Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Міне, әңгіме! 9713 0 пікір 27 Қараша, 2015 сағат 11:39

КЕҢЕС ОДАҒЫНАН НЕГЕ ӘЛІ ҚОРҚЫП ЖҮРМІЗ?

Қазіргі Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола облысының аумағында,  ресми құжаттарға қарағанда 1929-31 жылдар аралығында Қазақстанда 372 шаруалар көтерілісі болған. Бұл соғысты  «Созақ, Қарқара, шаруалар  көтерiлiсi» деп сан-саққа жүгіртеміз. Шындығында  «Кеңес Одағына қарсы көтеріліс»  деп неге тарихқа солай жазбаймыз.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті - қазақ халқы үшін, оның тәуелсіздігі үшін болған соғыс сияқты көреміз. Иманов бастаған көтерліс - қазақ халқының, мемлекетінің тәуелсіздігі үшін отарлаушы патша үкіметімен болған соғыс па, әлде «Окоп қазуға адам бермейміз» деп қазақ байларына қарсы көтеріліс пе, әлі ара жігі ажыратылған жоқ. Иманов көтерілісі: «Балаларымыз байлардың балаларының орнына әскерге алынып жатыр» деп байларды өлтіріп ауылдарын тонап қырған жоқ па? Қазақ байларына қарсы көтеріліс – қазақ халқына қарсы көтеріліс десем қателеспеймін. Әлде қазақ байлары қазақ емес пе?.

Бұл көтеріліс Ресей үшін пайдалы әрі маңызды. Өйткені көтерлісітің негізгі бағыты Алашорда үкіметі мен олар құрған қазақ сарбаздарына қарсы бағытталды. Алаш үкіметінің құлауына, алаш ардақтыларының жеңіліске ұшырап артынан атылып кетуіне септігі тиді. Бұл да бір тарихтың ашылмаған қатпарлары. Сонда кеңес үкіметін жақтаған көтеріліс, ұлт – азаттық көтеріліс саналып, нағыз Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісті «бандиттер, қарақшы, қанішер, жауыздардың көтерілісі» деп бағалайды. 1930 жылғы Кеңес Одағына қарсы көтерілісті: «Байлардың, Кеңес үкіметінің жауларының қастандығы» деп айдар таққан Ф.И.Голощекин 1931 жылы желтоқсан айында Сталинге жазған хатында; «Тап күресінің өрістегенін ГПУ-дің төмендегідей анықтамасынан білуге болады: соңғы екі жылда ірі бандалардың 34 000-дай адамы қатысқан 15 бас көтеруі орын алды. Осы екі жылда 1350 контрреволюциялық топтар жойылып және оған қатысқан 7500 кісі қолға түсті…» [12,108 п], – деп жазды. Көтерілістердің басты себептерінің бірі, 1929 жылы қолға алынған күштеп колхоздастыру саясаты болды. Сталин 1928 жылы Лениннің жаңа экономикалық саясатын қорытындылап, 1-ші бесжылдықты бастап, жоспарлы экономиканы жүзеге асыра бастады. Алғашқы бес жылдық жылдары (1928-1932 жж) ауылда жеке меншік жойылып, колхоз бен совхоздар құрылды. 1932 жылы алғашқы бесжылдық жетістіктері мен революцияның орнағанына 15 жылдығын Алматы қаласында орталық комитетте тойлайды.

Ф. Голощекин, Е. Ерназаров, І. Құрамысов, О. Исаев бастаған, қызыл сұңқарлар мен «қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылар, шаласауатты зиялылар қоштаған тобырлар, Алматы көшелерінде аштықтан теңкиіп-теңкиіп, шашылып өліп жатқан қазақтардың сасыған мәйіттерінің үстінен мұрындарын басып, аттап өтіп, салтанат сарайына кіріп үлкен мінберден бесжылдықта жеткен жетістіктерін айтып, «Ура, ура» деп жүздерінде қуаныш, «ду қол шапалақтап», бойларын шаттық сезім билеп, бақыттан бастары айналып жүргендері есіме түскенде  жүрегім қан жылайды...


1917 жылы атың өшкір Кеңес Одағы құрылысымен-ақ билікке келген коммунистердің зорлық-зомбылығы, әділетсіздік, жазықсыз түрмеге қамау, атып тастау, аштықпен қыру, 1991 жылы қарасы батқанша жалғасты. Ылғи кедейлерден құрылған, «кедейлердің үкіметіміз» деп атаған Кеңес үкіметі кедейлердің өзін де аямады. Сондықтан да ол үкіметті терроршыл, қандыбалақ, жендеттердің билігі десе әділ болар еді. Кеңес Одағы мен оның қанішер билік өкілдерін ақтағысы келетіндерді - аштан қырылған, аяусыз атып тастаған, көмусіз қалған жазықсыз жандардың әруағы ұрсын. 1929 жылы желтоқсан айында (б) Қазақ өлкелік комитетінің пленумында «Қазақстанда жаппай ұжымдастыру (коллективтендіру) ісін жүзеге асыру» үшін шешім шығарды. Сол бойынша халықтың қолындағы ең соңғы сауын сиыр, ешкі, қозы, лақ, бидай, ас-ауқатына  дейін тартып алып қазақты аштан қырды. Бұл кедейлерге «Алтын заң» жазып беріп, "теңдік, азаттық" әперген коммунистердің бір ісі ғана.

Ол кезде қазақтар ру-руымен аймақтарда, ауылдарда бөлек-бөлек қоныстанған еді. Ата-бабадан келе жатқан адамдық қасиеттің жоғары шыңы қазақтар өз руластарын ешқашан қырып жоймаған, зәбір көрсетіп қорламаған, құлдыққа салмаған. Соны білген орыс үкіметі бір рудың өңкей надандарынан теріп милиция құрып, екінші рудың ауылына қырғидай тигізді. Рулар арасына сына қақты.

Осының дәлелі «Қараноғай-Шаланың бүлігі» деп аталатын аты-шулы оқиғаны зерттеп, зерделеп Дүкенбай Досжанов, Тәкен Әлімқұлов, Мұхамеджан Рүстемов, Тәбіриіз Сүлейменов  Е.Өмірбеков, Ө.Бөрғазиев, Ө.Қырғызбаев, Д.Тұрантегі, сынды жазушы ағаларымыз бүге-шүгесіне дейін жазған.

... Арқадағы совет үкіметінің сенімді өкілі, Губерниялық милиция бастығының орынбасары Ғалым Әубәкіров қасына төрт милиционерді, рулас жігіттерді қосып алып Шу өңіріндегі ауылдарға «жаңа үкіметтің заңы бойынша мал ортақ, жер-су ортақ, әйел ортақ»  деп ылаң салады. Қарулы жасақ күнде мал сойғызып, қымыз ішіп, өздері түрме жасап көнбегенді  соған қамап қоятын болды. Қыс қатты болып жендеттер Арқаға қайтуға жол жабылып қалады. «Осында қыстаймыз» деп өздеріне арнайы бірнеше үйлер тіктіріп, әр ауылға мал, азық-түлік, қыстық киім жинатады. Халықтан киімнің, астың тәуірін, малдың семізін берсең қолыңнан бермесең жолыңнан деп зорлық-зомбылықпен тартып алып отырады. Ішік, тон, былғары аяқ киімдер, зерлі шапан, алтын-күмісі бар жақсысын жинап, тең-тең етіп буып түйіп, малдарды Тараздың базарларына сатқызып бума-бума ақшаның буы есіріктерді есіртіп жіберді. «Айдап жіберемін, соттаймын, контрасың, атып тастаймын» деп әбден халықтың зәресін алып қорқытып, үрейлендіріп алған соң, күйеулерін қамап қойып жас келіншектерді куйеулерінің көзінше зорлайды. Қараноғай мен жендеттері келіншектерді місе тұтпай енді жас қыздарды жаппай зорлай бастайды. Қай үйде өңді қыз, семіз мал, қымбат киім бар, жансыздар арқылы біліп отырады. Қызын, қарындасын қорғаған еркекті, қарияны өлімші етіп сабайды. Сол кездегі  Балбек Шопанұлы деген ақын:

... Әуелі елдің тонап малын алды,

Бойына теңгермеді еш бір жанды.

Ақыры көп олжаны місе тұтпай,

«Қыпша бел қыз керек» деп хабар салды.

 

Айдады момын елді көкше мұздан,

Қорықпады құдайдан, татқан тұздан.

Несие қойындай қып алды жиып,

Тарақты ада болды барша қыздан.

 

Ешкімді шаруасына қаратпады,

Өрттей өзеуреген жалақтады.

«Тек қана он бестегі қыз керек» деп,

Қыздарды жасқа толған жаратпады... деп жырлағанда сай-сүйегің сырқырайды....

Кеңес Одағының қанішер үкіметіне қарсы көтерілістің ең ірісі – Созақ көтеріліс деп атайды. Созақ өңірінің азаматтарына деген сенімсіздік тәуелсіздік алғаннан кейін де жиырма жылға созылды. Созақты басқаруға жергілікті азаматтарды енді қоя бастады. Сонда Тәуелсіз Қазақстанда әлі Кеңестік басқару жүйесі сақталған ба? Әлде Қазақстанды Кеңес одағын басқарғандар әлі басқарып отыр ма? Қазақ тарихына мемлекеттің селқос қарауының кесірінен осы көтерілістің 85 жылдығы биыл аталып өтілмеді.

Жастарды елін, жерін сүюге тәрбиелейді дейтін мектеп оқулықтарындағы қазақ тарихына қатысты тақырыптар, ата-бабаларымыздың қырғын соғыстардағы жанқиярлық ерліктері, тарихи оқиғалар, жалаң, сүрең, салқын жазылып, шынайы суреттелмейді. Оны оқып отырып оқушылар түгілі ересектердің қызығушылығын тудырып, бойыңа қуат, ар, намыс тұтандырмайды. Қазақ емес өзге бір ұлттың өкілі жазғандай, қалай болса, солай жазылған. Бөтен бір елдің тарихын оқып отырғандай сезінесің.

Қайран, менің өз елім.... қайтейін...

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6021