Сенбі, 23 Қараша 2024
Не көріп жүрсіз? 9437 0 пікір 18 Қыркүйек, 2014 сағат 10:13

МАКСИМ БОЖКО БИЗНЕСІН РЕСЕЙГЕ САТА МА?

 

Елімізде «Шаңырақ басқарушы компаниясы» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Аталған серіктестіктің құрамына «Ақмола - Феникс» акционерлік қоғамы,   «Агроинтерптица», «К.Маркс атындағы құс фабрикасы», «Capital Project Ltd», «Авангард» және   «Батя» жауапкершілігі серіктестіктері кіреді. Бұл 6 бірдей  ірі шаруашылықтың басын қосып отырған алып серіктестіктің иесі - Максим Владимирович Божко. Ия, ия, дәл сол Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-лейтенанты , экс Төтенше жағдайлар министрі, қазіргі Ішкі істер вице-министрі Владимир Карпович Божконың 33 жастағы баласы Максим.

 

Шарфтың мұрасы Божконың қолына қалай өтті?

 

Әңгімені әріден бастасақ, біраз жыл Есіл ауыл шаруашылық басқармасын басқарған Иван Шарф деген азамат болған. Ол бір кездері «Акмолинский» (қазіргі Ақмол) совхозын басқарып, 1975-жылдан бастап Целиноград құс өсіру жөніндегі өндірістік бірлестікті (Целиноградский производственное объединения по птицеводству) бас директоры болды. Кеңес үкіметі құлап, Қазақстан дербес мемлекет болған соң ол бірлестік 1996-жылы  «Ақмола - Феникс» акционерлік қоғамына айналды. Нақты құжаттағы ақпаратқа жүгінсек, 1999-жылы   «Ақмола - Феникс» акционерлік қоғамының акционерлері 93 адам болған, оның ішінде Иван Шарф 34.2 %, одан кейінгі үлкен үлеске Валентина Белоусова 8.2% акцияға ие болған.

Білетіндер, Иван Шарф  «Ақмола - Феникс» акционерлік қоғамын Целиноград ауданындағы ең ірі өндіріс орнына айналдырғанын айтады. Алайда 2008-жылы Иван Шарф өмірден озады да, оның акционерлік қоғамдағы үлесі  Раиса Ивановна Шарфтың қолына өтеді. 2011-жылдың 31- желтоқсанындағы құжатқа көз жүгіртсек, 10%дан артық акциясы бар екі адам ғана көрсетілген. Оның бірі Шарф Раиса Ивановна 39,9408 жәй акцияға,  19,8394 айрықша (привилегированный) акцияға, Белоусов Евгений Геннадьевич 17,2701 жәй, 9,465 айрықша (привилегированный) акцияға ие екені көрсетілген.

Алайда 2012-жылдың 31- желтоқсанындағы «Ақмола - Феникс»  акционерлік қоғамның акционерлерінің жалпы жиналысының хаттамасында «Шаңырақ» сауда үйі» ЖШС 16,59 жәй акцияға,  «Батя» ЖШС 27,33 жәй акцияға, жеке кәсіпкер Божко Марина Владимировна 25,67 жәй акцияға ие екені көрсетілген. «Шаңырақ» сауда үйі» ЖШС және «Батя» ЖШС құрылтайшылары ағайынды Максим мен Елена Божкоға қарайды дейді білетіндер.  

Қанша талаптансақ та  «Ақмола - Феникс»  акционерлік қоғамына Божколардың қандай жолмен немесе қанша ақшаға сатып алғаны туралы ақпарат таба алмадық, 42 жылдық тарихы бар, 530 адам жұмыс істейтін, құрамына 290 000 бас тауығы бар, күніне 180 000 жұмыртқа шығаратын, 49 өндірістік корпустары бар «Целиноградская», 23 өндірістік корпусы бар, 37 гектар жері бар «Акмолинская», 32 өндірістік корпусы бар, асыл тұқымды құс өсіретін «Племптицерепродуктор», 29 өндірістік корпусы бар «Малиновская» құс фабрикалары бар «Ақмола – Феникстің» сатып алған адамға арзан түспегені белгілі. Бұл иен байлықты ағайынды Божколардың нақты қанша қаржыға сатып алғанын және ол қаржының қайдан келгенін тиісті орындар анықтай жатар.

 

«Агроинтерптицаны» Кулагин құрды, Божко алды, ал мемлекет

қаржысы қайтарылды ма?

 

2005-жылы 25 сәуірде сол кездегі Премьер-Министр Даниал Ахметов  Қостанай облысына іссапарға барады. Сол жерде Қостанай облысының сол кездегі әкімі Сергей Кулагин Қостанай облысы жыл сайын  4,4 млн. АҚШ долларына шет елден құс етін сатып алып жатқанын айтып, бұл мәселені шешу үшін Арқалық құс фабрикасын қалпына келтіруге рұқсат сұрайды. http://panoramakz.com/archiv/2005/17.htm. Содан көп ұзамай мемлекет және жеке инвесторлардың қатысуымен 500 млн. теңге қаржы жұмсалып Арқалық құс фабрикасының орнына «Агроинтерптица» ЖШС құрылады  http://kazpravda.softdeco.net/c/1309304953. С. Кулагин мырза одан кейін де бұл серіктестікті қолдауын тоқтатқан емес. ҚР Үкіметінің 2010-жылғы  14-сәуіріндегі №303 қаулысымен бекітілген «Қазақстанның индустриализация жөніндегі 2010-2014-жылдарға арналған картасында»  Қостанай облысы бойынша  18,3 млрд. теңгеге 12 жобаны қаржыландыру көзделген. http://www.parasat.com.kz/index.php?id=news_single&tx_ttnews%5Btt_news%5D=39&cHash=06167ed1b0babb9da0c14a715ab927ac  Кейбір ақпатар көздеріне қарағанда бұл қаржының 2,2 млрд. теңгесі  «Агроинтерптица» ЖШСне құс фабрикасын қалпына келтіруге жұмсалған.

Жалпы аталған құс фабрикасының жандануына Сергей Кулагиннің ғана емес,  «Агроинтерптица» ЖШС директоры Виктор Пацтың қосқан үлесі зор. Ол қазір Германияның азаматы болғанымен Арқалыққа жиі келіп тұрады. Ал осы қыруар мемлекет қаржысына қалпына келтіріліп, үлкен өндіріс орнына айналған  «Агроинтерптицаның» Максим Божкоға қалай өткені тағы белгісіз. Қазір құс фабрикасының 32 өндірістік корпусы бар.

 

Лоренц ашқан фабрикаға Божконың қандай қатысы бар?

 

«К.Маркс атындағы құс фабрикасын» қалпына келтіру жөніндегі жоба 2008 жылы бекітілген болатын. Жобаның құны 1 500 миллион теңге деп те белгіленген.  Алайда, бұл фабриканың қалпына келуі мен жандануына қазіргі Германия азаматы, бұрынғы қазақстандық   Александр Лоренц пен директор Елена Менбергтің сіңірген еңбегі көп. Александр Лоренц фабриканың иесі болса, Елена Менберг соңғы 5 жылда осы ірі өндірісті тікелей басқарып отырған адам.

Бұл өндіріс де «К.Маркс атындағы құс фабрикасын» қалпына келтіру жобасы бойынша индустриалды-инновациялық картаға кіріп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан» да қаруыр қаржы алғаны белгілі.  

Ал фабриканың иесі Александр Лоренц Максим Божкоға қандай да бір үлесін сатты ма, жоқ басқаша келісім бар ма, әйтеуір бүгінде «К.Маркс атындағы құс фабрикасы» ЖШС Максим Божко басқаратын «Шаңырақ» басқару компаниясының құрамына кіреді. «Шаңырақтың» http://shanyrak-group.kz сайтында «Директором компании ТОО «Управляющая компания Шанырак» является Божко Максим Владимирович, под руководством которого происходит управление всеми бизнес-процессами группы» деп тұрған соң құс фабрикасы да Максим Владимировичтің уысында шығар деп топшыладық.  Бұл да 11 үлкен өндірістік корпусы бар, жылына 130 млн. дана жұмыртқа өндіруге мүмкіндігі бар фабрика екенін ескере кеткен жөн.

 

«Жезқазған-Құс» неге банкрот болды?

 

Ұжымында 230 адам жұмыс істеп жатқан  «Жезқазған-Құс» ЖШС аяқ астынан банкрот болды.  Дәл сол кезде 2011-жылы «Capital Project Ltd» ЖШС директоры Максим Божко Қарағанды облыстық экономиканы үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Жезқазған қаласында өндірістік қуаты жылына 9,4 мың тонна құс етін өндіруге бағытталған «Бройлерлік құс фабрикасын құру» туралы су жаңа инвестициялық жоба ұсынады. Жобаның құны аз да емес, көп те емес, 2,9 млрд. теңге.  

Банкрот болған «Жезқазған-Құстың» фермасы, жабдықтары, техникасы Максим Владимировичке қанша ақшаға түскені белгісіз. Әйтеуір қазір «Capital Project Ltd» ЖШС «Казагроқаржы» компаниясының көмегімен біраз шаруа жасап жатыр дейді білетіндер.  Ал банкрот болған «Жезқазған-Құстың» бұрынғы иесі Александр Гудовщиков қазір Максим Божкоға қызмет етеді.

Бұдан басқа Максим Божконың  10 260 гектар егіндік жері, 4456 кв.м. түрлі цехтары, қоймалары, 10 000 тонна астық сақтайтын элеваторы бар «Авангард» және   «Батя» сияқты серіктестіктері бар. Ол өзінің бизнес серіктесі Александр Лоренцпен бірге бизнесін одан әрі дамытуға күш салып жатыр екен https://www.youtube.com/watch?v=3NsgymrOIJs.

 

Максим Божко бизнесін Ресейге сата ма?

 

Әрине, біз Максим Божконың Қазақстанда өз бизнесін дамытқанына еш қарсы емеспіз, тіпті қуанамыз да. Отандық өндірісті дамытып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жатқан ондай іскер азаматтар тек  құрметтеуге лайық.

Десек те Максим Божко тағы бірнеше құс фабрикаларын өзіне алып, он шақты фабриканы үлкен Корпорацияға айналдырмақшы. Сосын оны Ресейге сатады-мыс деген әңгіме Астананың аспанын кезіп жүр.

Әрине Максим Владимировичтің басына кіріп шыққан ешкім жоқ. Оның дәл сондай жоспары бар ма, жоқ па оны ешкім біле алмас. Десек те, Виктор Храпуновтың, Владимир Школьниктің арқасында Қазақстанның қыруар байлығы шет елдіктердің иелігіне өтіп, олардың балалары шет елдерде миллионер болып шыға келгенін ескерсек ондай болуы мүмкін емес деп те айта алмаймыз. 

Максим Божконың бизнестегі жетістіктеріне іштей қызығып, мен де бір 2-3 млрд. теңгенің жобасын жасасам үдемелі  индустриалды-инновациялық дамытудың «әкесі» Әсет Есекешев маған да берер ма екен деп қоямын. Әлде миллиардтар алу үшін менің де әкем Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-лейтенанты немесе Төтенше жағдайлар министрі болуы керек па екен? Қалай ойлайсыздар?  

 

Мақсат Ілиясұлы, заңгер, Қазақ Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401