Астана жылу беру маусымына толықтай дайын
Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қаланы жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуші бірқатар нысандарды аралады. Ол ЖЭО-1 және ЖЭО-2-нің қызметі мен алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді. Нысандардың күзгі-қысқы жылу беру маусымына дайындық бойынша жүргізілген қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қала әкімі сондай-ақ, «Астана АЭК» АҚ мен ТКШ жаңғырту бағдарламасына қатысушы тұрғын үйде болды деп хабарлайды Астана қаласы әкімінің аппараты баспасөз қызметі.
«Астана - ауа райы қатал қалалардың бірі. Сонымен бірге, қаланың жыл сайын өсіп келе жатқанына байланысты бұл кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру керек. ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 нысандарында жұмыс істейтін техникалық сауатты мамандардың арқасында жылыту маусымына дайынбыз. Станциялық қондырғыны қалпына келтіру жөніндегі бағдарлама толық көлемде жүзеге асырылды. Бұдан басқа, ЖЭО-3 құрылысы жүргізіліп жатыр», - деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Жылыту маусымына дайындық барысын баяндаған ЖЭО басшылары Елорда басшысына алдағы жылыту маусымына толықтай дайын екендіктерін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласы бойынша жылу беру маусымы бүгіннен, яғни 3 қазаннан басталады.
Абай-ақпарат