Жұма, 22 Қараша 2024
Экономика 13511 0 пікір 16 Шілде, 2015 сағат 17:51

ҚАЗАҚСТАНҒА ЗЕРГЕРЛІК ӨНДІРІС ҚАЖЕТ ПЕ?

Геммолог Оспан Бейсеев Қазақстандағы геммология ғылымы мен зергерлік ісі туралы зерттеп жүрген отандық ғалымдардың бірі. Оның пікірінше, Қазақстанда әшекей бұйымдар шығаратын зауыт ашылып, жүйелі жұмыс істесе экономиканың бір бүйірі қампайып қалатын еді. «Бұл тақырыпты жалықпай айтып, мақалалар жазып жүргеніме көп болды. Бірақ, нәтиже жоқ» деп қамығады ғалым.

          Еңбек жолының он жылдан астам уақытын асыл тастарды зерттеуге арнаған ол әлем бойынша зергерлік өндіріс арқылы экономикалық әлеуетін тұрақтандырған 40-тан астам ел бар екенін айтады. Оның қатарында Израиль, Үндістан, Щвейцария, Польша, АҚШ, Жапония, Шри Ланка, Қытай және тағы басқа елдер тұр. Геммолог ғалымның зерттеуіне қарағанда, Үндістан асыл тастарды табу, зергерлік бұйымдар өндіру, өңдеу арқылы өзінің экономикасын XVIII ғасырда-ақ анағұрлым жоғары дәрежеге көтерген. Сол кезде-ақ олардың шығарған әшекей бұйымдары әлемдік нарықты жаулаған.  Ғалымның айтуынша, шикізат қоры жоқ бола тұра, зергерлік өндіріс арқылы өз экономикасын әлдеқайда биік дәрежеге жеткізген ел – Израиль болып саналады. Оның зергерлік өндірісі 1947 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. Қазіргі кезде онда 350 зергерлік шеберханалар мен фабрикалар бар.  Ал Ресейде 500 зергерлік кәсіпорын болса, Австралияда тек қана қара тастар (опал) бойынша жұмыс істейтін 70 кәсіпорын әшекей бұйымдарды істеп нарыққа ұсынады. Біздің елде де Ұлытауда қара опал бар, радовсит деген тас.

Оспан Бейсеев Қазақстан жерінде асыл тастар мен түсті минералдардың 595 білінімдері анықталғанын айтады. Оның ішінде осы күнге дейін  зергерлік өнер өндірісі дамыған елдердің тәжірибесінде қолданылмаған дәстүрлі емес тастар да кездеседі. Мәселен, сарғыш қоңыр түсті аксинит, көгілдір, жасыл түсті альбит-квелеландит, мөлдір кальцит, ақ, қара жылтыр тастар, күрең шұбар реңді амфиболит, алтын түстес кәріптастар, аметриндер мен көк-жасыл дюмотьерит, қоңырқай турмалиндер сияқты бағалы тастар көптеп кездеседі. Қазақстан ТМД елдерінің арасында минералды-шикізат базасы мен зергерлік бұйымды безендіретін тастардың мықты кен орындарына ие аз ғана мемлекеттердің бірі. Тек Алматы облысының аумағында зергерлік бұйымдарда көбірек қолданылатын ақық, көкшіл тас (аметист), жылтыр тастар (опал) сияқты әшекей тастар бар. Сонымен бірге геммолог: «Асыл тастарды өңдеп, әшекей бұйымдарға пайдалану ежелгі сақтар, ғұндар мен массагеттерден қалған ата кәсіп. Оған дәлел Отырардан табылған әшекей бұйымда 27 түрлі асыл тасты пайдаланған. Оның ішінде ақық, жылтыр тас, кәріптас, қою қызғылт хальцедон, иір ойықты нефрит, лазурит, амфиболит, Ұлытауда, Жетісуда көптеген кен орындары бар. Онда кварц, оксинит, қалыптас атты асыл тастар кездеседі. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстанда (Делбегетейде) зүбәржат тасы бар» деп атап өтті геммолог.

Оңтүстік Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаментінің мәліметінше, Шалқыдысу елді мекенінен солтүстік шығысқа қарай 20-30 километр қашықтықта, Кетмен жотасының етегінде ақық, жылтыр тас (опал), көкшіл тас (аметист) білінімдері байқалған. «Салыстырмалы жеңіл өңделетін таскескіш бұйымға ұсақ-түйек материал ретінде Кербұлақ алунит кенорнындағы агальматолиттер мен фарфор тасын өндіретін Құлантөбе кенорындары ұсынылады. Жоғары сапалы агальматолиттер құрамы бойынша монакаолинитті, кварцсыз, слюда мен темір гидрототықтарының шамалы қоспасынан тұрады. Агальматолиттің қоры есептелмеген, бірақ геологиялық деректер бойынша олар өңдеу жұмыстары үшін жеткілікті. Тастүсті шикізаттың желілік ашылымдары жақсы жинақтық материал болып табылатын тау хрусталі мен флюорит кристалдарының жақсы қырланған друзалары кездесетін пегматит кенді Іле ауданында белгілі болды. Ашылымдар әлі толық зерттелмеген және қолайсыз таулы жерде орналасқан», - дейді басқарма мамандары.  Алайда, бұл байлықтың бәрі жекелеген адамдардың немесе жекелеген фирмалардың мүддесіне қызмет етіп жатқанын айтады олар. Оны геммолог ғалым да растап отыр. «Біздің елде бірде-бір әшекей бұйымдар шығаратын заманауи зауыт жоқ және Қазақтандағы оқу орындарының ешқайсысы геммолог мамандарды даярламайды», - дейді Оспан Бейсеев.

Басқарма мамандары да осынша қазынаның ұстағанның қолында, тістегеннің аузында тұрғанын айтып, дабыл қағып отыр. «Әшекей тасты шикізатты қолдану тез арада шешілуге тиіс мәселелердің бірі. Өйткені, қазіргі кезде оларды заңсыз өндіру етек жайып келеді және салық төлемей-ақ кәсіп қылып жүргендер көп», - дейді басқарма мамандары.

Өзін экономиспін деп таныстырған Қайрат Бодаухан Қазақстан Үкіметінің аталмыш идеяны жүзеге асыруға қауқары бар деп санайды. «Зергерлік өндірісті Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұдайы айтатын «Инновациялық бағдарламасы» арқылы жүзеге асырып, дамытуға болады. Тек әлемдік нарыққа сай, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім шығара алуымыз керек» дейді ол. Зергерлік бұйымдарға Қазақстанда сұраныс болатынына сенеді экономист. Бірақ, оны әшекей бұйымдарды бірыңғай бағалы етіп емес, қоғамның барлық өкілінің қалтасы көтеретіндей етіп істеу керек деген пікірде Қайрат Бодаухан.  Ал 1991 жылдан бері зергерлік өнерді кәсіп қылған Ілияс Сүлейменов «әшекей бұйым шығарып, пайда табуға Қазақстанның мүмкіндігі жоқ» деп ойлайды. Оның айтуынша, бұл бәсекеде Қазақстан Ресеймен иық тіресе алмайды. «Өйткені, Ресейдің әлмисақтан зергерлік өндірісі дамыған және біздің нарықты олардың әшекей бұйымдары әлдеқашан жаулап алған. Бағалы бұйым нарығын өзімізге қайтару үшін Қазақстан экономикасының әуелі басқа салаларын дамыту керек» дейді Ілияс Сүлейменов. Сонымен бірге, зергер соңғы жарты жылда зергерлік бұйымдарға халық сұранысының күрт төмендегенін айтып, оның себебін Қазақстан халқының жаппай Ресейден автокөлік әкеліп жатқанымен байланыстырды. «Халықтың ақшасының бәрі көлік алуға кетіп жатыр» дейді зергер.

Зергердің айтуынша, Қазақстан халқы әшекей бұйымдарды көбіне құдалық, тойларда ғана алады. Бірақ,

Қазақстан нарығында Ресей, Италия алтынының грамы кем дегенде 8 мың теңгеге бағаланған. Одан төмен бағада Түркиядан, Қырғызстаннан әкелінетіндері бар. Шет елден әкелінетін болғасын тауар құнына кедендік баж салығы, табыс салығы, сату қызметі құны қосылып, тауар қымбаттай түседі. Сондықтан, зергерлік өндірісті дамытуға Қазақстан да мүдделі болуға тиіс. Егер, бағалы әшекей бұйымдарды өзіміз істеп шығарсақ, онда олардың құны әлдеқайда төменірек болар еді. Біздің елде әшекей бұйымдарды безендіретін асыл тастар мен минералды түсті тастардың құны жоқ. Шетелдерде пәленше мың АҚШ долларына бағаланатын жақұттың, ақықтың, меруерттің, гауһардың бағасы жоқ. Оны әшекей бұйымдар сатушылар да мойындайды.

 «Қазақстанда бағалы тастардың құны жоқ. Мысалы, ақық, меруерт, көкшіл мөлдір тас (аметист), жылтыр тастарды (опал), жақұт, тіпті гауһар тастың өзін қысылғанда ақшаға айырбастай алмайсыз. Сондықтан да, ондай бағалы тастарды тек қана әшекей бұйымдарды безендіруге ғана қолданады. Егер гауһар көзі бар алтын сақинаңыз болса, оның тек алтынына ғана ломбард ақша төлейді» дейді әшекей бұйымдар сатушы Эльмира Сатеева.     

Әшекей бұйымдарды сататын дүкен қожайындарының дені тілші сұрағына жауап беруге құлықты болмады. Тек Талдықорғандағы «Алтын» зергерлік салонының қожайыны Роман Сопиков Қазақстанда зергерлік бұйымдарды жасайтын компаниялардың бар екенін, олар Алматыда, Қарағандыда, Талдықорғанда орналасқанын айтты. Талдықорғандағы зергерлік компанияны өзі басқаратынын айтқанымен, оның тыныс-тіршілігі туралы ешқандай ақпарат бере алмайтынын да жасырмады. Оны ол «коммерциялық құпия» деп түсіндірді. Талдықорған қаласындағы асыл тастар сататын дүкеннің сатушысы Майра Кенжебекова (аты-жөні өзгертіліп алынды - ред) болса, дүкенде көздің жауын алатын асыл тастардың дені отандық шикізат екенін айтады. «Қазақстанда тек гауһар мен жақұттан басқасының бәрі бар. Осында (асыл тастар сататын дүкенді айтып отыр - ред) тұрған тастардың көбі Қазақстанның жер қойнауынан шыққандар. Дәл қай жерден қалай әкелінетінін білмеймін. Бірақ, шикізатты өзіміздің зергерлер өңдейді. Біз сатамыз» деді.

Қазақстанның негізгі байлықтарының бірі – оның пайдалы қазбалары.  Қазақстан табиғи ресурстарының қоры бойынша әлемде 6-шы орында.  Д.И.Менделеевтің химиялық элементтер кестесінің 110 элементінің ішінен Қазақстанның жер қойнауында 99 элемент табылған, 70 элемент барланған, 60 элемент өндірілуде және пайдаланылуда. Қазақстан Республикасының минералды-шикізат базасы 5004 кен орнынан тұрады, олардың болжамды құны шамамен 46 триллион АҚШ долларын құрайды.

 

 

Шынаргүл ОҢАШБАЙ.

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1454
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5258