Ғаббас Қабышұлы. Аруақты ардақтайтын қазақ едік...
КСРО атты империя ыдырап, тәуелсіздік алып, мысалы, біз - қаламын тірлік құралы еткендер - жетпіс жылғы кеңестік цензурадан құтылып, арқа-басымыз кеңіп, жолымыз ашылып еді, бірақ «әттеңнен» әлі де арыла алмай келеміз: тілден тиек кетіп, «Ерікті ауызға бөрікті бас сиып» жатыр. Басқасы басқа-ау, аруақтарды саңлауы тар сананың базарына алып шығып: «Үйде бір қызым бар, бұдан да сорақыға» ұшыратып жүрміз. Ауызды Абылай ханға салып: «Ол аласа бойлы, қауқарсыз екен, Бұқар жыраудың арқасында хан болыпты...» деп біраз шіреніп алып, содан кейін Абайға сүйкеніп: «Абай оншама мықты ақын емес... өлең ұйқастарында жымдастық шамалы... ол қазір біздің арамызда болса, бізше кітабын шығара алмай жүрер еді...» деп қоқиланып қойып, ауызға ілінген ақын атаулыны Абаймен шендестіріп, Абай мен ол ақынның арасын ел жайламаған иен дала етіп көрсететін «ғұламалар», Жамбылды: «Ленин мен Сталинді мақтап өтті, оның өлеңдерін әдеби хатшылары өңдеп, тіпті жазып беріп отырған» дейтін «сәуегейлер» бар. Ол ол ма, алты алашқа ақындығымен, батырлығымен мәлім болған Сегіз Серіні: «өмірде болмаған, ауыз әдебиетінің кейіпкері, құр аңыз», деп ежіктеп, өлермендене өзеуреп жүргендер де жеткілікті.
КСРО атты империя ыдырап, тәуелсіздік алып, мысалы, біз - қаламын тірлік құралы еткендер - жетпіс жылғы кеңестік цензурадан құтылып, арқа-басымыз кеңіп, жолымыз ашылып еді, бірақ «әттеңнен» әлі де арыла алмай келеміз: тілден тиек кетіп, «Ерікті ауызға бөрікті бас сиып» жатыр. Басқасы басқа-ау, аруақтарды саңлауы тар сананың базарына алып шығып: «Үйде бір қызым бар, бұдан да сорақыға» ұшыратып жүрміз. Ауызды Абылай ханға салып: «Ол аласа бойлы, қауқарсыз екен, Бұқар жыраудың арқасында хан болыпты...» деп біраз шіреніп алып, содан кейін Абайға сүйкеніп: «Абай оншама мықты ақын емес... өлең ұйқастарында жымдастық шамалы... ол қазір біздің арамызда болса, бізше кітабын шығара алмай жүрер еді...» деп қоқиланып қойып, ауызға ілінген ақын атаулыны Абаймен шендестіріп, Абай мен ол ақынның арасын ел жайламаған иен дала етіп көрсететін «ғұламалар», Жамбылды: «Ленин мен Сталинді мақтап өтті, оның өлеңдерін әдеби хатшылары өңдеп, тіпті жазып беріп отырған» дейтін «сәуегейлер» бар. Ол ол ма, алты алашқа ақындығымен, батырлығымен мәлім болған Сегіз Серіні: «өмірде болмаған, ауыз әдебиетінің кейіпкері, құр аңыз», деп ежіктеп, өлермендене өзеуреп жүргендер де жеткілікті.
Ал Мұхтар Әуезовті 1951-1953-жылдары «жуан сойыл Құнанбайдың баласы Абайды насихаттап жүрген «буржуазияшыл, феодалшыл, кертартпа» деп қуғындаған керауыздардың ізі әлі өшкен жоқ. 1973-жылы сырттағы «жазғыштардың» бірі - мәскеулік Алла Марченко «Вопросы литературы» жорналында шыққан мақаласымағымен «Абай жолын» тәркілей жаздағанда қыңқ етпеген қазекем кейін Мұхаңның аруағына өзі ауыз салды. 2004-жылы «Үш қиян» деген гәзетте маңғыстаулық бір «тәуелсіз жорналшы»: «Бұрынғы-соңғы қазақтың өлеңінде - Абай! Жазушылығында - Әбіш! Біріншілік осы екеуінде ғана!» деп көсілді. Әбіші - Кекілбаев. Мұхаңды есептен шығарып тастаған неменің Абайды есіне алғанына шүкіршілік деңіз. Оның есесіне Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітабынан: «...ол жазушы үйіне менімен бірге барған Еркін Хасенов деген алматылық азаматтың және Бөгенбайдың алдында бір сөз орайына байланысты: «Мен - қазақтың Абайдан кейінгі екінші орындағы ұлы тұлғасымын!» деді» дегенді оқығанда еріксіз аңырдым. Кейін Хасанмен әңгімелесіп отырып, кітабындағы «ол жазушысы» кім екенін сұрағанымда: «Мұхтар Мағауин еді» деді.
Мұхтар Әуезовтің аруағын іліп-шалуда Мырзатай Жолдасбековпен теңдесе алу да қиын. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берген президенттің қолын сүйіп көзге түскен Әбіш Кекілбаевты марапаттау кешінде Мырзатай: «...Әбіш! Сен толқитындай оқиға болды, бауырым! Бұл атаққа Әуезов жете алған жоқ! Өзің білесің, өзге даналар да жете алған жоқ, сен жеттің!..» деп
(«Әбіш жеткен биіктік...», «Общественная позиция» гәзеті, 9-желтоқсан, 2009 ж.), атом-ядролық жарылыстардан мүжіліп біткен Дегелең тауының тасын тағы бір саудырата жаздады. ТүуҺ! «Тарихи лебіз» ғой, «тарихи лебіз»! Мұхаң «жете алмаған», «өзге де даналар жете алмай» кеткен атаққа жету Әбіштің «ғажап ерекшелігі» екенін Мырзекең қалай дөп басқан десеңші!
1930-ншы жылдары да қуғын көрген Мұхаңның қырық жылдан аса тұмшаланып жатқан «Қилы заман» романының қайтадан жарық көруі туралы Әди Шәріпов 1974-жылы Тбилисиге сапарымыз кезінде менің сауалыма жауап ете былай деді:
-1961-жылдың осындай көктем кезі болатын. Совминнің ауруханасы. Кардиология бөлімінде жатырмын. Бір күні, сағат онбір-ау деймін, палатаға Мұхаң, Әуезов Мұхтар ағамыз, кіріп келді. Ойда жоқта. Сәлем беріп, тұруға ыңғайлана бастап едім: «Пәлі, Әди, қозғалма, саған әзірше тұруға болмайды», - деді. «Мұха, өзіңіз қалайсыз?» - дедім. Операция жасатпағын естігенмін. Мұхаң орындықты кереуетіме тақай қойып отырды да: «Өзің білесің, мен де жатып шықтым ғой. Санаторийге реабилитацияға бармадым, осында жасаған ем-дом да жетер. Мәскеуге жол жүрмекпін. Профессор Сайым Балмұханов сонда емделуімді мақұл көрді, - деп сәл кідірді де: - Пәлі, Әди, мен саған екі аманат айтқалы келдім. Біріншісі: өзің оқуға түсуіне қол ұшыңды берген Мұрат әлі жас, көз қырыңды сала жүр. Екіншісі: «Қилы заманды» қайтадан бастырып шығаруды мойныңа ал, сенің ғана қолыңнан келеді», - деді, қалайда шапшаңдау сөйлеп. Маңғаздана байыпты сөйлейтін ағамыздың онысы және «саған екі аманат айтқалы келдім» дегені маған ұнамады, іштей қатты тіксініп қалдым, бірақ сыр бермеуге тырмысып: «Мұха, сапарыңыз оң болып, аман-есен ораласыз, кітапты да шығарамыз, Мұрат та оқуын бітіріп келеді, сөйтіп, өзіңізбен ақылдаса отырып, үш тойды бір-ақ жасаймыз!» - дедім. «Пәлі, Әди, аузыңа - май! Әйтсе де, сен бұл аманаттарымды ұмытпа. Өзің әбден айығып шық, аманшылықпен қауышуға жазсын!» - деп еңкейіп бетімнен сүйді де, ай маңдайы жарқырай түрегеліп, ақырын бұрылып кете барды. Қайран жүрегі бір сұмдықты сезді ме екен... Сол Мәскеу сапарынан оралмады... Операция үстелінен бақиға аттанып кетті ғой...
Әдекеңнің ашық үні құмығыңқырады. Қаумалай қалған қалың ойдан тезірек сергітуді ойлап:
-Ауруханадан шыға «Қилы заманды» қолға алдыңыз ғой? -дедім. Ол маған жалт қарап алып, басын сәл шайқап:
-Жоқ, - деді. - Мен ол тұста совмин председателінің орынбасары болсам да, Мұхаңның аманатын орындау асыл аға аруағы алдындағы парызым еді-ау десем де, кітапты қайтадан бастыра қою қолымнан келмеді. Біздің қазақтар «қызық» қой, жоғарыдағы жолдастармен сөйлесіп едім, олар: «Ол кітап партияның саясатына қарсы деп жабылып тасталған. Байқа, қате қадам жасама» деді. Содан кейін өзімізге жолды Мәскеу арқылы салмай болмас деп түйіп, романды орыс тілінде шығаруды ойладым. Өзіміз жүндей түте бастаған: Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевты, Ғабит Мүсіреповті, Ахмет Жұбановты қорғап қалған Мәскеу емес пе еді?! Сол жақтан күш алуым керек деп білдім. «Қилы заман» 1928-жылы Қызылорда қаласында басылып шығып, «феодал-ұлтшыл жазған кітап, советтік өмірдің өңін айналдырған, жоқтан бар жасалған» деп бассалып айыптауға ұшырап, таралуына тиым салынған болатын. Ал енді шындығында шошынатын ештеңесі жоқ. Белгілі Қарқара көтерілісі негіз етілген, яғни тарихи оқиғаға сүйеніп жазған ғой. Сол үшін күстәналап... Бәрін істеп жүрген өзіміздің қазақтарымыз, не айтарсың... Сол кезеңде «байдың баласы, қажының тұқымы» деген пәле-жаламен өзім де қуғын көрдім, пединституттан, комсомолдан шығарылып, басыма қатер төнген соң Түркменстанға қашып кетіп, аман қалдым. Менде «Қилы заманның» бір данасы бар еді, соны қалайда ең қымбат мүлкімдей тығып, жұрттан жасырып жүретінмін. Бір кездері шешем тігіп берген кенеп боқшабайымның түбіне тығып салып, ала кеттім. Қойшы, содан 1966 жылы Совминнен Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретарьлығына жіберіліп, еркінірек қимылдауыма жол ашылды. Кітапты мәшіңкеден өткіздіріп, орыс тіліне жолма-жол аудартып, СССР Жазушылар одағына барған бір сапарымда, 1969 жылы, Мәскеуге ала жүрдім де, кезінде Мұхаңның досы болған Алексей Наумович Пантиелевке апарып көрсетіп, шындықты айтып, әдеби аударма жасауын өтіндім. Мұхаңның аруағын риза болсын дедім. Ол сөзге келген жоқ, тіпті қуана қабыл алды. Кезінде Мұхаңмен жақсы таныс-біліс болған мәскеулік қаламгерлердің бірі еді. Аударманы бас-аяғы төрт айда бітіріп, Алматыға, маған телефон соқты. Ал мен екі-үш күннен кейін Мәскеуге, СССР Жазушылар одағының кезекті пленумына бармақшы едім, сәті түсіп, тіпті жақсы болды. Бардым. Алексей Пантиелевтің қуанышында шек жоқ: - Ғажап шығарма! Қайран Мұхтар! Қайран Мұхтар!.. - деп жүрегі елжірейді келіп. Аудармасының қаламақысын есептеп, артығымен ала барғанмын, соны ол «алмаймын!» деп әлегімді шығарды. «Мұхтардың аруағына қызмет еттім, онымды пұлдамаймын!» дейді. Мен: «Кімнің болсын, қанша болсын еңбегін өтемеу мұсылман қағидасында күнә делінеді, ондайды аруақ кешірмейді», - деп әрең алдырдым. Қойшы, сонымен, аударманы «Новый мир» журналының Бас редакторы Александр Твардовскийге алып барып, кезінде автор мен кітап тап болған шырғалаңды оған да айтып беріп, жақсы таныстығымызды пайдалана салмақ салып: - Саша, давай, жорналыңа тезірек шығар! - дедім. Обалы кәні, ол да Мұхаңмен дос-жолдас болған ғой, бірден: - Мұның жақсы болды, дұрыс істегенсің! Тез шығарамын, бірақ, орыс оқырманы үшін алғысөз керек қой, алғысөзсіз болмайды, кәне, ойланайық, кімге жаздырамыз? - деді. Екеуіміз ақылдастық, ананы атадық, мынаны атадық. Біздің жақтан тез жазып бере қояр кісі табылмасын ішім сезеді. 195І - 1953-жылдары Мұхаңның соңына түскен, тіл тигізгендердің талайы әлі тірі жүр. Олар, бұл оң ісімізді ести қалса, қалшылдап қарсы әрекетті тағы бастаудан тайынбас. Қайсысының ішінде ит өліп, қайсысының ішінде мысық өліп жатқанын қайдан білесің?!. Құрысын, пәледен аулақ!.. Сол жәйтті ойлап отырғанымда есіме Шыңғыс түсе қалды, Шыңғыс Айтматов! Соған жаздырайын! Мұхаңнан бата алған бауырымыз Шыңғыс тұрғанда бөгденің қанжығасына байлап бергенім болмас, мұнымды Мұхаңның аруағы да жөн көрер деп түйдім де, дереу: - Саша, Мұхтар Омарханұлы әдебиеттегі алғашқы қадамына ерекше қуана батасын берген Шыңғыс Айтматов бар емес пе?! Алғысөзді сол Шыңғысқа жаздырайық! Одан басқаны іздеп қайтеміз?! Ол осында жүр деп естідім, тауып алайын да айтайын, келіседі! - дедім. Твардовский дереу құптап: - Иә, Шыңғыс Төреқұлұлы осында, келгеніне бір апта болды-ау, мен ертең... жоқ, бүгін іздеттіріп, өзім сөйлесейін, тапсырайын! - деді. Алайда оның да басы дау-дамайға ілігіп, саясатшылдардан теперіш көріп жүргеніне біраз уақыт болған еді, әңгімемізден кейін көп ұзамай қызметінен босатылды. Жорналына өте батыл, шыншыл шығармаларды жариялағаны үшін. Әйтсе де, өзі жасақтаған жорнал коллективі оның бағытын сақтады, «Қилы заманды», үшінші жыл дегенде, 1972-жылы, Александр Трифонович жаздырып алған Шыңғыстың алғысөзімен, бәрібір шығарды. Мінеки, Ғаббас жолдас, осындай хикаят болған, - деді Әдекең.
-Егер Шыңғысты таба алмаған болсаңыздар, алғысөзді Мұхаңның мәскеулік әдебиетші-сыншы достарының біріне жаздыруларыңыз мүмкін бе еді? - дегеніме Әдекең:
-Әрине, сөйтетін едік, тосатын уақыт жоқ болды ғой, тездетуіміз керек болды емес пе? - деген.
Мәскеудің «Художественная литература» баспасы 1973-жылы Мұхтар Әуезовтің бестомдығын шығарды, роман «Лихая година» деген атпен соған енгізілді. Сол тұста «Жұлдыз» жорналында Әди Шәріповтің алғысөзімен жарияланды. Қазақ тіліндегісінің «Жазушы» баспасынан жарық көруі 1975-жылы ғана іске асты. Мұхтар Әуезовтің аруағымен алысқыштар ол кезеңде де аз кесапаттанған жоқ.
Роман хақындағы тарихи дерек Әдекеңнің «Көргенім, көңілге түйгенім» деп аталған кітабында бар («Қазақ университеті» баспасы, 1998-ж.). Әдекеңнің мерейтойлары күндерінде гәзеттерде шыққан мақалалар мен естеліктерде айтылды да. Бірақ, неге, қалай екенін білмеймін, сол оқиғаның өңі айналдырыла береді.
Ш. Айтматов пен М. Шахановтың "Құз басындағы аңшының зары (Ғасыр басындағы сырласу)" кітабында ("Рауан" баспасы, 1997-ж.) Мұхтар Шыңғысқа былай депті:
"...Ал Әуезовтің бір кезде идеологиялық жағынан қайшы, кертартпа шығарма деп бағаланып, саясаттың өткір қайшысына түсіп кеткен "Қилы заман" романын тоталитарлық жүйенің тұсында араға үлкен беделіңізді салып, одақтық "Новый мир" журналына жариялаттырып, халықпен қайта қауыштырдыңыз. Осы ерен еңбегіңіз үшін де қазақ елінің бұрынғыдан да өзгеше сүйіспеншілігіне бөлендіңіз".
Мұхтар мәселенің анығын білмеді десек, Шыңғыстың өзі бірден-бір куә болған шындықты айтпауы даңқ пен дақпыртқа бауыр басқан пендешілігі еді дей аламын. Осы орайда айта кетер бір жәйт: құлағына жағымды сөз шындықтан алыс болса да, оны үндемей қабылдай салу да әдетке айналды. Мысалы: Әбіштің де, Шыңғыстың да сол сәтте: «Мұхаңның аруағын мазаламайықшы!» деулеріне болатын еді. Сондай-ақ, бүгінде «ұлы» деген сөз туған күнін тойлауды дүркіретіп өткізген ақын-жазушыларымыздың бәріне айтылатын болды. Ол ақын-жазушылар да мізбақпайды, сірә, өзін шынында: «Ұлы ақынмын!», «Ұлы жазушымын!» деп білетін болса керек. Ұят-ақ!
«Қазақ әдебиеті» гәзетінде басылған «Ұлы ұстаздың кемеңгер шәкірті» деген мақаласында (23. 12. 2008-ж.) Бисенғали Зинол-Ғабден мырза да Мұхтар Әуезовтің «сонау жылдары тиым салынған «Қилы заманын» жарыққа шығарған, орысшаға да аудартқан Шыңғыс Айтматов» деп тұжырыпты. Осындай пікірді Астананың Л. Гумилев атындағы Евразия университетінің бір оқытушысы да (әйел кісі, аты-жөнін есіме түсіре алмадым) қайталапты.
Бізде бүгінде не көп, жекеменшік, анау-мынау гәзет көп. Кімнің не жазса да, - еркі. Солардың бірі - «Алашорда» деген апталықта бірде «Ұлтын сүйген үлкен жүрек» деп дағарадай тақырып қойылған шағын материал шықты. Авторы Дарын Секер, сірә, жас жорналшы болар, бір тұста: «1973-жылы Мұқағали Мақатаевты Жазушылар одағының мүшелігінен шығарып жіберген кезде Зәмза 2-курстың студенті болатын. Оқудан шығартып жіберуі мүмкін екенін біле тұра, Жазушылар одағының басшысы Әнуар Әлімжановтың алдына барып: «Жазушылар одағының 400 мүшесі болса да, 400 Мұқағали жоқ. Мұқағалиды Одақтан шығарғанда, Одақ кім үшін жұмыс істейді? Тарих алдында, болашақ ұрпақ алдында қылмыс жасап отырсыздар!», дейді тайсалмай», депті. Өйдөйт шіркін! Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылмаған Мұқағалиды әлде Зәмзә Қоңырованың қиялы, әлде Дарынның сенгіштігі «шығарып», айыздары бір қаныпты.
Қоңырованың «тебітуі» 1973-жылы болды-мыс, ал Мұқағалидың «Одақтан қуылуы» туралы өсектің шыққаны - 1974-жылы. Сонда Әнекең: «Ей, шырағым, болмаған оқиғаны болды деп, қай бетіңмен келіп отырсың?» демей, «кінәсін» бір жыл бұрын «мойындап» отыра берген ғой, ә?!
Өздері жете білмейтін жәйтті өздері басы-қасында болғандай етіп жазғыштарға еріксіз таңданады екенсің.
«Общественная позиция» гәзетінің биылғы 5-мамырдағы санында «Кто же настоящий партизан «дядя Вася»? деген ортақ тақырыппен екі мақала жарияланды («На фронте я был Вася», авторы - Жасұлан Жолдыбаев және «Вали больше похож на Васю», авторы - Шолпан Ысқақова)
Оның кіріспесінде былай делінген:
«Недавно в редакцию нашей газеты «Общественная позиция» от обычного гражданина Серика Уразбаева пришло письмо. В нем описывается судьба его деда Вали (Уали) Больджановича Уразбаева, за голову которого фашисты давали большое вознаграждение и которого партизаны прозвали «дядей Васей». Позже автор письма принес в редакцию и документы из госархивов Алматы и Москвы, подтверждающие предоставленную им иформацию.
Однако всем нам известен писатель Касым Кайсенов, который в своей книге «В тылу врага» называет себя «дядей Вася».
Мы не относим ни один из этих фактов к истине в последней инстанции, а только предлагаем читателю самим ознакомиться с ними».
Аталған екі мақалада Қасым Қайсенов пен Уәли Оразбаев туралы айтылған. Ортақ тақырып айқайлап мәлімдеп тұрғандай, Қасым Қайсеновтің «настоящий «дядя Вася» болғаны күдікті. «Серик Уразбаев утверждает, что никогда не читал и не видел книгу Касыма Кайсенова «В тылу врага». Но он уверен, что назвать человека Васей можно, если его имя созвучно. Так, Уали Больджановича спокойно можно назвать Василием, или просто дядей Васей. А Касыма Кайсенова назвали бы как-нибудь по-другому. Например, дядей Колей», депті автор.
Қасым Қайсеновті жақсы білген кісі ретінде айтарым: 1967-жылы Киевке Қаскеңмен бірге барып, көзі тірі партизан достарының бәрімен дерлік таныстым. Олардың балаша шат-шадыман кездесіп, құшақтасып, сүйісіп табысқандары, жорық жолдарындағы оқиғаларды әңгімелегенде бірде күліп, бірде жылап отырғандары - ғажап бір драма. Қаскенңің достары айтарларын: «Помнишь, Вася?!» деп бастайды...
Менің мақсатым атақты ағамыз туралы әлде хикая, әлде роман жазу еді, бірақ жолжазбамен шектелдім. Ақын жолдасым Сабырхан Асанов екеуіміз сәлем беріп шықпаққа Қаскеңнің үйіне барып, есен-саушылық сұрасқан соң мен «Қазақ әдебиеті» гәзетінде: «Помнишь, Вася?!» деген тақырыппен жарияланған жолжазбамды көрсетіп: «Аға, Киевке сізбен бірге барғанда ой-жоспарым көп еді... енді бұдан басқа ештеңе жаза алатын емеспін. Партизан соқпақтарында сіздермен бірге жүрген жоқпын, тіпті Киевте сіздермен бірге күле де алмадым, сіздермен бірге жылай да алмадым...», дедім. Қаскеңнің өңінен реніш табы байқалмады. Ол жайдары қалпында қарап басын изеп, қолын ұсынды да: «Шыныңды айтқаныңа рахмет! Мен туралы жазылып жатқан дүние көп, сол да жетер. Ал мына тақырыбың маған ұнады, іші де ұнайтын шығар, рахмет!», деп жымия қолымды қатты қысты.
Қасым Қайсеновтің Вася болғанына таңдану, Уәли Оразбаев екеуінің қайсысы ерлігі, аты жағынан «настоящий Вася» екендерін шендестіру, гәзет оқырмандарына «шындыққа көз жеткізу» үлесін қалдыру екінші мақаланы жазған Ш. Ысқақоваға не үшін керек болды екен? Оразбаевтардың отбасы жайындағы жап-жақсы мағлұматына Қ. Қайсеновті тықпалап, оның Украина мен Қазақстан жұртшылығына түгел дерлік мәлім «Вася» екеніне шүбәлі болғаны мүлде түсініксіз. Оның үстіне Қаскең Украина жерінде, ал Уәкең Беларуссия жерінде партизан болды, яғни, екі азаматтың аруақтарын енді біріне бірін қарсы қойғаны тіпті өрескел.
Қаһарман Қ. Қайсенов украиндықтарға өзін «Мен - Васямын» деп таныстырмаған, олай атап жіберген кісі - оның партизан досы А. Крячек. Аңқылдап сөйлейтін ақ көңіл, қушыкеш кісі еді. Қасым атты қазақты неге «Вася» деген себебін білмеймін, сұрамаппын.
Орыстарда басқа ұлт адамдарына өздерінше ат қоя салу оп-оңай. Мысалы, «Балабекті» «Боря», «Түлкібайды» «Толя» дей салады. Алайда кереғар атап жіберетіндері де болады. Оған Қаскең бір мысал десек, екінші мысалымның тарихы ерекше қызық.
Бізде Михаил Иванович Есенәлиев деген мемлекет және қоғам қайраткері болғанын Қазақстанның зиялы қауымы жақсы біледі. Ал оның нақты аты-жөні - Хакім Тілегенұлы.
Орал өңірінде дүниеге келген Тілеген жеті жасында әке-шешеден жетім қалған да, қарайласар ешкім болмай, тағдыр қаңғалақтатқанда шара бола ма, Ресейдің Саратов облысындағы Питер деревнясынан бір-ақ шыққан. Сонда қолбала болып жүрген. «Тілеген» аты былай қалып, «Иван, Ваня» аталып кеткен. Бозбала межесіне жеткенінде колхоз бастығының атқосшысы болған. Қазақ емес пе, жылқы малын бағып-қағуға бейімділігі, ептілігі, құмарлығы байқалған ғой. Күндердің бір күнінде деревняға өзінше тиянақ іздеген жетім қыз - Үмітай бойжеткен келе қалыпты. Ойда жоқта тағдыр қосқан деген сол ғой, екеуі танысып, ақырында, «екі жарты-бір бүтін» болып, бас құрапты.
Жас отау перзентті болған. Ұл бала. Әкесі «Хакім» деп ат қойған. Той өткен соң Тілекең нәрестесіне тууы туралы куәлік алуға барады. Ондағы орыс келіншек: «Ваня ағай, бұл балаңның атын «Михаил» деп қояйық. «Михаил Иванович» болсын. Михаил Иванович Калинин жолдасты білесіз ғой, оны бүкіл дүние жүзі біледі! Сіздің ұлыңыз да Совет Одағының сол басшысындай үлкен ұлық болсын!» - депті. Көңіл қуанышы кемерінен асып жүрген Тілекең ұлының әйгілі Калинин жолдаспен аттас болғанын дұрыс көріп: «Ну давай, пиши!» десе керек. Сөйтіп, Хакім «Михаил Иванович Исиналиев» болып кете барған.
Сөз соңында айтарым: гәзет-жорналдарымыздың әдрісі жазулы маңда «Автордың көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді» деген ескертпе бар. Дұрыс шығар, бірақ сонымен қол сілтей салып, кейбір автордың аруаққа тіл тигізуіне жол беруге бола ма? «Тіл тигізу» дегенде марқұм адамға қатысты шындық ешқашан айтылмасын деуден аулақпын, - айтылсын, тек шындықтың өзін жоққа шығару, аруаққа қиянат жасау болмасын деймін.