Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7662 0 пікір 22 Маусым, 2015 сағат 12:10

ҚЫРЫЛҒАН КИІК, ҚАУҚАРСЫЗ ӘКІМ, ҚОРҚАҚ КАПИТАН ...

ЭКСПЕДИЦИЯ: ҮШІНШІ КҮН...

Abai.kz порталы қырылып жатқан киіктер зобалаңы туралы Шындық экспедициясы сапарынан жалғасты мақаланы назарларыңызға ұсынады. Бұған дейінгі мақалаларды мына сілтемелерден оқи аласыздар.

Қостанай облысы, Жангелдин ауданының бізден үш күн қашқан әкімінің экономика жөніндегі орынбасары Бидашев Дінмұхамбет Серікұлы мырза туралы бір-екі ауыз сөз, баяғы...

Бейсенбі күні біз аудандық әкімшілікке барып бұл азаматпен тікелей танысып, экспедицияның мақсатын айтып, түсіндіріп кеткенбіз. Сондағы бізге айтқаны:
- Менің бұл экологиялық жағдай туралы ешқандай ақпараттан хабарым жоқ. Бірдеңе деуге құзыретім жоқ. Қоятын сұрақтарыңызды әкімнің өзіне немесе ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарына қойыңыз.
Алтыншы айдың жиырмасы, жұма күні таңертеңгі сағат 10-нан бастап түстен кейінгі сағат 14:30-ға дейін Жангелдин ауданының әкімшілігінде ешкім бізді адам ба, ит пе деп елемей, кіргізбей қойды. Аудан прокурорының орынбасары, әрі осы кезде міндетін атқарушы (мың болғыр) Қозыбақова Мейрамгүл ханымның телефон соғып, бізді қабылдауын өтінуінен кейін барып қана қабылдады. Қабылдаған: әкімшілік аппаратының жетекшісі Амиров Талғат Қойшыбекұлы. Сондағы сұрағанымыз: киіктің қырылған аумағына (біздің көліктердің жете алмайтындықтарын естігеннен кейін) ауылдан жалдап алуға асты биік бір көлік тауып беру еді. Алған жауабымыз: бізге абсолютті түрде ешқандай көмек көрсетпейтіндігі... Амандық тіледік те дереу шықтық. Құдай қолдап Бауыржан деген азаматпен келісіп жолға шықтық.

Торғайдан шамамен 85 шақырымдай жол жүргенде жалдаған көлігіміз бұзылып, артқа, Еңбекші ауылына дейін қайтуға мәжбүр болдық (шамамен 15 шақырымдай). Сол жерде Жасұлан есімді азаматтың жигули машинасымен, не болса да тәуекелге бел байлап, киік қырылған жаққа қайта шықтық. Жолсыз далада сандалып біраз адастық та. Түнге дейін қайтатын ниетпен шыққанымызға қарамастан сол иен далада түнеп шықтық. Таңның атуымен өткенде киік қырылып көмілген жерді де таптық, оның сәл ғана әрі жағында жатқан көмілмеген киіктердің қаңқаларын да  таптық. Видео-фото материалды жеткілікті қылып жинадық. Сонымен шаруа бітіп, кері қайттық. Қызықтың бәрі сонда басталды. Еңбек ауылына жақындағанда өзінің әкімшіліктегі НИВА автокөлігіне Асқарбек атты полиция капитанын қоса отырғызып алған Дінмұхамбет мырза күтіп алды. Сөйтті да ерекше дөрекілік көрсетіп, бізді көлігімен алып барып қайтқан Жасұлан деген жігіттің анасының аудан әкіміне, аудандық ішкі істер бөліміне, төтенше жағдайлар комитетіне дамылсыз хабарласып жатқандығын, ұлына іздеу жариялауды сұрап отырғандығын, денсаулығының күрт нашарлап кеткендігін, қан қысымының көтеріліп кеткендігін айтып далада 20 минуттай уақыт зіркілдеді. Мемлекет қызметкері кодексін көбіңіз оқыған шығарсыздар? Сондағы «болмайдыны» «міндеттіге», «міндеттіні» «өзі біледіге» ауыстырып алған адамша әрекет қылып тұрды қысқаша айтқанда. Ең күлкілісі: көлігінің алдыңғы және артқы мемлекеттік нөмірін сылап қойыпты. Сол НИВА-дан түсіп жатқан жерін суретке түсіріп те алдық. Жаның ашиды осындай адамдарға... Алдындағы күнгі полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне прокуратураға бұлтартпас дәлел-дәйектермен қосып тұрып арыз түсіргенімізді естіген болу керек, мәшинесінің сыланған нөміріне қарай беріппін де күле беріппін ғой. Күйіктен бе, жанның ашығанынан ба, жасаған әрекетіне наразылықтан ба... Әйтеуір қуаныштан емес екені хақ.

Не керек, Жасұланның үйіне барып анасының алдынан өтіп, кешірім сұрап жатсақ, бомбаның әкесін апамыз жарды. Сүйтсееек, далаға Жасұланның мәшинесімен кеткенімізді естіп алған бұлар жан жақтан түні бойы апаның мазасын алып, өздері телефон соғыпты, әсіресе, аудандық әкімшіліктен. Бұны бізге апаның өзі капитанның көзінше айтып берді, аудиожазба қылып таспаға түсіріп алдық дәлелді. Сонда бұларға жандайшаптың заңсыз әмірін орындау үшін бір ананың жүрегі жарылып кетсе де бәрібір боп тұр. Сонымен не керек, Торғайдан біз қашанғы шығып кеткенге дейін бұл капитанға бізді бақтырып қойды. Бір елі қалмай жүріп шығарып салды онысы.

Сонымен, кешкісін ғана экологиялық жағдайға еш қатысы жоқ адам таң атып болмай жатып өзінің осы мәселе бойынша аудандық әкімшіліктен сайланған басты «фигура» екендігін айтып тұра берді. Сонда ол тағайындалу кешкі сағат 7 мен таңғы сағат 8-дің арасында болған боп тұр. Өкініштісі тым құрығанда бетінен ұялғаны да байқалмады. Қартайған ананың зәре құтын ұшырған «еркектігі, жігіттігі анау!»... Кейде ойлайсың, Абай заманынан бері қазақ сахарасындағы «осындайлар» орындарынан бір миллиметр де жылжымады ғой, шіркін деп. Сіресіп қатып алған не деген тоң десеңізші...

 Амандық Дәулетбекұлы, «Шындық экспедициясының» мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394