Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Мәйекті 6592 0 пікір 24 Маусым, 2015 сағат 15:46

Мырзан КЕНЖЕБАЙ. ЖАУЫРДЫ ЖАБА ТОҚУ ЗАМАНЫ ӨТКЕН

         Жақында газет тігінділерін ақтарып отырып, Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кравчуктің газет тілшісімен сұхбатын оқыдым. Сонда ол   қарапайым халықтың ойлау жүйесі билік қандай үгіт-насихат жүргізсе, соның ыңғайында болады дейді. Солай дей келіп кейбір ел билеушілері «тоталитарлы шешім қабылдауға, мақтауға, атақ-даңққа, ақшаға, халықтың құндылықтары мен ұлттың байлығын өздері иемденіп кетуге бейім болады»-дейді. «Егер сіздің халқыңыз менталитеті түсініксіз, тарихи жады жоқ халық болғысы келсе қазақ болып қалғысы келмесе,өздері білсін. Ал егер азап шеккен және қазір де азап шегіп жатқан елін ойлағысы келсе, онда қайдағы бір түсініксіз ел үшін емес, Қазақстан үшін күресетін болады»– дейді тағы да Л. Кравчук. Нағыз көреген, нағыз ұлт басшысы әрі үлкен ойшыл да саясаткер екені көрініп тұрған жоқ па?! Әрине, ел басқарып отырған адамдар саясатта, тіпті, әр сөйлеген сөзінде сақтықпен сөйлегені ләзім. Дегенмен, тас төбесінде ажал аузын арандай ашып тұрған сәтте де айтылуға тиісті ақиқатты айтатын, Құдай өзі берген жанын өзі алады, сондықтан ұлтымның шын азаттығы жолында жаным пида дейтін сәттер де болады. Міне, бүгінде қолында азды-көпті билігі бар қатардағы атқамінер қазақтан бастап, билітің ана-а-ау шырқау шыңында жүрген әрбір қазақ сондай жанкештілікке бармаса болмайтын заман туып тұрғаны ақиқат. Егер біз күніге «елімізде тыныштық», «бірлігіміз жарасқан», «тату-тәтті күн кешудеміз» деген сияқты жаттанды ұрандарды ана жерде де, мына жерде де атүсті айтудан жалықпай, осы елдің, осы жердің Алладан кейінгі, яғни, жер үстіндегі иесі–қазақтың мұң-мүддесін баса айтпай айналып өте берсек, оның ақыры немен бітетінін ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені, жер бетінде тұратын жүздеген ұлттың бір ғана мүддесі болуы еш мүмкін емес.  Кремльдегі өздерін «ұлы орыс халқы» деп атайтындар әлде ішіп отырып, әлде «с похмелья»  біз совет халқы деп аталатын жаңа ұлт  жасадық деген де олардың бұл сандырағының аржағында бәріңді орыс  қыламыз деген жымысқылық жатты. Кремль басшыларының «бәріміздің мүддеміз–коммунизм орнату» деген ұраны да мас орыстың сандырағының бірі болып шықты. Өйткені, тілі, салт-дәстүрі  алуан түрлі халықтар тұрмақ, бір әкенің шалбарынан (шинелінен емес) шыққан бір үйдің балаларының да әрқайсысының өз арманы, өз мақсат-мұраты болады. Және бірінші кезектегі,  мақсат-мүдде және екінші кезектегі мақсат-мүдде дегендер болатыны тағыда аян. Әнебір жылы бір орыс журналисі Өзбекстан президенті Ислам Каримовке «Өзбекстаннан орыстар көптеп кетуде. Сіз туралы «Ол ең әуелі өзбек ұлтының қамын ойлайды» деген пікір бар. Бұған не дейсіз?»-деп сұрақ қойды. Сонда ол сәл ойланып, үстелді сұқ саусағымен тықылдатып отырды да: Сіз маған сұрақты тікелей қойдыңыз ғой. Мен де Сізге тікелей жауап берейін. Егер мен Өзбекстан президенті болып отырғанда ең әуелі осы елдің негізгі ұлты – өзбек ұлтының жағдайын ойламасам маған бұл орынның бір күнге де қажеті жоқ,-деп жауап берді. Сол айтқандай, бүгінде абайламасаң, жұтып жіберуге даяр тұрған жаһандану деген жалмауыз қағидасы бар мына заманда Қазақ Елінде қазақ ұлтының мүддесі бірінші орында тұруы керек дегенді ашық айтатын кез келгелі қаш-ш-а-ан.

         Тіпті, Қазақстанда 130 ұлт бар, олар сұмдық тату-тәтті тұрады дегенге  келісе қойғанның өзінде олардың қай-қайсысының да өз мемлекеті, өз атамекені, мысалы орыстың –Ресейі, белорустың –Белорусы, украинның–Украинасы, немістің–Германиясы бар  емес пе?! Сондықтан, мына заманда біз –қазақ  халқы ең болмаса жер бетіндегі жалғыз Отанымыз Қазақстанда болашаққа ең әуелі қазақ ұлты ретінде қадам басуымыз керек. Не ағорқаз деген (ағылшынша, орысша, аздап қазақша) тілде сөйлейтін, Алжас Амаровичше айтқанда ұлттық мастштабта емес,  «общечеловеческий масштабта» , «планетарный масштабта» ойлайтын, дүниежүзі халықтарының (әсіресе еуропалықтардың!) мәдениетін түгел үлгі тұтатын, шошқа демей, ит демей, құрбақа демей  жей беретін, сақталса қазақ деген аты сақталып қалған, сақталмаса арғы аталарымыз қазақ деп жүретін дүбәра, мәңгүрт біреулерге айналуымыз керек. Қазір заман біздің алдымызға осы екеуінің бірін таңдауды талап етіп отыр. Бұдан былай бұны жасыру билік басындағыларға да, қаратабан жәй қазаққа да үлкен күнә. Бұл ауру біздің тәнімізге де, жанымызға да дендеп еніп, енді меңдеп барады. Әсіресе, бұл жаһандану ауруы біздің  елімізде емін-еркін таратылып жатқаны зәреңді ұшырады.

         Ұлттық ажалға айналып кетуі әбден мүмкін бұл аурудан аман қалудың ең басты жолы экономика да, көптеп инвестиция тарту да, инновация да, әр аттаған қадамыңа ат қою да  емес. Ұлтты аман сақтаудың ең басты  дәрісі де, дәрумені де –қазақтың тілін  өз елінің ең басты тіліне айналдыру. Бұл талай елдің, талай ұлттың ғұламалары айтқан ақиқат. Жаңағы Л. Кравчук бұны бұдан әлденеше жыл бұрын Украина президенті болып тұрған кезде-ақ «Егер украин тілін тыңдағысы келмесе, сөйтіп адамдарды рухани тұрғыдан құлға айналдырса ондай мемлекеттің қажеті қанша?»–деген екен. Осы сауалды бүгінгі басшы қазақ та, қосшы қазақ та өзіне-өзі қоятын күн туғалы да аз уақыт өткен жоқ.

         Басқа отаршыл мемлекеттерді қайдам, әйтеуір патшалы Ресей де, кеңестік Ресей де, бүгінгі Ресей де өз қарамағындағы ұлттарды ең әуелі тілі мен дінінен айыруға тырысатынын көріп отырмыз. Мысалы КСРО кезінде бірнеше ұлт мүлде жойылып кетті, бастапқыда 200-ге жуық тілде сөйлейтін халықтардың бас-аяғы 10-15 жылда 100-ден астам тілі жойылып  тек орысша сөйлейтін болды. Ал КСРО құлағаннан кейінгі Ресей Федерациясында бас-аяғы 7-8 жылдың ішінде бұл федерация құрамындағы өзге ұлттық мектептердің көпшілігінде сабақ орыс тілінде ғана жүргізілетін болды. Мәскеу басқарып  тұрған сонау жылдары Қазақстанда 700-ден астам қазақ мектебі жабылды. Сол кездегі Қазақстан басшылары бұған қарсылық білдірмек түгіл Кремльге қосыла шауып жүргенде Өзбекстанда 700-ге жуық қазақ мектебі болды. Өзбекстан қазақ мектебін қысқартса, әркім өз алдына отау тіккеннен кейін енді ғана қысқартуда. Әр ұлт өзін-өзі аман сақтауға кіріскен бұ заманда ол үшін өзбекті кінәлай алмайсың.

         Біздің қазақ «орыстан үйрен» деген қағиданы отырса да, тұрса да ұран қып келеді. Ендеше, сол орысқа яғни, Ресейге еліктеп Қазақстан мектептерінде пәндерді қазақша оқытуды неге қолға алмаймыз? Сонда нағыз әлгі, өзіміз айта беретін «тілегі бір, жүрегі бір», «бірлігі жарасқан ел» болмаймыз ба?! Оның орнына балабақшадағы аузынан емшек сүті кеппеген сәбилерімізден бастап үш тілде сөйлеуге мәжбүрлеп, жоғарғы сыныптарда сабақты ағылшын тілінде өткізуге міндеттеп жатқаны несі? Бұл –адам хұқын, ұлт хұқын ескермеу емес дей аласыз ба? Сонда біздің мемлекеттік тілдің мәртебесі деген мәртебе қала ма өзі? Жоқ. Ал мемлекеттік тілін көкке көтермейтін басшыларға ұлттың да, мемлекеттің де қажеті бар деу қиын. Қазір қай елдің президенттері де халық алдына шыққанда тек өзінің мемлекеттік тілінде сөйлейді. Бізде Алматы мен Астана түгіл облыс орталықтарының әкімдері жиналыстарын орысша сайрап өткізеді. Францияға  қай президент келсе де ең әуелі мемлекеттік тілдің мәртебесі бірінші орында  тұруын, барлық жерде тек француз тілінде сөйлеуді талап етеді. Осы Франциядағы фирмаларға ағылшын-американ атауларын қолдануға баяғыда тыйым салынған. Тіпті, мемлекеттік тілді менсінбегенің үшін қылмыстық жауапқа тартатын елдер де бар. Қазір дүниежүзі ағылшын тіліне көшуде біз де сөйтуіміз керек деп Қазақстанда көтерілген ұран қып-қызыл өтірік. Бүкіл Еуропа мемлекеттері де, Қытай да, Жапония да бүкіл іс қағаздарын тек өз тілінде жүргізеді. Ал әлсін-әлсін біресе «қос тіл –қос қанатың», біресе «үш тілің–үш тұғырың» деген ұран тасталып отыратынына қарап, кейде  қазақтың қайткенде де ұлттық санасын оятпау үшін әлде Ресейдің, әлде өзіміздегі бір ұйымның ұзақ жылдарға белгіленген бір жасырын жоспары бар ма деп те қорқамыз. Бұл әшейін бір күдігіміз ғой. Бірақ тәуелсіздік алдық деп той тойлаған 25 жыл ширек ғасыр боп қалған Қазақстандағы қазақтың жас ұрпағы үшін

 

                                Орысша сөйлеу әлі «мода»

 болып, тіпті, қазақ тіліне мұрнын шүйіріп қарайтын жастар әлі де көп екеніне осы бір «қостілділік», «үштілділік» деген ұрандардың себеп боп тұрғаны рас. Және Қазақстаннан басқа бірде-бір елде қайта-қайта мұндай ұран тасталмайды. Бұл орайда жастарды кінәлау орынсыз екеніне де көзіміз жеткені бар. Жастар былай дейді:

         Ең  әуелі тілім қазақша шыққан еді «басқа бірде-бір тіл білген емеспін. Кейін  шарбаққа, аулаға, көшеге шығысымен кілең орысша сөйлеп жүрген балалармен ойнайтын болдым. Тек орыстар ғана емес қап-қара қазақ балалары да бір-бірімен орысша сөйлесетінін көріп таң қалдым. Күні бойы солармен ойнаймын. Ақыры қазақша сөйлеуді біртіндеп қоя бастадым. Содан мені орыс мектебіне берді. Қазір университеттің орыс бөлімін тәмамдаудамын. Әрине, мектепте қазақ тіліне бөлінген сағат болды. Бірақ оны сабақ деуге болмайды. Мазақ! Қазақ тілі сағаты келгенде орыс балалары «Ура! Доп ойнаймыз!» деп қуанып шулай бастайды. Қазір маған егде, қарт адамдар ғана «қазақсың ғой! Намыссыз  болмай, қазақша сөйлесейші»-дейді. Жастар, қатарларымның 90 пайызы орысша сөйлейді. Жаның ашымайды емес, ашиды. Біздің қолымызда не бар, елдің тілін қазақыландырамын, бәрін мемлекеттік тілге көшіремін десе жоғарыдағыларға ол түк емес. Намысың жоқ па деп бізге емес, жоғарыдағыларға айтыңыздар, -деді 20 жастағы өзін есімім Аселя деп таныстырған қыз.

         –Аселя емес Әсел шығар?

         –Нет, нет Аселя! Так звучит моднее,-деп күледі. Келесі сөйлескеніміз өзін Улан, қасындағысы Диас деп таныстырды.

         –Улан деген жаман сөз ғой. Орысша «отравись!» Ұлан десейші десек күледі. Ал Диасы қазақша мүлде «қақпайды» екен. Жасы 19-да. «Диас» деген нені білдіреді деген сұраққа түсінбегесін амалсыз «А что означает слово «Диас»?-десек одан да бейхабар. Оған бұл «диас» деген еш мән-мағынасы жоқ,  ал шындығына келсек, Кеңес заманындағы кейбір жағымпаз қазақ коммунистердің Долорес Ибаррури, Альенде Сальвадор деген шетелдіктердің аты-жөнінің бас әріптерін алып өз балаларының атын қойғаны ғой деп ұзақ түсіндіруімізге тура келді. Мән-жайды енді түсінген Диас «Папамдын папасы ат Патрис. Оған 60 жас» деді. Ана тілінен бейхабар, өзара орысша сөйлейтін қос құлыныма айтар сөзім таусылып тұрғанда Улан қазір ағылшын тілінің курсына барып жүрміз деді. Мұнысы бізге «жыласаң тағы да істеймін» дегеннен кем тиген жоқ. Одан да қазақша үйренбейсің бе десем «Зачем?»-деп қарап тұр.

         Иә, әнебір кезде қазақтар «орқаз» деген, яғни, «орысша-қазақша» деген тілде сөйлейді деп күлгеніміз бар еді. Бүгінгі қазақ «ағорқаз» деген үш тілді (ағылшынша, орысша, аздап қана қазақша) болды. Бұның ақыры қазақ тілінің мүлде жер бетінен жойылатынына әкелері сөзсіз. Ал тілі жойылған ұлт –ұлт емес. Қазір бүкіл шонжар, Астанадағы министрлікте отырғандар мен шенді атаулы бір-бірімен орысша не орқазша сөйлеседі. Іс қағаздары да солай. Бұған қарсылық білдіріп жатқан қазақ жоқ, қайта олар да бір-біріне «брат», «братан», «нормально ма?», «қарашо, қарашо» деп орысша шүлдірлеуді үдетіп барады. Сол Астанаға барғанда біреулерге «қазақша айта берсейші» десеңіз– «ты кто, южанин?», «чимкентский что ли?» дейтінін қайтерсің. Оған қарап: «надан бейшара-ай!»-дейсің іштей. Мұндайлар қазір шамадан тыс көбейіп барады соларды көріп «Бұл қазаққа ес кірмей, кім дос, кім қас екенін айыра алмай, осылай мәңгүрттеніп кете берер ме екен?» дейсің тағы да.

         Иә, қазақ бәріне төзіп келеді. Қазақ өз жеріндегі аста-төк байлықтың үстінде отырып  жоғары білім дипломымен жігіттері «дәр-ө-гу» деп арба сүйреткенге де, қыз-келіншектері күндіз-түні вагон жағалап су мен сыра, қырғыздар тіккен ішкиім сатып, қала берді тәнін сатып тамақ асырағанға да, көше сыпырушысы болғанға да, бәріне-бәріне көніп келеді.

          Қарап отырсақ, бүгінгі қазаққа өзінің шын тарихы баяғы қырық құбылтып, бұрмаланып берілген күйінен көп өзгертілместен оқытылуда. Онда Ресейдің ғасырлар бойы қазаққа көрсеткен қорлығы мен зорлығы толық айтылмайды. Оның есесіне бастан-аяқ «жоңғарлар», «жоңғар шапқыншылығы» деген сөздерге сүрініп жығылып отырасың. Алтынорда кезінде гүлденген, қуатты мемлекет болғанымыз туралы ләм-мим жоқ. Қазір қазақ жастары Алтынорда деген бір базар ғана деп ойлайды. Бүгінгі қазақ ұзақ жылдар өзін қай ұлт, қай ел қырып-жойып келгенін толық білмейді.  Ал шын тарихын ғасырлар бойы тілі мен дінін, салт-дәстүрін, ар-намысын қай ұлт, қай ел қорлап, жер-суын кімдер тартып алғанын білмейтін ұлтта ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім деген болуы мүмкін емес. Соның бәрі аз болғандай тілінің тең жартысы шұбарланып, күннен-күнге қолдану аясы тарылып тек от басы, ошақ қасында ғана ана тілін араластырып сөйлейтін ұлттың ертеңі қандай болмақ? Біз қазір сондай ұлтқа айналып болған жоқпыз ба деп қорқамыз. Бүгінгі қазақтың ұлт болып аман қалуы да, дамып алға басуы да  тікелей байланысты екенін қазақ шенділері білмей отырған жоқ, біліп-ақ отыр. Қазақ халқының бір ерекшелігі мынау: біздің қазақ қашаннан хандары мен би сұлтандары, атқамінерлері не айтса, соны орындап қалыптасқан. Ендеше, бұл істе Ресейге жалтақтауды, жауырды жаба тоқуды тоқтатып үлкенді-кішілі қызметтегі жоғарғы биліктегі әр қазақ  өзінің ұлттық санасын, ұлттық намысын ойлауды бастамаса, «...істің бәрі бос» болып қала береді. Оның ақыры қайталап айтсақ қазақтың жер бетінен жойылып, кім екені қай ұлт екені белгісіз, әйтеуір түрі азиялық тіршілік иесіне айналары сөзсіз. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3332
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6095