Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4821 0 пікір 28 Мамыр, 2010 сағат 07:11

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Жүсіпбектің атылуына шәкірттері де себепші...

1927-1928 жылдары жүргізілген «Алашордашылардың Кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымы туралы тергеу ісінің» барысында астыртын контрреволюциялық ұйымының қастандық әрекеттері ашылмады. Сондықтан да Дінше Әділевтің көрсетіндісі бойынша Міржақып Дулатовпен қоса, Жүсіпбек Аймауытовтың «лаңкестікке, қастандыққа» тікелей қатысы бар екенін анықтай алмаған тергеушілер, енді тергеу тәсілін күрт өзгертті.

1927-1928 жылдары жүргізілген «Алашордашылардың Кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымы туралы тергеу ісінің» барысында астыртын контрреволюциялық ұйымының қастандық әрекеттері ашылмады. Сондықтан да Дінше Әділевтің көрсетіндісі бойынша Міржақып Дулатовпен қоса, Жүсіпбек Аймауытовтың «лаңкестікке, қастандыққа» тікелей қатысы бар екенін анықтай алмаған тергеушілер, енді тергеу тәсілін күрт өзгертті.

Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық тәсілін тапты. Олар енді тікелей Голощекиннің өзін «қарауылға» алды. Әсірелеу емес, нақ солай. «Кіші октябрьдің» авторын - Голощекинді қастандықпен өлтіруді ойластырды», «қырда көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді» деген айып аяқастынан табыла кетті. Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филип Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бірде-біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден, бұл Кеңес өкіметіне және оның көсемдеріне бұлтартпайтын айғағы бар ашық жаулық. «Айыпкерлердің» кез келген пікірі айғаққа жарап жатыр. Екіншіден, «социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі», - деген Сталиннің пікірін «дәлелдейді». Үшіншіден, «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Демек, ұлтшылдардың жанына тиетін бір түйткілдің болғаны. Ендеше, қалайда «Кіші октябрьді» жүзеге асыру қажет», - деп шешкен. Әрине, бұл жай ғана болжам. Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин әрбір отырыста: өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске салып, мәжілістерде де қайталауды ұнататынын басқаша қалай түсінуге болады? Ең шетін мәселе - Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» - Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни қорғану кезегі Жүсіпбек Аймауытовқа түсті. 1929 жылы 20 мамыр күні тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа: «1927-1928 жылдары Әділевтің бандысымен астыртын байланыс жасап, қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған» деген айыптың тағылуы соған дәлел.
Д.Әділевтің берген көрсетіндісін Ж.Аймауытовтың өзі мойындаған. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:
Жоғарғы соттың айқындамасынан: «Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділевпен кездескенін мойындады. Ол (Д.Әділев) бұған (Ж.Аймауытовқа) өзінің шетелге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Қожанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт алып беруін өтінеді. Содан кейін өзінің (Әділев) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді». Жүсіпбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы жоқ. Қайта Әділевті бетінен қайырғаны үшін алғыс айту керек еді. Ол кезде Жүсіпбек - Шымкенттегі Педагогика техникумының оқытушысы болатын.
Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д.Әділевтің Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Бұл өзі Әлихан Бөкейханов: «Қазақта террор жасайтын ержүрек жігіт жоқ», - деп айтты-мыс деген сөзге намыстанған өжет жігіттің жауап әрекеті ме? Әлде Қара - Ноғай үшін түбінде бір түрмеге түсетінін біліп, неде болса тәуекелге бел буғаны ма? Әлде қызба жігіттің ет пен терінің арасындағы желігі ме? Ол өзін театрдың директорлығын өткізіп бергеннен кейінгі аш-үрейден туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған басу сөзі үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділевке айтқан ағалық ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.
«Алаш ісінің» басталуына себепкер болған куәлардың ішіндегі ең «тұлғасы» да Дінше Әділев болғандықтан да бұл тұзақтан Жүсіпбектің жазасыз құтылуы мүмкін емес еді. Егер де жеке тұрғанда оның арнаулы кешірімге ілігіп, тағы да жеті-сегіз жыл өмір сүруіне мүмкіндік туатын еді. Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған «басты қылмыс» мынау:
«Дінмұхамед Әділевтің жауабының хаттамасы. 3 ақпан. 1929 жыл. (Жауаптың басында террор туралы ұзақ-ұзақ толғаулар айтады. Өзін кекшіл - терроршы ретінде көрсетеді - авт.). ... Айтпақшы, Есболовтың үйінде Голощекин туралы әңгіме болды. Онда Голощекиннің өміріне тікелей қауіп төндіру жөнінде мәселе қозғалған жоқ. Тек Голощекин қақында ғана болды. Онда қатысып отырғандардың барлығы да: егер де реті келсе оған қастандық жасаған артық болмас еді. Бірақ та бұл өте қиын дүние, бұл біріншіден, халыққа қатты күйзеліс әкеледі деген қорытындыға келді. Сөйтіп, біз үшеуміз осы тақырып төңірегінде әңгімелестік, алайда бұл мәжілісте нақты шешім қабылдағанымыз жоқ. Менің ағайым тұтқындалғаннан кейін (оның «Алаш ісіне» ешқандай қатысы жоқ - авт.) Қызылордаға екінші рет келгенімде ол әңгімеге қайтып оралғамыз жоқ. 1928 жылы жаз айында мен Шымкент қаласына келіп Аймауытовпен жолықтым. Әңгіме арасында Голощекин жөнінде сөз қозғалды. Оған дейін мен одан: Шымкент губерниялық атқару комитетінің төрағасы кім деп сұрағанымда Аймауытов: «Макин. Ол жерге оңбаған бір бұзықты қойды», - деп жауап берді. Содан кейін: Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы кім - деп сұрадым, бұрын ол орында Әлібековтің отырғанын білетінмін. «Оған да бір бұзықты қойды», - деді Аймауытов. Ташкентке бару, бармауым туралы Аймауытовпен ақылдасқаным туралы бұрын да айтқанмын. Ол сол жолы қатты мазасызданып: «Әйтеуір бір қара түнек төніп келеді, дүниенің астан-кестені шығып, асты-үстіне төңкеріліп барады. Айналаң толған тыңшылар мен «үндеместер», тынысыңды тарылтып, алға бастырмайды, барлық жерде де тыныштық кеткен, қайда барсаң да аңдудан құтылмайсың. Қазақстанды шыңырауға тастап, қатты күйзелтті, соның барлығына Голощекин кінәлі. Сол келгеннен бастап дүние асты-үстіне төңкерілді», - деп мұңын шақты.Сөйтіп, біздің әңгімеміз Голощекин жөнінде болды. Әңгіме арасында не ол екені, не мен екенім есімде жоқ, әйтеуір біреуіміз оған қастандық жасауға болмас па екен дедік, Аймауытов өзінің мұны - қастандықты қолдамайтынын білдірді. Ол маған: «Ол қолдан келе ме, жоқ па білмеймін. Сен өзіңнің ауылыңа қайта бер, мен жолай Ташкентке соғамын, одан Қызылордаға барамын, сонда Қожановпен, Дулатовпен ақылдасамын, сен өзіңнің адамыңды жібер, барлық сұрағыңа жауапты сол арқылы беремін», - деді». Міне, Дінмұхамед Әділевтің осы сөзі Жүсіпбекті «саяси қастандық жасады» деген айыппен кінәлауға себепкер болды. Дінмұхамед (Дінше) Әділев өте күрделі өмірбаянның иесі. 1928 жылы желтоқсан айының 28 күні ұсталады. Ол өзін бірден ұлттың жоқшысы ретінде жариялап: «Алашорданың» тапсырмасын орындадым», - деп мәлімдейді де бүкіл өмірбаянын хатқа түсіріп, «Алаш» өкіметінің барлық көсемдерінің қайраткерлік әрекеттерін өзінше баяндап береді. Сөйтіп, әуелі Міржақып Дулатов пен Жүсіпбек Аймауытов, содан кейін Ахмет Байтұрсынов түрмеге қамалып, тергеуге алынады. Соның нәтижесінде алдыңғы топта 42, кейінгі топта 30 адам жазаға тартылады. Тергеу барысында Жүсіпбек Аймауытов өзіне Дінмұхамед Әділевтің бір рет жасырынып келгенін, Голощекинге қастандық жасаймын деп қоқиланғанын, бірақ та оған: «Тентектікпен іс бітпейді, қастандық жасаймын дегенді ұмыт. Халыққа кесірің тиеді», - деп шығарып салғанын айтады.

<!--pagebreak-->
Сондай-ақ Жүсіпбектің үстінен өзінің шәкірттерінің де арыздары жиналыпты. Шымкент педагогикалық техникумының студенті Қалабай Бекдуллаев бастатқан үш шәкірттен жауап алыныпты. Оның ішінде кейіннен аты қазаққа танымал болған бір адамның аты да ұшырасады. Оның барлығын тәптіштеп айтудың пәлендей қажеті шамалы. Голощекин мен «Үндеу» туралы дерек дәлелденбесе де Жүсіпбектің мойнына айып ретінде тағылды. Негізгі себеп осы ғана... Жауапқа тартылушылардың түбіне жеткен соңғы сөздің мәнісі тергеуде қайталана тәптіштеліп, нақтылана түседі. Тергеудің қайырмасы сияқты қайталана беретін бұл оқиғаға жауап ретінде Жоғарғы сот анықтамасының: «ВКП(б) Қазақ Өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділевтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ», - деген қорытындысын назарға ұсынумен шектелеміз. Бұдан кейін тергеушілер Жүсіпбек Аймауытовқа астыртын ұйымның мүшесі ретінде айып тағу және оның ісін өзге алашордашылармен, Созақ көтерілісімен байланыстыру мақсатында куәлардің ауқымын кеңейтуге ұмтылған. Тергеудің үшінші томына Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен өзінің шәкірті Қ.Бекдуллаевтың: «Жүсіпбек Аймауытов шәкірттерді көтеріліске шығуға шақырып үндеу жазған», - деген мағынадағы көрсетіндісі тігілген. Онда Кеңес өкіметінің «болашақ ұстазы» өзінің ұстазы Жүсіпбек Аймауытовты «халық жауы» ретінде әшкерелеген. Ол өзінің көрсетіндісінде қыза-қыза келе Абайды да «халық жауының» қатарына қосып жіберіпті. Соған қарағанда Қ.Бекдуллаевтың кәдімгі көп можантопайдың бірі екені байқалады. «Аймауытов Жүсіпбекті 1921 жылдан (-?- мүмкін 1927 жылдан шығар, жазу бедері өшіңкіреп қалған - Т.Ж.) білемін, өзінің айтуы бойынша оның әкесі Ақмола (-?. Семей губерниясы, Павлодар уезі болуы керек - Т.Ж.) губерниясындағы аса үлкен діншіл-молла екен. Ол 1926 жыл мен 28 жылдың аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның оқытушысы болды. Аталған оқу орнында сабақ берген кезінде ол өзін барып тұрған ұлтшыл-алашордашы ретінде көрсетті, барлық жерде және үнемі студенттердің миына ұлтшылдық сананы егуге тырысты. Мысалы, арнайы әдеби бақылау орындары (цензура - Т.Ж.) басып-шығаруға рұқсат бермей қайтарып жіберген әдеби шығармаларын, кітаптарын шәкірттерге оқуға берді. Әсіресе, жоғары класс оқушыларына оқу үшін таратып берген кітаптарының ішінде «Үрбек» («Ақбілек» - ? - Т.Ж.) атты шығармасы ерекше көзге түсетін. Бұл кітап «алашордашылардың» рухында жазылған, онда ескі қазақ зиялыларын бірігуге шақырған. «Кеңес өкіметінің олармен күресуге шамасы келмейді», - делінген. Сондай-ақ ол студенттерге «Ақ жол» газетінің ескі тігіндісін (1923-жылғы ғой деймін) әкеліп, ондағы өзінің «Қилы, қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды» - деген мақаласын оқытты. Ол бұл мақаласында қазіргі қоғамға деген өкпесі мен сенімсіздігін білдірген. Педтехникумда әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде сол пәннің мұғалімі ретінде студенттердің назарын әртүрлі қажетсіз нәрселерге аударып, түкке де пайдасы жоқ Мағжан Жұмабаев пен Абайдың өлеңдері мен поэзиясынан мысал келтіріп, үзінді оқитын. Жалпы алғанда, оның оқыған дәрісінен студенттер ешқандай да пайда алды деп айта алмаймын». Дейді сабазың! Бұдан кейін Қалабай мырзаға кінә тағуға да болмас. Өзінің ұстазы жөніндегі Қалабайдың жинаған мағлұматтарының тиянақтылығына қарап, сол оқып жүрген кезінің өзінде: «Үндеместің тыңшысы болмады ма екен?», - деген күдік ұялайды. «Аймауытов, әсіресе, қазақтың ұлттық театрының артистерімен тығыз байланыста болды және олардың арасында беделі зор еді, оның ішінде мемлекеттік ұлттық театрдың директоры Шанинмен, Жандарбеков Құрманбекпен (Аймауытов кезінде сабақ берген Ташкенттегі Қазақ институтының бұрынғы студенті), Байзақов Исамен және Әміремен (екеуі де ұлттық ақындар) ерекше жақын еді. Бұл артистер жақын достары ретінде Шымкент қаласына келген бетте-ақ Аймауытовтың үйінің төрін бермейтін». Театрдың драматургсіз өлі ұғым екенінен хабарсыз дегенге сену де, мына сөзіне қарап, сенбеу де қиын. Ж.Аймауытовтың театрға ауысуы туралы Д.Әділевпен арадағы хаттары алдыңғы бөлімде жарияланған болатын, ал Иса мен Әміре, Жұмат - Жүсіпбектің бозбала кезінен бері келе жатқан достары. Оның үстіне өзі де әнші, сері адам. Ұстазы жасаған скрипка мен домбыраның үнін, ол шерткен күйді «шәкірті» естімеді дейсіз бе? Сол кезде Шымкентте бастауыш баспалдақта оқыған Бауыржан Момышұлы марқұм мұны бізге сонау кездің өзінде ерекше ілтипатпен айтқан еді.
1977 жылы қараша айында қызыл әскердің құрылғанына алпыс жыл толуына орай редакция тапсырмасымен Баукеңнің үйінің табалдырығын таңғы сағат онда аттадым. Әр сөзін айтып отырып қағазға түсіртті, соңынан Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов туралы сұрадым. Бұл деректі өзі жақсы еркелететін қаламгер Мамытбек Қалдыбайдан естігенімді, ал өзім сегіз жылдан бері ұстазым, профессор Қайыржан Бекхожиннің тапсырмасымен алаш тарихына қатысты жартылай жабық зерттеу жүргізіп жүргенімді айттым. Сонда ұзақ ойланып отырып: «Мұны жазба. Маған емес, өзіңе сөз келеді. Алаш көсемдерінің бәріне де айып тағуға болады. Өйткені олардың Кеңес өкіметін мойындамағаны шындық. Ондай кеңдік демократиялық елде ғана кешірімді. Ал бізде пролетариат диктатурасы. Түсіндің бе, диктатура, пролетариат диктатурасы. Ал кез келген диктатура ешқашан өзінің дұшпанын кешірмейді. Солардың ішінде диктатураның өзі де кінә таға алмайтын адамның бірі - Жүсіпбек Аймауытов. Менің ұлы ұстазым. Мен ол кісінің ақтығына ант бере аламын. 1927-1928 жылдары Шымкенттегі техникумда бізге қазақ әдебиетінен сабақ берді. Кәдімгі қарапайым қара шапан киген ошақтан шыққан. Ондай адамдарды қазақ: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп атайды. Қолы бос кезде, кешке жақын шәкірттердің арасына келіп әдебиет туралы әңгіме айтатын, әнді сондай нақышына келтіріп орындайтын. «Екі жирен» әнін Торғайға атпен бара жатқанда шығардым деп айтқаны есімде. Музыкалық аспаптарда, әсіресе, мандолинді өте шебер орындайтын. Домбыраны өзі жасайтын. Етікшілігі де керемет еді: «Жігітке жеті өнер де көптік етпейді. Пайдасы тиеді», - деп отыратын. Қазіргі қазаққа белгілі адамдардың ішінде Әбділдә Тәжібаев, Құрманбек Сағындықов үшеуміз дәріс алдық», - деп мағлұмат беріп еді Баукең. Тергеу ісі бойынша Тәжібаев деген студент те куәға тартылған. Алайда оның көрсетінділерінің «ізі өшкен» яғни кейін жойылған. Айбақ-сайбақ жазуының табы ісқағаздан байқалып қалады: «Сонымен қатар Аймауытов Қызылорда қаласында тұратын белгілі ұлтшылдар Байтұрсыновпен, Дулатовпен және басқа да өлкелік оқу орындарының оқытушыларымен тығыз байланыс жасап, сол қалаға барып тұратын. 1926-1927 жылдардың арасында Шымкентте тұрған кезінде ол 4 рет Қызылордаға барып келді», - деген мағлұмат тыңшының тиянақтылығын білдіреді. Әйтпесе оқытушысының басқан ізін санап жүретін зеректік кез келген шәкіртке тән емес болса керек. Мұхтар Әуезов туралы сирек те құпия деректерді жариялай бастаған кезім, яғни 1987 жылдың күзі мен 1988 жылдың көктемінің бірі еді. Күнделігіміз сол тұста қолды болып кеткендіктен де нақты мерзімін анықтай алмадым. Әйтеуір «қайта құрудың» екпінімен Қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік архивтің сөрелеріндегі осындай шетін құжаттардың біріне кешкі бесте жолығып, ертең қарауға ысырып қойған түні таңғы сағат жетіде Әбділда Тәжібаев телефон шалып, тура сағат сегізде күтетінін бұйыра айтты. Күдігіміздің үстінен түскенін ішіміз сезді, бірақ секемге қимадым. Салқын қарсы алып, шахмат тақтасын нұсқап, ойынға шақырды. Бірінші кезекте жеңуге мүмкіндігіміз бола тұра жеңілдік. Екіншісінде қапы қалдырды. Қарқылдап ұзақ әрі рахаттана күлді де: «Мұның барлығын неге сүйеніп, кімге сеніп жинап жүрсің?», - деді. Кімге сенемін дерсің? Тек Қайым Мұхамедхановтың атын атап, өзінің Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған «Аққайың» пьесасын, «көмілген мысық» тарихын емеуірін еткенімде орнынан атып тұрып, сөздің біткенін білдіріп маған жон арқасын берді. Қапымды шахматтан емес, архивтен қалдырыпты. Кешегі құжаттар қайтып менің қолыма түспей кетті. Демек, кешкі сағат бес пен таңғы сағат алтының аралығында «абыз ақынымыз» тыныш жатпай, «өлілердің архивін» әлдекімнің қолымен ақтарған болып шықты ғой! Қара жер хабар бермесін, «Бесігіңді түзе!..» атты роман-эссеміздің жалғасы (1988) жарияланғанда тура осы мазмұндас пікірімізді білдіріп, қарсы хабар күтіп едік. Дауысы естілмеді. Содан кейін де біраз жыл өмір сүрді. Мағжанның әйелі Зейнеппен соттасқандай болып айтысып, шығармаларының алғы сөзін жазды. Сонда да көңілі тыныш таба қойды ма екен. Қайдам. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың өзгелерден бұрын атылып кетуіне себепші болған Қалабайдың көрсетіндісі мынадай: «1928 жылы Шымкент қаласының көшелеріне ілінген үндеу туралы педтехникумның студенттеріне ешкімге айтпау туралы ескертілген болатын, сонда да олардың арасында бірер ауыз әңгіме айтылып қалып жүрді, ол үндеудің авторы кім екені маған белгісіз, алайда жазу үлгісіне қарап мұны жазған Аймауытовтың жақын араласатын адамдары - Сырдария Губерниялық сотының қызметкері Досов пен студент Ерназаров Әлімбек деген тоқтам жасады». Бұл үндеуді табуға ұмтылып, барынша зер салсақ та, тергеу ісінен оны кездестіре алмадық. Ал техникум студенттерінің астыртын ұйымы туралы мағлұмат қазір де тым мардымсыз.

<!--pagebreak-->
Мұндай үндеуді Жүсіпбек Аймауытовтың жазуы мүмкін бе? Голощекин қара бишігін сусылдатып «ұлтшылдардың» басына үйіріп тұрған кезде Жүсіпбектің ондай арандатуға бара қоюы екіталай. Бауыржан Момышұлы: «Ол түсініспестік жағдайдағы жаламен ұсталды. Бұл пікірімді Қонаевқа да айтқанмын. Жазуы өте әдемі болатын. Мына Ғабит Мүсірепов жазушылықта соның жолын ұстанады. Ақтауға ұмтылып жүрген де сол. «Созақтағы көтеріліске шақырып үндеу жазыпты. Хатты мен өз көзіммен оқыдым. Сондықтан ақталуы қиын», - депті Димекең. Ғабит те алып көріп: «Ұқсайды. Бірақ ол емес. Мен де сол кісінің жазу үлгісімен жазамын. Сонда да айырмасы бар. Мына жазу үлгісі оныкі емес. Соған еліктеген шәкірттерінің бірінікі болуы мүмкін» депті. Ал оған кімді сендіресің? Түбінде қайырылып бір оралатын кез туады. Сондықтан да сенің олардың мұраларын жинақтап, дерек теріп жүргенің дұрыс та шығар. Жүсіпбек мұғалім туралы айтарым осы, қарағым. Ал Мағжанды мен көрдім...» деп әңгімесін одан әрі жалғастырып еді. Ол естелік Мағжан туралы дербес әңгімеде баяндалатындықтан да кейінге қалдыра тұрамыз. Енді Ж.Аймауытовқа «Контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын «Алқа» астыртын ұйымына қатысқандығы әшкереленді» деген үшінші айып тағылды. Иә, бұл жауаптарға не айтуға және оны қалай талдауға болады? Жүсіпбек Аймауытовтың ауызынан тергеушінің сұрағына орай қайталанып айтылған сөздер мен мойындаудан бас тартқан оқиғалардың барлығы оған қылмыс ретінде таңылып:
1. Кеңес өкіметін құлату үшін 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған.
2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған.
3. Аштарға көмек комиссиясын Кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған.
4. Байларды тәркілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған.
5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскері Қазақстанға басып кіре қалған жағдайда, қырда көтеріліс ұйымдастыруды жоспарлаған.
6. Қазақ Өлкелік комитетінің хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтірмек болған - деген айып тағылды.
1929 жылы 29 шілде күні сегіз адамның алдын ала жүргізілген тергеуі аяқталып, Мәскеуге айдауылмен жөнелтілді. Ол туралы ОГПУ-дің әскери күзет бөлімінің:
«17/VІІ - 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич. 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович. 3. Дулатов Міржақып Дулатович. 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович. 5.Исполов Мырзағазы Исполович. 6.Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович. 7.Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович. 8.Ғаббасов Халел Ахметжанович. Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі», - деген ілеспе хаты сақталған.
Ұлттың рухани өмірін тізерлетіп кеткен бұл зауалдың бетін қайыру мүмкін емес-тін. Дегенмен де адамның үміті үзілген бе? Он томнан асатын тергеу хаттамаларының ішінен жұбайына араша түсіп, оны ақтап алуға тырысқан жалғыз-ақ әйелдің хаты шықты. Ол Жүсіпбек Аймауытовтың қосағы - Евгения Аймауытова еді. Өзінің арыз-арманын Голощекинге жолдап, одан қайырымдылық пен адамгершілік танытуды өтініпті. Қарапайым адамның, оның ішінде ерін аялаған әйелдің үміті мен сенімінен асқан қымбат ештеңе жоқ. Евгения Аймауытованың да сезімі сондай қасиетті махаббаттан туып еді. Түрменің тар терезесінен бір нәзік сәуле боп түсіп, Жүсіпбектің жүрегіне жарық құйғысы келді. Бұл ұясына таңдайының астына тамшы тұндырып, су тасыған ана қарлығаштың мейірімімен пара-пар еді. Бірақ оған «көмек көрсете алатын бірден-бір», «Қазақстандағы ең ықпалды адам» - «өзге адамның қайғысын түсіне білмейтін», түсінгісі де келмейтін. Ол - «кішіпейіл де емес, қайырымды да емес», Жүсіпбекке ғана емес, бүкіл қазақ ұлтына «қасірет әкелген үлкен қателікті» тудырып отырған, «кіші октябрь үшін» бүкіл елді жаппай құрбандыққа шалып отырған нағыз қатыгез, қара жүректінің өзі сол - Голощекин еді. Мұны Евгения Кирилловна білетін. Бірақ өзге амалы да қалмап еді. Екіншіден, бірден Голощекинге арнап хат жазуының себебі, Жүсіпбекке тағылған айыптың бірі - Голощекинге қастандық жасауды жоспарлады деген жала. Мұңлы махаббат иесі тікелей Голощекиннің өзіне хабарласу арқылы оның жүрегіндегі қатқан берішті ерітуге тырысқан. Өлкелік басшының кешірімін алуға ұмтылған. Өкінішке карай, «ұлы құрбандыққа» деген тәбеті енді ашылып келе жатқан Қужақ бұл хатты тергеушілерге жолдап, қосымша айғақ ретінде іске тіркеттірді. Сөйтіп: «ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі кеңесінің шешімі бойынша №78754-іс бойынша айыпталған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты қылмысты істер кодексінің 58/2, 58/4, 58/11, 58/10 - баптары бойынша, Есболов Мырзағазыны 58/2, 58/10 баптары бойынша, Ғаббасов Халелді 58/2 бабы бойынша, Әділев Дінмұхамед пен Аймауытов Жүсіпбекті 58/2, 58/8, 58/11 және 58/10 баптары...» бойынша айып тағып, ату жазасына бұйырды. Иә, өзі өлсе де Жүсіпбектің сөзі өлген жоқ. Сөзімен қоса мұқым қазақтың жан дүниесін егілтетін «Екі жирен» әні қалды. Оны Жүсіпбектің аса шебер музыкант болғанын, алты-жеті әні бар екенін Баукеңнің - Бауыржан Момышұлының естелігі де, Бектұр Жүсіпбекұлының бізге берген мағлұматы да, Семейдегі көзкөргендердің куәлігі де растайды. Оған 1914 жылы Абайды еске алу кешінде Жүсіпбектің «Біржан мен Сараның» айтысындағы Біржан бейнесінде сахнада өнер көрсетуі соған дәлел. Сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков марқұм да «Екі жиренді» айтқанда, оның екінші нұсқасын үйренген ауыл әншісі Толыбайдың тағдырын сөз еткенде, Жүсіпбектің ән шығару қабілетін еске ала отыратын. Соның ішінде дәлелі, анығы «Екі жиреннің»:
Көшкенде жылқы айдаймын, ахау, даламенен,

Сағынып, сарғаямын-ау, санаменен, - деп басталатын нұсқасы.
Бұл әнді Жүсіпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып, Терісаққан өзенінің бойында табынды жусатып жатқанда жолыққан бір келіншекке арнап шығарғаны туралы естелікті бізге Баукең - Бауыржан Момышұлы ғана емес, жетпісінші жылдардың аяғында Қалибек Қуанышбаев туралы кітап жазу барысында әңгімелескен Серке Қожамқұлов марқұм да айтып еді. Бұл деректі жұмбақ жымиысымен Ғабит Мүсірепов дегдар да мақұлдаған болатын. Бұдан өзге де оншақты әні, соның ішінде осы тергеу ісінде аты кездесетін әйел заты - Шәкітайға (Шын аты - Шәмши-Хамар), арналған «Шәмши-Хамар» (арабша Күн мен Ай, яғни Күнсұлу деген сөз) әні де халық әнінің қатарында жүр. Әрине, бұл серіліктің хикаясы дербес әңгіме. Дегенмен де енді қайтып жарық дүниені көрмейтін сапарға аттанған өнер иесінің тіршіліктегі серілік қасиеттерін еске сала кеткіміз келді.

 

«Айқын», 28.05.10.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321