Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 11753 0 пікір 29 Шілде, 2015 сағат 14:25

БАУЫРЖАН БОСАТЫЛУЫ КЕРЕК!

Кеше, 28 шілде Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Бауыржан Әбдішевтің қылмыстық ісі бойынша алдын-ала тыңдау сот отырысы басталды. Негізгі сот процесі келер аптада болады деп күтілуде. Бүгінгі отырыстың бірінші ауысымында экс-әкімнің адвокаттары оны  тергеу изоляторынан босату мәселесін көтерді.

Бауыржан Әбдішев Қарағандының тізгінін не бәрі екі-үш жылдай ғана ұстаған әкім. Алайда, осы аз уақыттың ішінде ел арасында үлкен абыройға ие болды. «Әкім ұсталыпты» деген хабар тарағанда Қарағанды жұртшылығының көпшілігі наразылық танытқан болатын. Ол билікте отырған кезінде тек жақсы жағымен ғана танылды. Бірнеше мемлекеттік марапатқа ұсынылып, ел ертеңі үшін еңбек етушілер қатарына қосылды. Бірақ, басына қара бұлт үйірілген сәтте оны жақтаушылардың біразы сырт айналып шыға келді. Әкім тағын босатқан сәтте, БАҚ беттерінде экс-әкімді даттаған материалдар көбейе бастады. Неге? Кеше ғана жақсы  болған адам бүгін жаман болып шыға келгені ме?

Мәселенің бәрі оған жағылған күйеде болып тұр. Қара күйе шоқ тәрізді күйдірмейді, бірақ, кетпейтін қара дақ қалдырады. Бүгін адвокаттары мәлімдегендей экс-әкімге тек бір ғана нақты айып тағылып отыр. Ол «қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану». Бірақ, оның өзі дәлелдеуді қажет етеді.

Экс-әкімнің өзі де оның жақтастары да оған тағылып отырған айыппен келіспейді. Бұл жерде қасақана жала жабуға тырысу байқалады. Мәселен, Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі болып табылатын «Стал Цинк» төңірегіндегі шуды алып қарайық.  Тағылған айыпта, экс-шенеуніктер қызметтік өкілеттілігін пайдалана отырып, қаланы жарықтандыру бағаналарын орнатуды осы фирмаға алып берген-міс. Бірақ, осы айыпты таға отырып, прокуратураның өзі заңды белшеден басқан болып шықты. Адвокат Шаяхметовтың айтуына қарағанда қарағандылық шенеуніктерге қарсы аты шулы іс қозғалардан бұрын облыстық прокуратура «Сталь Цинк» эпизодына байланысты С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің үстінен іс қозғайды. Алайда олардың әрекетінен қылмыстық  сипат байқалмағандықтан арнайы  қаулы шығарып, істі тоқтатқан. Ал бертін келе, экс-шенеуніктердің үстінен жаппай іс қозғап, іздерінен шам алып түскен шақта тергеушілер «Сталь Цинк» эпизодына байланысты істі тағы қозғайды. Алайда, бұрынғы шығарылған қаулының күшін жоймаған. Демек, олардың жүргізген тергеу амалдары заңсыз болып табылады. Рас-өтірігін кім білсін, тергеушілер облыстық прокуратура шығарған қаулының күшін жойған  істі сотқа берерден біраз уақыт бұрын ғана жойған. Ал құжатқа іс басталардан бұрын күші жойылды деп көрсетіпті. Яғни заңды бұзып қана қоймай, алдауға дейін барған. Осыдан соң, тергеу амалдары әділ өтті дегенге кім сенеді?

Облыстың бұрынғы басшысының қорғаушылары сот процесі аяқталғанша Әбдішевті тергеу изоляторынан босату керектігін айтуда.

-          Ешкімге зорлық жасамаған адамды он ай бойына тергеу абақтысына қамап қою әділдікке жатпайды. Оның кәмелет жасына толмаған екі баласы мен сексендегі қарт анасы бар. Әрі менің қорғалушым қоғам алдында үлкен абыройға ие адам. Бірнеше мемлекеттік марапатқа да ұсынылған. Әрі қылмысы толық дәлелденген жоқ. Рас, тағылып отырған айып ауыр. Бірақ, заңнамада күдіктіні  тергеу изоляторынан  бөлек үй қамаққа алу және кепілге ақша қою арқылы қолхатпен босату шараларының барын да ескеру қажет. Б. Әбдішевті әрі қарай да тергеу изоляторында ұстап отыру адамгершілікке жатпайды. Ол бостандықта болса тергеу амалдарына кесірін тигізеді деп қорқудың да қажеті жоқ. Себебі, біреуге ықпал етерліктей оның қолында өкілетті билік те бұрынғыдай күште жоқ,- дейді адвокат Нұрлан Бекбергенов.

 

 Сот алдында сөз алған Б.Әбдішев өзінің тергеу изоляторында отырғанына наразылық танытты. Әрі өзінің қылмысқа қатысы жоқ, арының таза екенін тағы бір мәрте айтып өтті.

Расында қылмысқа қатысы бар деп күдік келтірілген 21 адамның  тек бесеуі ғана қамауда отырғаны күдік туғызады. Олардың барлығына тағылып отырған айыптың ара салмағы бір-біріне жақын емес пе? Сонда біреуінің қамауда болуы мен келесі бірінің бостандықта жүруі әділдікке жата ма? Күдіктілерді бұлайша алалау неге және кімге керек?

 

Нұрлыхан Қалқаман

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329