Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6587 0 пікір 23 Қараша, 2015 сағат 07:34

ЖАҢА ЖЫЛҒА ДАЙЫНДЫҚТЫҢ ЖАРЫСЫ БАСТАЛЫП КЕТТІ!


Жылдағы «игі дәстүрмен» Қостанай облысында әдеттегідей Жаңа жылға деген дайындық басталып та кетті. Қазір мұндағы жергілікті баспасөз бетінен осы тақырыптың қаны жерге тамбай тұр. Біздегі қаланың билігі «мына дағдарыс деген пәле келіп қалды-ау, енді көрпеге қарай көсілейік» деген мәселеге басын ауыртпайды. «Желтоқсанның 4-і күні шаһардың дәл ортасында керемет шырша орнатамыз» деп, әкесі тіріліп келгендей алақайлап жүр.

«Бұған қала бюджетінен 15 миллион теңге бөлеміз» деп қалың жұртты мырзалығымен таң қалдырғандай күпінетіндігін қайтерсің. Ал, жалпы облыста бұл шараға бақандай 40 миллион теңге бөлінген. Жаңа жылдық мерекелік шыршаны безендіруге көк тиын да бөлмей, сол былтырғы дүниемен амалдай тұруға ниеттенген бастама қостанайлықтарды еш қызықтырмайды. Тіпті павлодарлықтардың биылғы мерекеге кететін шығынды екі есе қысқартуға бағытталған талабына да назар аудармайды. Сірә, бұларға бюджеттің қаржысын тарта жұмсау емес, ана Ақтаудағы «асқан мырзалық» қызықтырса керек. Ақтаулықтар биыл бұл мақсатқа бақандай 50 миллион теңге жұмсап, айды аспанға бір-ақ шығармақ ойда. Әрине, қалтаңнан шыққан емес, бюджеттің қаржысы есебінен Атымтай жомарт болудың еш қиындығы жоқ шығар.

Дегенмен, біздің Қостанай да ешкімнен "сорлы" емес. Мәселен, биыл жалпы құны 1 миллион теңгеден асатын мерекелік от шашудан еш бас тартқысы жоқ. «Жаңа жыл келді» деп аспанға қарап еліруді ерекше қасиет санаса керек. Дағдарыс деген не тәйірі, жылына бір келетін мерекені жақсылап тұрып, есі кеткенше тойлағанға не жетсін? Содан шығар, бізде бір-біріне таяқ тастам жерде екі бірдей керемет алып шырша орнатылады. Бірі әкімдіктің алдында, екіншісі соның дәл іргесіндегі Сити орталық деген жерде. Сірә, қостанайлықтардың осы «ғажап бастамасын» өзге жерлерге де тарату керек шығар.

Тағы бір қызығы, біздегі кейбір мекемелер ешкімге білдірмей Жаңа жылдық мерекеге дайындыққа қазірдің өзінде қызу кірісіп кетсе керек. Әсіресе, мұндай шаруада осындағы облыстық әкімдікке қарасты мәдениет басқармасы алдына жан салмай жүр. Басқарманың ат шаптырымдай ауласы қазірдің өзінде осы мерекені қарсы алуға сақадай сай көрінеді. Осындағы «Издательский дом» деп аталатын серіктестік ауланы жаңа жылдық ғажайып ертегіге айналдыруға жанталаса кірісіп кеткен. Мұнда ертегінің кейіпкерлері тұрғызылып, керемет сәулет композициясы бой көтереді екен. Ал ол кейіпкерлеріміз көрші еліміздің даңқты тұлғаларына айналып кетсе, таң қалып жүрмеңіз. Қысқасы, бұл мекеме мерекеге қазірдің өзінде сақадай сай. Тек, қала мен облыс басшыларының батасын  алу ғана қалды.

Сонымен біздің қаланың басшылығы «4 желтоқсанда Жаңа жылдық шыршаны салтанатпен ашамыз. Оған облыс әкімі қатысады» деп алақайлап жатыр. Дәл солай боларына еш күмәніміз жоқ, әрине. Алайда біздің түсінбейтініміз тек Қостанайда ғана емес, барлық облыстарда не себепті әкімдердің қатысуымен шыршаның салтанаты түрде ашылатындығына миымыз жетпей тұр. Бұл не сонда, мемлекеттік мереке ме? Неге ол соншалықты ат шаптырып, тойлайтындай салтанатқа айналады? Әлде ол көршімізден көргенімізді  істеп, көзіне түсіп қалуға тырысқандық па? Көршіміздікі дұрыс шығар, қанша дегенмен олар христиан дініндегі халық, бір кездерде діни мереке есебінде тойланған дәстүрді жалғастырғаны шығар. Ал біздікі не даңғойлық? Жаңа жылды осынша дүбірлетпей, осынша шашылмай, қарапайым ғана, сыпайы түрде өткізсек, тағымыздан түсіп қаламыз ба? Әлде көршіміз Ресейдің қаһарына ілігіп қаламыз ба? Өйтіп, жан-жағымызға алақтай берсек, тәуелсіз ел атанғанымызға не жорық?

Біздерде, журналистерде не кінә бар? Жылда  «Жаңа жылға дайындық бізде тым ерте басталады, соның кесірінен Тұңғыш президент күні де, тәуелсіздік мерекесі де оның көлеңкесінде қалып, қадірін кетіріп жүрміз» деп қақсаумен келеміз. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кері болды. Бірақ мұнымызды ескеріп жатқан ешкім жоқ. «Баяғы жартас бір жартас»  күйінде қалып жүр. Сірә, Ақорда жақтан «Тәуелсіздік мерекесіне дейін Жаңа жылға дайындықты доғарыңдар» деген үзілді-кесілді өктем үн естілмей, бұл даңғазалық пен даңғойлық тоқтамайтын шығар. Өйткені біздің шенеуніктер дағдарысыңа да, тәуелсіздігіңе де пысқырып қарамайды. Өйткені олардың көйлегі көк, тамағы тоқ. Абай хәкім айтпақшы, бұл белгілер адамзатты аздыратын дүниелер екендігі тағы да хақ.

P.S. Мен Қостанайды бекер жамандап жүр екенмін. Күні кеше ғана өскемендіктердің «жаңа жылдық жарыста» осы берекесіз бәсекеге қосылған талай жұртты шаң қаптырып кеткендігін есітіп, қатты қуанып отырмын. Қазақстанның шығысындағы қаланың тұрғындары Жаңа жылға дейін бақандай алты апта бұрын көз көріп, құлақ естімеген, биіктігі 25 метрге жетіп жығылаптын әсем шырша орнатып, айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Мұның қасында менің жерлестерімнің тіршілігі баланың ойыны секілді екен ғой.

Сонымен, Жаңа жылдық жаһандық жарыс енді басталды. Талай қызық пен шыжықты алда көретін шығармыз. Амандық болса...

Мұратбек Дәуренұлы,

Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404