ТЕМІРХАН НЕГЕ КЕТТІ?
Ай мен күннiң аманында депутаттық мандатты өткiзе салу – Қазақстан тарихында өте сирек болатын құбылыс. Өйткенi парламентте шалқайып отыруға да әжептәуiр “күш” керек. “Күшi” барлар мандатты өткiзуi мүмкiн, бiрақ жоғары билiктен мәнсап алады. Бұл – қалыпты жағдай. Ал Темiрхан Досмұхамбетовтiң өз еркiмен Мәжiлiстен кетуiн осы “қалыпқа” сыйдыруға бола ма?
Өздерiңiзге белгiлi, өткен аптада Мәжiлiс депутаты Темiрхан Досмұхамбетов өз қалауымен отставкаға кеттi. Оның өтiнiшi Мәжiлiс отырысында қабыл алынып, депутаттық өкiлеттiлiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылды.
Ендi “неге кеттi?” дейтiн сауалдың салмағын арттыратын бiрқатар жайттарды тiзiп көрейiк. Оның ең бастысы, Т.Досмұхамбетов анау-мынау депутаттардың қатарынан емес. Қызметтiк жолына үңiлсеңiз, департаментке директор, комитетке төраға сынды майда-шүйде жұмыстарын есепке алмағанда, Астананы басқарды. Спорт және туризм министрлiгiнiң тiзгiнiн ұстады. Алайда экс-депутатты елден ерекшелеп тұратын артықшылығының жөнi мүлдем басқа. Бiлетiндер оны “Ақордаға емiн-еркiн кiрiп-шығатын санаулы серкелердiң санатынан” деседi.
Ендеше мұндай адамның мандаттан бас тартуын қандай себеппен түсiндiруге болады? Әрiптестерiнiң алдында айтқан сөзiне қарағанда, ол “бизнеске бет бұрғысы” келген. Әйтсе де мұны себептен гөрi “сылтаудың” жөнiне жатқызатындар жетiп-артылады. Әр-әр жерден жылт етiп көрiнген ақпараттарға ден қойсақ, Т.Досмұхамбетовтiң отбасы онсыз да бизнестiң белортасында жүрсе керек. “Темiрханды бiз жақсы бiлемiз” дейтiндер оның туыс-туғаны құрылыс, туризм және ауыл шаруашылығы саласында бизнес жасап жүргенiн айтады.
Сонда не? Темiрханның аяқасты кетiсiн ЭКСПО-мен байланыстыратындар әлдененiң иiсiн сезетiн тәрiздi. Өйткенi бұл нұсқаның медальдiң екi бет сияқты қос қыры бар. Алғашқы қырына зер салсақ, жоғарыдағы “қалып” ойға оралады. Яғни, Т.Досмұхамбетов Мәжiлiстен кеткенiмен, тәп-тәуiр мәнсапқа ие болуы мүмкiн. Бiреулер оны Алматыға әкелiп, Есiмовтiң орнына “қойғысы” келiп жүр. Рас, “Есiмов кетедi екен” деген әңгiменiң шыққанына аз уақыт болған жоқ. Бiрақ президенттiң Алматы сынды алып шаһардың тiзгiнiн Темiрханға ұстатуы бiртүрлi сенiмсiздеу көрiнедi. Ендi бiреулер бұрын Астананы басқарғанын ескерiп, “баяғы креслосына қайтады-ау” деп долбар жасайды. “Бәлкiм, Жақсыбековтiң “жұмысын жеңiлдетiп”, ЭКСПО-ға басшылық жасар” дейтiндер де табылып жатыр.
Мұндай пiкiрлердiң бәрiне ортақ бiр мәселе бар. Егер Мәжiлiстi “талақ” еткен экс-депутат билiкке келсе, онда бағының жанғаны. Ал олай болмаса ше? Мұның сырын медальдiң келесi бетiнен iздеймiз.
Естерiңiзде болса, iлгерiде Т.Досмұхамбетов пен Т. Ермегияев қоян-қолтық жұмыс iстедi. Спорт және туризм министрлiгiнде бiрi – бастық, екiншiсi – орынбасар болды. “Екеуiнiң достығы темiрдей едi” дейтiндер ендi келiп, Т.Ермегияевтiң қамалуы мен Досмұхамбетовтiң “босауы” арасынан “әлдене” iздеп әлек. Әрине, Мәжiлiсте отырған депутаттың ЭКСПО құрылысына тiкелей қатысы жоқ. Бiрақ бизнес деген бәлекет кiмдi кiммен жұғыстырмайды? Әсiресе жемқорлықтың жегiқұрты жүйке-жүйесiне дейiн енiп кеткен Қазақстанның бүгiнгi жағдайында. Мiне, осылай ойлайтындар Досмұхамбетовтiң кетiсiн “досының” iсiмен байланыстыруға құмар.
Және бiр нұсқа бар. Бұл – Бiлiм саласын былыққа әбден батырып, саяси әлемнен iзiм-ғайым жоғалған Бақытжан Жұмағұловтың жолы. Оның қайда екенiн қазiр ешкiм бiлмейдi. Құдды Жұмағұлов дейтiн шенеунiк Қазақстанда болмаған сияқты.
Ендi бұл долбарлардың қайсысы Досмұхамбетовтiң Мәжiлiстен кету себебiн айқындап бере алады? Әзiрге ешқайсысы. Өйткенi долбар алдын ала жасалады. Ал оның дұрыс жерi мен қиыс жерiн уақыт көрсетедi.
Сансызбай НҰРБАБА
ЖАС АЛАШ газеті.