Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4204 0 пікір 5 Қараша, 2015 сағат 17:33

СІЛКІНЕТІН КЕЗІҢ КЕЛДІ, "НҰР-ОТАН"!

Қоғамдық ахуалды жiтi зерделеп жүретiн саяси сарапшылар сайлау дүбiрiнiң жақындап келе жатқанын айтады. Мұны партиялардың қызу қарбаластығынан да аңғаруға болады. Әдетте саяси сахнада жиi көрiне бермейтiн «Ауыл» партиясы «Патриоттармен» бiрiгiп, алдағы сайлау додасында салмақты күшке айналмақ ниетте. Қазiр жер-жерлерде кездесулер ұйымдастырып, партияның пәрмендiлiгiн арттыруға күш салып жатыр. Ендi олар ауылдың ғана емес, тұтас қоғамның өткiр мәселелерiне жiтi назар аударуды көздеуде. Ал, елiмiздегi саяси институттардың көшбасшысы саналатын «Нұр Отан» партиясы Елбасының Ұлт жоспарын жүзеге асыру жолындағы үлкен мұратты iске жол ашуда. Әлемдегi қаржылық дағдарыс президенттiк партияның жұмысын жүйелеп, белсендiлiктi барынша арттыруды талап етiп отыр. Соған орай сайлаушылардың партияға деген шынайы сенiмiн қалыптастыру жолында партияның жұмыс әдiстерi мен формаларын қайта қарау мәселесi көтерiлiп жатыр. Бұл жөнінде "Оңтүстік Қазақстан" газетінің тілшісі хабарлайды.

Жақында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары Асқар Мырзахметовтiң пәрменiмен облыстық филиалда ауыс-түйiс орын алды. Облыстық филиал төрағасының орынбасарлығын 5 жылдан аса уақыт зор бiлiктiлiкпен атқарған Алмасбек Мамытбековтi Берiк Оспанов алмастырды. Жаңа орынбасар облыстық филиалдың кезектен тыс XXV конференциясын өткiзiп те үлгердi. Бүгiнде партия филиалында 88 мыңнан астам мүше тiркелген. «Жас Отан» жастар қанатында 23 мыңнан астам жас бар. Облыстық мәслихаттағы 50 депутаттың 47-сi, аудандық және қалалық мәслихаттардағы 263 халық қалаулысының 249-ы «Нұр Отан» партиясының мүшесi. Бұл кез келген мәселенi шешуге мүмкiндiк бар деген сөз. Және де облыс тұрғындарының партияға деген сенiмiнiң шынайы көрсеткiшiн айғақтайды. Конференцияда облыстық филиал төрағасы, облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов филиал басшылығына қадау-қадау тапсырмалар жүктедi. Оның маңызды дегендерiне тоқтала кеткендi жөн көрдiк.

Облыс әкiмi алдымен бюджет қаражаты мен Ұлттық қордан бөлiнген қаржының өз мақсатында және тиiмдi игерiлуiн бақылауды күшейтудi тапсырды. Бұл сөз жоқ, игi бастама. Жыл сайын республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң көлемi артып келедi. Оның iшiнде инвестициялық бағдарламалардың саны да ұлғаюда. Ал, бөлiнген қаржылардың экономиканың негiзгi салаларын дамытуға және әлеуметтiк бағдарламаларды шешуге бағытталатыны белгiлi. Осыған орай «нұротандықтардың» алдында үлкен мiндет тұр. Ол – бюджеттен қаралған қаржының орнымен жұмсалуын қадағалау, қоржындағы ақшаның талан-таражға түспеуiн қамтамасыз ету. Берiк Оспановтың мәлiмдеуiнше, бюджет қаржысын қадағалау мақсатында 4 комиссия жасақталған. Олар әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, шағын және орта бизнестi қолдау, көлiктiк-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағыттарын қамтымақ. Қос бүйiрден қысқан дағдарыс кезiнде салық төлеушiлерден жиналған қаражаттың қатаң қадағалануы үнемдiлiкке әрi сапалы жұмысқа жол ашады дейдi мамандар.

Облыстық партия филиалының, оның iшiнде бастауыш партия ұйымдарының белсендiлiгiн арттыру керек. Бұл, әсiресе, жергiлiктi ұйымдарға тiкелей қатысты. Көпшiлiгiнде тұрғындармен идеологиялық жұмыс жүргiзу дұрыс жолға қойылмаған. Көбiнесе партияның атрибуттарын iлумен және бiр реттiк акциялар өткiзумен шектеледi. Тек қағаз жүзiнде болмаса, партияның қоғамдағы рөлiн арттыруға бағытталған шаралардың құндылығы кемшiндеу соғып тұрғаны жасырын емес. Ендi жергiлiктi ұйымдардың партиялық жауапкершiлiгiн арттыру мақсатында олардың қызмет дәрежесiне қарамай есеп беру жүйесi енгiзiледi. Барлық деңгейдегi партия қызметкерлерiнiң тағы бiр маңызды мәселесi – өңiрдегi партия мүшелерiн көбейту және iшкi партиялық-кадрлық жұмыстың сапасын арттыру.

Партиялық бақылаудың формасы мен жұмыс жүргiзу жүйесiн пысықтау қажет. Бұл қоғамдық қабылдау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiндегi қоғамдық кеңес жұмысының нәтижелiлiгiн арттыруға негiзделедi. Бүгiнде әдiлдiк iздегендер «Нұр Отанға» барады. Түрлi мәселемен, сан қилы тағдыр тауқыметiмен келетiндер өте көп. Одан басқа, қиянаттың қамшысы тиiп, нақақтан жала жабылса да әлеумет Елбасының партиясына жүгiнедi. Билiк партиясының өресi биiк, тұғыры мығым, бұқараға бiр табан жақын екендiгiне сенедi. Сондықтан «Нұр Отанның» қабылдауына жазылып жатады. Ал, ондағы айтылған мәселелердiң орындалуы қай деңгейде? Тұрғындар қоғамдық қабылдауларға қаншалықты сенiмдi? Осы тақылеттес сауалдардың жауабы ендi терең зерделеуден өтедi. Бұдан былай облыстық филиал азаматтардың арыз-шағымдарын мекемелерге жолдау функциясынан арылып, арызды мемлекеттiк органдармен бiрлесе шешу жолдары қарастырылады. Жұмыс арыздың санына емес, нәтижесiне қарай жүргiзiледi.

Филиал төрағасы өңiрде партиялық жобаларды жүзеге асыру белсендiлiгiн арттыру қажеттiлiгiне тоқталды. Партия қолға алған 12 жоба қоғам мүшелерiнiң әлеуметтiк мәселелерiн жүйелi шешуге бағытталған. Нәтижесiз де емес. Басқасын айтпағанда, «Кедергiсiз келешек» және «Ардагерлерiмiздi ардақтайық!» атты партия жобалары өңiрiмiзде қанат жайғалы қаншама мүмкiндiгi шектеулi жандар мен ардагерлерiмiздiң тұрмыс-тiршiлiгi зерделендi. Бейбiт Бәкiрұлының айтуынша, партиялық жобалар барлық әлеуметтiк топтарды, әсiресе, жастарды қамтуы тиiс. Олар жалаң ұранның жетегiнде кетпеуi қажет. Ол үшiн жаңа қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру мақсатында жастардың брендтiк идеясын iске асыру механизмдерi қарастырылады.

Ынталандырудың бiр жолы ретiнде партия мүшелерiн мемлекеттiк құрылымдарының басшылығына ұсыну тетiктерi реттеледi. Әсiресе, бастауыш партия ұйымы жұмысындағы негiзгi салмақ төрағаларға түсетiнi белгiлi. «Олар негiзгi жұмысынан бөлек, уақыттарының басым бөлiгiн партияның идеологиялық ұстанымдары мен елiмiздегi реформаларға арналған президенттiк бағытты насихаттауға арнайды. Бұл қажырлы еңбек лайықты бағалануы тиiс» дейдi облыс әкiмi. Жастар үшiн бұл мансапқа жетуге керемет мүмкiндiк. Әрi өз кезегiнде жастар қозғалысын дамытуға ынта туғызады.

Қазiр кез келген аға буын өкiлiн әңгiмеге тарта қалсаңыз, кеңестiк қоғамның бiрпартиялы жүйесiн үлгi тұтудан жалықпайды. Идеологиясын айтады, адами құндылықтарын алға тартады. Әрине, келiсетiн тұстары да бар. Алайда, уақыт алға жылжыған сайын қоғам да өзгеруде. Әлемдiк тәжiрибеге сүйенiп, бiз де көппартиялы ел болуға ұмтылып жатырмыз. Ал, олардың арасынан позициясы айқын, тұғырнамасы нық, халықты соңынан ерте алатындары өзi-ақ дараланып шығады. Оның үстiне бүгiнгi жедел өзгерiп жатқан әлем, ондағы экономикалық дағдарыс кiм-кiмдi де ширай түсуге, айналаға сергек қарауға үндеп отыр. «Нұр Отан» партиясы да сондай сiлкiнiстi бастан кешуi тиiс. Облыс басшысының филиал жұмысын жандандыру бағытындағы тапсырмаларын елмен етене болудың қадамы деп түсiндiк. Нәтижесiне – уақыт төрешi.

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371