НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ ЕЛБАСЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
Талантты оқушыларды топтастырып, халықаралық талаптарға сай білім беру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің әр аймағында 2009 жылдан бастап ашыла бастады. Елбасы бұл білім ордаларының қызметіне ерекше мән беріп келеді. Өзінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында Н. Назарбаев олардың тәжірибесін бүкіл білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне шығару керек екенін айтқан болатын. Елбасы жоғары бағалаған білім ордаларының бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында Шымкент қаласындағы химия-биология бағытында дәріс беретін Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымовпен сұхбаттасқан едік.
– Әңгімемізді мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ. Зияткерлік мектептердің жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда оқыту мазмұны мен сапасында қандай айырмашылық бар?
– Біздің білім ордамыз 2013 жылдың наурыз айында ашылды. 640 оқушымыз бар. Олардың 30 пайызы ауылдан келген балалар. Арнайы оқу бағдарламасы бойынша білім алған біздің түлектер Ұлттық бірыңғай тест емес, Кембридждің емтиханын тапсырады. Егер бала тілдік пәндерден емтихан тапсыратын болса, міндетті түрде төрт тілдік дағды, яғни жазылым, оқылым, тыңдалым, айтылымы тексеріледі. Көп оқушылар грамматиканы жақсы білгенімен, сөйлегенде ойын дұрыс жеткізе алмайды. Сол себепті біз оқушының жан-жақты білімін тексереміз. Алған білімін өмірде қолдана алуын, қиындықтармен бетпе-бет келгенде қалай шешім қабылдау керектігіне мән береміз. Тоғызыншы сыныпқа дейін барлық пәнді оқиды да, одан кейін таңдаған мамандығына қатысты пәндерді ғана оқиды. Басты мақсатымыз – сапалы білім беріп қана қоймай, әр баланың бойына жауапкершілік, адалдық, мейірімділік, ұлтжандылық сынды құндылықтарды сіңіру. 120 балаға лайықталған жатақханамыз бар. Үйден қатынап оқитын балалар 3 мезгіл, ал жатақхананың балалары 5 мезгіл, тегін тамақтанады. Сондай-ақ, оқу құралдары, мектеп формалары мен спорттық киім де тегін беріледі.
– Мектептеріңізде қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Қызықты, көптеген жобамыз бар. Айталық, аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері белгілі бір уақытта оқушылар, қызметкерлер жапатармағай кітап оқуға кіріседі. Сосын оны талқылаймыз. Демалыс күні кітап дүкендеріне барсам кітап алып жүрген өзімнің оқушыларымды жиі кездестірем, сол кезде дұрыс нәрсе жасап жүрген екенміз ғой деп ойлаймын. Олардың бірте-бірте кітап оқуға деген ынта-ықыластары артып келеді. Өзім де көлікте жүрсем, радио емес, аудиокітап тыңдайтын болдым, аптасына кем дегенде бір-екі кітап тыңдауға болады екен. Сондай-ақ, біздің оқушылар укипедияға қазақша мақалалар жазып жүр. Интернеттен мәлімет іздегенде керек нәрсең «Ашық энциклопедиядан» қазақша шыға бермейді. Сол себепті оңтүстіктің балалары жазбаса қазақшаға шорқақ солтүстіктің балалары жаза қоймас деген оймен мақсат етіп қойдық. Бүгінде біздің оқушылар 4 мыңнан астам мақала жазып, өңдеп, қазақ интернетінің дамуына өздерінің үлестерін қосуда. Ал ай сайын сапалы мақала жазған баланы марапаттап, ынталандырып отырамыз. Бұдан бөлек «Қазақтың 100 әні» деген жобамыз бар. Кейде балалармен басқа қалаға немесе шетелге жол жүргенде бірге ән айта қояйық десек, өзіміздің әндердің сөзін жатқа білмейді екенбіз. Ал осы жобада біз апта сайын бас қосып, әннің сөзін, тарихын жаттап жатырмыз. Сондай-ақ, әрбір азамат оңтүстіктің дамуына үлес қосуы керек деп есептеймін. Біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыз үлкен бір жобаны бастап жатыр. Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында орын тепкен Қажымұқан мұражайындағы әрбір жәдігерді жеке-жеке суретке түсіріп, 3д тур-саяхат жасайтын сайт жасап жатыр үш тілде. Еліміздің өзге өңірлерінен, шетелдік қонақтар Оңтүстікке ат басын бұрғанда оларға көруге тұрарлық жерлерді насихаттау, туризмді дамыту мақсатында осындай жобаларды жүзеге асыру ойымызда бар.
Тағы бір жақсы үрдісіміз жазда балалар ата-ана қызметімен танысу мақсатына 10 күн олардың жұмысында өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Ата-анасының таңнан қара кешке дейін қалай еңбек етіп, оларды асырап жатқанын көзбен көріп, көңілдеріне түйеді. Бұдан басқа техникалық, спорттық, шығармашылық бағытта 34 үйірме мен оқушылардың өздері жүргізетін 17 клуб жұмыс істейді. Оған балалар 100 пайыз қатысады.
– Екі жылда қандай жетістікке жеттіңіздер?
– Биыл 129 бала бітірді. Қырық оқушымыз Астанадағы Назарбаев университетіне түсті. 86 оқушымыз медициналық мамандықты таңдады. Математик болсам да бес-алты жылдан кейін медицина саласына 86 мықты маман келетініне қуанамын. Республикалық, халықаралық білім сайыстарынан, спорттық додалардан топ жарып, жеңімпаз атанып жатқан шәкірттеріміз көп. Бүгінде қаламыздағы 37 мектеп ұжымымен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Аптасына мыңнан астам мұғалім келіп, біздің ұстаздар балаларға не үйретіп жатқанын көреді, тәжірибе алмасады. Сондай-ақ, басқа мектептерде білім алатын оқушылар да келіп, біздің үйірмелерге, клубтарға қатысып жатыр. Арнайы кесте бекітілген. Ұстаздарға қосымша жүктеме жүктеп, қоғамға қызмет етіңдер деп жатырмын.
– Кез келген ата-ана ұл-қызының сапалы білім алуын қалайды. Зияткерлік мектепке қабылданудың ережесі қандай?
– Мектепке қабылдау ақпанның соңы мен наурыздың басында өтеді. Алтыншы сыныпты бітірген ұл-қыздар құжат тапсыра алады. Олар екі кезең бойынша бақ сынайды. Сондай-ақ, орын болса басқа сыныптарға да қабылдауға конкурс өткізіледі. Ата-аналар мен оқуға түскісі келетін оқушылар керек мәліметті мектебіміздің сайтынан қарап жүрсе болады.
Сұхбаттасқан Әйгерім Бегімбет
Abai.kz