Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 48124 1 пікір 18 Тамыз, 2015 сағат 15:55

ЖЫЛ ҚАЙЫРУ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

         Қазақта жыл қайыру, яғни санау 12 жылдан тұрады, яғни 12 жыл бір айналым (цикл). Он екі жылға он екі аңның аттары қойылған:  1.Тышқан,  2.сиыр,  3.барыс,  4.қоян,  5.ұлу,  6.жылан, 7.жылқы, 8.қой, 9.мешін, 10.тауық,  11.ит,  12.доңыз. Күні бүгінде жыл қайыру неге 12 жылдан тұрады, неге оларға аңдардың аттары қойылған деген сұрақтың, қазақ тарихын білуге құштар жандарды ойландырып келе жатқаны сөзсіз. Жалпы бұл жайлы әр түрлі аңыз, әңгімелерде жетерлік. Солардың бірі:

         Сонау ерте замандарда Жаңа жыл, жылдың  алғашқы сәтінде көрініп келеді екен. Жылдың басы тышқан аталатын себебі, тышқан түйенің құлағына мініп, жылды ең бірінші болып көріпті. Ал,  аңдардың ішіндегі ең бойы ұзыны түйе, бойына сеніп жылдан құр қалып, қалғандары жақындап келе жатқан жылды көру ретімен жыл аттарын иемденіпті  делінеді. 

         Тағы бір аңызда «Шығыс күнтізбесіндегі жыл қайыру аспан асты Түрік елінің ең бірінші ханы Қисаға-Тәңірдің кең көлемдегі аң аулау кезінде барлық аңдар қашып, судан жүзіп өтіп құтылуды ойлапты. Содан Іле өзенінен төмендегі тәртіппен жүзіп өтіпті.  Бірінші болып суға тышқан, оның артынан сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, ең соңынан доңыз жүзіп өтіпті. Осы рет саны шығыс күнтізбесінде күні бүгінге дейін сақталып қалған» (Евгений Березиков «Великий Тимур» Ташкент. 1994 ж.  331 б.).    

          Ең алғашқы адамдар ең бірінші болып әлемдік құбылыстарды емес, бірін-бірі таныды. Біріне-бірі ат қойды, саналары жеткен кезде ата-аналары балаларын санады. Қазақ елі бүкіл әлем елдерінің түп атасы, әлем мәдениетінің астанасы, қарашаңырағының иесі, ең бірінші сөз болған және олардың тарихты бір ауыз сөзбен ең бірінші шығу тегін (бастауын), одан ары  рет-ретімен жалғастыра жазатын  қағидасына сүйене отырып, жыл қайырудағы аң аттарының қойылу себебін саралап төмендегідей қорытынды жасаймыз:

       -  Он екі саны қазақта киелі саналады. Қазақтың қарашаңырағы да (кенжесі) 12 атадан құралады. Олар он екі ата Байұлы деп аталады.

        Қазақта 12 атаға бөлінетіндер тек қана Алшын Байұлдары  емес, қазақтың өзге де көптеген рулары 12 атаны құрайды. Мысалы:

        «Жағалбайлы 12 руға бөлінеді. Олар: Ормантай, Қараша, Былыс, Аққожа, Арыстанбай, Тайлақ, Бұлди, Құтбанай, Бескүрек, Манатау, Бозбет, Балқожа» (Хамит Маданов «Кіші жүз шежіресі» Алматы, 1994. 109 бет).

        «Ұлы жүз – Ақарыс он екі атаға бөлінеді. Олар: Жалайыр, Қаңлы, Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, Сіргелі, Шанышқылы, Ысты, Ошақты, Сарыүйсін, Қатаған тайпалары енеді. (М.Тынышбайұлы «Қазақ руларының шежіресі» Ташкент-1925. 6 бет).

        Дулатта он екі  ата Қоралас - Есен, Ырыс, Мәметай, Бекшора, Қауғааяқ, Шауқар, Итім, Сарым, Мырза, Бура, Томай, Қосан рулары бар. (9 бет).

         «Жалайыр — қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, ұлы жүз құрамына енеді. Диқанбай батыр шежіресі (Н.Аристов жазып алған) бойынша, Үйсіннен — Ақсақал (абақ таңбалы), Жансақал (тарақ таңбалы) таратылады. Соңғысынан — жалайыр тарайды. Басқа бір шежіреде Майқы биден тарайтын Жансақал (тарақ таңбалы) мен жалайыр бір адам деп тұжырымдалады. Жалайырдың шын аты Қабылан екен. Аңыз бойынша, жабайы құланның жалын айырып, содан жалайыр атанған. Жалайыр сырманақ, шуманақ, бірманақ болып үшке бөлінеді. Шуманақтан — андас, мырза, қарашапан, орақты, ақбұйым (арықбұйым), қалпе, сыпатай аталары тарайды. Сырманақтан: арықтыным-байшегір, балғалы, қайшылы, күшік тарайды. Бірманақтан тек сиыршы (байбөген) тарайды. Кейбір шежірелерде бірманақтың аты аталмай, сиыршыны сырманаққа жатқызады. Осыдан келіп он екі ата жалайыр атанған. Сырманақ, шуманақ атаулары Сыр мен Шу өзендерінің бойын жайлағандықтан шыққан делінеді. Ал бірманақ жеке-дара, жалғыз дегенді білдіреді. Кейбір шежірелерде жалайырдан шыққан, бір атадан тараған арықтыным-байшегірді екі атаға бөліп, он үш ата жалайыр деп аталады» (Интернеттен алынды).

        «Солтүстік араб тайпаларының ақылгөй данасы Ибраһимнің ұлы Исмаилдің он екі баласы болған. Солтүстік араб тайпалары осы он екі ұлдан тараған ұрпақтар болып табылады» (А.Құнтөлеу «Мұхаммед Пайғамбар» Алматы-2003. 56 бет).

         «Абақ-Керейден тарайтын ұрпақтарды он екі ата деп атайды. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шежіресінің» дерегі бойынша олар: Жантеке, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, Шеруіш, Айтелі, Итемген, Молқы, Меркіт, Сарбас, Қаратас, Кеңсадақ. Шәкәрім ақсақал осының Кеңсадағын Н.А.Аристов Шимойын деп жазады. Сол дұрыс болар», - дейді. Ал, М.Тынышпаев бұл Шимойынды және Қарақасты ашамайлы-керейге жатқызады (Салғараұлы Қойшығара «Қазақтың қилы тарихы» Алматы-1992. 265 бет).

         «Қазір «12 ата Абақ» деп жүрген бірлестік әу баста сол Абақ бәйбішенің өзі тәрбиелеген он екі немересінен өрбіген делінеді. Олар:  Бахрам, Шыңойлы, Байталақ, Жәдік, Меркіт, Жантекей, Иделі, Молқы, Шұбарайғыр, Жастабан, Шеруші, Қарақаc, Кеңсадақ» (Дерек интернеттен алынды).   

         «Қаракесек он екі ата арғынды Бекемай балалары билеп келді» (Бекболат Қазыбекұлы (Бекболат би) (1714-1790 жылдары) атақты Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы)  

        «Атығай —  Он екі ата А. (Дәуіт) Атығай-Қарауыл деп те аталады.  Кейбір деректерде 14 ата А. делінеді. Шежіре деректері бойынша А-дан: Құдайберді, Бәйімбет, Баба, Моныс, Бабасан, Бағыс, Ақкиік, Құлансу, Қойлы, Есеншаңырақ, Майлыбалта, Жауғаш аталары тарайды».

        Шежіре дерегі бойынша он екі ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан – Қаржау, одан – Есенгелді, одан – Сүтемген, одан – Наймантай батыр, ... (Интернеттен).

        «Қаңлы – он екі ата. Сары қаңлы, Қара қаңлы болып екі атаға бөлінеді: Сары қаңлыны: Омыртқа, Құмырсқа, Әлімбет, Ақбарақ, Сұлтаным, Тоқай. Қара қаңлыны: Тоғызбай, Онбай, Қараманас, Қаспан, Бадырақ, Қызылқаңлы деп тарқатады (15 бет).  

        Тарақтыдан – Апай, Тоқтауыл, Қыдыр, Жәші, Әлі, сары, Әйтей, Қосанақ, Алакөз, Шәуке, Көгедей болып он екі ата ел тарайды (19 бет).

        Атығайға он екі арыс Құдайберді, Бәйімбет, Баьа, Моныс, Бабасан, Бағыс, Ақкиік, Құлансу, Қойлы, Есентанырақ, Майлыбалта, Жауғаш елдері кіреді» (19 бет).

        Қоңыраттың Сары руы он екі ата – Құба, Тебей, Қосай, Барақ, Ерсімбет, Сұлу, Құл, Бөгенбай, Кенжеқара, Қора, Беген, Қара (28 бет).  (М.Тынышбайұлы «Қазақ руларының шежіресі» Ташкент-1925). 

        «Орта жүз Дулаттың төрт аталығының біреуі он екі ата Сихым (Қым, Шығыл): Борас, Тоғас, Буас, Шуылдақ, Қысырақ, Ақылбек, Құттыбай, Ескелді, Бағлан, Есбол, Қарақойлы, Аққойлы». Осылай жалғасып кете береді. 

       -  Түрік ханы Қисаға-Тәңір – Әз (Қазақ) атамыздың ұрпағы. Әз (Аз, Қаз) Наурыз, Әз Жәнібек, Әз Тәуке, Әз Түрік, Қазіреті Сұлтан (Қожа Ахмет Иассауидің лақап аты), Қазіреті Расул, Қазіреті Әли, Қазіреті Омар, Қазіреті Оспан және басқалары осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ. Бұл жерде жоғарыда көрсетілген ұлы тұлғалардың бәрі Қазақтың баласы деп отыр.

        -  Қисаға – Түріктің (қазақтың)  ең бірінші ханы. Демек, біздің аталарымыздың аңыз, жыр-дастандарының сөз басын Әлқисса - Әл (Ал, Алаш, Алшын) Қисса деп бастайтындары осыдан. Қиян, Қият, Қидан, Қимақ елдерінің түп атасы осы атамыз.

        -  Тәңіріміз сірә өзіміздің Тәңір емес пе?! Күні бүгінде де Құдай сөзінің баламасы ретінде қатар қолданамыз.

        -  Аңдар Іле өзенінен жүзіп өтеді. Іле өзені күні бүгінде де Іле деп аталмай ма?! Қазақ даласында орналасқан.

        -  Іленің түбірі «Іл», бұл өз кезегінде Тілдің де сөз түбірі. Демек бұл атау адам баласының тілінің шығып сөйлей бастаған кезеңімен сәйкес келеді. Тіпті бұл өзен атауы Тіл деген ұғымнан бұрын қойылған.

        -  Жоғарыда келтірілген аңыздағы жаңа жылдың көрініп келуі мен оны аңдардың рет-ретімен  көруі, ешқандай ақылға сыймайды. Олай болса жаңа жылды бірінші болып тышқан, екінші болып түйе, ең соңынан жылан,  ал су астындағы балық тіпті көрмеуге тиіс. Бұл аңыздағы бір анық нәрсе жыл қайырудағы аңдардың аттарының рет саны, өзге аңыздардағы аң аттары мен толықтай сәйкес келуі.

        -  Барлық аңдардың аңшылардан қашып аңдардың өзеннен өтуі де жыл қайырудағы рет санымен өтуі де ақылға сыймайды. Олай болса өзеннен ең бірінші балық өтуге тиіс емес пе? Ал, шындығында балыққа ешқайда қашудың да қажеті жоқ. Олар судан балық аулап емес даладан аң аулаған жоқ па?! Бұл аңызда да бір анық нәрсе аң аттарының жыл қайырудағы аңдардың аттарының рет санымен сәйкес келуі.

        -  Неге тышқан жыл басы? Бұның себебі, ең алғашқы адамдар өздері тұрған, үңгір-кеуектерінде тышқандар мен бірге тұрып, барлық аңдардың ішінен ең бірінші болып тышқанды таныды. Бұл жерде олардың жыл атауын иемденуі бойдың ұзындығы немесе өзеннен бірінші болып өтуі емес, оларды алғашқы адамдардың рет-ретімен немесе қатар санымен танып білуімен сәйкес келеді.

        -  Неге ең соңынан доңыз танылды? Шындығында, осы доңыз, тағы бір атауы қабан, қолға үйретілгендерінің атауы шошқа мынау жарық дүниеде адам баласымен мәңгі бірге жасасып келеді. Бірақ, доңыздың толықтай «қадір-қасиеті» бүкіл қазақ баласына басқа аңдарға қарағанда ең соңынан белгілі болып, жыл айналымының ең соңғы атауын иемденген. Адам баласына өз баласын өзі жейтін шошқа да мейірім деген сезімнің жоқтығынан, оның етін жейтін адам баласында да  мейірім болмайтындығын танып, білу үшін ұзақ уақыт қажет болған.

       -  Ал, түйе неге жылдан құр қалған деген сұраққа айтарымыз, жыл атаулары ішінде түйеден де басқа түлкі, қасқыр, ешкі, піл, арыстан т.б. жоқ емес пе? Демек, аң аттары он екі санынан аспауға тиіс. Олардың рет саны адам баласының сана-сезімінің өсіп, қоршаған ортаны, оның ішінде өздері мен қатар өмір сүріп жатқан аңдарды танып, білуімен сәйкес келеді.

      Демек, ең бірінші болып Маңғыстаулық Ман аталарымыз өздерімен бірге жерасты үңгірлерде тұрып, жинаған астығын ұрлап жеген тышқандарды таныды.

      Екінші болып сиырды (Қодасты) таныды. Сиырдың пірі Зәңгі баба. Аталарымыз Зәңгі деп қара нәсілді Африка тұрғындарын атаған. Африка (сөз түбірі Аф, аб, ап (апа)) аналық текті білдіреді. Барлық тарихи деректерде көп айтылатын Матриархат дәуірінің өркендеген жері. Мына көрші орыстардың әйелдерін Баба дейтіндері осы. Сиыр, Си және Ыр деген екі біріккен сөздерден тұрады. Си сөзінің шығу тегі Қи (Қиса, Қидан, Қимақ, Қиян) тобына жатады. «Ыр» адам баласының сана-сезімінің дамыған, жақсы мен жаманды айырған, бірімен-бірі сырласып, домбыра тартып жыр жырлаған, бейнелеп айтқанда биік жерге Қыр деп ат қойып, айдар тағып, сол Қырға шығып жан-жағына көз салған кезеңі. Қиыр, Сиыр, Жиыр (жиырма) ұғымдары осылай дүниеге келді. Екі мен жиырма саны қазақтың лақап аты.

      Үшіншісі Барыс. Өздеріңіз көріп отырғандай, сөз түбірі Арыс. Бұл ұғым Маңғыстауда дүниеге келген.  Бүкіл жер бетіндегі ең алғашқы ұлы мемлекет МАД (Мадай, Ман Адай) патшалығы кемеліне келіп,  азаматтары адами қасиеттің ең биік шыңына шыққан кезде олар Қараман, Қаралар, Қарабастар (Шумерлер), Түпқараған (Қараған түп, Қараған түбек), Арыстар (Арийлер текті халық) деп аталды. Бүгінгі Арап, Парсы, Сегіз арыс Адай, Қазақтың үш арысы т.т. сөз түбірінде Ар сөзі барлық халықтар (рулар, тайпалар)  осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ. Бәрінің қара шаңырақ иелері Мұңалдың жарысы болмақ. Даланың жабайы аңын Арыстан,  Барыс, Жолбарыс деп атағандар солар. Ар қорғаушылар бастауын Маңғыстаудағы Қараман ата мен Түп қарағаннан алады.

       Ары қарай Ата-бабаларымыз қай аңды қандай ретпен он екі аңға дейін танығанына байланысты жыл атауын иемденді.

       Жыл – біріккен сөз,  сөз түбірі Ыл, ары қарай жыл болып шығады. Бұл ұғым Адам (й) атаның жетінші буын ұрпағы, алтыншы немересі Бұзаудың екі баласы Айтумыс (үлкені) мен Жеменейлер заманында дүниеге келген. Шежіре дерегі бойынша  Айтумыстан жалғыз Шылым, ал Жеменейден  Алдасай, Кедей және Жомарт тарайды. Шылым атамыздың есімінің түбірі «Ыл» болып, оған Жеменей атамыздың аты қосылып қазақтың Жыл, Жылнама деген ұғымдары дүниеге келді. Кім-кімге де мұны мойындауға тура келеді. Себебі, «авторлық құқық» солардікі. Оны ешкім  олардан тартып ала алмайды. Ал мойындай алмасақ, онда біздің би болмақ түгілі, би түсетін үй де бола алмағанымыз.

        Айтумыс демекші, жердің серігі аспандағы Айға ай деп ат берген осы Бұзау атам ұрпақтары. Әйтпесе, Адайдың «бес жүйрігі» атанған жыр дүлділдерінің бірі Кенже  Ақтан Керейұлы (1850-1912): 

        ...«Мен Адайдың Ақтаны

        Сөйлеген сөзім тақталы. (Тақталап сөйлеу, яғни әр ұғымның дүниеге келу ретін айту).

        Сөйле» десең жыршыңыз

        Алдарыңда жортақтар.

        ...Әріден бері сөйлесем,

        Олда өзімнің мерейім. (арғы түптегі аталарының тарихымымен мақтанып, мерейленіп отыр).

        Туған айға ат берген, (аспандағы туған айға ат берген менің атам Айтумыс  деп отыр).

        Ақ қағаз бен хат берген, (қағазды да, қаламды да, хат жазуды да үйреткен солар деп отыр).

        Екі ерін мен тіл-таңдай

        Сөйлесін деп жақ берген. (ең алғаш сөйлеп, «Тіл таңбаны» иемденген солар деп отыр).

        Айтқан сөзге түсінбес

         Адамның мисыз ақымағы» (мұны түсініп мойындай алмасаң, мисыз – ақымақсың) деп жырламаған болар еді. Ақтанның Ата тегі: Адай – Келімберді – Бұзау – Айтумыс – Шылым – Өрдек – Кенже болып таратылады. (Жыр-дария «Маңғыстаудың ақын жыраулары» Ақтау-1995. 159 бет);

         Өздеріңіз көріп отырғандай, Кенже ұлда Адамзаттың бастау кезеңіндегі ғаламдық құбылыстарға ат (есім) бергендердің кім екендігі сақталып отыр.

        Атам қазақтың барлық шежіресінде айтылып, ауыздарынан тастамайтын:

      - Қараман ата – ақиқат пен келісім-шарттың пірі;    

      - Зеңгі баба – сиырдың пірі;

      - Қамбар ата – жылқының пірі

      - Шопан ата – қойдың және қой бағушылардың пірі;

      - Сексек ата – ешкінің пірі; 

      - Ойсыл Қара – түйенің пірі;

      - Құсшы ата – құстардың және бүркітшілердің пірі;

      - Дүлділ ата – жүйрік аттардың пірі;

      - Темір баба – су пірі дейтіндері осыдан. Пір (Бір)– ең ұлы бірінші ұстаз деген мағына береді.

Тарих тағлымы: Атам Қазақ өз тарихын бір ауыз сөзбен жазып, сол сөзде сол ұғымның атасын, яғни қазіргіше айтқанда «авторын» сөздің түбірінде айшықтап көрсетіп отырған. Аталы сөзге тоқтаған. Екі сөйлемеген. Ұрпақтарына «Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табар», «Ердің екі сөйлегені өлгені», «Би бол, би бола алмасаң, ең болмаса би түсетін үй бол» деген ұлағатты мақал-мәтелдер қалдырған. Ұлы аталарымыз айтқандай, әрбір сөзде сол ұғымның дүниеге келу тарихы бар деген қағиданы басшылыққа алғанда ғана «Би немесе, би түсетін үй» бола аламыз. Әйтпесе, осы адасқанымыз адасқан, осы шатасқанымыз шатасқан. Бұл тығырықтан шығатын жол жоқ.  Маймылға айналу оңай. Ал, маймыл ешқашан адам бола алмайды. Себебі, Ұлы Жаратушы – Алла оларға сана бермеген.

 

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458