БЕЛЬГИЯ: ПАРИЖДЕГІ ТЕРАКТІГЕ ҚАТЫСТЫ 16 АДАМ ҰСТАЛДЫ
Бельгия билігі Брюссельде полиция Париждегі терактілерге қатысы бар күдіктілерді іздеу кезінде 16 адамды тұтқындағанын хабарлады.
Бельгия федералдық прокуратурасының өкілі Эрик Ван Дер Сипттің айтуынша, 22 қараша күні кешке ұсталғандар арасында жарылысқа басты күдікті, Франциядан шыққан содыр Сала Абделслам жоқ.
Бельгия билігі тергеу құпиясы бойынша күдіктілерге қатысты өзге мәліметтерді, я тағылған айыпты жарияламай отыр. Рейд кезінде полиция Брюссельдің маңында 19 үйді және елдің оңтүстігіндегі Валлония аймағындағы Чарлеруа қаласында үш үйді тексерген. Ресми орындар тексеру кезінде ешқандай қару-жарақ я жарылғыш заттар табылмағанын айтады. Бельгия билігі 20 қарашада елдегі терроризм қаупін ең жоғарғы көрсеткіш - төртінші деңгейге дейін көтерген.
Өткен аптада Париждегі қарулы шабуылдарға қатысы бар деген күдікпен Бельгияда брінеше адам ұсталған. 13 қарашада Франция астанасында болған террорлық шабуылдар салдарынан соңғы деректер бойынша, 130 адам қаза тауып, 350-ден аса адам жараланған.
Абай-ақпарат