Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Мәйекті 16765 0 пікір 31 Тамыз, 2015 сағат 17:20

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ТУРАЛЫ ОЙ

Бізде Кеңес дәуірінен қалыптасқан үлгі бойынша, білім маусымы 1 қыркүйектен басталып, 25 мамырда аяқталады. Одан кейін оқушылар 3 айлық жазғы демалысқа шығады. Бұған қоса оқу мерзімнің арасында жалпы көлемі 3-4 аптаға жететін тоқсан аралық (күзгі, қысқы, көктемгі) демалыстар бар. Сонда біздің оқушылар үшін жыл он екі айдың 4 айы, яғни 3/1 демалыс күндері болып келеді екен.

Қазіргі жүйедегі үрдістің таза оқу апталығы – 34 апта немесе алтыкүндік оқу кестесі бойынша, 204 (34*6) күн. Бұған мерекелік демалыс күндерін қосыңыз. Оның ұзын саны, оқушылардың қысқы демалысымен тұспа-тұс келетін Жаңа жыл мен Рождество мерекесін және көктемгі демалысқа дәл келетін Наурыз мейрамын қоспағанда, 8 күн. Олай болатын болса, 204 күннен 8 күнді тағы шегеріп, 196 күн деп санауға тура келеді. Бұл да шегерудің соңы емес. Егер мереке күні демалыс күніне тура келсе, мерекелік күндер туралы заң бойынша, тағы бір күн қосылады. Сонымен, орта есеппен, біздің оқушылар 32,6 апта оқиды.

Білім саласы сарапшыларының пікірінше, дамушы елдердің нөпірінде кеңестік жүйеден шыққан елдердің білім жүйесінде оқушылардың демалыс күндерінің мерзімі көп. Екінші сөзбен айтқанда, біздің оқушыларымыз дамыған елдердің оқушы балаларына қарағанда аз оқиды, керісінше, көп демалады. Осы жерден сұрақ туындайды: бәлкім, біздің дамушы елдер қатарынан дамыған елдің тобына қосыла алмай жүрген себебіміздің де бір ұшығы осында жатқан шығар? Мүмкін біздер бәсекеге қабілеттілікті балалық шақтан дайындайтын мерзімді демалыс күндерімен шегеріп, шектеп жүрген жоқпыз ба?

Ендігі кезекте осы төңіректе ой тамызығын тұтатайық. Алдымен, оқу маусымының не себептен күзде басталатынына назар аударайық.

Білім маусымын күз айы кіргеннен бастау кеңестік дәуірдің 30-жылдарынан орныға бастаған екен. Оқушы балалардың жаз айында ұзақ демалатын себебінің сырын патшалық Ресейдің аграрлық ел ретінде қалыптасқан экономикалық жағдайынан іздеу қажет. Патшалық Ресей тұсында жаз айларында оқушылар мектеп қабырғасына тартылмаған. Өйткені сол кездегі тұрмыстың ауырлығына байланысты жас балалар күн көрістің қамымен егін немесе мал өсірумен айналысатын ата-аналарына көмектесетін. Басқаша айтсақ, мектеп жасындағы бала жаз айларында егін немесе мал шаруашылығымен тікелей айналысып немесе оны қосымша күнкөріс ретінде тұтынып жүрген ата-анасына (бүгінгі күннің сөзімен айтсақ, өзін-өзі қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға) егін салу, оны жинау, шөп шабу, мал бағу сынды жұмыстарына қолғабыс етіп, өз жәрдемін тигізетін болған. Бұл сол тұстағы мешеу қалған экономиканың болмысынан туындаған қажеттілік, тұрмыс тауқыметі болды.

Кеңестік дәуір тұсында ауылдық жерлерде осы дәстүр сол күйінде қалып, тек қаланың балалары жаз айларында пионерлік лагерлерге жіберілетін болды. Міне, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан да сол қалыптасқан үлгі негізінде келе жатыр. Бұл үлгіден бас тартып, бұрынғы кеңес жүйесінің «шапанынан» шығып жатқан елдер де бар. Олар - Балтық жағалауы елдері мен Грузия мемлекеті.

Қысқасы, біздерге кеңес кезеңінен қалған үлгі тиімді ма, әлде тиімсіз бе?

Бірінші, стратегиялық тұрғыдан сараптайық. Жұмыр жер бетіндегі жұртпен білім-ғылым, өнер, дәулет жолындағы тартыс бәсекесіне араласып, ДСҰ-ға кірген, ұзақ жылдарға бағытталған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 30 озық елдің қатарында болуды мақсат еткен біздерге әрідегі патшалық Ресей мен бергі кеңес дәуірі тұсындағы ескі дәстүрді ары қарай жалғастыру экономикалық және оқу үрдісін ұйымдастыру тұрғысынан  тиімсіз. Индустриалды-инновациялық экономиканы тереңдетіп дамытуға бет бұрған бүгінгі Қазақстан үшін аграрлық экономика тұсында қалыптасқан дәстүрден, кеңестік жүйедегі бірізділік қасаңдылықтан арылу керек.

Дамыған мемлекеттердің (АҚШ, Батыс Еуропа, Шығыс Азия) тәжірибесі көрсетіп отырғандай, білім жүйесі экономикалық дамудың негізгі діңгегіне бағытталмаған ел дамудың алғы шебінде бола алмайды. Олардың экономикасы не нәрсеге сүйенеді? Әрине, бұл орайда алдымен ауызға ілінер сөз - инновация мен технология. Озық елдер өз экономикасын жаңашыл инновация мен тиімді технологиялар арқылы дамытып отыр. Ал ол ұғымдар өз кезегінде білім мен ғылымға сүйенеді.

«Баланы жастан» дегендей, дамыған елдерде оқушылардың білімін ұзақ демалыссыз, аз-аздан болса да үздіксіз дамытып отыру көзделген. Бұл тұста, қазақтың «Оқу - инемен құдық қазғандай» деген мақалы тіл ұшына оралады. «Инемен құдық қазу» - білім алу жолында үздіксіз іздену. Білім беру саласының ұстаздары жақсы біледі: білім аз-маздап үздіксіз, жүйелеп және кідіріссіз (ұзақ мерзімге ұласатын демалыссыз) үйренсе, бойға сіңімді, ойда ұзақ сақталады. Сан жылғы тәжірибе көрсетіп жүргендей, бірнеше айға созылған жазғы демалыстан келген оқушы білім теңізіне қайта малтығу  және оқу ырғағына, тәртібіне қайта көндігуі үшін кемінде екі апта уақыт кетеді. Мұны барлығымыз білеміз, бірақ оған көзжұма қарап, немқұрайылық танытып жүрміз.

Екіншіден, жаңа оқу жылын бастау мерзімін Қазақстанның ішкі мәселесі тұрғысынан қарастырайық. Жаз айында ата-анасына көмектесіп жүрген бірен-саран оқушылар ауылдан табылмаса, бүгінгі таңда қалада ондай оқушыны шам алып іздесең де, таба алмайсың. Оған басты себеп – технологияның қарыштап дамуынан әлемнің экономикалық болмысы мүлдем өзгеріп, әртүрлі салаларда тың инновациялар жүзеге асып жатқан бүгінгі бөлек келбет. Бұрын аграрлық экономикасы басым болған Қазақстан индустриалдық кезеңге түбегейлі бет бұрып, тұрғындардың қалаларға жиналуы, яғни урбанизация үрдісі қарқын алып тұр. Аталмыш үрдіс біздің алдағы дамуымыздың бағыт-бағдарын, соның ішінде оқу жүйесін басқаша бағамдау керектігін талап етеді.

Қазіргі таңда ата-аналар оқушы балаларының оқу жүктемесінің көптігіне және бір аптадағы алтыкүндік оқу мерзіміне шағым жасайды. Шынымен де, солай. Оны шешудің жолы қалай? Шешудің жолы – жазғы демалыс мерзімін қысқарта отырып, оқу мерзімін ұзарту, оқу апталығын бескүндікке көшіру. Мұны қалай жүзеге асыруға болады?

Көздеген мақсатқа жетудің төте жолы - оқу маусымын қыркүйектен бастамай, бір ай бұрын тамыздан бастау. Ұзарған оқу мерзімі арасындағы қыс айларындағы тоқсандық демалысты ұлғайту. Осылайша, ауа-райы қолайлы, мамыражай жаз бен қоңыр күз айларында екі тоқсанды игеріп алып (жарты жыл), оқушыларды жаңа жылдың алдында кемінде үш апта болатын қысқы демалысқа шығару. Сол арқылы жаңа жыл алдында болатын қарбаласты демалыс шеңберіне кіргізуге болады. Бұл – бір.

Екіншіден, Қазақстанның солтүстігінде қыс айларында күннің суықтығынан мектеп оқушылары апталап сабақтан қалып қоятын кездері жиі болып тұрады. Қалып қойған сабақтарды қуып жетеміз деп ұстаздар оқушыларға тапсырманы үйіп-төгеді. Ақырында, шамадан тыс берілген тапсырмалар жарым-жартылай орындалып, оқушының білім қоржыны толмайды. Оның соңы екі жаққа да – ұстазға да, оқушыға да тиімсіз. Бір-бірін алдау болып шығады. Қысқы ұзақ демалысты аяз қысып, боран соғатын желтоқсанның соңы мен қаңтар айына орайластырып, аталмыш қолайсыздықтың әсерін азайтуға әбден болады.

Жаңа оқу маусымын тамыз айынан бастау арқылы ұстаздардың алтыкүндік жұмыс күнін бескүндікке ауыстыруға болады. Аптасына екі күн тыныққан мұғалім, өзге мамандық иелеріндей, жаз айларында 30 күндік заңды демалысқа ие болады. Бескүндік жұмыс күні мұғалімдерге өз білімін жетілдіруге, шығармашылықпен айналысуға кең мүмкіндік беріп, әрі денсаулығын сақтауға септігін тигізсе, оқушыларға түрлі үйірмелерге еркін қатысуға жағдай тудырады. Болмаса, бескүндік пен алтыкүндікті өзара араластыруға болады. Мысалы, күн жылы, жарығы ұзақ бірінші (тамыз, қыркүйек, қазан айларында) мен төртінші (сәуір, мамыр айларында) тоқсанда алтыкүндік кестемен, ал жарық көзі қысқа екінші (қазан, қараша, желтоқсан) мен үшінші (қаңтар, ақпан, наурыз) тоқсанда бескүндік оқу аптасын белгілеуге болады. Бұл тұста мұғалімдердің демалысы 40 күн шеңберінде болып, оны олар жағдайдың барысына қарай екі бөліп (қыс-жаз) алуына да  болады.

Қысқы мезгілінде бескүндік оқу кестесіне көшу және оқушыларға күннің көзі қырауда ұзақ демалыс беру - экономикалық тұрғыдан да тиімді. Әлемде экономикалық дағдарыс тереңдеп, оның салдары елімізге қатты әсер етіп жатқан кезеңде біздер Қазақстанның географиялық орналасуын, ауа-райының ерекшелігін оңтайлы пайдалана білуіміз қажет-ақ. Ең алдымен қыс мезгілінде жылдан-жылға қымбаттап бара жатқан жылу мен электр жарығын үнемдеуге мүмкіндік туып, оқушыларға қысқы демалысты Қазақстанның оңтүстігіндегі жылы аймақта ұйымдастыру арқылы (қысқы лагерьлер), ішкі туризмді күшейтуге жол ашылады. Әсіресе, оңтүстіктің таулы аймағындағы шаңғы спорты дамыған куротты аймақты (Алматы, Шымкент) ерекше өркендетуге болады. Сонымен қатар ұстаздардың біліктілігін көтеретін курстарын да қысқы демалыс кезінде жүзеге асыруға болады. Қазақтың қарапайым мәтелімен айтсақ, құда да - тыныш, құдағи да -  тыныш. Сабақ үрдісіне де кедергі, мұғалімнің алаңдауына  да негіз жоқ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қазақстанға жаңа оқу маусымын 1 тамыздан бастап, 31 мамырдан аяқтау пайдалы. Бір жылда (365/7) 52 апта барын ескеріп, оны оқу маусымы мен демалыс апталарына бөлсек, мынадай сипат көрініс алады:

І тоқсан – 10 апта оқу, 1 апта күзгі демалыс;

ІІ тоқсан – 10 апта оқу, кемінде 3 апта қысқы демалыс;

ІІІ тоқсан - 9 апта оқу, 1 апта көктемгі демалыс;

ІҮ тоқсан - 9 апта оқу, 9 апта жазғы демалыс.

Барлығы – 38 оқу, 14 демалыс аптасы.

Аталмыш 38 оқу аптасының қақ жартысын алтыкүндік (І, ІҮ тоқсандар), екінші жартысын (ІІ, ІІІ тоқсандар) бескүндік кестемен оқығанда, біздің оқушылар 209 күн (19*6+19*5=209) оқитын болады. Қазіргі 34 апталық жүйедегі 204 күннен бар болғаны 5 күнге артық, бірақ оның есесіне қыс күндерінің ауа-райына байланысты сабақ оқылмайтын күндер азаяды, жарты жыл бес күн оқығандықтан оқу жүктемесі мұғалімге де, оқушыға да жеңілденеді, біліктілікті көтеруге, шығармашылықпен, спортпен, ғылыми ізденістермен шұғылдануға қолайлы жағдай туындайды, бір сыныптан екінші сыныпқа көшкен кезеңдегі өтпелі уақыттың (өткенді еске түсіру, қайталау және жас организмді қайтадан оқу ырғағына, тәртіпке көндіру) мерзімі қысқарады, ал мектеп жылу мен жарықты үнемдейді, еліміз қысқы туризмді дамытуға мүмкіндік алады.

Тоқсандық мерзімдердің бірыңғайлығы (стандарттылығы) оқу бағдарламаларын жоспарлауға, оны сабақ кестесіне қоюға да ыңғайлы. Оқу апталарын ұзарта отырып Елбасының бастамасымен жасалған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген көптілділікке қатысты қадамды, яғни ағылшын тілі пәнінің сағатын ұлғайтуға және ағылышын тілінде жүретін пәнінің санын арттыруға зор мүмкіндіктер ашылады. Бұл орайда, біздер еліміздің алдағы белестерде 12 жылдық оқу мерзіміне көшетінін де ескеріп отырмыз. Айта берсек, әлі де айтылатын ойлар қатары мол. Алғашқы ойтамызықты осымен доғарғымыз келеді. Айтылған пікірлер үкіметке де, ұстаздар қауымына да алдағы уақытта ақылдасып, келісіп пішілер ойларға азық, айтыс-тартысқа безбен болар деп сенеміз... Ал, әзірше, Білім күні құтты болсын, қадірлі ағайын!

Алмасбек Әбсадықов,

 филология ғылымдарының докторы.

Қостанай қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963