Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 11361 0 пікір 7 Қазан, 2015 сағат 12:27

«ШИПАГЕРЛІК БАЯН» ҚАШАН МЕДИЦИНАМЫЗДЫҢ ШАМШЫРАҒЫ БОЛАДЫ?

«Сабақты ине – сәтімен» демей ме?  Ұзақ уақыт, өте ұзақ, бақандай 20 жыл. Ішімде бұрқ-сарқ  қайнап, көңілімде алай-дүлей дауылдай ұлып жүрген білеудей ұлы мұратымның жұлдызы жанып, жарық сәулесі енді ғана жарқырай бастады-ау деймін.

Сонау 1994-жылы ҚХР аспанын қақ айырған ақпа жұлдыздай, дүбірлі жұртты  дүр сілкіндіріп, елеусіз де, ескерусіз жүрген көшпенді халық – қазақ ұлтынан ғажайып мұра, теңдесіз байлық, жойқын шығарма  «Шипагерлік баян» жарқ ете түсті. Жалыныда орасан зор болды. Кітап баспадан шығар-шықпай жатып, күлі қазақ баласы жапатармағай жата-жастана оқи бастады да. А, дегенде бәріміз де сенер-сенбесімізбі білмей  аңтарылып қалғанымыз шындық. Себебі, бұл жойқын шығарманың баяндау тәсілі, бұрын-соңды көп естімеген де, көрмеген тіл мәнері, ішінара  мүлдем естімеген атаулар мен осыған дейін еш тарихи деректерде кездеспеген тұлғалар, уақиғалар,  алуан түрлі ғылым-білімнің бір қазанда біте  қайнап қойыртпақталуы, асуын оңай –оспаққа алдыра қоймайтын асқаралы алып белдігінде еді.  

Ғылым зерттеу – екінің бірі егіздің сыңарының қолынан келе бермейтіні де анық қой. Ап етпеде, көбісі қызды-қыздымен бір-екі рет оқып көрді де, әйқайдамға салып, арбадан қайтқан аттай шегіншектеп  қайтадан  жылы жауып қойғандай болды. Сол жұрт қатарында мен де бірнеше рет оқып шыққан-тұғым. Бірінші оқуымда шынын айтсам пәлендей бірнеме білдім дей алмаймын. Есесіне түпсіз терең тұңғиық дүниенің сұлбасын елестеткендей болдым. Екінші рет оқуымнан бастап аздап бірнеме жұға бастағандай болды. Содан бермен қарай ауық-ауық оқып келем. Оқыған сайын шыт жаңа ойлардың жетегіне  жетелумен сиқырлы ғалам сырына батып, таңғажайып дүниелерге ғашық  боламын. 

1996 жылы Алматыда «Жалын баспасы» жағынан Д.Масімханұлы мен К.Елемесұлының қотаруында бұл еңбек кирилицада жарық көрді. Біздегі біраз көзғарақты  ғалымдар мен әуесқой кітаппаздар аздап зерттеу мақалаларын жазған болды. Мақалалар жинағы ретінде «көненің көзі, дананың сөзі» атты кітап та өмірге келді. Бұл азаматтарға алғыстан басқа айтар жоқ. Дегенмен ұлттымызды ұлықтар, мемлекетіміз мерейін асқақтатар, бүгінгі қазақ ғылымын өрге сүйрер осынау ғылымнамалық сүбелі еңбекті, табаны күректей 20 жылда әр қырынан  толық ашып, халық игілігіне Отан мақтанышына, адамзат өркениетіне  айналдыра алмай отырғанымыз, білгенге өзекті оттай өртейтін өкінішті шаруа, ұятты іс еді.

Кез-келген істің пысып жетілетін уағы болады деуші еді ғой. Осы ғылымнамалық кітап  жайлы отырған-тұрған қаншама жерлерде әңгіме еттік, пікір-пайымдар айттық селт етіп серпілген, арындап алға шығып «Бұл шаруаны қолға алайық!» деген бірде-біреуді байқамаған екем. Сөйтсем, мен, асылында өз жанашырын, қамқоршысын кезіктіре алмай жүрсем керек. Өткен жылы басқа бір тарихи кітапты жарыққа шығару үшін (әкем Құдайберген Сәйдуақасұлының «Мен таныған шындық» атты кітабы) Тоқан атты ойы сергек, көреген көңілді, ақеділ ағамның таныстыруымен сәті келіп, Жақыпжан Нұрғожаев атты ағамен танысып қалғанмын. Арғы-бергі тарихи тақырыптарда көп әңгімелесе келіп, ой өрісіміздің, көзқарасымыздың, мінез- құлқымыздың, арман-тілегіміздің жақындығы бізді үлкен бір жұмыстың төңірегінде жымдасуымызға алып келді.

Көпті көрген көреген азамат, ғұмыр бойы баспа саласында елеулі еңбек етіп ершімді қызмет атқарып келген ұлт мәдениетіне, өркениетіне, тамырлы тарихына бей-жай қарай алмайтын  ағамыз бірден жұмысты қолға алды да, маған осы ғылымнамалық еңбек жайлы қандай зерттеулердің жүріп жатқандығы туралы тапсырма берген еді. Сол бойынша жақында Қытайға сапарлай барып келгенмін.

«Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, сапарымды, сонау, 1994 жылдары « Шипагерлік баян» жарық көре сала, бар ынты-шынтымен беріле  ұмсынып, талайлар байыбына бара алмай дал болып жүргенде, еш екіұдай болмай зерттеуге кірісіп кеткен бұл күндері, ҚХР, Іле пединститутының професоры, хакім Абай философиясын тыңғылықты зерттеуші Шайтқазы Әлғазыұлының қарсы алуынан бастадым. Шәкеңнің алдымнан айқара құшақ ашып шығуының өзіндік себебі: осыдан аз уақыт бұрын өз ара тіл байласып, бізге «Шипагерлік баянның» медициналық философиясы» атты тақырыптағы ғылыми зерттеу кітабын (әлі баспадан шықпаған)  жіберіп берген болатын. Тағы бір жағынан осынау ұлы еңбектің ұлы Отан игілігіне, халық қажетіне жараса  деген ізгі ниет, ізет құрметі де еді. Осы бір ұлағатты шаруаның жүзеге асуына көмек қолын созуды  азаматтық борышым, перзенттік міндетім деп білген Шәкең менімен бірге Үрімжіге аттанды. Екеуара әңгімеміз жарасып, Қытайдың Құлжа қаласынан шыққан жүйткіген пойызымен  бар-жоғы он сағат шамасында Үрімжіге барып түстік. Орнығып алған соң аздап дем алдық та, көңілге алған ойға бүккен біраз адамдармен телефон байланысына шығып, кездесетін уақытымызды белгіледік, әрі келісілген сағатында уағдалы жерде жүздестік. Бізді, бір Аман атты (Шинжиаң университетінің аспиранты)  жас жігіт күтіп тұрған екен, амандық саулықтан соң дереу бір салтанатты сарайдың үшінші қабатында орналасқан ресторанға ертіп кірді. Қолы-басымызды жуып,  әне-міне дегенше  «о, құрметті қонақтар кешіккеніме кешірім сұраймын!» деп,  жұмыр денелі, орта бойлау қараторы, жайдары жүзді жас азамат келіп жағымды әуезбен  арқа-жарқа амандаса кетті. Сәлем соңын үзгісі келмеген  Шәкең, маған,  «бұл азамат  әлгі сіздердің телеарнада таныстырған Жасарат дәйфу (дәрігер)  ғой» деді. Мен де, « о, әлгі жаңалық жаратқан қазағым де!» деп қошаметтеп қолын қайта алып қысып қойдым. Сосын жайланып отырып жайма шуақ әңгімеге көштік. Әрине, сөзді  екеумізді де жақсы танитын Шакең бастады. Алдымен қысқашалап мені таныстырды да, әрі қарай ойға алып келген ғылыми жұмысымыз жайында әңгімеледі. «Іздегенге-сұраған» дегендей ой арманы ғылымға шексіз берілген Жасарат мырза да әңгіме тиегін өзі ашқан жаңалығынан ағытты да жіберді. «Мен, қазақ деген талантты халықтың перзенті болғаныма мақтанамын. Қазақтың талантылығына дәлел-дәйегім де жеткілікті» деп, біраз тарихтан айта келіп, «шипагерлік баян, менің оң жамбасыма келген байлығым. Мамандығыма сай келгенін қарашы! Осы ұлы еңбектің ғылыми назарясынан пайдаланып, тобық артындағы тірсек сіңірін жалғау тәсілін әрі үлкен адамдарда жамбас ұршығының шығуын бұрынғы пышақпен кесіп гипспен пәлен ай қатырып тастаудай азаптан құтқаратын тек еш жерін кеспей де, теспей орнына  түсіретін киім үлгісін (медицина құралын)  жасап шықтым. Тағы да осыған мәндес келетін, әсіресе, біздің қазақ балаларында жиі кездесетін туадан жамбас ұршығының тайыңқылығын, бұрынғы әдістен әлдеқайда икемді, әрі жылдам не бәрі 17-ақ күнде  қалпына келтіретін киім үлгісін де (медицина құралы)  жасап шығып табысты болдым. Бұл жетістіктерім мемлекет жағынан ғылымға қосқан жаңалығым ретінде жоғары бағаланып патенттелді. Қазір, әлемдік патентті алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ,  біз  осы  жетістіктерімізге желпінбей, «шипагерлік баянды» онан сайын зерттеп, қазақ халқының адамзат баласына қосар үлесін молайту мақсатында, «шипагерлік баянның» мұрагері Нұртай мырзаның төл шәкірті Қалибек Қанжарбайұлы бауырым  екеуміз бірігіп « шипагерлік арна» атты тақырыпта зерттеу кітабымызды да жазып баспаға дайындап отырмыз» деді. Айтпақшы, әңгіме-дүкен үстінде, сұңғақ бойлы ақсары келген бұйра шаш, әдемі жігіт келіп танысқан болатын. Таныса келе бұл азаматтың Шинжиаң өлкелік «қазақ дәрі-дәрмек зерттеу орталығы» зерттеу бөлімінің бастығы Болат Мақабылұлы екендігін білген едік. Бұл да бір, елім десе ет-жүрегі езіліп, ұлтым десе ағынан ақтарылған, ғылым дегенде ішкен асын жерге қоятын талант-талғамы мол, ақеділ азамат болып шықты.

Ертесі күні осы Болат мырзаның жетекшілігінде, 20 жыл бойы талығуды да жалығуды да білмей «шипагерлік баянның» жілігін шағып майын ішкен жеке зерттеуші, дара жүйрік Әрін Саржанұлы ағамыздың үйіне арнайы іздеп барған едік. Үйде осы кісінің құдай қосқан қосағы Рақия Алтынбекқызы әпкеміз бізді қызу ынтамен қарсы алды. Әрін ағамыздың қан қысымы көтеріліп ауруханаға түсіп қалған екен. Келген шаруамызды білісімен Рақия әпкеміз ағыл-тегіл әңгімесін ақтарды-ау кеп. Нағыз зерттеушіні аяқ астынан кезіктіріп қалғанымызға аң-таң болып аузымыз аңқиды да қалды. Аң-таң болатын жайымыз: Бұл кісі «шипагерлік баяндағы» кейбір зерттеушілерге күмән-күдік тудырып келген, жаңсақ басып жаңылыс кеткен түйіндерін арнайы зерттеп «Өтейбойдақ» деген атпен Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан жаңа ғана кітабын шығарған екен. Жүйелі сөз, тартымды талғам, өрелі ойларына дән ризашылығымызды білдіре отырып, өз қолымен берген  «Өтейбойдақ», «Алты өзегі тұғыр – жиырма екі таяныш», «Өтейбойдақтың жантану ғылымы туралы», «Өтейбойдақтың әрекеттік мүрде боршалау ғылымы» атты Әрін ағамыздың кітаптарын құшақтап, больницаға тіке тарттық. Қала сыртына таман жайласқан зәулім ғимартты больницадан Әрін Саржанұлының жатқан бөлмесіне кіріп сәлемдестік. Науқасы ауырлау ағамызды қолтығынан демеп жатқан орнынын зорға отырғыздық. Қол-аяғы икемге жақсы келіңкіремей тілі де қайта-қайта күрмеліп мазасы болмай тұрса да,  соның өзінде ішкі рухының күштілігінің арқасында бізге «шипагерлік баянның» ұшан-теңіз байлығынан мейірлене үздік-создық  баяндап, «ғұмырым жетсе әлі талай кітап жазармын» деп, зор үмітін ақтарды. Біз бұл кісіні қинап алмасақ жарар еді деген оймен, көп сөзге қыстырмаламай тек қолымызда тұрған үш кітабын баспадан шығару туралы  рұқсат беруін өтіндік.  Ағамыз шексіз ризалықпен «қазақ халқының асыл мұрасын, әуелі қазақ өзі игіліктенуі керек қой. Алыңдар, баспадан шығарыңдар. Көптік етпесе үйімде шипагерлік баянның тілі туралы зерттеу кітабым қол жазба күйінде жатыр соны да берейін» деп, ағынан жарылды. Бұған қоса қазақ тарихына тікелей қатысы бар бұған дейін еш бір жерде жарық көрмеген, ешбір автордың аузынан естімеген ғажайып бір сырсандықтың аузын ашқандай болды. Әңгімеміз ұзарып кетпес үшін, бұл арада бұл мазмұнды доғара тұруды жөн көрдім. Өтейбойдақ бабамыз “ ...қадырын біліп ұстана білгенге қанғысыз бұлақ, білмегенге отбасы ошақ қасында жатып тозатын тулақ” деп, бүгінгі біздердің салғырт күйімізді дөп басып айтқан-ау шамасы» деп ойға баттым, Әріндей дара шапқан тұлпар тұяқты тұлғалы ағаны көргенде.

(Үрімжіні бетке алғанда, қазақтың тағы бір арда азаматы бүгінгі Қытай қазақтарының ағалап алға шықан  ағартушысы, жасы сексеннің сеңгіріне шыққан, нағыз ғалым ағамыз  Әуелқан Қали  еді. Өкініштісі, дәл осы кезде ол кісінің отбасында қаралы жағдай болып, жүздесудің реті келмей тек телофон арқылы қысқа хабарласып қапы қалдық).  Сөйтіп Үрімжі сапарынан көңіліміз көпшіп, мерейіміз тасып, шалқар шабыт құшағында Құлжаға қайта оралдық.

Жасарат мырзаның, Іледе Мұрат деген тағы да бір ерекше таланты «шипагерлік баяннан» нәтижелі зерттеулер жасап жүрген жігітті таныстыруымен  арнайы іздеп барып кездескен едім. Бұл жігітімнің салмағы тіптен ересен болды. Қалай дейсіз ғой. Өзінің айтуы бойынша, «шипагерлік баянда» сақталып азғантай шипашақ (ресип) аман қалған екен. Сол шипашақтың біреуін шет ел ғалымдарымен бірлікте жоғары техникамен ғылыми зерттеу жүргізіп, зор табысқа жетіп, жетістігін  халықаралық( Journal of Medicinal Plants Research)  журналда  жариялаған екен. Қытайда да жоғары бағаланыпты. Қазір «шипагерлік баянды» жалғасты зерттеу үстінде екен. Үкімет орны бұл азаматтан, қазақи дәрі -дәрмекті зерттеу бойынша зор үміт күтіп үлкен міндеттер жүктеген көрінеді. Соның айғағы іспетті, Мұратты Үрімжідегі медицина университетінен Іле қазақ автоном облысы орталығы Құлжа қаласына арнайы ұсыныспен ауыстырып әкеліп, облыстық қазақ шөп дәрілерін зерттеу орталығын құрып, сол орталықтың орынбасар жауаптысы етіп қойыпты. Мұрат Қызайбек бауырымның мына бір сөзі көңілімді  ерекше көншітті: «Қазір Қытайда батысша емдеуден гөрі, осы дәстүрлі (табиғи шөп дәрілермен) емдеуге баса мән беріп отыр. Бұл салада, бірінші орында Жұң Ие (Қытайдың дәсторлы емдеу тәсілі) екінші орында Тибетше (заңзу ұлттық емдеу тәсілі), үшінші орында Ұйғыр тибабеті (ұйғыр ұлттық емдеу тәсілі) тұрады. Ал біз, қазірше бесінші-алтыншы орындамыз. Құдай бұйырса, аз жылдан соң  біздер үшінші орынға барып қаламыз. Бұған күмән жоқ. Біздің Алтай аймағында тұратын Манатбек Қали, Қалибек Қанжарбайұлы  бастаған еңбекқор азаматтарымыз «шипагерлік баянды» негіз етіп, «қазақ шипагерлігі негіздері» атты жолмен он екі кітап оқулық құралын құрастырып, қазірдің өзінде пайдаланыла бастады. Міне, біздің негізіміз осылай мықтап қаланып отыр» деді.

Онсызда ұзақтан «шипагерлік баянды» жан-жақтылы зерттеп, “халық игілігіне неге жаратпаймыз?” деген мазасыз ойымды, шет елде жүрген осын-ау асыл азаматтардың ерен еңбектері толқытып, шаттық шәрбатынан сусындатып қайтарды.

 

Шаяхмет ҚАЛИ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406