ОҚО: МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖАЙЫ ЗАМАНҒА САЙ
Ынтымақ Әдiлханұлы МӘДИЕВ – Шымкент қалалық бiлiм бөлiмiнiң басшысы. 1973 жылы туған. 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттiк Ұлттық университетiн тарихшы, тарих пәнiнiң оқытушысы мамандығы бойынша, ал, 2007 жылы «Болашақ» университетiн заңгер мамандығы бойынша бiтiрген.
Еңбек жолын Алматы қаласында «Интертич-Кезнар» ЖК-да менеджер болып бастап, 1997-2005 жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында жұмысшы, тарих пәнiнiң мұғалiмi, директордың оқу-тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары қызметiн атқарған. Ал, 2006-2008 жылдары ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң Қызылорда облысы бойынша басқармасының мемлекеттiк қызметтi кадрлық қамтамасыз ету бөлiмiнiң консультанты, 2008-2012 жылдары ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң ОҚО бойынша басқармасы-Тәртiптiк кеңес хатшылығының меңгерушiсi, Тәртiптiк кеңес хатшылығының меңгерушiсi – департамент басшысының орынбасары қызметiн атқарды.
– Ынтымақ Әдiлханұлы, Шымкенттi ауызға алғанда үшiншi қала мәртебесiн қосақтап айтатын болдық. Олай болса, халқының саны миллионға жуықтаған қаланың бiлiм саласы да сол үшiншi қала мәртебесiне сай болуы заңдылық. Бұл орайда атқарылып жатқан, атқарылмақ үшiн қолға алынған жаңа жобалардың жайын айтсаңыз?
– Дұрыс айтасыз. Мегаполис деп аталатындықтан бiлiмнiң сапасы да, мектептерiмiздiң жабдықталуы да үшiншi қала мәртебесiне сай болуы керек. Өздерiңiз бiлесiздер, облысымызға жаңадан тағайындала салысымен облыс әкiмi Бейбiт Бәкiрұлы мен Шымкент қаласының әкiмi Ғабидолла Рахметоллаұлы алғашқы танысу шарасын бiлiм саласынан, мектептен бастады. Соның барысында бiрқатар мiндеттер мен тапсырмалар жүктедi. Ең алдымен мектепке апарар жол бойында жүргiншi (тротуар) жолдың мiндеттi түрде болуын, мектеп ауласының көрiктендiрiлуiн, қажет болған жағдайда көгалдандыру iсiне негiз болатын су мәселесiн шешiп берудi де күн тәртiбiне шығарып отырмыз. Сонымен бiрге миллионер қала мектептерiнiң сыртқы фасадының бәрi бiркелкi болуын тапсырды. Осы талаптар мен тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында қазiр бiрқатар жоспар-жобалар түзiлiп, тапсырмаларды орындауда алғашқы қадамдар жасап жатқан жайымыз бар.
Шымкентте қазiр 126 жалпы бiлiм беретiн мектеп бар. Биылғы жаңа оқу жылында 7 жаңа мектеп ашылды. Мысалы, қала әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымов Көкбұлақ елдi мекенiндегi жаңа мектептi өзi арнайы барып тұсауын кестi. Сондай-ақ, жаңадан ашылған Сайрам тұрғын үй алабындағы 1200 орынға арналған мектепке деген зәрулiк бiраз жылдан берi көтерiлiп жүрген мәселе едi. Бiртiндеп үш ауысымды мектептер саны да азайып келедi.
– Сонда үш ауысымды мектептiң қаншасы қалды?
– Жалпы үш ауысымды мектептер саны 9 болатын. Биыл екi мектеп салынды. Төрт мектептiң мәселесi келесi жылы толық шешiледi деп күтiлуде. Үш ауысымды мектептер мен апатты мектептер мәселесi 2017 жылы толық шешiледi деп жоспарлап отырмыз. Апатты мектеп төртеу едi. Қазiр үш мектептiң мәселесi толық шешiлiп, келесi жылға бiр-ақ мектеп қалды.
Мына бiр дәйекке назар аударыңызшы, биыл мектеп табалдырығын аттап, 1-сынып есiгiн ашқан шәкiрт саны былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 мың балаға артық. Бұл бiр мектептiң оқушысы болатындай көрсеткiш. Осыған қарап-ақ облыс орталығындағы демография мәселесiнiң жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын аңғару қиын емес. Олай болса, бiлiм беру мекемелерiнiң санын да арттыру қажеттiлiгi өз-өзiнен туып отырғаны заңдылық.
– Баланың көбейгенi жақсы әрине. Жыл сайын жаңадан мектептер мен бала-бақшалардың да бой көтерiп жатқанының куәсi болудамыз. Дегенмен, саны артқанымен мектептердегi бiлiм беру сапасының да жақсарғаны ең басты мәселе. Бұл орайдағы жоспарларыңыз қалай?
– Өздерiңiз бiлесiздер, мектепте бiлiмнiң негiзi бастауышта қаланады. Олай болса, бастауыш сынып мұғалiмдерiне талапты күшейтiп отырмыз. Ең алдымен бастауышта сабақ бергiсi келетiн жас маманның дипломындағы бағаларына басты мән беремiз. Баланың әлiппеден басталатын бiлiмге деген құштарлығын ұстазы бастауышта оята алса, жоғары сыныптарда ол оқушының көрсеткiштерi жаман болмасы анық.
Шымкент қаласының әкiмi Ғ.Әбдiрахымов тамыз конференциясында атап өткендей, мектеп мұғалiмдерiне «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдiң озық оқу ордаларында бiлiмiн жетiлдiру мәселесiн жолға қоюдамыз. Бұл дегенiңiз бiлiм сапасын арттыруға қаланатын негiз болары сөзсiз.
– Дегенмен, ҰБТ нәтижесiне қарай мұғалiмдердiң жұмысын бағалау мәселесiн де көтерген өздерiңiз болатынсыз. Нәтижесi қалай болып жатқанын бiлуге бола ма?
– Жалпы ҰБТ-ның нәтижесi былтырғы көрсеткiшпен салыстырғанда биыл Шымкент қаласы бойынша 1,7 балға жоғары болды. Былтыр «Алтын белгiнi» үмiткерлердiң 46,9 пайызы ақтаған болса, биыл 51,9 пайызы сенiмнен шықты. Бұл бұған дейiнгi жылдардың көрсеткiштерiмен салыстырмалы түрде алғанда көштiң түзелгенiн, ұстаздардың жауапкершiлiгiнiң артқанын байқатады.
Алайда, оқушылары төмен нәтиже көрсеткен мұғалiмдер жазасыз қалмайды. Ондай мамандарға қатаң сөгiс берiлiп, тiптi, өзiм басқарып отырған бiлiм бөлiмiндегi бiлiм сапасына жауапты азаматтарға да тәртiптiк шара қолданылды.
Елбасымыз айтқандай, «Мәңгiлiк ел» атануды мақсат тұтып отырған мемлекетiмiз озық 30 елдiң қатарына енуi үшiн бүгiнгi жас ұрпақтың ағылшын тiлiн жетiк бiлмегi керектiгiн де қала әкiмi Ғ.Әбдiрахымов тамыз конференциясында тапсырған болатын. Бұған дейiн аптасына 1 сағат оқытылып келген ағылшын тiлi пәнiне қосымша үйiрме сабағын ұйымдастырып отырмыз. Барлық мектепте ағылшын тiлiнен үйiрме жұмыс iстейтiн болады.
– Оқытудың жаңа әдiстемелерi жыл өткен сайын күрделенiп, жаңа технологияларды енгiзу талап етiлiп отрғандығынан хабардармыз. Әр мектепте интерактивтi тақтаның мiндеттi түрде болуы заман талабына айналған. Десек те, оқулық мәселесiне қатысты ата-аналар арасында түсiнбеушiлiктер туындап қалуда. Бұған не айтар едiңiз? Жалпы өзiңiз әлеуметтiк желi мен интернеттi пайдаланасыз ба? Онда айтылып жатқан ақпараттардан қаншалықты хабардарсыз?
– Ақпарттық сайттар мен әлеуметтiк желiдегi Шымкент қаласының бiлiм саласына қатысты жаңалықтардан хабардармын. Ұдайы ашып көрiп, оқып тұрамын десем де болады. Дегенмен, осы орайда мына бiр жәйттi түсiндiре кеткiм келедi. ҚР Бiлiм және ғылым министрiнiң №515 бұйрығына сәйкес Шымкент қаласы мектептерiнде оқулықпен қамту мәселесi 100 пайыз шешiлген. Оқулықпен қамту мәселесiнде арнайы түзiлген кесте бар. Мысалы, былтыр мына сыныптарға мынадай пәндер бойынша оқулық алған болсақ, биыл мына сынаптарды, мынадай пәндердiң оқулығы бойынша қамтамасыз етемiз деп бекiтiлген жоспар жасалған. Сол жоспарға сай, биыл Шымкент қаласының мектептерiнде 4,5,6,11-сыныптар оқулықпен 100 пайыз қамтамасыз етiлдi. Ал, 3-сынып үшiн ағылшын тiлi, 7-сынып үшiн информатика пәнi оқулықтары алынды. Бұл сыныптарға да аталмыш оқулықтар кестеге сәйкес тегiс таратылды.
Ал, жаңа мектептер пайдалануға берiлген шақта-ақ интерактивтi тақталар қойылды. Ескi мектептердi бiртiндеп қамту мәселесi жүйелi түрде жүзеге асуда.
Сонымен бiрге өзiңiз бiлесiз, қазiр мектептерде Е-лернинг электронды журналы қолданылады. Бұл баланың үлгерiмiн ата-ана интернет арқылы бақылап отыруы үшiн, баласының бағасын көрiп отыруы үшiн өте тиiмдi. Мұның да өзiндiк жақсы нәтижелерге бастайтын тиiмдi тұстары жетiп артылады. Жалпы алғанда электронды журнал барлық мектепте болуы тиiс. Бiртiндеп мұны да қалада 100 пайыздық нәтижеге жеткiзетiн боламыз.
– Мақсаттарыңыз орындала бергей! Сұхбатыңыз үшiн рахмет.
Сұхбаттасқан – Жәмила Жайлаубекқызы
Abai.kz