Мектепке Әл-Фарабидің қағидасы «ЖОЛАЙ АЛМАЙ» ЖҮР
Қазақ мемлекеттігінің түп қазығы – қазақ мектептері. Бүгінгі оқушылар ертең осы елге ие болып, тізгінді қолға алады. Сондықтан барлық мектептердің негізі қазақ мектептерінен алынуы керек.
Қазіргі орта білім беру үрдісі еліміздегі көптеген оң өзгерістерден ең кенже қалды десек те болады. Шикізат сатып, экономикамызды қарыштатып дамытып жатырмыз. Ертең шикізат біткен соң, өсіп келе жатқан ұрпақтың ары қарай әлемдік бәсекеге төтеп беріп, елімізді шикізатсыз дамытуға білімдері, қабілеттері жете ме?.. Бұл – ойланатын шаруа.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, адам баласы 25 жасқа дейін ғана, әсіресе 18-ге дейін бүкіл білімнің қоры миға құйылып, аса дарындылары болмаса, қалғандарының қабылдау қабілеті 25-тен соң тоқтап, баяулайды екен. Сонда біз 18 жасқа дейін мектептерде ұлттық педагогикадан аулақ, адамдық қасиеттерден жұрдай, түкке тұрғысыз білімсымақ ақпараттармен баланың басын толтырады екенбіз.
Кеңес Одағы бала жаза алатын, оқи алатын болса болды, «сауатты» деп мақтады. Ал бізде қазір қалыптасқан оқыту жүйесінің қателігінен баланың білімге деген қабілеті ашылмайды. Логикалық ойлау жүйесі қалыптаспай, білімге деген құлшыныс артпайды. Керісінше, өз бетінше ізденбейтін, газет-журнал, әдеби көркем кітаптар оқымайтын, болашақта олар да ата-ана болғанда, балаларының болашағына немқұрайды қарайтын, мемлекеттік тұрғыдан ойлай алмайтын, жоғары білімі бола тұра, қабілеті тек «қазан-ошақтан» аса алмайтын дәрежеге жеткізетін – біздің оқыту жүйеміз.
Сексен жыл бойы кеңестік «жаттанды білім беру теориясы» бүкіл халықты орташа ғана сауаттылыққа оқытып келді. Халықтың шала сауатты болуы Кеңес Одағы үшін тиімді болды. Орташа білімді халықты бағындыруға, айдауға жеңіл болады.
Осыдан 40–50 жыл бұрын қалыптасқан кеңестік оқыту жүйесінің «діңгегіне» айналған В. Шаталовтың «тірек сигналдарын пайдалана оқыту», Скаткин мен Лернердің «оқытудың 5 түрлі әдістерін» пайдаланып келеміз. Мұның қорытындысы «жаттанды білім» жүйесіне әкеліп соқтырды.
«Жаттанды білім» деген не?
Бала балабақшаға аяқ басты. Оқып, жаза алмағандықтан, тәрбиеші оқып, «түсіндіріп» береді.
Бала мектепке барды. Дайындық тобы. Бала оқи алмайтындықтан, мұғалімі оқып береді, «түсіндіреді».
Бірінші сынып – бала оқып, жаза алады. Бірақ мұғалім оқып, «түсіндіріп» береді.
Он бірінші сыныпқа дейін оқушы жазып, оқи алса да, мұғалім «түсіндіріп» береді.
Білімсіздік, міне, осы «түсіндіріп» беруден басталады. Оқып, жаза алатын балаға мұғалімнің оқып-«түсіндіріп» беруі – ақылға сыймайды. Өйткені жас ерекшелігіне байланысты сол сыныптың оқушысына арналған оқулықты мұғалім оқып, «түсіндіріп» береді. Оқулық мұғалімге емес, оқушыға арнап жазылған. Сондықтан оқушы мәтінді өзі оқып, оқығанын түсіндіріп немесе есепті өзі шығарып беруі тиіс. Керісінше, мұғалім сабақ мәтініне сай қосымша мыңдаған материалдармен қаруланып, оқушы ойын толықтырып, сүйемелдеп отыруы керек.
Ұстаздың тек оқулық материалдарымен ғана шектелу оқушыны да, мұғалімді де сауатсыздыққа ұшыратады. Өйткені оқулық білім емес, анадан-мынадан жартыкеш, әрбір ғылым саласынан, онда да 11 жыл бойы қайталанбайтын бір реттен ғана ақпарат береді. Сондықтан мұғалімнен оқушыға білім емес, тек ақпарат беріледі.
Білім – берілетін зат емес. Білім алынады. Ол – ұстаздың өз бетінше талмай ізденіп жинаған білімі мен және оны мағыналап, мәндеп жеткізе білуі. Құнды жазылған оқулық материалы ұға білетін оқушының сана-сезімі, түйсігі, қабілеті, дарыны шама-шарқы жеткеніне дейін ғана алады. Сондықтан «білім беру» деген сөз тіркесінің өзі мүлдем теріс, қате түсінік.
Міне, осы «сабақты түсіндіру» әдістемесі балаларды білімсіздікке ұшыратып, өз бетінше ойлау қабілетінен айырып, миларына жүк түсірмей, мұғалімнің айтқанын қайталаумен ғана шектеліп, 11 жылын мектеп пен үйінің арасына кітап тасып, екі аралықты шаң қылумен босқа өткізуде.
Сонда 11 жыл бойы «мұғалім түсіндіріп бермесе», оқушы өз бетінше кітап бетін ашпайды. Үйінде де «ағай/апай сабақты түсіндіріп берген жоқ», – деп дайындалмайды. Ата-анасы да: «Мұғалім түсіндіріп беру керек еді, сабақ түсіндірмейтін нашар мұғалім» – деп, баласының көзінше мұғалімді жерден алып, жерге салады. Егер пән мұғалімі ауырып немесе бір жағдай болып, сабаққа келе алмаса да, кітап бетін ашпайды. Осы түсінік баланың да, ата-ананың да санасын әбден улап тастаған. Барлық оқушылардың 5 пайызы ғана «өзім оқуым керек» деген ойда болады. Зиялы қауым мен журналистердің «халық неге газет оқымайды?» деп бас қатыруы, қоғамда жамандықтың көп болуы кітап, газет-журналдың бетін ашпайтындардың көп болуы – осыдан. Көбінесе мұғалімдер бүгінгі айтқан сабағын ертеңіне үтір-нүктесіне дейін қайталап айтып беретін баланы «зерек», «дарынды» бала деп мақтайды.
Қалғандары да кітап бетін ашпай-ақ, осы «зеректің» үй тапсырмасын айтқандарын қайталап, «3» не «4» деген бағасын алады. Қазіргі білім берудің шынайы беті осы.
Біздегі «Білім туралы» заң сауатсыз жазылған. Ол заң бойынша Білім министрлігі білім жүйесін тікелей басқара алмайды. Әкімдер не айтады –сол болады. Яғни, ол жерден білім іздеудің керегі жоқ.
Жапондар 1980 жылдары әрбір оқушыны толық компьютермен қамтамасыз етті. Ондағы ойлары – балаларынан әлемдегі ең білімді жасты қалыптастыру еді. Бірақ, бір өкініштісі, 2000 жылы «компьютерлік білімді» зерттегенде, 20 жылдық «білім шыңына шығу» армандары өкінішпен аяқталды. Компьютермен жан-жақты білімді болады деген оқушылар, керісінше, ойша екі жай сандарды қоса алмай, түкке тұрғысыз сұрақтарға жауап бере алмаған. Компьютердің барлық «дайын білімі» 90 пайыз баланы ойлау қабілетінен айырып, топастандырған. Біздің «жаттанды білім» мен компьютердің «дайын білімі» де білімділікке жетелемейді. Өз бетінше талмай, ізденіп оқитын балалар ғана жетістікке жетеді де, қалғандары тек «сауатты» болады.
Батыс ғалымы Анре Ферьераның «Адамдар мектепті қалай құрған» деп аталатын аңызында: «Бала табиғатты жақсы көреді, сондықтан оны төрт қабырғаға қамап қойды. Бүлдіршіндер өз жұмысының мағынаға ие екендігін ұғынғылары келеді, сондықтан оның белсенділігінің еш пайда әкелмеуіне қолдарынан келгендерін істеді. Ол қозғалыссыз тұра алмайды, оны қозғалмастай жасады. Ол қолымен жұмыс жасағысы келеді, ал оған теориялар мен идеяларды үйрете бастады. Ол сөйлегенді ұнатады – оған үндемеуді бұйырды. Ол түсінуге тырысады – ал оған жаттап алуды тапсырды. Ол өздігінен білім іздер еді – ал оларға бәрі дайын күйінде берілді. Осылайша балалар басқа жағдайда үйрене алмайтын әрекеттерді үйренді; олар өтірік айтып, қулануды үйренді.
Сонымен мынау болды: кейбір адамдар селқос, енжар бола бастады да, өмірге деген қызығушылықтарын жоғалтты. Олар бақыт пен денсаулықтан айырылды. Махаббат пен мейрімділік із-түссіз жоғалды. Ал ойлар құрғақтанып, қарапайымданып, жан қатігезденді, жүрек ызадан булықты...» деп жүрегі қан жылап жазды. Әулие екен, айтқаны келді.
Бізде мектеп проблемаларымен ондаған педагогикалық институттар мен университеттер, республикалық және облыстық (қалалық) білім жетілдіру институттары, үш ғылыми зерттеу институты мен бірнеше зерттеу орталықтарының басын қосқан Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың Білім академиясында мыңдаған ғалымдар қызмет істейді. Олар ғылым кандидаты, доктор, профессор, академик атақтарын алу үшін жаңалық ашқан жоқ па?.. Біз неге осы ғалымдардың ашқан жаңалықтарын сезінбейміз? Бізге тек білім сапасын жақсарту мақсатында К. Окуньның «Проблемалық оқыту», «Сорос–Қазақстан» бағдарламалары негізіндегі «Сын тұрғысынан ойлау», Ж.Қараевтың «Саралап, деңгейлеп оқыту», М.Жанпейісованың «Оқытудың модульдік технологиясы» кеңінен таратылды.
Бірақ бұлар жаппай қолданылып кеткен жоқ. Олардың жаппай қолданысқа түспеуіне кеңестік «жаттанды білім» оқыту әдістемесі жол бермеді. Ұлттық педагогиканы – «кеңестік педагогика» мектеп есігінен сығалатпай отыр. Мүмкін, жеке меншік мектептерде жаңа инновациялық тәсілдермен оқытатын шығар, бірақ олардағы мұғалімдер де «Кеңестік педагогикадан» нәр алғандар. Макаренконың тәрбие бермейтін кеңестік «тәрбие теориясы» да қазақ мектептеріне ұлттық тәрбиені кіргізбей отыр. Педагог ғалымдарымыз шала сауатты болғандықтан, осының ара-жігін ажырата алмай, содан мұғалімдер шатасып жүр.
Сондықтан әлемнің ұстазы Әл-Фарабидің:»Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» – деген мәңгілік қағидасы да мектепке «жолай алмай» жүр.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ
Астана қаласы
«Общественная позиция» (проект «DAT» №35 (306) от 15 октября 2015 г.