Сенбі, 23 Қараша 2024
Көк тудың желбірегені 8375 0 пікір 25 Қараша, 2015 сағат 12:41

«КӨШІ-ҚОН ЗАҢЫ» ТҮЗЕЛДІ. КӨШІҢДІ ТҮЗЕ, ЕСІЛ ЕЛ!

Көптен күткен «Көші-қон» заңы қабылданды. Алыстағы ағайын мен ел ішін сүйіндіретін ақжолтай хабарды халықшыл азаматтар бір-біріне хабарлап, кешелі бері мәре-сәре. Заң туралы ресми ақпарат көзі былай дейді:

«Мемлекет басшысы Н. Назарбаев кеше (24.11.2015) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Аталған заң жобасы елімізге жоғары білікті шетелдік мамандар тарту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында президенттік бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруға, сондай-ақ халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы саласындағы саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Сондай-ақ, заңда шетелде тұратын қандастарымызды атамекенге қоныстандырудың және оларды әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылған. Заң күшіне енген соң, сырттан көшіп келген ағайындардың ел азаматтығын алу мерзімі қысқарып, тағы бірқатар жеңілдіктер ұсынылмақ».

Заңның толық нұсқасын алдағы уақытта сайтымызда жариялайтын боламыз. Әзірге осы бір шағын ақпаратты оқырман қауымға жеткізе отырып аталған заңның атқарушы билік суыртпасында ұзақ жатып, Парламентке бірнеше рет келіп қайтқанын еске аламыз. Орташа жылдамдықпен бір жылда мыңнан аса заңның жобасын үтір нүктесіне тимей мақұлдап жіберетін Парламент депутаттары көші-қонға келгенде көлденең сөзді көбейтіп отырды. Басқа-басқа, Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыповтың өзі заң жобасы талқыланғанда: «-Бірталай біздің қазақстандықтар басқа елдерге кетіп қалды. Германияға, Россияға, Украинаға кетіп қалды. Олар да қайтамыз десе, оларға да жағдай тудыруымыз керек», - деп қыжыртқан еді. Оның үстіне Кәрім Мәсімов Үкіметі де көші-қонның мәселесін күрделендіріп, қаулы-қарарлар шығарып, қиындатып бақты. Соның ең сорақысы – көшіп келетін ағайыннан сотталмағаны жөнінде анықтама талап етуі еді. Көшіп келген жұртқа азаматтықты бермеу, тұрақты тіркеуге алмау дейтін «кесір-кесапаты» тағы болды.

Алайда бір шындықты бұра тартпай айта кетуіміз керек: Заң жобасын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ханым іштей қолдады. Ол заң жобасын дайындап ұсыну өз министрлігіне жүктелген бетте-ақ: «Бұл – Елбасының тапсырмасы. Заңды тездетіп қабылдауымыз қажет. Оралмандарға бір жылдың шегінде азаматтық беріледі. Олар тұрғындар саны аз облыстарға барып қоныстанады. Әлеуметтік пакеттер де қарастырылған. Жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етіледі» деген сөздерді әлденеше рет айтып, сүйіншіледі. Тамара Босымбекқызының елге болсыншы деген тілегін іштей бек түсінген азаматтар сонда қатты қуанған еді. Алайда, заң жобасы төрінде Кәрім Қажымқанұлы отырған Үкіметтен шықпай-ақ қойды. Осы кезде азаматтар атқа қонды. Соның бірі – Ауыт Мұқибек дейтін азамат. «Жебеу» қорының жетекшілері: Омарәлі, Рахым Айыпұлы деген жігіттер.

Бұлар Парлмент Мәжілісінде Гүлнәр Сейтмағамбетова ханымның басшылығымен құрылған жұмысшы тобына кіріп, көп еңбек етті. Біздегі көші қон заңы мен алыстан көшіп келетін ағайындар тұрып жатқан елдегі миграция мәселесінің қайшылығын дәлелдеп бақты. Мысалы ҚХР мен Иран Ислам Республикасы бойынша төлқұжат заң бұзбаған, сотталып қылмысын жазамен өтемеген адамдарға берілмейтіндігін Үкімет пен Парламенттің көзіне шұқып тұрып көрсеткен жаңағы аттары аталған азаматтар. Алайда, біздің Үкіметке қазақтың тілімен қазақтың қыжалатын айтып жеткізу қиямет қайымның нақ өзі ғой.

Соны әбден ұққан Астанада тұратын Ауыт мырза ақ жағалы ұлықтарды жағалады. Өзі үшін, өзіне қажетті дүниенің ырқымен емес, есіл елдің бүгіні мен ертеңі үшін ғазиз басын шенді шекпенділердің алдында иіп, солар отырған емен есіктерді күнде қағып кіріп, аяғынан таусылып жүрді. Бұны ұмытпау керек. Аукең сонда кімдермен кездескенін, не сөйлескенін Abai.kz сайты мен әлеуметтік желілердің бетінде үзбей жазып, жариялап отырды. Ауыттың бұндай жанкештілігін кейбір кісілігі кеміс пенделер түсіне алмай сан-саққа жүгіртті. Ұлт мүддесі дейтін ұлы мұраттар аңасары емес, ұсақ-түйекке байланған бейбақтар өздерінің қортық бойларынан асып қайда барсын? Алайда міне, үлкен іспен шұғылданған жігіттер үлкендік танытып Үкіметпен 3-4 жылға созылған тартыстың ақырында жеңіске жетіп тынды. Заң қабылданды. Елбасы заңға қол қойды. Осындайда ақын жүрегі қалай толғанбасын. Ауытты тыңдалық:

 

КЕЛІП ТҰР АҚОРДАНЫ АЛТЫ АЙЛАНҒЫМ

(Елбасымыздың

ҚР «Халықтың көші-қоны» туралы

Заңына қол қоюына

орай)

Арттағы ел үміт артып жіберді деп,

Әр күні қайрттанып, түрем білек.

Елбасың арманыңды орындаса,

Жүрегің кетеді екен шын елжіреп!

 

Астанам Алпамыстай марқайды әр күн,

Сапында ол бүгін Мәскеу..., Шаңхайлардың...

Қағбаны айланатын қажылардай,

Келіп тұр Ақорданы алты айланғым!!

 

Бір қазақ бір қазақты жетелесең,

Кетесің араласып етене сен!

Заңға анау қойған қолын Нұрекеңнің,

Барып бір қысқың келіп кетеді екен!!!

 

Қуаныш сыйласам деп әр аптада,

Жүгірдім Мәжіліске далақ қаға.

Айтылып қала ма деп жақсы хабар,

Телмірді ел «Facebook»-тағы парақшама.

 

Аққулар ұшсын бері тұтас көлден,

Бақыт қой Еліңе кеп, құшаққа енген!

Есігін жаздай қақтым министрдің,

Қолымда ескі портфель Мұқаш берген...

 

Мінеки, артта қалды соның бәрі,

Елбасым ел тілегін орындады.

Бұл да бір игілікпен біткен шаруа,

Мәңгілік Ел болудың жолындағы.

 

...Немере, шөбереңді міңгестіріп,

Енді бір жалтақтамай, шын көшші, жұрт!

Бұл Заңның мәні бөлек, жөні басқа,

Білгенге, бір нүктесі – бір бестілік!!!

Ауыт Мұқибек

24.11.2015

Астана

Р.S. Қабылданған заңда этникалық қазақтарға азаматтық беру, тұрақты тіркеуге тұру, сырттағы ағайындарды туыстық жолмен шақыртып алу, әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалану сияқты баптар бар.

Сонымен, «көші-қон заң» қабылданды, бұрынғысынан ілгерлеп, көп түзелген сияқты. Енді сен де көшіңді түзе, есіл ел. Құйылсын көшің!

Заң жобасының толық мәтіні жарияланады.

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338