлары түркі әлемінің інжу-маржаны, ортақ қазынасы.
Тоқтағұл Жамбылмен бұрыннан таныс, жегжат, бір-бірінің өнерін қатты қадірлеген ірі ақындар. Каторгадан қашып келе жатып жолай Алатаудың теріскейіндегі Жамбылға жолыға кетейін деп келеді. Жамбыл ақын досын жібермей екі ай тынықтырып, үстіне киім, астына ат беріп, қасына кісі қосып еліне шығарып салады. Бұл жөнінде Тоқтағұл былай жырлайды:
Міне, Жәке бұл күні,
Мен бір байғұс сорлаған.
Ел екенбіз әуелден,
Қырғыз-қазақ бір туған.
Ұзынағашта жатқанмын…
Ризамын қазақ халқына.
Ұзақбай мен Сүлеймен,
Жамантай, Жәке – бір туған.
Құдай мені оңдырмас,
Қасиетіңді ұмытсам! – дейді. Жыр алыбы Жамбылдың да Тоқтағұл жайлы бірнеше өлеңі бар.
Оқырмандарымызға осы екі елдің ұлы ақындарының бір кездесуі хақындағы әңгімені баян етейік.
* * *
Ақындарға Шәбден манап асында үшінші күні ғана кезек тиді. Қатарынан асып туған Еркебай мырза бұл жерде де саңлақтығын танытып, топ жарып кетті:
– Қадірімізге жететін, бір-бірімізге сөзіміз өтетін, айналайын, қырғыз ағайындар! Алдына адам түспеген, аузымен құс тістеген шаһибоз Шәбден манаптың асының атағын ақындар аспандатады. Жарықтық Шәкеңнің аруағы мен дәулетіне сай бұл алқалы жиынды қазақ-қырғыз арасында Жәкең, біздің Жамбыл бастасын. Ол атақты қызыл жел Сүйінбайдан бата алған інісі, ақындары шалқыған дария-көлдей асып-төгілген қызырлы қазақ елінен. Бүгінде оған пара-пар ақын жоқ. Күні кеше құлан аян Құлманбетті, Сарбасты жеңген, көмейіне өлең-жыр ұя салған Жәкең бұл! – деп суырыла жөнелгенде бәрі мақұл десіп, той иелері де осыған тоқтам жасады.
Жамбыл ұшатын қырандай екі иығын қомдап, дүр сілкініп қырланып, еңсесін тіктеп көтеріп алып, саңқ ете қалды. Қарт Алатаудың күнгей-теріскейіне аты аңыз болған Жантай хан, оның ұлы Шәбден манаптың ел алдындағы кісілігін тереңнен қайырып, меймандар атынан ас иелеріне ниет қабыл болсын, Шәкеңнің аруағы жәннатта шалқысын дей келіп, артындағы ұрпақтарына лайым береке-құт тіледі. Жақсыдан жақсы туады, сұңқардан сұңқар шығады, олар бұл елден шыққан талай бектер мен мырзалардай, жайсаң бабаларындай берекелі де мәртебелі болатыны хақ. Алатаудың күнгейіндегі қырғызбен тойымыз да, ойымыз да ортақ. Манас атамыздың ұрпақтары күндей күлсін, жаздай жадырасын…
Ақын-жыршылар ортасында отырған Жәкеңнің өлеңді айтқан сайын шабыттана, табаны қызып, бауырын жазған тұлпардай қайраттана түсетініне, таңды таңға ұрып айтқан жыр-дастандарын бір мәжілісте ешуақ қайталамайтынына, түпсіз мұхиттай бітпейтін қазына-кеніне ел қайран қалады. Үсті-үстіне тасқындап асып-төгілген кілең інжу-маржандай ғажайып әуені мен жыры келісім тауып, жағымды анық үнмен, домбыра әуенімен қабысып, бет-әлпеті ажарланып, шырайлана, бүкіл қимыл-болмысымен айтар ойы жарасып, жүрегіңді шымырлатады, шымылдатады, үлбірек сезіміңді әлдилейді, аққұстай қанат бітіріп, кеудеңді парлатып биікке, түу биікке көтереді-ау дерсің! Анау-мынауға тоқтамай айтқан сайын кеуде сарайы, үні ашылып, қыздар тіккен кестедей түрленіп, дауылша соғады, арғымақша көсіліп, бүркітше шүйлігеді, іле самал боп желпініп, жұлдыздардай жымыңдайды, сұлулардай сыңқылдайды. Таудың мөлдір сулы өзеніндей тасып-төгілген дария-жыр ынтықтырып, тереңіне сүңгітіп, тұнығын ішкізіп, жұпарын жұтқызып, басқа әлем – пейіш есігіне кіргізіп жібереді-ай!
Тоқтағаннан кейін де манағы әдемі сезім, әсерлі жырдан арыла алмаған жұрт Жамбылға тебірене, ынтыға қарап тым-тырыс әудем уақыт отырып қалады. Домбырасын керегеге сүйеп, маңдайын жібек орамалмен сүртінген Жамбыл алдындағы шара толы қымызды ұрттай ішіп, кейін шегіншектей жастыққа жантайғанда барып, есін жиған жұрт кеу-кеулеп кетті.
– Өлеңді айтса Жамбыл айтсын!
– Жамбылды туған анасынан айналдық!
– Жағыңа жыр, таңдайыңа өлең ұя салған екен!
– Енді әнші-жыршылар кезекпен кезек тамаша ғып отырыңдар.
Жәкең қазір «Манасты» бір бастаса ас біткенше ешқайсыңа кезек тимес. Асыл қазына, алтын көмбе ғой бұл кісі… – деп Еркебай өз қолымен Жамбылға қымыз ұсынды.
Жәкеңнің дидары нұрланып, шырайы ашылып, тіпті жасарып кеткендей төңірегіне сынай қарайды. Бұрынғы атақ-дақпырты бар, оған манағы селдей тасқындатқан қырғыздардың мәртебесін көтере айтқан жырына бас ұрған жұртшылық алдында тіпті іріленіп, шалқақ отыр.
Шу өзенінің бергі қапталындағы Шоң Кемін жазығында жағалатып бірнеше қатарлап кілең ақ жұмыртқадай үйлерді тігіп тастаған, санасаң ұзын санынан жаңыласың, арғы шеті мен бергі шеті көрінбейді. Тұс-тұстан ағылып келіп жатқан халықта есеп жоқ, құмырсқадай құжынап жүр.
Жеті атасынан бері дәулеті үзілмеген атақты Жантай ханның ұлы Шәбден манап та бүкіл Пішпек уезі ғана емес исі қырғызда сөйлесе сөзі, айтса ісі жүріп тұрған, тасы өрге домалаған, атағы жер жарған асылзада ақсүйек.
Айбыны асып, ақ патшадан полковник шенін алған Шәбден манаптың асына мына шеті соноу Петербордағы сарыала шенді ұлықтар, батыстан тақияларын біршекелей киген өзбектер мен қоқандар, Алатаудың теріскейінен дөңгелек бөрікті қазақтар, арғы шығыстағы қалмақ, қытай, дүңген, ұйғырлардың да игі жақсылары мен сүт бетіне шығар қаймақтары-ау дегендері түгел жиналыпты.
Осыншама толқыған судай үсті-үстіне келіп жатқан нөпір қонақтарды рет-ретімен, жөн-жоралғысымен қарсы алып, орналастырып жүрген әппақ айыр қалпақ, әппақ бешпент киінген күтуші қырғыз жігіттерінің ілтипат пейіліне разы боласың.
Ақын, әнші, жыршыларды әспеттеп Шудың жоғары бойына, Шоң Кемін сайына кіре беріс тұстағы қалың қарағайлы беткейдің етегіне қоралана тігілген оншақты үйге алып келді… Көптен көріспеген аузымен құс тістеген небір дүлдүлдер бір-бірін сағынысып көрісіп, бөртіп қымыз ішісіп, боза шайқасып әңгіме-думанды қыздырды-ай дерсің.
Міне, Жәкеңнен кейін қырғыздар комуз тартты. Қияқпен, сыбызғымен, сырнаймен сан түрлі ғажайып үндерді тудырып, күй шерткенде Алатау ақ сәлделі кәрі басын иіп маужырап, Ыстықкөл толқынын тыйып, сабыр сақтап, жазғы дала ішін тартып тыңдады-ай дерсің! Екі күн бойы күй шертісті, сырнай тартысты. Шудың сапырылған шуылы бәсеңсіп, жуасып, жағасындағы тал-шіліктер қайран қалып, жәймен сыбырласып, бастарын шайқасты. Төңірек күй сиқырына әлдиленіп, маужырай бөгіп, рахаттана тыңдады-ай.
Бірінен бірі іліп алған бұларды тамашалаған карақұрым жұрт күні-түні бір үзілмеді.
Кенен ә дегеннен балбыраған әнге көшті. Сыршыл да адуын Балуан Шолақ ағасының әндерінен кейін өзінің «Бозторғайы» мен «Көкшолағын» жұртшылық қайта-қайта айтқызды. Асқа келгендер бұл әнді үйреніп, ауылдарына сыбаға-олжа ғып ала қайтты. Қаршығадай қомданып кезегіне жете алмай отырған Айқым Үмбетәлі өлеңді кесек-кесегімен тастап, селдей жауғызды. Мың түрленіп, сексен ширатылып, тоқсан тарқатылып термелей келіп, бір орнында отыра алмай арнауының өзі бір қисса дейтіндей болды.
– Ой, пәлі ақын болсаң Үмбетәлідей бол! – деп Жәкең көтермелеп еді, жұлқынған жүйріктей тіпті ағызып кетті.
Кәрібайдың мен ұлы Үмбетәлі
Қиыспаса келмейді-ау сөздің сәні.
Тең келер Тоқтағұлдай ер сұңқарға
Қырғызда ақын бар ма айтшы қане, –
деген сәтте қырғыздың шұбар бет бегі орнынан атып тұрып:
– Тоқтат! Бұл не сонда, жаман қашқынды сонша дәріптеп! – деп тепсініп шыға келді. Сол сәтте аты аталып жатқанын құлағы шалып қалған Тоқтағұл да үйге кіріп келді.
– Шық үйден қане, қашқын! – деп жаңағы бек айқайлап, отырыстың шырқын бұзды. Үмбетәлі де сасып төр жағалай отырған Еркебай, Мұратәлі, Оразалы, Қалмырзалардың ортасындағы Жамбылға қарады. Жамбыл керегеге сүйеулі тұрған домбырасын жұлып алып, Тоқтағұлға қарап өлеңдете жөнелді.
Келдің бе ақиығым алыс жерден
Өтіпсің самғап ұшып асқар белден.
«Алмас пышақ қап түбінде жатпас» – деген,
Хан, төре айналмай ма сендей ерден.
Ер ғана елін табар іздеп жүріп
Жүрсе де ғұмырында қорлық көріп.
Құландай-ақ бұғауын үзіп қашқан
Жетіпсің енді, міне, елге келіп! –
деді де, түрегеліп, құшақтап дәл қасынан орын берді.
– Әй, қазақтың ыршысы! Сен менің кім екенімді танымай тұрсың-ау деймін? Мен Бәйтік деген манаппын. Мына Тоқтағұл айыпкер, қашқынымыз. Әйелдің етегі көтеріле берсе, еркектің тілі ұзара берсе, – басы кететінін білесің бе! Сен бұл іске араласпа! Бәрің меймансыңдар. Бұл тірлігіңде оңға қолын созса, күнге жететін, солға қолын созса, айды ұстайтын әмірі ақ патшадай қасиетті Шәбден манаптың асы. Сондықтан да, қашқынды жақтамай жайыңа отыр, – деп екіленіп, ұмтылып еді, Мақыш орнынан атып тұрып, әлгінің қолындағы қамшысын жұлып алды. Үйдегілер өре түрегеліп, қазақтар жағы бізге қамшы сілтеді деп өршеленіп, намысқа басып ушықтырып ала жөнелгенде той басқарушы ақсақалдар келіп ат-шапан айыбыңыз деп кешірім сұрап, дауды әзер тыйды. Селкілдеп, қалшылдаған Бәйтікті қолтықтап дырылдап сүйрегендей қылып ала жөнелді. Жамбыл енді қасындағы Тоқтағұлға түгел бұрылып алды да, желдірте әуеніне басып, төгіп-төгіп жіберді.
Тұлпарды тұлпар таниды,
Ертеден шапса талмайтын.
Сұңқарды сұңқар таниды,
Ілерде жемін самғайтын.
Батырды батыр таниды,
Ұрандап жауға шапқанда.
Жауған оқтан қайтпайтын,
Жақсыны жақсы таниды,
Сыртынан ғайбат айтпайтын.
Ел бұлбұлы Тоқтағұл,
Жырымен жауын жасқайтын.
Пенде емес пе Тоқтағұл,
Ордаға аяқ баспайтын.
Қарғаны қарға таниды,
Қарқылдап қағып қанатын.
Құзғынды құзғын таниды,
Өлексеге ауыз салатын.
Болысты болыс таниды,
Параны жалмап алатын.
Манапты манап таниды,
Нашарға құрық салатын.
Ақынды ақын таниды
Сөз қадірін аңдайтын.
Тоқтағұл мен Жамбылдың
Жырлары сел боп ағатын.
Қиядан ұшса қос қыран,
Бірін бірі табатын…
Жамбыл ұзақ толғап, арғы-бергіні қайырып, Тоқтағұлдай досының ірілігі мен серілігі, ақындығы мен жақындығы жайлы тебірене сырын ақтарды, ақжарылқап пейілін білдірді.
Тоқтағұл да жүзі шамырқанып, Жәкеңнің ниетіне разы пішінмен жадырап, қомузын алып, шертіп-шертіп жіберді. Тыпыршыған, ызғыған жорғадай қомузы қолды-аяққа тимей алып қашса да сабалап, жанды сергітер әуенге сала жауап қайырды.
Қазақта Жамбыл сен едің
Шалқып жатқан көл едің.
Өлеңі оттай лаулаған
Тасып бір өткен сел едің.
Қырғызда бір бауырың
Тоқтағұлың мен едім.
Қай қырғыздан кем едім,
Қарсы болып манаппен
«Итжеккенді» көргенмін.
Жаласымен бектердің
Сібірде де өлмедім.
Қорлық көріп жүргенде
Өлең болып ермегім.
Сағынып елге келгенде
Намысты қолдан бермедім, —
деп Ібір-Сібірге айдалғандағы көрген құқайлары жайлы термелеп, аман-есен еліне келгенде әлі де болса соңынан қалмай өштесіп жүргендерге қарай қатулана айқай салды.
– Ей, манаптар, манаптар
Шәбденнің бұл асында
Қырғыз бенен қазақтар,
Бас қосады деген соң
Жиналыпты санаттар.
Болыс пенен билерің,
Қазан аңдып бұл күнде
Бұралқы иттей жалаңдар, –
деген кезде Ешкібай деген қырғыз шыдамады:
– Әй, Тоқтағұл ботам! Ақын деген ер еркесі дегенге өкпеңменен қабынба, жөніңді біл! Сен бұралқы иттер деп елдің игі жақсыларына тіл тигізіп даттап тұрсың. Тағы да итжеккенге айдалып кетіп қап жүрме, адам бәлені қызыл тілінен табады. Қызыл тілге отыз екі тіс қамау болған жөн, – деп Тоқтағұлға қарап кіжіне зіл тастады. Араға тағы да Жамбыл түсті.
– Сабыр, ағайын! Араша беріңіздер бүгінше Тоқтағұлға. Ашынып келіп ақындарды көріп арқаланып артығырақ кетіп жатса, өз тентектерің ғой. Ас-тамаша өздеріңдікі. Біздің көзімізше бір еркелікті көтерер деп айтып жатқаны ғой, ашу-дау абырой әпермес, – деп тоқтау сұрадық.
Үстіне қызыл атластан оюлы шапан киген Шәбденнің бел баласы, осы ас иесі үйге кіріп:
– Ал, айналайын ақын-жыршылар, үш күн бойы өнер көрсетіп отырсыздар! Енді сіздерге сый-сияпат ұсынғалы тұрмыз. Бас бәйге қазақтың шоң ақыны Жамбылға беріледі, – деп жүні мың құлпырған құндыз тон беріп, есік алдына күміс ертоқымды төртөбел атты жетектеп әкеліп табыс етті. Қырғыздың бас ыршысы Қалмырзаға қасқыр ішік кигізді, Тоқтағұлға бес жүз сом берді.
– Ал, біз асығыспыз, әлі талай тамаша бар, жата-жастанып қызығын көріңіздер, – деп ас иелері кетісімен, Тоқтағұл шаршы ортаға шығып:
– Бұлан мырза, сыйыңа көп рахмет. Көпшілік алдында мына бес жүз теңгені қалтама салып алып кетсем, көргенсіздігім болар. Мына Жамбыл байекемнің жақсылығын бүгін айтпасам, қашан айтпақпын. Ана бір жылы Сібірден жалаң аяқ, жалаң бас қайтып келе жатқанымда екі ай бойы қасына ұстап, мейман етіп, киіндіріп, тойындырып, астыма ат беріп құрметтеп шығарып салған еді. Бүгін, міне, қасынан орын беріп, көрінген итке талатпай арашаға түсіп жатыр. Иығымды Алатауға сүйенгендей боламын Жамбыл байекем барда. Сіз біздің қадірменді қонағымызсыз. Мынау астыңызға мінгізген арғымағым деп біліңіз, – деп алған бес жүз сомды Жамбылдың алдына қойды.
– Ниетіңе бек ризамын, Тоқтағұл ботам. Алты жыл ашаршылық болса да ата салтын ұмытпайтын киелі елдің ұлысың, – деп Жамбыл әлгі ақшаны алды да елдің бәріне көрсетіп тұрып:
– Мен ырымға деп жүз сомын алайын, қалғанын өзің игілігіңе жұмса. Алыстан ат арытып, сүйегің жұқарып, табаныңнан сыз өтіп, маңдайыңнан күн өтіп жаңа келдің.
– Сізге атадым ғой, Байеке, – деп Тоқтағұл ала қоймап еді, Жамбылдың жүйелі де жүлгелі сөзіне тоқтап, разы пішінмен дидары ашылды.
– Тоқтағұл, соңғы кездері сенің жолың болмай, еменге қарсы біткен бұтақтай, қара дауылға төтеп беретін бала қырандай бөтен кейіп танытып жүрсің. «Батыр қол бастайды, шапан жол бастайды» демекші, қырсығың кесілсін. Аузыңнан інжу-гауһар төгілген ақынсың. Жырың мына Ыстықкөлдің толқынындай толқысын. Саған ырымдап мына бүгін маған кигізген құндыз тонды арқаңа жабайын деп отырмын. Жолың ашылсын, бәле-жаланы қашырсын, өлең-жырдың құты дарысын. Бұл жалғыз менің ғана емес, мына қырғыз ағайындардан жақсылықты көп көрген осы отырған бүкіл қазақ бауырларыңның сый-сияпаты, жөн-жоралғысы деп біл, – деп Жамбыл мана өзіне кигізген мың құлпырып, көздің жауын алған тонды Тоқтағұлдың арқасына жапты. Екі ақын төр алдында құшақтары жазылмай бір-бірінің арқасынан қағып ұзақ тұрып қалды.
Бүкіл ел-жұрт екі ақынның достығына қайран қалды. Ұлы ақын ұлылығын бұл жерде де көрсетіп кетті.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы
Abai.kz