НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ КІМГЕ КЕРЕК? (Басы)
Швецияның астанасы – Стокгольмде Нобель апталығы басталды. Қазанның 6-сы мен 13-і аралығында биылғы Нобель сыйлығының лаураеттары анықталады.
Әлемдегі әйгілі сыйлықты арман етпейтін мәдениет, өнер, ғылым адамы кемде кем. Алайда, соңғы жылдардың бедерінде Нобелдің берілуіне саясат араласып кетті деген әңгіме де жиі айтылатын болды. Оның бір себебі, АҚШ Президенті Барак Обаманың әлемдегі бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығын алуы болса керек. Қалай болғанда да, Нобель – Нобель!
Әр жыл сайын дүниенің төрт бұрышынан атақты академиктер мен Нобель сыйлығының лауреаттары жиналып, үміткерлердің еңбектерін қарап, дауыс беру арқылы үздіктерді анықтайтын, жүлде қоры 1 миллион долларға жуық атақты сыйлық Қазақстан және Орта Азияға әлі күнге дейін бұйырған емес. Бірақ, қазақ әдебиеті мен мәдениеті, өнері Нобелге қарап тұрған жоқ. «Қазақ әдебиеті мен өнері – әлемдегі кез келген елдің өнері мен әдебиетінен бір кем емес. Артық болмаса!» деген пікір біздің қоғамды әлі бар. Берік орныққан. Бірақ, Нобель жоқ! Сонда Нобель сыйлығы кімге керек? Бұл сауалдың жауабын әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлының көлемді мақаласынан табасыз.
Abai.kz
Нобель сыйлығы! Талай мүйізі қарағайдай жазушылар мен ақындардың арманына айналған, атағы әлемге аңыз болып тараған бұл сыйлықты алуды қандай қаламгер қиялдамайды дейсің. Нобель сыйлығы дегенде біздің көз алдымызға, осы құрметті атаққа ие болған, әлемдік әдебиеттің қақ төрінен ойып тұрып өз орнын алған Кнут Гамсун, Бернард Шоу, Томас Манн, Иван Бунин, Уильям Фолькнер, Эрнест Хемингуэй, Михайл Шолохов, Ясунари Кавабата, Генрих Белль, Гарсиа Маркес, Октавиа Пас, Кэндзабура Оэ сынды әйгілі ақын-жазушылардың шығармалары елестеп, сол кітаптардан алған әсеріміз санамызда қайта бір жаңғырады емес пе? Міне, сондықтан әдебиет сүйер қауым Нобель сыйлығын «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын, дүниежүзіндегі ең ұлы шығармаларға берілетін лайықты баға деп қабылдап келеді. Нобель сыйлығын алғаннан соң, айы оңынан туып, жұлдызы жанып, бағы ашылып, шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, миллиондаған данамен басылып шығатын жазушыға бәріміздің де қызғанышпен қарайтынымыз өтірік емес қой. Жазушы үшін жазған шығармаңның әлемнің назарына ілігіп, адамзаттың ортақ қазынасына айналуынан артық қандай бақыт бар, шіркін! Оның сыртында, әлемдегі аты дардай халықаралық мәдени бірлестік дейсіз бе, адам құқын қорғау жөніндегі қауымдастық дейсіз бе, әйтеуір не керек, дүниежүзіндегі белгілі ұйымдардың қай-қайсысы да Нобель сыйлығын алған жазушыны өз қоғамының мүшесі қылуға тырысатыны айдай ақиқат. Дүниежүзіндегі мыңдаған жазушылардың ішінен жұлдызы жанған қаламгерді, енді өз шығармашылығы туралы бір ауыз пікір айтқызу үшін жанын салып, өлермендікке шейін баратын ақын-жазушылар қаншама. Бәрінен бұрын Нобель сыйлығын алған қаламгердің жүзін көруді армандайтын миллиондаған оқырмандардың ыстық пейілін айтсаңызшы. Жыл сайын миллиондаған оқырман «бұл жолы кімнің бағы жанады екен?» деп, Нобель сыйлығы иегерінің есімін төзімі таусылып, тағатсыздана күтеді. Жыл сайын әлемдегі білікті де, білгір сыншылар мүйізі қарағайдай ақын-жазушылардың шығармашылығын сөз қылып, осы жолғы Нобель сыйлығын алуға кімнің лайық екендігін айтып, білек сыбанып, қызу айтыс-тартысқа толы майданның бел ортасында жүреді. Бәлкім, жыл сайын осы сыйлықтың кімге берілу керектігін шешетін Швед академиясындағы талқылаулардың дау-дамайға ұласып жататындығының себебі де сондықтан болар. Әсіресе, соңғы жылдары осы даулар жанжалға ұласып, Нобель сыйлығы берілген шығармалардың көркемдік деңгейіне көңілі толмаған Швед академиясындағылардың ішінде, жылы орнын суытып, өз еркімен жұмысынан кеткендердің саны көбейген үстіне көбейе түсіпті. Мұның себебі не? Расында да Нобель сыйлығының беделі уақыт өткен сайын төмендеп бара ма, әлде мұның біз білмейтін басқа да «сайтани» сырлары бар ма?
Осыдан бірнеше жыл бұрын Швед Академиясы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алуға, түрік жазушысы Орхан Памукты лайық деп тапты. Сол жылы жазушы өзіне тиесілі 1,1 миллион доллар сыйақысын алды.
1952 жылы Ыстамбул қаласында дүниеге келген Орхан Памук әдебиеттегі постмодернизм ағымының беделді өкілдерінің бірі. Ресейде оның бірнеше кітабы жарық көрді. Өз романдарында ол көбінесе Шығыс пен Батыстың арасындағы қарым-қатынасқа қатты көңіл бөледі.
Дегенмен Орхан Памуктың әлемге атын шығарған жазушылықтан гөрі, саяси шатаққұмарлығы десек еш қателеспейміз. Орхан Памук - өз еліндегі биліктің армяндар мен күрдтерге қатысты саясатына ашықтан-ашық қарсы шыққан бірден-бір түрік қаламгері. Швейцариялық «Tages Anzeiger» басылымына берген сұхбатында жазушы: “Бұл жерде отыз мың күрдтер мен миллиондаған армяндар өлтірілді, бірақ менен басқа ешкімнің де мұны айтуға батылы жетпейді”, - деп Түркияның ресми билігінің ашу-ызасын туғызған мәлімдеме жасаған. Бұрын-соңды көзге ілінбей жүрген жазушыға, осы аты шулы мәлімдемеден соң әлемнің назары ауды.
Жазушының баспасөз бетінде ашық білдірген осы пікіріне қатты наразы болған Түркия үкіметі оны сотқа берді. Осыдан кейін Ыстамбулдың қалалық соты Түркияның қылмыстық кодексі бойынша Орхан Памуктың 6 айдан 36 айға дейін қамауға алынып, жауапқа тартылуын талап еткен шағым-арызды қарады. 2006 жылдың шілде айында Ыстамбулдың соты “түркі ұлтына моральдық зиян келтірді” деген, айып тағылған жазушыны ақтап алды. Орхан Памукқа қатысты бұл оқиғаны Еуропа одағы мұқият қадағалап, жазушының үстінен жүргізілген бұл сот процесінің адам құқы жөніндегі Еуропа конвенциясының шарттарын бұзу болып саналатындығын Түркия үкіметіне ашулы кейіпте, қадап тұрып, қатаң ескертті. Оның сыртында Орхан Памукке әлемге аты әйгілі Жозе Сарамаго, Габриель Гарсиа Маркес, Гюнтер Грасс сынды Нобель сыйлығын алған жазушылар да үлкен қолдау білдірді.
Бұл әңгімені тілге тиек қылып отырғанымыз- соңғы жылдары Нобель сыйлығын белгілі бір саяси топтардың мүддесін қорғау үшін беру қалыпты жағдайға айналды. Әйтпесе, әлемде осы сыйлыққа лайықты Орхан Памуктан басқа жазушы табылмай қалған жоқ емес.
Орхан Памуктың Нобель сыйлығын алуы дүниежүзінде армяндардың лоббиінің шешуші рөл атқаратындығын әйгілеп берді. Егер де авторитарлық мемлекеттерде барлық мәселені бір адам шешсе, демократиялық елдерде бір мәселеге қатысты проблеманың түйінін лоббилер шешеді. Күлбілтелемей сөйлесек, Нобель сыйлығының кімге берілуі керектігіне нүкте қоятын Швед академиясы, комиссияның қарауына келіп түскен жаңа туындыларды сараптау барысында, Орхан Памуктың шығармашылық қабілетінен гөрі, армян ұлтын қызғыштай қорғаған сөзіне басты назар аударған секілді. Әйтпесе, түркі әлемінде шығармашылық қабілеті Орхан Памуктан анағұрлым жоғары жүздеген жазушыларды мұрнынан тізіп бере аламыз. Ауа жайылып кетпес үшін, әзірше біз Орхан Памук туралы әңгімемізді осымен тәмамдай тұрайық. Реті келіп жатса, мақаламыздың соңында әңгімемізге қайтып ораламыз.
2005 жылы да әдебиет саласы бойынша берілетін Нобель сыйлығына үміткерлердің шығармасын талқылау Стокгольм қаласында өте қызу пікірталас жағдайында өткені аян. Тіпті әдебиет саласындағы сыйлыққа қай жазушының лайықты екеніне байланысты бір шешімге келе алмаған Швед Академиясының кейбір мүшелері шу шығарып, өз наразылықтарын білдірген. Сол жолы да әлемдік әдебиеттің қайнаған қазанында не пісіп жатқанын жіті бақылап, қызу айтыс-тартыстың көрігін қыздырып жүрген мыңдаған әдебиетшілердің үкілі үміті ақталмай, Нобель сыйлығы Англиядағы көп жазушылардың бірі Гарольд Пинтерге бұйырған.
Әрине, егер де біз Гарольд Пинтерді ортанқол жазушылардың бірі десек, көпе-көрнеу өтірік айтқан болар едік. Ұлты еврей Гарольд Пинтердің «Коллекция», «Үйге оралу» атты драмалық туындылары расында да жақсы шығармалар. Кезінде оның жазған сценарилері бойынша «Сатқындық», «Күзетші» атты кинофильмдер де түсірілді. Тіпті, Гарольд Пинтердің атағын аспанға шығарған, әлемнің алдында танымал еткен, жазушылықтан гөрі, оның актерлік қабілеті еді. Бірақ соған қарамастан, әлемдік әдебиетте, жаңашылдығымен немесе тақырыпты игеру жағынан Гарольд Пинтерді жолда қалдырып кететін Нобель сыйлығын ала алмай жүрген жүздеген жазушылар бар. Ендеше неліктен 2005 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы орыс Валентин Распутин, испан Абель Поссе немесе тіпті, қазақ Олжас Сүлейменов секілді талантты ақын-жазушылардың таланына бұйырмай, Гарольд Пинтердің қанжығасына байланды. Сөз жоқ, егер де 2005 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы осы үш қаламгердің біреуіне бұйырса, миллиондаған оқырмандардың алдында оның бағасының да, беделінің де арта түсетіндігі адамнан болса да, Алладан жасыра алмайтын шындық. Олай дейтін себебіміз, жапон әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Нобель сыйлығының иегері Кэндзабурэ Оэ осыдан бес жыл бұрын Ресейдің беделді басылымдарының біріне берген сұхбатында Валентин Распутинді бүгінгі уақыттағы әлемдегі ең ұлы екі-үш жазушының қатарына жатқызып, оның шығармашылығына қызығушылықпен қарайтындығын жасырмапты. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын “Иностранная литература” атты әдеби басылымда жарық көрген испан жазушысы Абель Поссенің “Жұмақтың төбеттері” («Райские псы») романын мен әлем әдебиетіндегі соңғы он жылдың ішінде дүниеге келген ең үздік туындылардың қатарына қосар едім. Қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтың “Язык письма” атты туындысының, мыңдаған кітаптарды ақтарып жазған, түркі әлеміндегі айрықша құбылыс болған туынды екендігіне ешкім таласа қоймас. Соған қарамастан 2005 жылғы Нобель сыйлығы неліктен ағылшын жазушысы Гарольд Пинтерге бұйырды? Қандай еңбегі үшін?
Егер де сіз даңқы әлемге тарап, дақпырты жер жаратын құрметке лайық болған қаламгердің 1970 жылдан бері шығарма жазудан гөрі, саясатпен қатты шұғылданып жүргенін есіңізге түсірсеңіз, не себептен Швед Академиясының бұл сыйлыққа лайық үміткерлердің арасынан Гарольд Пинтерді таңдағандығы өздігінен түсінікті бола қалады...
Қателескен жоқсыз. Дұрыс таптыңыз! Швед академиясының 2005 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын Гарольд Пинтерге беруінің артында жәй ғана емес, Еуропа елдерінің үлкен геосаяси мақсаты жатыр.
Ирактағы соғыстан кейін Еуропа елдері мен Американың арасындағы қарым-қатынастың біраз суып кеткенін бәріміз жақсы білеміз. Гарольд Пинтер болса Америка мен Ұлыбританияның саясатына ашықтан-ашық қарсы шығып, саяси мінберлерден бұл туралы батыл пікірлер айтып жүрген санаулы қаламгерлердің бірі. Жазушыға Нобель сыйлығы табыс етілгенде Батыстың және Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары «Гарольд Пинтерге Нобель сыйлығын әперу арқылы Еуропа, Америкаға жең астынан жұдырық көрсетіп, сес танытты» деп, те жазды.
Гарольд Пинтердің саяси публицистикалық мақалаларымен біршама таныс болғандықтан, мен де оның Ирактағы соғысқа байланысты Америка мен Ұлыбританияның саясатына тізесін батыра айтқан пікірлерін толық қуаттаймын. Оның азаматтық позициясына құрметпен қараймын. Алайда соған қарамастан Еуропа елдеріндегі саяси көңіл-күйге бола, атағы дүниежүзіне белгілі Нобель сыйлығын саяси мақсаттың құрбандығына шалудың қандай жөні бар. Өнер деген қасиетті әлемде ең алдымен шығармашылық адамының қабілеті мен оның туындыларының көркемдік ерекшелігі ескерілмейтін бе еді? Өз басым осы сыйлықты Гарольд Пинтерге табыс еткен Швед академиясының мұсылман елдеріне жаны ашып, ылғи да оларға бүйрегі бұрып тұратынына бір мысқалдай да сенбеймін. «Неге?» дейсіз ғой.
Масқара! 1989 жылы Швед академиясы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын ислам дінін мазақтаған шығармалар жазған, жаратушы Алланың атына қара күйе жаққан Салман Рушдиге ұстата салуға шақ қалды. Тіпті осыған орай Нобель комитетінде сорақы жағдай орын алды. Нобель сыйлығы, ислам секілді қасиетті дінді қорлап, оны мазақ қылған Салман Рушдидің пайдасына шешілмегені үшін бұлқан-талқан болып ашуланған Швед академиясының өмірлік академиктері Керстин Экман мен Ларс Гюлленстан жұмыстарын тастап, өз еріктерімен отставкаға кетіп, жылы орындарын суытқан. Алайда келешекте Швед Академиясы Салман Рушдидің атағын аспанға бір-ақ шығарып, оған Нобель сыйлығын құрметпен табыс етсе, таң қалмаңыз. 2006 жылғы Нобель сыйлығына үміткерлердің тізімінде Харуки Мураками секілді шын мағынасындағы жапон әдебиетінің көрнекті өкілдерімен бірге Салман Рушди де болыпты.
2004 жылы Швед Академиясы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын сүреңсіз, ортанқол ғана шығармалар жазып жүрген Эльфирда Элинек сынды ешкім танымайтын австриялық жазушыға беру арқылы жұрттың үстінен жай түсіргендей қылды. Сол жолы осы сыйлықтың Эльфрида Элинекке бұйырғанына наразы болған Швед академиясының құрметті академиктерінің бірі Кнут Анлунд өз еркімен отсавкаға кетіп, “бұл шешім Нобель сыйлығының құндылығына үлкен көлеңкесін түсірді” дегенді мәлімдеген. Алайда Швед академиясының хатшысы Гораций Энгдель осы орын алған келеңсіздікке орай бұқаралық ақпарат құралдарына берген түсініктемесінде: “Кнут Анлундтың бұл әрекеті Швед академиясының ісіне көлеңкесін түсіре алмайды”, - деп Нобель сыйлығының беделін жанын салып, қызғыштай қорғаған еді.
Шындығында солай ма? Расында да Швед академиясы тағайындаған Нобель сыйлығы “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” шыққан, әлемдегі ең үздік туындыларға ғана беріліп келе ме? Он жылдан астам уақыттан бері басқасын айтпағанда Батыстың азулы сыншыларының өздері Нобель сыйлығының беделінің төмендеп, оның кім-көрінгенге бұйырып жатқанын ашына жазса да, Швед академиясы түк сезбегендей, былқ етер емес. Тіпті көп жағдайда осы айтылып жатқан сындарды қаперіне де ілмейді. Жауап беруді қажет деп те санамайды. Бір қызығы Нобель сыйлығын алған Эльфрида Элинек үшін де бұл оқиға күтпеген жаңалық болыпты. Атағы дардай сыйлықты алам деген ой оның үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. Басқасын айтпағанда, батыстың білікті сыншыларының өздері жазушы Эльфрида Элинектің шығармаларында ешқандай да көркемдіктің жоқтығын, оның романдарының жүйесіз құрылған сөздердің жиынтығы екендігін талай сынаған. Осыдан соң Швед академиясындағы сарапшылардың талғамының биіктігіне қалай сенесіз, Нобель сыйлығы бойындағы дарынын сатпаған шын таланттарға беріліп жатқанына қалай иланасыз?
Бір қызығы, Эльфрида Элинектің шығармасы бойынша түсірілген “Пианист” атты көркем фильм, жұртшылықтың назарын өзіне қатты бұрған көрінеді. Әдебиеттегі білгір сыншылардың айтуынша, Нобель сыйлығы Эльфрида Элинектің пайдасына шешілгенде Швед академиясы көпшіліктің көңілінен шыққан, осы фильмге қатты назар аударған. Жазушының шығармашылық қабілеті тасада қалып, талантының деңгейі мүлде ескерілмеген.
Есіме басымнан кешкен бір оқиға түсіп отыр. Жарты жыл бұрын Абылай хан мен Абай көшесінің қиылысындағы кітап дүкеніне кіргенімде Нобель сыйлығын алған жазушы Элфрида Элинектің “Өлгендердің балалары” (“Дети мертвых”) деп аталатын романы көзіме оттай басылды. Нобель сыйлығы иегерінің шығармасы болғандықтан ба, бағасы удай қымбат екен. Екі мың теңге. Бағасына қарамастан кітапты сатып алдым. Үйге келгеннен кейін арқан жұтқандай қиналып, жазушы шығармасының он бетін әзер оқыдым. Швед академиясының арқасында аты әлемге мәшһүр болған Эльфрида Элинектің жанында, «ХХ ғасырдың халтуршигі» деп жүрген, қазақтың бір қаламгерінің өзі Құдайдай жазушы екен ғой деген ойға қалдым.
Амангелді Кеңшілікұлы, сыншы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
(жалғасы бар)
Abai.kz