Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 10154 0 пікір 30 Маусым, 2015 сағат 08:28

ӨЗБЕК ОҒЫНА ҰШҚАН ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕТІ БАЛАСЫ ЖЕТІМ ҚАЛДЫ

28 маусым күні, кешкі 9 жарым шамасында қазақ-өзбек шекарасында Қазақстан азаматына оқ атылды. Шекара маңында балық аулап жүрген 37 жастағы Уәлихан Ахметовты көрші мемлекеттің шекарашылары автоматтан оқ жаудырып, өлім құштырды.  Бұны өзбек шекарашылары «балықшылар шекараны кесті» деп түсіндіреді.

Марқұммен бірге балық аулауға барған, оқиға орнынан тірі қалған куәгер, марқұмның досы Жеңісбек Бекешов өзбек шекарасы тарабына өтпегендерін айтады. Оқиға куәгері өзбек шекарашылары оларды қараңғыда байқап, жарық түсіргенде жағалауға қарай жүзгендерін, осы сәтте он шақты автоматтың оқ жауғанын жеткізді. Ахметовтің досы алғашқыда досының өліп кеткенін білмей жағалауға алып шыққан.

Телеарналардың хабарлауынша, Оңтүстік өңірдің шекара шенділері осы істің анығын тексеруге кірісіп кетті. Ал, марқұмның егіле жылаған анасы Дәнегүл оқ атқандарға жаза сұрауда.

Әзірге Өзбекстан жағы ресми түрде  оқ ату дерегін мойындаған. Олар шекара асқандарға тосқауыл ретінде оқ аттық деп ақталады. Ал қазақстандық шекара қызметінің баспасөз орталығы балық аулаған жер рұқсат етілген аймаққа кіреді дейді. Марқұмның артында 7 бала жетім қалды.

“Енді Өзбекстан жағымен кездесу болды. Өзбекстан жағының айтуына қарағанда, бұлар шекарадан өтіп кеткен дейді. Ал тірі қалған жігіттің сөзінше, ол Өзбекстан жағында болмаған. Қазақстан шекара сызығымен балық аулаған”, – дейді  ҰҚК Шекара қызметі баспасөз қызметінің жетекшісі Мұхтар Анарбек.

Естеріңізде болса, бұл екі ел шекарасындағы алғашқы кісі өлім оқиғасы емес. 2002-2006 жылдар арасында 10 оқиға тіркеліп, алты азамат жарақат алып, бір адам өлген. Мысалы,  2003 жылы қыркүйекте шекарашылар шатысып қалған.  2010 жылы маусым айында қазақ-өзбек шекарасында болған атыс салдарынан екі азамат жараланған. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы «Ынтымақ» шекара бекетіне белгісіз біреулер шабуыл жасаған.

2012 жылы мамырда болған ең үлкен шекаралық оқиға «Арқанкерген» трагедиясынан кейін шекаралық бақылаулар мен күзет қырағылығы күшейтілген еді. Солай болса да Қазақстан шекарасының дауға ілікпей аман өткізген жылы жоқ. Жыл сайын тым болмаса шекаралық бекеттен әскер қашу жағдайлары тіркеліп жатады. Өртке оранып кететін бекеттер де аз емес. Шекаралық тәртіп темірдей болғанда айдың-күннің аманында ажал құшқан арыстай азаматтарымыз ортамызда жүрер еді. Жеті жетімектің обалы өзбектің оғында ғана емес, өзіміздің бостығымызда да болар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257