Сенбі, 23 Қараша 2024
Арандату 5754 0 пікір 2 Қазан, 2014 сағат 09:14

ЖЕЛІДЕ ЖЕЛІККЕННІҢ ЖАЛАСЫНАН САҚТАСЫН!

         Қоғам өміріне дендеп еніп, ықпалды күштердің біріне айналған әлеуметтік желі, Интернет порталдар мен блог парақшалардың рөлі барған сайын артып келеді. Оның жақсы жақтары көп. Менің айтайын дегенім, кейде жазықсыз жандарды шырылдатып, пәле жабатын тұстары да қылаң беріп жатыр. Оны бүкіл қоғам болып айыптап дер кезінде жөнге салып отырмасақ талай адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын түрі бар.

         Қазіргі танымал тұлғалардың аты-жөнін пайдаланып аккуант ашып алып, елді дүрліктіретіндер де бой көрсете бастады. Журналист Дина Төлекова былай дейді: «Хабарда» жүргенімде тура менің аты-жөніммен, суретіммен біреу маған агентте хат жазып отыратын. Менің атымнан түрлі адамдарға жалған хабарламалар жазып масқаралаған кезі де болды. Содан кейін өзімдікін өшіріп, амалсыз өзге бір аккаунт ашуыма тура келді».

         Иә, біз осылайша олардың алдында дәрменсіздік танытып жатырмыз. Негізі, құқық қорғау органдарын араластырып, ондай бассыздықты заңдық жолмен тиып тастасақ мәселенің ушығып кең етек жаюына тосқауыл қойған болар едік. Ал, көбіміз жоғарыдағыдай қолды бір сілтеп жылы жауып қоя саламыз. Негізі, қоғамда адамның бет-беделінен, атақ-абыройынан қымбат нәрсе жоқ. Сондықтан, ондайлардың алдында дәрменсіздік танытпауымыз керек.

         Күні кеше сондай жағдайды өзім де бастан кештім. Жазда болса керек, ұлттық порталымызда белгілі жазушы Дүкенбай Досжан туралы мақала жарияланған екен. Негізі, «Abai.kz» порталының белсенді оқырмандарының бірімін. Бірақ, ол мақала менің көзіме түспепті. Оны оқымағаным бар болсын, әлде бір арандатушы біреу тура менің аты-жөніммен сол мақаланың астына коммент жазыпты. Жазғанда да жай емес. Марқұм ағамыздың жер-жебіріне жетіп тілдеген болса керек.

         Оны көрген жазушының жары Сәуле Досжан жеңгеміз қатты ренжиді. Дәл мені олай жазады деп ойламаған. (Оқымаған соң жазбағанмын, тіпті әлі күнге дейін білмей жүрмін ғой) Бірақ, онысын күні бүгінге дейін айтпай сырттай томсырайып жүре берген. Негізі, сол сәтте маған хабарласса, мәселенің басы ашылып, ізі суымай тұрып әлгі антұрған жалақорды тауып әшкерелейтін едік қой.

         Бірақ, кеш те болса білдік. Абырой болғанда порталдың басшысы Дәурен Қуат ініміз Сәуле апайының өтінішімен ол жазбаларды баяғыда алып тастаған екен. Дегенмен, азғана уақытта болса да көп оқырманда теріс түсінік қалыптасып үлгерген шығар деп ойлаймын. Осы себептен, біраз жайдың басын ашып түсіндіре кетуді жөн көрдім.

         Жазушы ағамыз Дүкенбай Досжанды қатты сыйлайтын байырғы оқырмандарының бірімін. Ағамызбен көзі тірісінде Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының жиынында әңгімеміз жарасып, жақсы танысқан едік. Біртоға, салмақты жайлы мінезді адам көрінді. Жеңгеміз Сәуле біздің Айшамен әріптес болғандықтан олар араласып-құраласып, сырласып жүреді. Ол кісі дүниеден өткенін ести сала Сәуле жеңгеміздің қасынан табылған сыйлас жандармыз.

         Сондай-ақ, өз басым Дүкенбай ағаның ғажап еңбекқор қасиетіне тәнті едім. Бүгінгі қоғам өміріндегі түйткілдерді айшықтаған қаншама роман, повесть, әңгімелер жазып жарыққа шығарды. Шығармаларын тұщынып оқитын жандардың бірі екендігімді жоғарыда айттым. Бәрінен бұрын ол кісінің ісік-желігі жоқ байсалды мінезі маған қатты ұнайтын. Шынымен де, «терең өзен тынып ағады» дегендей ішкі жан дүниесі бай адам онысын сыртқа шығарып асып-таси бермейді ғой. Дүкенбай аға да сондай бір салиқалы бейнесімен жадымызға сақталған марқасқа ағаларымыздың бірі.

         Енді, осындай көзі тірісінде сыйласқан жанға о дүниелік болған соң мен қалайша аяқ астынан не үшін өшігіп, тиісуім керек? Шындыққа мүлдем жанаспайтын, тіпті мүмкін емес жағдай екендігі айдан анық.

         Естуімше, ондағы жазбаның ұзын-ырғасы ағамыз «Ақорда» деген романының арқасында Астанадан пәтер алды дегенге келіп саяды екен. Дүкенбай аға ғана емес, Астанадан кез-келген жазушыға шығармасы үшін үй беріліп жатса, қуанатын қазақтың бірімін.

         Ал, шындығына келгенде менің білуімше Дүкенбай аға үкіметтен үй сұрайтындай халдегі адам емес-тін. Сонау совет заманында жазған қаламақысы бар, халыққа сіңірген еңбегі бар, өзі де өте ұқыпты жан болса керек. Жағдайын ертеден жасап алған біршама ауқатты адам болатын. Хан сарайындай демесек те біршама тәуір жеке үйі мен өз ауласы бар кісі. Абыройы асқақ, ар-ұяты таза жазушы емес пе, басшылардың алдына иіліп, қол сүйіп пәтер кілтін алып жатқанын өз басым көрмеппін.

         Сонда, әлгі менің аты-жөнімді пайдаланушы «клоным» осы жағдайды білмегені ғой. Мейлі, сол «клоным» кім болса ол болсын, аруақ атудан қорықпайтын арсыз біреу шығар. Өз атынан жазып, кімді қалай тілдесе де әркімнің өз еркі ғой. Бірақ, ай даладағы менің атымды пайдаланып, сыйлас адамдардың арасына от жаққаны, жазықсыз жандарды арандатпақ болғаны жарамады.

         Сөз соңында айтарым, бәріміздің қазіргі виртуалдық әлеммен тығыз байланысымыз, қарым-қатынасымыз бар. Әрдайым желіде аты-жөнін жасырып, өзгені арандатып, араға от жағатын желіккендердің жаласынан сақ болайықшы, ағайын! 

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

ҚР мәдениет қайраткері

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5367