Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Уақ-түйек... 3127 0 пікір 19 Қараша, 2015 сағат 03:00

ОҚО: Шымкент алдыңғы қатарлы "ақылды қалалардың" технологиясын меңгермек

 Қараша айының 17-19 жұлдызы аралығында Барселона қаласында жыл сайын өтетін "Ақылды қала" Халықаралық конгресс-көрме ұйымдастырылды. Онда беделді, даму қарқыны жоғары қалалардың жаңа жобалары мен тәжірибесі көрсетілді. Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бастаған делегация қатысуда.
Дәстүрлі түрде өтетін "ақылды қала" шарасына күллі әлемнің түпкір-түпкірінен қала басшылары, мамандандырылған ғылыми институттар мен инновациялық кәсіпорын жетекшілері шақырылады. Бұл жолы үздік жобаларымен ерекшеленген қалалар арасында Бостон, Торонто, Сидней, Хельсинки, Лондон, Гонконг, тағы басқалар бар. Өзінің үздік инновациялық жетістіктерімен ғаламды мойындатқан 10 кәсіпорынның қатарына бұл жолы Cisco, Audi, BASF, Bombardier, тағы басқалар енді. Шараға жиылған көпшілік қауым қала шаруашылығын басқару жүйесін, ондағы зияткерлік, технологиялық жобалардың үздік үлгілерін, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жобасы бойынша алдыңғы қатарлы жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алды.

«Ақылды» қала Халықаралық конгресс-көрмесі аясында Барселона мэрінің орынбасары Жерардо Писарелло мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов екіжақты әріптестік кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында қос тарап өзара қарым-қатынастың негізгі бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Бұл орайда, Шымкент қаласы туризмнің дамуы, кәсіпкерлікті қолдау бағытында Барселонадан айтарлықтай тәжірибе алуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ, Барселона тарабы Шымкенттің инфроқұрылымы мен ауылшаруашылығы саласын өркендету бағытында инвестиция салу мүмкіндігін қарастыратындығын мәлімдеді. 
Шымкент – бүгінде елдегі жер аумағы бойынша бірінші, тұрғындарының саны бойынша екінші орынға ие. 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы жобасын түзген Шымкент қаласы жергілікті тұрғындары мен саяхатшылар үшін ыңғайлы,  заман талабына сай өркендеген қала ретінде аталады. 

Abai.kz 

0 пікір