ТАЛҒАТ КЕҢЕСБАЕВ. АЛТАЙ ШӨГІП ЖАТЫР...
...Сонау, сексенінші жылдардың соңында Алматыда «Жігер» фестивалінде танысқан замандастар бұл күні бір ауылдың балалары сияқты болып кеткенбіз... Бір-бірімізді көре қалсақ, не сыртынан бір жақсылық хабарын естісек, мәз боп қалатынымыз да бар... Ол кезде бір ауыз жылы сөзін аямаған ағаларымыздың төбесін көріп қалсақ мәзбіз... Сол бір жылдар өте жылы еді, сол ағалардың аялы алақанының ыстығы еді ғой...
Бір топ жастар топырлап, «Ленин» көшесімен жоғарылап келе жатыр едік... Алдымыздан қол арбаға кішкентай қара баланы отырғызып алған, өте ұқыпты киінген ерлі-зайыпты адамдар шықты. Талаптан ол кісілерді көре сала «Дидаш аға» деп бізден бұрын барып амандасты. Біз де жапа-тармағай амандасып жатырмыз...
Жанындағы тұрған келіншегі бізді көріп, «шошып» кеткен сияқты көрінді маған... Мына топ күйеуін ертіп кетсе не болмақ?.. Алғашқы таныстық осылай басталды. Сол кездегі қол арбада отырған кішкентай балақай – бәріміздің тамаша бауырымыз – өзіміздің Даукебай, Даулет Дидахметұлы екен. Өңді келген келіншек, бүгінде жеңгеміз емес, «мамашамыз» боп кеткен аса қамқоршымыз әрі керек кезде «көкемізді» көзімізге көрсететін өтірігі, өсегі жоқ Дидағаңның адал жары – Лиза Саянқызы екен...
...Кейіннен Оралхан Бөкеев ағамыз бен Дидахмет ағамыз бізді Алматыға шақырды. Бір күні таң атпай Семейге Талаптан келіп тұр... Ыржың-ыржың етеді. Күлген күлкісі де өзінше жарасымды еді... Дастархан басына отырмастан қалтасынан үшбу хат алып шықты. Дидахмет Әшімханұлынан екен... Дидағаңның бір сөзіне мен келіспедім. «Бауырым, қайда барсаң, келінді, балаларды тастама... қазақта у ішсең де руыңмен іш деген сөз бар, өзіңмен бірге ыстық-суықты бірге көрген отбасы тату-тәтті болады. Иә, Талаптанның отбасына, келіншегіне еш күмәнім жоқ... Сонда да қиналмасын деген ойым: «Досым-ау, бала-шағаны қинап қайтесің, ауылға жібер... Өзің орнығып ал! – дедім... Ол туласын кеп: «Дидағаң айтты» деп... Сонымен қойшы, біздің үйде екі күн қонды. Маңдайының қаспағы бар дейміз бе, біздің ол кезде әкей марқұмның арқасында жағдайымыз жақсы еді. Біраз жылқыларын сатып: «Бір жақсы дача алыңдар», – деген. Ол кезде ақшаның құны бар еді...
Бір бума ақшаны қолына ұстатып, бір қой сойып беріп Талаптанды Семейден Өскеменге шығарып салдық. Ол одан әрі Дидағаңның жанына кетті. Бірақ маған күніне бір телефон соғып қояды. Мен өзімше білгенімді айтамын... Бауыржан Омаровтармен «Лениншіл жас» газетінде қызмет істейтінін айтып, қуанып сүйінші сұрады. Кетіп бара жатқан бір жігіттен шағын конверт беріп жіберіп едім. Бауыржан Омаров телефон соғып тұр. Дауысы сондай көңілді... «Талаптан досың Дидаш ағасының жанында» деп күледі... Таңертең ғана ұшақпен ұшқан жігіт әуежайдан тура «Лениншіл жасқа» бірақ тартқан ғой...
Ол да бір дәурен екен-ау!?
...Сонымен Дидаш ағасының шақыруымен, Алматыға барған Талаптанның тасы өрге домалай бастады. Қуандық. Оған көмектеспеген адам жоқ... Бауыржан Омаров, Жүсіпбек Қорғасбеков және т.б. барын аямады. Тіпті, Жүсіпбек өзі отырған бір үйде бір қыс тегін отырғызды...
...Бір күні Дидағаң таң атпай телефон соғып тұр... Әңгімені тереңнен қозғады. Талаптан «Шаңырақтан» жер алғанын айтып-айтып кеп, бұл жер қазақтың Алматы шаһарында маңдайына бұйырған жер екенін айта келе, ағам ретінде үй салу процесінде көмектесуімді үлкен басымен өтініп тұрғанын айтып өтті...
- Сонымен...
- Сен көмектеспегенде, кім көметеседі әрине, бір үйді салып бер демейміз кірпішіне, онысы-мұнысына қол ұшын беріп отырсың болды, – деп еді.
Қазір ойлап тұрсам, Дидағаң өзі үшін менен өмірі ештеңе сұрамапты. Аты есімде жоқ, бір жас жігітті тапсырып, бір «қиын» мәселесіне араласуымды сұрағаны бар... Басқа ештеңе сұраған емес...
Кейіннен біраз уақыт Алматыда тұрдым... одан Павлолдар көштік... Ағаларыммен байланысым сол қалпы, әзіл-қалжыңымыз... әсіресе, Қалихан ағамызбен қалжыңымыз жарасатын еді...
Бастан талай дүние өтті. Мойығанда жасып жерге қарағанда не істейсің? «Бөрі арығын білдірмес» деп жүре береміз... Ешкімге тіс жарып мұңымызды айтпаймыз. Ешкімді жамандамаймыз... Әрі кетсе, бір боқтап қойып жүре береміз...
...Бір күні Павлодарда Ертістің жағасында отырсам, Талаптан телефон шалып тұр.
- Осылай да осылай, Дидағаң елуге толады «Айт, шу!» дейтін біреу керек боп тұр...
- Өзі неге айтпайды? – дедім.
- Саған жалыну керек пе, енді жаман бергенін айтады деген, берсең бұлдамай бер – деп телефонды тастай салды.
...Мәссаған керек болса, жап-жақсы көңіл күйде отырған едім. Жаман боп қалдым. Досымның соңғы кезде мінезі өзгере бастаған еді. Қазір көзі жоқ адам туралы айтқан әдепке де, мұсылмандыққа да жатпайтын білем. Бірақ...
...Ішім әлем тапырық, ызаға булығып Ертіске қарап отырып бір кезде өзімнен-өзім күлмесім бар ма? Баяғыда Тыныштықбектің «Қойшы ауылдың хаттары» деген өлеңдерін Алматыға «Қазақ әдебиетіне» апарғанымда Иранбек ағам екеуі еді ғой, ыстық шай берген, жолыма бес рубль берген осы Дидаш ағамыз еді ғой... Бір жағы ашудан айыққан көңіл күй Алматыға тез жиналдым...
...Қолыма билет алысымен Дидахмет үйіне телефон шалдым. Даулет алды. «Папаңды шақыршы», аздаған паузадан кейін Даулет қайтадан телефонға жауап берді...
- Әләу, Ағатай ренжімеңіз, Лев Николаевич Толстойдың немересі «Қазір ешкімді қабылдай алмаймын», – дейді. Қай күнге записка жазып қояйын дейді. Бауырмыз дәл бір графтың адютанты сияқты... Күліп жібердім: «Әй, Даукебай, слушәй меня, мамаңа айт кешке сүрі қазы-қарта асып қойсын, мен келе жатырмын... Он минуттан кейін ұшаққа отырамын...»
...Бара сала Дидағаңның үйіне бардым. Әлі күнге дейін сүрі қазының иісі мұрынымда тұр деп айтар едім... Талаптан бар үшеуміз кешке шейін әңгімелесіп отырдық.
Ертеңінде таң атар-атпастан тұрдық та «0377» деген көк «Жигулиге» отырдық та, мерейтой өткізетін орын іздеп, аяғымыздан таусылдық. Жеңгей: «Қаланың шетінен қарайық» десе, мен болмаймын: «Классиктің тойы орталықта өту керек», – деп. Бір кезде ЦУМ-ның жанында жаяу келе жатқанбыз, бір ресторанды көруге... Дидағаң тоқтай қалды.
- Ананы, қараңдаршы «Ақсұңқар» деген аты қандай жақсы, кірейікші, – деді. Сыртына қарасам онша емес сияқты... Әуелі «кірмей-ақ» қояйық дедім... Дидағаңның жүрегі бірдеңені сезді ме, өзі ішке кіріп кетті де тез шықты. Күліп бізге қолын бұлғады. «Әй, Талғат, жеңгең екеуіңде түк те талғам жоқ, іздегеніміз осы екен ғой» деп күліп тұр... Ішіне кірсең, керемет енді. Күрделі жөндеуден өткізгендеріне үш-ақ күн бопты. Құдай бұйыртса, банкет өткізгелі отырғандардың алғашқысы біз екенбіз.120 адам еркін сияды. Билейтін жерлердің жартысын қосып алсақ, біраз ауқымы кеңиді. Енді төлеуге келсек, менің қолымдағы арендасынан әрең-пәрең асады екен, маңдайымнан суық тер бұрқ етті...
Енді не істеймін?.. «Елге барып келгенше, тосасыздар ма?»
- Жоқ, осыныңа рахмет, мен де жинақталып жүрген едім деп жеңгей күлді.
- Мен де дайындалып жүрмін ғой, – деді Дидаш ағамыз.
- Кім сен бе, ия дайындалдың күнде кешке жұмыстан келіп диванда жатып, газет оқығаннан басқа не бітірдің? – деп жеңгеміз әйелдік мінезіне басты...
- Міне, – деді жүргізушінің куәлігінің сыртына жасырған үш жүз долларын алып шықты. Кабинетімде біраз теңге бар, ал үйдегі кітаптардың арасында қанша барын білмеймін, – деп қойды...
Мен сондағы Лиза жеңгемнің қуанғанын айтып та, жазып та жеткізе алмаймын. Үйге келіп бір шай іштік те Даулет үшеуміз жылы киімдерді алып таудағы саяжайына кеттік. Тауға өрлей келе жатқанымызда рульде отырған Дидаш ағамыз бір әңгіме айтты.
- Бауырым, саған ризамын сонау бір жылы Оралханның календарь бойынша 50-ге толған күнін сонау Семейден келіп, осындағы Орекеңнің жақындарын жинап, қатым түсіріп, құран оқыттың... Талаптанға қолыңда барын беріп жүресің, рахмет саған...
Үндемедім...
- Шіркін, салқын сыра болса ғой, – дедім әңгімені басқа жаққа бұрғым кеп.
Дидаға күлді. Газды басты дерсің...
...Сол саяжайдағы кеш керемет өтті. Тауды жаңғыртып, Дидағаң өлең айтты. Лапастың төбесінде жатырмыз үшеуміз... Кішкене тиін бір талдан екінші талға секіріп, ұйқыны ашып жібереді. Дидағаң бала кездегі жайлаудағы қиял-ғажайыптарын айтып жатыр, айтып жатыр...
Сөйтіп, Дидағаңның Ердің жасы – елуге келген мерей тойына куә болғаным бар еді...
...Павлодарда тұрғанда сенбі-жексенбі үйге кеп тұратынмын. Бір күні Дидағаң телефон шалады. «Даулетім... Даулетім...» деп сөйлей алмайды... «Не болды, Дидаға, дұрыстап айтсаңшы» деймін. Сөйтсе, «Алматы-Защита» пойызына отырып, үш бала елге сапар шегеді. Жүректерінде Атамекенге толы сағыныш дегендей... Біздің Даукебай ана екі кішкентай қара домалақтарға «аса жауапты» тұлға... Бірақ, өзі әлі бала...
Семей станциясына кеп, енді пойыз тоқтар-тоқтамастан біздің Даукебай қарғиды ғой. Семей де оның туған жері боп есептеледі. Өйткені, екі облыс қосылған дегендей... Секіреді жас қазақ... Амал қанша, отыз сантиметрді есептей алмай қалған... Аяғы тізеден төмен шарт етіп, сүйегі терісінен тесіп бірақ шығады... Арғы жағын айтып кетудің өзі қиын...
Жүгіріп вокзалға бардым. Алдымнан таныс милиция шықты. Қолында біздің жігіттің сыңар крассовкасы... Жаңа ғана «Скорая помощь» алып кетті дееп тұр... Қай ауруханаға апарғанын біле салып, артынан барсам біздің азаматты жоғарғы үшінші қабатқа көтеріп апара жатыр екен... Мен жармасып, есім шыққаны сондай, бауырымның кеудесіне жатып алыппын ғой... Содан дәрігергелер өте шұғыл шешім қабылдады. «Операция» жасау керек... Ол үшін жақыны қол қою керек... Өте жауапты нәрсе... Дидағаңа звондадым. Осылай да осылай. «Қолыңды қой, сенен басқа Семейде Даулетімнің кімі бар?..» Ішімнен Қабанбай атамның әруағына «сыйынып» қолды қойдым. Әлі есімде, операция столына бара жатып Даулеттің: «Аға, аға!» – деп айқалап шақырғаны, «Ана балалардыыы... Өскеменге...»
Бір бұрышта бүрісіп отырған кішкентай екі бала. Қиналғандарын білдірмейді, бірақ көздерінде жас... Бұлардың біздің Даукебайдың «подопечныйлары» екенін ұқтым... Екеуі қасқырдың бөлтіріктері сияқты. Қиналғандарын білдірмейді. Үйге әкеліп бойларын үйретіп, сыр тартпақтап жөн сұрадым. Аталары – Найман, оның ішінде Қаратай, оның ішіндегі Даулет деген тармағынан екен. Каникулға Қатон-Қарағайға бара жатыр...
Түсінікті, кешке пойыз барғанша мына балалар жету керек. Таксопарктен машина шақырттым да жолдан ауруханаға соға кеттім, операция біткесін хирург телефон шалсын деп нөмірімді жазып қалдырдым да, балаларды Өскеменге апаруға тартып кеттім... «Защитаға» барып, оларды туыстарының қолына табыстап, кері Семейге қайтып келе жатқанда, хирург операция сәтті өткенін хабарлап, телефон шалды...
Ертеңінде пойызбен Лиза жеңгей келді. Операция сәтті өткеніне көзін жеткізіп, баласын құшақтап: «Тірі екенсің ғой, құлыным!» – деп жылағанда шыдай алмадым. Жеңгейді жұбатып, үйге келгеніміз сол еді телефон шырылдап берсін... Әлібек Асылбаевич Асқаров ағамыз. Астанадан түнделетіп шыққан. Бала кезден Дидахметтің егіз боп өскен жан досы...
- Тыңдап тұрмын, аға! – дедім.
- Бала аман ба, қайда?
- Ауруханада...
- Аман ба, өзі Дидаштың сөзінен ештеңе ұқпадым... пойыз... аяғы... дейді аман ба, өзі... Аяғы бүтін бе?
- Бүтін, қазір үйге кеп шай ішесіздер ғой сонда айтамын...
- Әй, бауырым! – деді Әлібек ағамның дауысы қатты шығып – Шай ішіп отыратын уақыт жоқ... Давай, больницаның алдында болыңдар...
Біз барсақ Әлекеңдер кеп алған екен. Даукең жатқан палатаға кірсем, Зәйкүл жеңгемізбен Дидар бауырым жылап жіберді... Әлібек аға Даулеттің екі аяғы барына көзі жетіп, көз жасын сүртіп «Бұл бір ұшық қой, әлі жас бәрі орнына келер», – деп жиналғандардың көңілін орнықтырып, дәрігерлерден әр нәрсені сұрап, оларға «бір проблема болса, хабарласыңдар», – деп визиткасын таратып берді...
Сөйтіп, Семей жұртшылығын біздің Даукебай бір сілкіндірген...
(...Құрметті оқушым! Бұл шағын естелікті мен жазғым да, ойлағым да келмеген. Осыдан бір апта бұрын, таң атар-атпастан Өскеменде тұратын мықты қаламгер – Әлібек Қаңтарбаев ағам телефон соғып: «Дидаштың 40 күндік асы келе жатыр, елдің бәрі жазып бітіпті сен ғана қалыпсың, бірдеңе жазбаушы ма едің?» – деді.
«Мен жаза алмаймын» ғой... Қаңтарбаев тыңдайды деген... Өйткені, үлкеніміз сол кісі, қазіргі елдегі қаламгерлерден...
Күніне үш рет қоңырау, жарты сағат қай тұрғыдан жазу туралы... Ақыл болғанда бос ақыл емес, Дидахметтің өмірінің біраз бөлігі жайлы білетінім жайлы айтады. Ол ағамыздың сөзі орынды... Бағынбасқа амал қанша?.. Негізі асықпай жазуым керек еді... Сонымен аяқтайын...)
...Қатон-Қарағайдан қайтып келеміз. Бәріміз үнсізбіз... Бір кезде «Қаратай» деген жазуы бар кафеге тоқтадық. Жол бойындағы... Ішке кірсем Оралхан ағамның портреті тұр... Кеудеме өксік тығылды. «Кеттік, жігіттер!» – дедім ішке кірер-кірместен, жанымда Астанадан бірге шыққан Жарқын Түсіпбеков пен тізгінші Мақсат Жәнібеков деген бауырларым бар...
Жаңбыр шелектеп жауып тұр. Жарқын: «Алтай Дидахмет ағамызды жоқтап тұр ғой...» – дейді.
...Бір бұралаң жолдармен тау басына көтерілгенде: «Макс бауырым, кішкене аялдашы», – дедім. Мақсат өте білімді, қарапайым жігіт екен.
- Жақсы аға.
...Тау басында тұрмын. Жаңбыр шелектеп құйып тұр еді бір сәтке басыла қалды... Оңаша тұрмын. Көз алдыма Алтай таулары мені көрсін дегендей қалың бұлт арасынан жарқ етіп ай шыға келмесі бар ма?..
Қайран, Ораш ағам-ау, биыл бірге Алтайға барамыз деген жылы өзің де жетпей қалдың... Нұрлашым, досым – Нұрлан Маукенұлы: «Атқа мініп, Алтайды аралаймыз» деп едің-ау, ол күнге де жетпедің... Рүстем Есдәулетов айналайын, бауырым» қыршыныңнан қиылып жүре бердің... Қара нардай Қара шалым: «Сені Алтайға апарып аяғыңнан байлап қойып жазу жазғызам» деп едіің... Енді еркелейтінім Қара шалым, сен де жоқсың... Қалихан Ысқақ деген классик енді жоқ...
Дидаш ағам-ау... Соңғы кездескенде мені бауырыңа басып, «Өзіңді байқашы» деп едің... Өзіңді неге сақтамадың?..
Өмір мен Ертіс ағып жатыр. Бұл шығыста әлі талай таланттар туады. Әлі талай жұлдыз жарқырайды. Соларды сақтай білейік...
Бір сәтке Алтай шөгіп жатқан атан түйедей көрінді маған...