БАЙЛАР ДА ЖЫЛАЙДЫ: ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯ ЖЫРЫ
Тәуелсіздік алғалы қазақ даласында мыңғырған мал айдаған байлар көбейді. Өндіріс ошақтарының тізгінін ұстаған, алыпсатарлықпен тіршілікті ұршықша иірген, тырбанып жүріп тыңайған, астына мінген арғымағын тебініп жүріп теңге жиған ауқаттылар легі аз емес. Бірақ сол қалталыларымыз байыған сайын жылауық болып бара жатқан жоқ па?
«Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей болмайық. Десек те, қазір бізде ХIX ғасырдың аяғы, XX басындағыдай «сен тұр, мен атайын» дейтін ұлт зиялылары неге жоқ? Бұл ғасырда алтын құрсақты аналарымыз саясат сахнасының үш бәйтерегі – Әлихан, Ахмет, Міржақыптай арыстарды, Жүсіпбек пен Мұхтардай ұлдарды, Әлімхан Ермековтей оғландарды неге дүниеге әкеле алмай отыр? Бәлкім, бізде ұлттық буржуазия қалыптаспай отырған болар. Мәселенің тігісін жазып көрелікші…
Қалтырау
«Ағайының бай болса, шайнағаның май болар» дейді қазақ. Ағайынымыздың бай екені рас, десек те аузымыз әлі де шылқа майға тие қойған жоқ. Неге? «Қазақ қателесті» дейін десек, бізге қарап «жыланға түк біткен сайын қалтырауық болады» деген бабаларымыздың сөзі күліп тұрады. Мұның соңы неге апарады? Қазір «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, Бәрібір тастамаймын астанамды» («А» әрпін бас әріппен жазуға да болады) деп, Қасым жырына еліткен жастарымыз аз емес. Олардың бір бөлігі жасы ордабұзар 30-ды ораса да, отағасы һәм отиесі бола алмай жүр. Енді бір парасы алып шаһарларда екіден-үштен бөбектерін ертіп, пәтер жалдап, «пәтерқұл» күй кешуде. Бір қауым жеткіншектер қос-қостан дипломын арқалап, арбакешке айналған. Ұлттың жыртығын жамайды деген бір оғландарымыз базар жағалап, енді біреулері Сейфуллин сынды қазақ зиялысы атындағы көшені сағалап күн көруде. «Кіреді итке» (кредит) күн көрген, «кіреді итпен» үй алған, «кіреді итпен» үйленген мыңдаған жастар елдің жоғын жоқтайды, елдің мұңын шертеді деп айта аламыз ба? Осындай қалтырап жүріп кіріптар күн кешкен жеткіншек қазақ руханиятына, қазақ саясатының кемелденуіне, қазақ экономикасының қарқындауына үлес қоса алмақ па? Кей кездері «жастар саясаты» дегенді концерт қоюмен таразылап жатамыз. Бұдан басқа жол қарастырып көрелікші… Мысалы…
Алаған қолым береген
Мысалы, біз Мұхтар Әуезов ең алғаш сахналаған «Еңлік-Кебек» қойылымындағы Кебек образын сомдаған, алаған қолы береген Аймағамбетов Ақкенже бабамызды жақсы білеміз. Ол 1917 жылдан кейін Қазақстанның әлеуметтік ісіне араласып, уездік, облыстық Қазақ комитетінің жұмысына қаржылай жәрдем беріп тұрған. Шыңғыстағы «Талап» игілік ұйымының құрылтайшысы болып, кейіннен аштыққа ұшыраған Жетісу, Сырдария қазақтарына азық-түлік, қаражат жағынан көмектескен. Бұл – бір. Екіншіден, «Қазақ» газетінің демеушісі болған Хасен Ақайұлының ерен еңбегі ұмытылмақ емес. Үшіншіден, «Алаш орда» үкіметінің бас Атымтай жомарты Ике Әділевті еске алыңызшы. Төртіншіден, Алаш партиясынан қаржысын аямаған Ахмет Ишанның жомарттығы жайлы аңызға бергісіз ақиқатты қалай ұмытасыз? Қазақтың «Джон Рокфеллер», «Билл Гейтсіне» айналған, мұндай игілікті, игі істі қолдаған байларымыздың тізімін тағы да тізе беруге болады. Мәселен, 11 мың жылқы айдаған Қаражан (Үкібаев) бай. Ол 1906 жылы Міржақып Дулатов түрмеге қамалғанда кепілдікке 2500 рубль төлеп, босатып алған. 1918 жылы Мұхтар Әуезов шығарған «Абай» журналының шығынын өз мойнына алған. Ресейдің болашақ патшасы Николай ІІ Омбы қаласына келгенде 1000 жылқыны сыйға тартқан Паң Нұрмұхамбет те алаштықтар десе, ішкен асын жерге қойып, қол ұшын созған деседі. Көкшетаулық Айбасов, Бимұрзин, Мәкенов сынды байлар жайлы да игілікті мысалдар келтіруге болады. Жаһанша Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген. Әлихан Бөкейханов 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда Медеу бай (Оразбайұлы) он құлынды бие байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір қой сойып, Алаш зиялысының қамын ойлапты-мыс. Сонымен қатар, елде мектеп ашу ісінде бел сыбана күрескен Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балаларының ұлтқа жасаған жақсылығы ұмытылмақ емес. Қош!
Не істемек керек?
Бұл – өткен ғасырдың әңгімесі. Кеңестік кезеңде осы байларымызға «феодал», яғни «қанаушы» деген көзқараспен қарап келдік. Ал бұл мысалдар шындығында, ол кезде ұлттық буржуазиямыздың қалыптасқанын көрсетеді. Біз ұлттық буржуазия кез келген мемлекеттің тірегі, іргетасы екенін ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Ал қазір ше? Ұлттық буржуазиямыз қалыптасып отыр ма?
Айтыс өтеді. Оның санаулы демеушілері бар. Осындай бірлі-жарым байқауларға, аламан жарыстарға қаржылай көмек көрсететін байларды жер-көкке сыйғызбай, жарнамалап жатамыз. Мешіт салғандарға да қызыға қараймыз. Бірақ қазақ жастарының болашағы, білім алуы, азамат болып қалыптасуы бағытында кешенді жобалар жоқтың қасы. Сондықтан да жер- жерлерде салынып жатқан мешіттерді, әлеуметтік көмектерді ұлттық буржуазия деңгейінде істелген іс деп айтуға ерте. Олай деу үшін біздегі байлар еліміздегі талантты, талапты жастардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, олардың мемлекетке қызмет етуіне септескені жөн. Яғни бізге 30-ға толмай орда бұзған Шоқан, Сұлтанмахмұт, Саттар сынды оғландарымыздың шырағын жағатын ұлттық буржуазия керек. Бар айтпағымыз – осы.
Түйін орнына
Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып жүргенде Смағұл Сәдуақасов артынан ақша жіберіп отырған. Әуезов досына жазған хатында осы мәселені жіліктей келе, «Қилы заман» сынды бірқатар шығармалар жазып тастағанын айтады. Егер де Смағұл Мұхтарға қол ұшын созбағанда классикалық «Қилы заман» повесі өмірге келер ме еді? Осы бір кішкентай ғана мысал бізді ауыр ойларға жетелейді. Бүгінде мемлекеттік, ұлттық саясатта жастарымыздың арындап көрінбеуінің себебі ұлттық буржуазияның қалыптаспағандығынан емес пе екен? Ойланайықшы…
Қанат Бірлікұлы
Abai.kz