Дүйсенбі, 28 Шілде 2025
Заң және Тәртіп: 117 0 пікір 28 Шілде, 2025 сағат 12:19

Қоғамның барлық мүшелері заңмен қорғалады!

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Қазіргі заманғы саясаттың маңызды құрамдас бөлігі – оның нормативтік-құқықтық базасы болып табылатындығын ешкім жоққа шығара алмайды. Құқықтық нормалар саясатқа ілгерілеушілік серпін беріп, жалпыға бірдей құқықтық кеңістік құрап, саяси процеске қатысушылардың құзырет шеңберін нақты белгілеп береді.

Жетілдірілмеген заң базасымен, құқықтық актілердегі қайшылықтармен, айқын емес басымдықтармен ұштасқан әлсіз құқықтық саясат тұтастай алғанда әлеуметтік және экономикалық саясатты жүзеге асыруда айтарлықтай қиындықтарға соқыратыны белгілі. Сол себепті елімізде жеткілікті дамыған құқықтық саясат болмаса, саясаттың барлық түрлерін мақсатты және кепілді түрде іске асыру мүмкін емес. Қазіргі қоғам өмірінде құқықтың рөлі күрт өскенін және өлшеусіз артатынын атап өткеніміз жөн.

Осыдан төрт жыл бұрын, атап айтсақ, 2021 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаев ұлттық құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасына қол қойды. Тұжырымдама заңнаманың жекелеген салаларын дамыту жөніндегі тораптық қондырғыларды қамтитын жаңа бағдарламалық құжат болып табылады. Бұған дейін мемлекеттік басқару моделін жетілдіруге, экономикалық өсуді арттыруға және білім беру, денсаулық сақтау, азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы бірқатар мәселелерді шешуге бағытталған қазақстандық құқықтық жүйені жаңғырту жөнінде шаралар қабылданған еді. Енді ол арнайы тұжырымдамамен бекемделіп отыр.

Осы уақыт аралығында құқықтық ақпарат ағыны теңдессiз ұлғайды, әртүрлi нормативтiк актiлер едәуiр көбiрек қабылдана бастады. Бұның бәрін біздің қоғамның, жеке және заңды тұлғалардың өздерінің өзекті проблемаларын шешу үшін құқықты белсенді пайдалана бастауымен түсіндіре аламыз. Бұл орайда біздегі жүзеге асырылып жатқан «құқықтық саясат» әлеуметтiк-экономикалық процестердi құқықтық реттеудiң пәрмендi тетiгiн құруды, қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткiзу үшiн заңдық тетiктердi мақсатқа сай пайдалануды, адамның құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым толық қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртiптi нығайтуды, құқықтық мәдениет деңгейiн едәуiр арттыру жөнiндегi мемлекеттiң негiзделген, жүйелi және дәйектi қызметтерді бiлдiредi.

Осылайша, «құқықтық саясат» құқықтық даму процестерін басқаруға, қоғамның заңдық құрамдас бөлігін ұйымдастыру дәрежесін арттыруға тиіс екендігін елімізде жүргізіліп жатқан сындарлы саясат айқындап беріп отыр. Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты заң қызметiнiң жалпыға бiрдей жүйесiн бiлдiретіндiгін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл ең алдымен ҚР Конституциясының мызғымас принциптерiне, оларға сәйкес заңдар мен халықаралық құқықтың жалпы танылған нормаларына негiзделіп өмір салтымызға еніп отыр. Осылайша, еліміздің құқықтық саясаты қолданыстағы құқықтық актілерден көрініс тауып келеді. Құқықтық саясат елдің толыққанды және қолданыстағы құқықтық жүйесін қалыптастыра алды десек ақиқаттың ауылынан еш алшақ кетпейміз. Ол қоғамның барлық мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, мемлекеттің құқықтық реттелуін жетілдіруге бағытталып отыр. Құқықтық саясат қоғамдық өмiрдi әдiлеттiлiк қағидаттарын тиiстi және толыққанды ұйымдастыру мақсатында құқықтық құралдарды ғылыми негiзде пайдалануға құрылып жатыр.

Құқық қорғау және құқық қорғау саясаты тұтастай алғанда құқықтық саясаттың түрлерi болып табылады. Әрі сонымен қатар Қазақстанда құқықтық мемлекеттiң қалыптасу қажеттiлiктерiне жауап беретiн жалпыға бiрдей құқықтық өмiрдiң өзара байланысты құрамдас бөлiктерi болып табылады. Құқықтық саясаттың біз жоғарыда сөз еткен түрлерi тұрақты өзара байланыста болып келеді. Мемлекеттің құқық қорғау саясаты конституциялық құрылысты және қоғамның басқа да өмірлік маңызды мүдделері мен құндылықтарын қорғау үшін тиісті жағдайлар мен алғышарттар жасауға арналады. Қоғамның құқық қорғау саясатының басты мiндетi маңызды конституциялық құндылықтарды пәрмендi iске асыру және қорғау үшiн тиiстi саяси-құқықтық және ұйымдық-басқарушылық жағдайлар, тетiктер жасау болып табылады.

Осылайша, мемлекет азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын, олардың әкiмшiлiк және сот тәртiбiмен заңмен қорғалатын мүдделерiн дамытуды, сондай-ақ халықтың қалың тобының бiлiктi заң көмегiне қол жеткiзуiн қамтамасыз ететiн жағдайлар жасап отыр.

Abai.kz

0 пікір