БҮГІННЕН НҰРЛЫ, БҮГІННЕН КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК
Облыс әкімі Амандық Баталов ел алдында есеп берді. Абайдың сөзімен айтатын болсақ, есер мен естінің айырмасы өз-өзіне есеп беретін мінезіндегі асыл сипатымен ерекшеленеді. Есті кісі болғымыз келсе күніне, жұмасына, арысы айына бір мәрте өзгеден емес, тап осы өзімізден есеп алуға тиіспіз. Екі дүниеге жарамды қандай жақсылық жасағанымызды әбден електен өткізіп, өкініш пен қуаныштың арасалмағын шынайы таразылап көрген лазым. Біз – етек-жеңімізді жинаған, еркіндікпен еңсе тіктеген есті елміз. Хакімнің сөзін халыққа қаратып айтсақ, еселі еңбек пен ерен істі елге таныстыратын есепті кездесуді көкірек көзімен тағы да көңілге түйе түсеміз. Кеше ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсан Ахметов жер жаннатына ат басын бұрып, облыс әкімі Амандық Баталовтың ел алдындағы есебіне құлақ түрді.
Тәтті түбір
Жетісу өлкесінің өркенді істеріне жылда І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы куәгер. Жыл он екі айда атқарылған ұшан-теңіз жұмыстың кезекті көрмесі бұл жолы сарайдың кіреберісіне қаз-қатар тізіліпті. Облыстың атын республикаға әйгілі етіп жатқан танымал сүт зауыттары, сырлы бояу өндіретін өнеркәсіп, ауылшаруашылық дақылдары, қайта өңдеу орталықтары, қалалардың қарқынды құрылысы, жаңадан бой көтерген өндірістік аймақтар, келешектегі көркем келбетті елді мекендер көрменің көркін кіргізіп тұр. Астанадан ат арылтып келген құрметті қонақтарды төрге оздырған Амандық Ғаббасұлы облыс тұрғындарымен бірге арнайы түсірілген бейнефильмді тамашалады. Жиын тізгінін облыстық мәслихат хатшысы Ермек Келемсейіт ұстады.
Фильм Жетісу жеріндегі экономикалық өрлеуге бағытталған қарышты қадамдарға арналды. Әсіресе, ауылшаруашылық саласына серпін беретін жер аумақтарын мақсатты пайдалану, егістік алқабына су тасымалдайтын арналарды бүтіндеу жұмыстары – кезек күттірмейтін тың міндеттер. Атап айтар болсақ, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі өткен жылы 450 миллиард теңгені құрады. Бұл дегеніміз – ауадан алынған көрсеткіш емес, сапа мен нәтиженің ең тәтті жемісі. Аталған қаржы көлемі жұмыспен қамтылған халықтың 77 пайызының аграрлық салада тер төгіп жатқанын көрсетеді.
Облыстың атын әуелден қызылшаның қызу жұмысы шығарған болатын. Содан кейін де алыс-жақын елдер Талдықорғанның тәтті түбіріне тәуелді болып келді. Алайда экономикалық қиындықтарды еңсеру жылдарында қызылша өсіру түбегейлі тоқтап қалды. Елбасы облысқа жасаған іссапарында тап осы тәтті түбірге назар аударып, қызылша өндіруді қайта жандандыруды тапсырды. Нәтижесінде, облыс басшысы аудандармен шекер шикізатын өсіретін алқаптарды қолға алды. Алғашқы өнім де жаман болған жоқ. Әкімдік бастап, шаруалар қостап қызылша қайта жайқалды. Әу баста шаруашылықтар гектарына 700-750 центнерден өнім алды. Облыста биыл 124 мың тонна қант түбірі жиналып, соңғы он жылда жетпеген рекордтық межені бағындырды.
Бағзыда егістік алқабында тер төккен еңбек иелері өнімді өткізетін орын таппай тығырыққа тірелетін-ді. Аталмыш түйіннің күрмеуі көп ұзамай шешіліп сала берді. Жер-жерде өңдеу ошақтары қалыптасып, ауылшаруашылық өнімдеріне кең жол ашылды. Сөйтіп, шаруалар алаңдайтын басты кедергі жойылды. Оның дәлелі ретінде Көксу қант зауытының қайта іске қосылғанын келтірсек жеткілікті. Атап өтерлігі, қызылша өсірумен аты шыққан бес ауданда 5 мыңнан астам адамның екі қолына бір күрек табылды.
566 гектар жерге ерекше сұрыпты алма егілді
Елбасы Жетісу жерін тек қызылшамен шектеген жоқ. Керісінше, түгін тартса майы шығатын шырайлы өлкеде жеміс-жидек пен дәнді дақылдың барлық түрлерін жайқалтуға жол ашып берді. Әсіресе, Жаркент топырағына ажар сыйлаған дала аруы – жүгеріні жандандыруды айтқан. Оның да көрсеткіші көңіл көншітеді. Он екі айдың айналасында жүгерінің алқабы 72 мың гектарға ұлғайтылды. Жаркент крахмал-сірне зауыты жүгерішілердің жұмысын жеңілдетіп, өнім бағасын көтерді. Жүгерінің сапасы артты.
Мемлекет басшысы алманың атын еншілеген облысқа апорт тұқымын жаңғыртуды да жүктеген еді. Өткен жылы жаңадан 566 гектар аумаққа жаппай ерекше сұрыпты алма ағаштары отырғызылып, болашақта жайқалған сәнді бақтан тонналап апорт өнімдері түспекші. Ал Панфилов ауданындағы мың гектар алқаптың тең жартысында алмұрт ағаштары өсіп келеді. Сонымен бірге, облыс тынысын паш еткен фильмде мал шаруашылығы да толық қамтылды. Оның ішінде, тұяқтыларды асылдандыру, ет экспорты, бордақылау алаңдарының жай-күйі айтылды. Келер жылы облыста тағы да бес ферманың тұсауы кесіліп, 500 бас малдың өнімдері сатылымға шыға бастайды.
Жемісті жыл
Бейнефильмде халық толық аяқталып, іске қосылуын асыға күтіп отырған Алматы – Қапшағай – Талдықорған алты және төрт жолақты автожолы туралы көріністер көрсетілді. Алатаудың баурайы Алматы қаласынан Талдықорғанға тамыр тартқан көгілдір отынның құбыры да көрермен назарына ұсынылды. Елбасының назарындағы Алматы – Талдықорған автожолында құрылыс аяқталуға таяу. Келер жылы Талдықорған – Өскемен бағытындағы төрт жолақты жаңа жолдың жұмысы басталады. Ал көгілдір отын бүгінде 210 шақырымды бағындырған. Енді 40 шақырым құбыр тартылған соң Талдықорған қаласы табиғи газға қол жеткізеді.
Жетісу жұртшылығы үшін өткен жыл жемісті болды. Тек тұрмыс пен әлеуметтік салада ғана оңды өзгерістер орын алып қоймай, мәдени және рухани бағытта ұйымдастырылған шаралар да шаш-етектен. Қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов аспан әлемінен абыройлы оралып, Жетісудың даңқын көтеріп кетті. Жерлесімізге өзі түлеп ұшқан Талдықорғанның Құрметті азаматы атағы беріліп, алты Алаш алақанында әлпештеді. Қазақ хандығының мерейлі жылына орай облыс әкімдігі мен жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп Орбұлақ шайқасынан театрландырылған көріністі көрермен назарына ұсынды. Аталған тарихи соғыстың көрінісі әдеттегі сахна төрімен яки төрт қабырғамен шектелмей кең даланың төсінде ту тікті. Шара мыңдаған жастың жүрегіне отаншылдық рухты алаулатып, миллиондаған қазақтың көкейіне мұқалмайтын жігер дарытты. Көпшілік тамашалаған бейнематериал жыр сүлейі Сүйінбайдың екі ғасырлық, ақиық ақын Мұқағалидың 85 жылдық мерейтойларымен түйінделді.
Өнеге
Алматы облысы – Елбасының халыққа арнаған кезекті «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында аты аталып, абыройы аспандаған өңір. Мемлекет басшысы облыс әкімінің инвестиция, мемлекеттік һәм жекеменшік әріптестік төңірегіндегі тың жобаларына ризашылық білдіріп, республиканың өзге өңірлеріне өнеге етті. Жолдауда Елбасы: «Индустриялық дамуға арналған бағдарламалардың шығынын қайта қараған жөн. Мемлекеттік шығын мен субсидияның мөлшерін қайта тексеру керек. Қазір қатарынан бірнеше сала мемлекеттің есебінен күн көріп отыр. Бюджет шығынын азайту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін белсенді әрі тиімді пайдалана бастау қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дегеннің не екенін де жақсылап түсіндірген абзал әлі де. Жуырда мен Алматы облысының әкімімен әңгімелесіп, Алматы қаласына бардым. Сонда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нәтижесі қандай болатынын көрдім. Мемлекет кәсіпкерге жер береді, жарығын, ыстық-суық суын тартып береді, былайша айтқанда, бастапқы жағдайын жасайды. Бұл – мемлекеттің қатысуы. Ал кәсіпкер сол жердегі нысанның құрылысын мойнына алады. Осылайша, бірнеше балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар салынған. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кең көлемде айналымға енгізген. Мұны айналымға енгізу әкім үшін қыруар жұмыс. Жұмыс істемей, жата берсе, мемлекеттен ақша сұрап, кеңседен кеңсеге жүгірсе, түк пайда болмайды. Кім жұмыс істесе, сол нәтиже көрсетеді. Сондықтан, жұмыс істеген әкім өз аймағына әбден байып кеткен, сол өңірден шыққан азаматтарды да тартады, басқа да шараларды қолға алады», – деді. Сондай-ақ, сөз арасында Елбасы қант қызылшасы мен жүгері өсірудің қайта жанданғаны, апорт өсірудің қолға алынғаны, егістік алқаптарының гүлденгені – бәрі мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің есебінен жүзеге асқанын жеткізді.
Республика бойынша аграрлық салада жетекші орынға ие Жетісу жерінің жарқын істерін облыс әкімі жеке-жеке талдап көрсетті. Кіріспе сөзінде өңір басшысы осы уақытқа дейін облыста өткен есепті кездесулердің жалпы санын атап, тұрғындардан түскен әлеуметтік маңызы бар ұсыныстарға лайықты жауаптар берілгенін жеткізді. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік бағыттағы 342 ұсыныстың ең көбі жол жөндеу, көгалдандыру мәселелері бойынша қойылған. Сөз арасында облыс әкімі есепті кездесулерде айтылған сыни пікірлер мен ұсыныстардың арнайы жинақталып, орындалуы қатаң бақылауға алынатынын айтып өтті.
– Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Оның басты оқиғасы – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Елімізде және өңірімізде болып жатқан оң өзгерістер сол Тәуелсіздіктің арқасы, – деді Амандық Ғаббасұлы. – Ал Қазақстанның өркендеуі мен әлемдік деңгейдегі жоғары бағасы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты мен зор еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі әлемдік дағдарыс кезеңінде оған қарсы тұра алатындай және еліміздің одан әрі дамуы үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы жоспарды Елбасы өзінің «Нұрлы Жол» бағдарламасында, бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында, «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында ұсынып отыр. Бұл ретте сіздер мен біздің ортақ міндетіміз – жеткен жетістігімізді сақтап, арттыру, еліміздің тұрақты дамуына үлес қосу.
Осыдан тура бір жыл бұрын облыс әкімінің атына оншақты ұсыныс келіп түскен еді. Бүгінде олар толықтай іске асырылды. Тұрғындардың өтініші түгел орындалды. Атап айтқанда, Алакөл ауданына қарасты Ақши ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Сонымен бірге Алакөл демалыс аймағына баратын жолдар жөнделіп жатыр. Ең бастысы, Алматы қаласынан ағылатын нөпір халыққа жаз бойы емін-еркін қатынау үшін арнайы пойыз іске қосылды. Таяуда әуе қатынасы қолға алынып, Алматы – Үшарал бағытында ұшақ көкке көтеріледі. Көл жағасында бесжұлдызды екі қонақүйдің іргетасы қаланады.
Инвестицияның игілігі
Облыс әкімі баяндамасында нақты нәтижелер мен сапалы өнім қорытындыларын жіпке тізді. Іс пен нәтижені бір арнада тоғыстырып, ел көкейінде жатқан сауалдарды дөп басты. Әкім келешекте қолға алынатын бұлыңғыр жобаларды емес, нақты атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды, өндірісті өлкеге төгілген маңдай тердің өтеуін, сондай-ақ, білім, құрылыс, инвестиция, өнеркәсіп кешені бойынша жасалған жарқын істерді баяндады.
Жыл жарым бұрын ғана Елбасы облысқа 16 тың тапсырма жүктеп кетті. Амандық Баталов аталған тапсырмаларды сан емес, сапа көрсеткішімен орындау үшін алдымен экономикалық әлеуетке, өңірдегі кәсіпкерлікке көп көңіл бөлді. Бұдан бөлек, ауылшаруашылық өнімдерін дайындау мүмкіндігіне ден қойды. Әсіресе, мемлекеттік индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру бойынша қыруар жұмыс орындалды. Айналдырған бір жылдың көлемінде облыста 54 жаңа өнеркәсіп есігін айқара ашып, 17 өндіріске кеңейту жұмыстары жүргізілді. Өнеркәсіптегі тың серпілістің нәтижесінде 1975 жұмыс орны ашылды. Облыс басшысы аталған игі істердің қатарында алюминий профильдерін шығаратын Іле ауданындағы неміс зауытын, түрік инвесторлары ашқан фармацевтикалық өндіріс ошақтарын атады. Сонымен бірге биыл Талдықорған өндірістік аймағында соя өңдейтін зауыттың іргетасы қаланып, 120 гектар аумақ қолданысқа беріледі. Ал Талғар ауданында «Қайрат», Жамбылда «Қазыбек бек» өндірістік аймақтары құрылып, келешекте іске қосылады.
Бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып отырған «Қорғас» құрғақ порты басқа емес, дәл осы біздің облыста орын тепкен. Мұндағы арнайы экономикалық аймақта инфрақұрылым жасақталып, жаңа бағыттағы заманауи қала салынады. Бұл Қазақстанның ең биік экономкалық өсу нүктесі тәріздес. Өйткені, шекара шебінде еліміздің өндірісіне оң өзгеріс әкелетін 100-ден астам үлкен жоба жүзеге асады. Нәтижесінде, 34 мың адамға дейін жұмыс орны құрылады. Бір ғана энергетика саласында Қытай елі мен Қазақстан 3 жобаны бірлесе атқармақшы. Ал Иран, Италия инвесторларымен ауылшаруашылық өнімдерін, шыны құтыларды, құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған 6 келісімшарт жасалды. Ұзын саны ірі, орта және шағын кәсіпорындармен 7085 меморандумға қол қойылды.
Мал шаруашылығында ет экспортын дамыту үлкен мәнге ие. Облыс басшысы осы уақытқа дейін Жетісу топырағына 9 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара әкелінгенін, оның 720-сы жыл ішінде ғана бордақылана бастағанын айтты. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 6 мың басқа 97 шаруа қожалығы иелік етіп отырғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, облыстағы асыл тұқымды ірі қаралардың саны 6,6 мың басқа көбейген. Облыстағы жетекші салалардың жетістігін жіпке тізген Амандық Ғаббасұлы есепті баяндамасының келесі бөлігін құрылыс пен кәсіпкерлікке арнады.
Туризмнің алтын төрі
Алматы облысында көрікті елді мекендер көп. Көз тартарлық ғажайып ғимараттар құрылыс сапасымен тығыз байланысты. Жыл он екі айда жас отбасыларға арналған 128 пәтерлі екі жалдамалы үй берілген. Кезекте тұрғандардың 175-сі 41 үйге көшіп кірген. Ал несиелік төрт, коммуналдық 34 үйге 600-ге жуық отбасы қоныстанған. 2015 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің саны 157 800-ді құрады. Дәл осы шағын кәсіпкерлікте облыстан 355 мың 800 адам жүр. Бір жыл ішінде олардан бюджетке 29,9 миллиард теңге салық түсті. Бұлардың басым көпшілігі мемлекеттік бағдарламарды тиімді пайдаланып отырғандар.
Жетісу – жер жаннаты һәм туризмнің алтын төрі. Облыс әкімі туризм саласында 563 нысан жұмыс істейтінін жеткізді. Болашақта Балқаш және Алакөлдің жағалауларында сауықтыру кешендері салынады. Мұның жарқын бастамасы ретінде Алакөлдегі Ақши ауылына 93 шақырым аумаққа электр желісі тартылды. Туристерді демалыс орындарына жайлы жеткізу үшін жазғы мезгілде «Алматы – Жетіген – Ақши – Достық» бағытында теміржол іске қосылды. Сонымен бірге, Балқаш көліне дейінгі жалпы ұзындығы 141 шақырым автожол қайта жөнделеді. Елден сүйінші сұрайтын жақсы жаңалықтың бірі – Алматы, Астана, Талдықорған араларын әуемен жалғайтын ұшақтар қатары толықты. Жаңа бағытты ашқан «Qazaq Air» әуе компаниясы облыстағы туризмді дамытуға оң ықпал ететіні сөзсіз.
Еуропа мен Азия аралығын жалғайтын атақты алты жолақты автодәліз Алматы облысын қақ жарып өтеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 500 шақырымға жуығы Жетісу өлкесінде. Келешекте жол бойынан қызмет көрсетудің ең ірі жеті нысаны іске қосылады. Заманауи тау-шаңғы спортын, қонақүй кешендерін, демалыс орындарын өркендетуге 12 инвестициялық жоба әзірленіп қойды. 2015 жылы 6 миллиард теңге инвестицияға жылына 91 мың адам келіп-кететін көлеммен 26 туризм нысаны қолданысқа берілді.
Инвестиция демекші, облыста бұл саладағы нақты көлем биыл 490,2 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткішті республикаға шаққанда үлес салмағы 7 пайызды көрсетеді. Атап кетерлігі, облыстағы қаражаттың 73 пайызы бюджеттен тыс, инвестиция негізінде игерілді. Сонау 2011 жылмен салыстырып көрсек, капитал 31,5 пайызға дейін артқан. Бұл бағытта облыстың іргелес жатқан Қытай елімен жасасқан келісімшарттары мол. Оның ішінде атап кетсек, Шелек дәлізінде жел электр стансысының құрылысы, ыдыс әйнегін өндіретін зауыттың жұмысы көрші елдің қаражатына тұрғызылады.
Елбасы осы айда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында: «Менің тапсырмаларымның бәрінің түпкі мақсаты – қарапайым адамның мұң-мұқтажы, оның әл-ауқаты мен тұрмысының тұрақтылығы», – деп атап өтті. Соған орай Амандық Ғаббасұлы әлеуметтік саланың шығыстары да қысқартылмайтынын айтты. Негізінен бұл салаға облыс бюджетінің 66,4 пайызы жұмсалды, ал биыл 218 миллиард теңге бағытталады.
Облыстағы 19 мектеп, оның ішінде бесеуі апатты мектептердің және 10-ы үш ауысымды мектептің орнына салынды, 45 білім нысаны қайта жөнделді. Елбасының 2017 жылдың соңына дейін апатты және үшауысымды мектептерді толықтай жою жөніндегі тапсырмасына сәйкес 15 мектептің құрылысына қосымша қаражат қарастырылып отыр.
Облыс мектептерінде 35 мың 700 мұғалім білім береді, өткен жылы 1281 жас маман келді. Олардың 363-і «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал «Балапан» бағдарламасы шеңберінде 99 балабақша пайдалануға берілді, оның 88-і жекеменшік, бюджет қаражаты есебінен 5 балабақша салынды. Алтауы күрделі жөндеуден өтті, мектептер жанынан 13 шағын орталық ашылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дұрыс жолға қойылғандықтан ірі жекеменшік балабақшалар ашылды. Атап айтқанда, Іле ауданының Өтеген батыр кентінде 500 орынды «Сұңқар», Боралдайдағы 320 орынды «Родничок», Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы және Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылындағы 100 орынды балабақшалар. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 3–6 жас аралығындағы балаларды бақшамен қамту деңгейі 77 пайызға жетті.
Биылғы жылдан бастап жеке сектордың қатысуымен көрсетілетін дәрігерлік кепілді көмек көлемін арттыруға бағытталған денсаулық саласын дамытудың жаңа «Денсаулық» бағдарламасы іске асырыла бастайды. Өткен жылы Көксу ауданы Балпық би ауылында тәулігіне 250 адамды қабылдайтын емхана, 6 дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 14 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Есепті кезеңде 156 бірлік медициналық құрылғылар мен 38 дана санитарлық автокөлік алынды. Атқарылған шаралардың нәтижесінде тұрғындардың орта өмір сүру деңгейі 72 жасқа жетті.
Жетісудың рухы мен тілі, ділі мен тарихы саналатын мәдениет бағыты бойынша 7 мекеме күрделі жөнделіп, жаңа 3 ауылдық клуб пен кітапхана ашылды. Осы аралықта 42 мың әртүрлі іс-шара өткізілді. Бұлардың қатарында Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына арналған шараларды, «Ауылым – алтын бесігім» форумын атап айтуға болады.
Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай 26 ескерткіш жөнделіп, қалпына келтірілді. Спорттың дамуына демеушілер өздерінің зор үлесін қосуда. Мәселен, елімізге белгілі кәсіпкер, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылында спорт кешенін ашты. Бүгінгі күні денешынықтыру және спортпен айналысушылар саны 506,5 мың адамға жетті. Облыс халқының, әсіресе жастардың салауатты өмір салтымен айналысуы үшін жеке кәсіпкерлерді тартып, спорт нысандарын салу қажеттігін әкім баса айтты.
Тәуелсіздікке тағзым
Жұмыстағы басты бағыттардың бірі – халықтың аз қамтылған топтарына көмек және қолдау көрсету. Әртүрлі әлеуметтік көмек 183 мыңнан аса адамға көрсетілді. Жыл сайын ауылдық жерде тұратын білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдениет және спорт саласының 42 мыңнан аса қызметкерлерінің отын сатып алуына көмек көрсетіледі. Еліміздің жоғары оқу орындарында аз қамтылған отбасылар мен ата-анасыз өскен 367 студент облыс әкімінің грантымен білім алуда. Облыс орталығында 36 мың 300 оқушы мен студент қоғамдық көлікте тегін жүреді.
Жыл басынан жергілікті атқарушы орган мен қауымдастыққа есеп беретін «Жергілікті полиция қызметі туралы» Заң қабылданып, басшылары бекітілді. Облыстық жергілікті полиция қызметін орналастыру үшін әуежай аумағындағы ғимарат сатып алынып, жаңғыртылатын болады. Қапшағай қаласында Жедел басқару орталығы салынып, пайдалануға берілді. Талдықорған қаласында «Динамо» спорт кешені іске қосылды. Учаскелік полиция инспекторларына қызметтік тұрғын үймен бірге салынған үш тірек пункттері берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.
Облыс орталығы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 200 бейнебақылау камерасы орнатылып, Жедел басқару орталығына қосылатын болады. Жалпы осындай 800 камера орнату көзделген. Шалғай жатқан аудандарға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы Райымбек ауданының даму жоспары қабылданды, бюджеттен 1,8 млрд. теңге қаржы бөлінді, оның ішінде Нарынқол өңірін дамытуға 689 млн. теңге қарастырылды. Екі жылда жолдарды жөндеуге 1 млрд. теңге бағытталды, әлеуметтік саланың төрт объектісі, оның ішінде Бердібек Соқпақбаев атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Нарынқол ауылында жалға берілетін 20 үйдің, футбол алаңының және Сарыжаз, Қақпақ, Қостөбе ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар құрылысының құжаттамалары дайындалуда. Үстіміздегі жылы жалпы 1,6 млрд. теңге, оның ішінде Нарынқол өңірін дамытуға 644,5 млн. теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, Талдықорған қаласының келбетін жақсарту жөнінде дамыту жоспары қабылданып, соған сәйкес кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап өтерлігі, биыл 21 мың 177 жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға дейін төмендейді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Елің үшін жан аямай қызмет ете білсең, елің де сені алақанға салып аялай біледі» деген еді. Осы орайда елімізге сапалы қызмет етуге қойылатын талап та өте жоғары. Біз аппарат жұмысын жетілдіруде алдыға қойған мақсатқа жету үшін білікті кадрларды тартуға ерекше көңіл бөлеміз. 2016 жылғы 1 қаңтарға облыстағы мемлекеттік қызметшілердің саны 3895, оның 1785-і, яғни 45,8 пайызы әйел азаматтар. Алматы облысы әкімі аппараты мен облыс әкімі сайтына 5247 өтініш түсті. Облыс басшылығы 578 адамды жеке мәселелері бойынша қабылдады, – деді облыс әкімі сөз соңында.
Биыл – тәу етер тәуелсіздігімізге 25 жыл. Кеңестік биліктің қабырғасын сөккен Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толады. Әлемді аузына қаратқан суырыпсалма ақын Жамбылдың 170 жылдық мерейтойы басталды. Сонымен бірге отаршыл билікке қарсы бас көтерген Қарқара көтерілісіне ғасыр толып отыр. Амандық Ғаббасұлы атаулы шараларды бір-бірлеп атап, тұрғындар алдындағы есебін Елбасының: «Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел келешегі бар. Сол күнге берік сенім бар!», – деген сөзімен қорытындылады.
Есепті кездесуден кейін тұрғындар тарапынан облыс әкіміне жазбаша және ауызша сауалдар қойылды. Ел көкейіндегі ұсыныс-тілектер мен сұрақтар көбіне үш ауысымды мектеп, балабақша, нейрохирургия орталығын ашу, баспана, апатты үйлер, ақындар мерейтойын елеусіз қалдырмау, Алматы маңында теміржолдарға байланысты туындайтын көлік кептелістері төңірегінде өрбіді. Облыс басшысы халықтың ұсыныстарын елеусіз қалдырмай, жан-жақты жауап берді. Жиынға қатысқандар облыс әкімінің есебін қанағаттанарлық деп тапты.
ЖЫР АЛЫБЫНЫҢ МЕРЕЙІ
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
– Жетісу – ақындар мен батырлардың мекені. Биыл ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылдың 170 жылдығын кеңінен атап өтеміз. Әр қазақ азаматы жүз жасаған Жамбылға қарыздар. Ол қазақ әдебиетін тағылымды дастандармен дамытып, поэзиямызға өлшеусіз үлес қосты. Сондай асылдары бар ел ешқашан еңсесін түсірмейді.
Облыс әкімі Амандық Баталов айналдырған бір жылдың ішінде биік асуларды бағындырды. Әр кездесуде Елбасы Алматы облысын ерекше айтып отырады. Мұның бәрі облыс басшысының істен нәтиже көрсете білетін біліктілігінің арқасы деп білемін. Хакім Абай адамды ақыл мен еңбек қана екі жақтап жетелейтінін айтып кетті емес пе? Жетісу жерінде ұлтқа жанашырлық танытып жүрген, ұрпақ қамы үшін барын аямайтын текті азаматтар көп. Солардың қатарында Бауыржан Оспановты атар едім. Сосын І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жоғары білім беруде алдыңғы орындарда тұр. Жетісу – ән мен жырдың бесігі. Кезінде Әсет Бейсеуов құрған «Құлансаз» ансамблінің өзі неге тұрады? Облысты өркендетіп отырған, еңбек пен ақылды серігі еткен перзенттер аман болсын.
ЖЕТІСУДЫҢ ЖЕТІСТІГІ БАСЫМ
Жайсан АХМЕТОВ, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы:
– Алматы облысы – республикадағы ең іргелі өңірдің бірі әрі тауы да, жазығы да, өзені де, көлі де бар аграрлы аймақ. Мұнда өмір сүру өте қолайлы. Жаңадан жұмыс орындары ашылып, өндіріс ошақтары жылдан-жылға жанданып келеді. Жетісуды тектен-текке жер жаннаты деп атамаса керек-ті. Сол себептен де шығар, қазіргі таңда халықтың саны күн санап өсіп жатыр.
Мен Алматы облысында тұратын 2 миллион халықтың кіршіксіз көңіліне, тау бұлағындай таза пейіліне, аппақ ниетіне риза боламын. Әрі облыс Алматыдай алып шаһармен шектесіп жатыр. Тұрғындардың басым бөлігі сол Алматы маңына шоғырланған. Әрине, Алматы маңында баспана, тұрғын үй, жер учаскелері бойынша даулы мәселелер жоқ емес. Алайда оның бәрі өз орнымен шешімін табады. Қазақта: «Әкім бол, халқыңа жақын бол», – деген даналық сақталған. Түсіне білген адам бұл мәтелдің астары тым тереңде жатқанын біледі. Әкім әрқашан елдің игілігі үшін жұмыс істейді. Сіздердің өңірде соңғы жыл жарым ішінде оң өзгеріс өте көп. Ақсақалын ардақтап, ағаға құрмет, ініге ізет көрсетіп жүрген өнегелі облыстың бірі ретінде осы Жетісуды атар едім.
Жиын барысында: ҰСЫНЫС ПЕН ТІЛЕК
Әскербек Абаев, Жамбыл аудандық агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы:
– Халқымызда «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, бірігіп еккен ағаш – орман» деген жақсы сөз бар. Ынтымақты тірек еткен өңір жұртшылығының облыс әкімінің бастамасымен қол жеткен табыстарына әрдайым марқайып отырамыз. Облысымыздың жүйелі дамуы мен Жамбыл ауданы халқының еселі еңбегінің арқасында қазір өріс малға, алқап астыққа толды. Қандай істі қолға аламын десе де мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетілуде. Осы берекелі істің игілігін халық көріп отыр. Мәселен, ауданымызда Мыңбаев шаруа қожалығы өткен жылы 120 тонна ет өткізген болса, жаңадан құрылған «Империя Фуд» серіктестігі 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Іскер азаматтар алдағы уақытта ет өндірісінің көлемін 1289 тоннаға жеткіземіз деп жоспарлап отыр.
«Табыс» шаруа қожалығы жаңадан сүт-тауарлы фермасын салды. Осы айдың аяғында Голландиядан 600 бас ірі қара малдың тұқымын алып келеді. Сондай-ақ ауданымызда ірі ет және сүт өнімдерін өңдеу цехтарын салу қолға алынуда. Бұл өндірісте жергілікті тұрғындар еңбек ететін болады.
Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен Жамбыл ауылындағы орта мектеп пен өнер мектебін күрделі жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. Ауылдың 6 көшесі күрделі жөндеуден өтті, түнгі жарық шамдары орнатылып, басқа да игі шаралар атқарылуда. Өткен жылы Сүйінбай бабамыздың 200 жылдық мерейлі тойы ауқымды көлемде аталып өтілді. Бұл – өткеннен өнеге алудың, бабалар сөзін бағалай білудің жарқын үлгісі.
Бүгінгі жиында аудан еңбеккерлерінің атынан облыс басшысы Амандық Баталовқа зор ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз. 2015 жылғы атқарған қызметіне қанағаттанарлық деген баға береміз.
Мария Сагурова, «AQUMARINE resort» ЖШС-нің директоры:
– Облыс әкімінің баяндамасын тыңдай отырып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда табысты дамып келе жатқанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. 2007 жылдан бері Алакөл аймағына инвестиция тарту бағытында еңбек етіп келемін. Бұл – өте таңғажайып өлке. Өңірдің туризмді дамытуға үлкен мүмкіндігі бар. Осы орайда соңғы жылдары облыс әкімдігі тарапынан айтарлықтай істер атқарылып, нақты қолдау көрсетіліп жатқандығына өз көзімізбен куә болудамыз. Инвесторлардың жұмыс істеуіне барынша қолайлы мүмкіндіктер жасалған. Электр желісі тартылып, автожол жобасы жүзеге асырылуда. Ауылдық амбулатория ашылмақ. «Алматы –Жетіген – Достық» бағытында пойыз жүргізіле бастады. Осындай қолдаудың арқасында біздің компаниямыз биыл қонақүй салу жұмысын аяқтамақ. Демалыс айлағында пансионат пен қонақүй қатары көбейіп келеді. Өткен жылдың өзінде ғана он жаңа нысан іске қосылды. Бүгінгі күннің өзінде Алакөлдің жанында жүз шақты туристік нысан бар. Бұрнағы жылмен салыстырғанда келушілердің қатары 28 пайызға артты. Инвесторлар атынан жергілікті атқарушы органға көрсеткен қолдаулары үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Ал біз өз тарапымыздан қолымыздан келгенше өңірді өркендетуге өз үлесімізді қоса бермекпіз.
Айдын Иманбеков, «Акбель и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры:
– Өткен жыл қорытындысынан облысымыздың әлеуметтік экономикалық даму барысында ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, тағы басқа салаларда қол жеткізген үлкен жетістіктерін көріп отырмыз. Облысымызда фармацевтика саласы да даму үстінде. Бүгіннің өзінде 6 фармацевтикалық кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде «Акбель и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар. Бұл зауытымыздың салынуына 500 млн. теңгеге жуық инвестиция бөлінді.
Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде облыстық атқарушы органның қолдауымен зауытқа инфрақұрылым тартылды. Атап айтсақ, электр жүйесі, қосалқы электр станциясы іске қосылып, газбен қамтамасыз етілу жайы шешілді. Мемлекеттен 40 млн. теңге қаржы бөлінді. Соның арқасында өндірісті кеңейтуге мүмкіндік туып, 65 жұрмыс орны ашылды. Осы орайда облысымызда жұмыс істеп отырған барша фармацевтика саласындағы кәсіпкерлер атынан сапалы нарыққа сай отандық өнім шығаруға барынша мүмкіндік тудырып отырған облыс әкіміне алғысымызды жеткіземіз.
Қазіргі қиын-қыстау экономикалық дағдарыс кезінде ашылған жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, өндіріс қарқынын өсіру есебінен одан ары ұлғайту көзделіп отыр. Кәсіпорын келешекте де өзінің алдына қойып отырған бизнестегі әлеуметтік жауапкершілікті арттыру жұмысын ары қарай жалғастыра бермек.
Сәдуақас Батқалұлы, Сарқан ауданының Құрметті азаматы:
– Елбасының тапсырмасы, облыс әкімінің тікелей басшылығымен кезінде Сарқанның даңқын асырған қызылша дақылын өсіру қайта қолға алынды. Қызылша егістігінің көлемі ұлғайды. Өнім сапасы артты. Елге жұмыс табылды. Мұндағы шаруа қожалықтары өнімді еселеп, Көксу қант зауытына тәтті түбір жеткізді. Бұл –сарқандықтардың жақсы бастамаға қосқан үлесі.
Облыс басшысы ауданға жұмыс сапармен келген сайын халыққа үлкен үміт, сенім ұялатады. Лепсі өңірін ұмыт қалдырмай, Балқаш көлінің жағалауын жаңғыртуға ірі қадам жасалып жатқанынан жұртшылық хабардар. Қаншама жыл қараусыз қалған Черкасск мұражайын күрделі жөндеуден өткізуге, оған бастап апаратын жолды да жақсартуға қозғау салынғаны біз үшін қуаныш.
Кейінгі жылдары ауданымыздың аграрлық саласының бойына қан жүгірді. Қаншама жоба жүзеге асты. Суармалы егіншілік жоғары қарқынмен даму үстінде. Солай десек те, егістік көлемін ұлғайту үшін су тапшылығы бүгінгі күнде өзекті мәселе болып тұр. Оны шешу жолы – тамшылатып суару технологиясын дамыту. Биыл бұл технологияны Бақалы ауылының «Қамқор» шаруа қожалығы 50 гектар жерге қызылша дақылын сеуіп, жүзеге асырмақшы. Облыс басшысынан қожалыққа құрал-жабдық алуға 16 млн. теңге қаражат бөлуге ықпал етуін сұраймыз.
Сондай-ақ, биыл ауданда 36 мың тонналық қызылша өңдейтін зауытты іске қосу жоспарлануда. Осыған орай, аудандық ардагерлер кеңесі егістік жер алып, қант қызылшасын себуге бастама көтерсе, Сарқан жастары да ортақ іске құлшыныс танытуда. Біз облыс ардагерлері мен жастарына Үндеу тастап, біздің бастамамызды облыс көлемінде қолдауға шақырамыз.
Бірлік бар жерде – берекелі тірлік бар. Жер жаннаты Жетісуымыздың гүлдене түсуіне үнемі көңіл бөліп отыратын Елбасымызға және облыс басшысына бүкіл жетісулықтардың атынан шын жүректен алғысымды білдіремін. Облыс басшысының еңбегін ең жоғары «бес» деген бағамен бағалаймыз.
Күләнда Батырбекова, «Еркем-ай» жекеменшік балабақшасы мен «Дана» жекеменшік мектебінің құрылтайшысы:
– 2009 жылдан бері білім саласына инвестиция тартып жүрген кәсіпкермін. Талғар ауданында 500 орынды 2 балабақша, 350 орынды мектеп құрылысын салып, 156 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мемлекет қазынасына жыл сайын 30 млн.-ға жуық салым төленуде.
Бұдан бөлек, мектептің заманауи жабдықталған базасында ауыл балаларының жаппай спорт пен қосымша білім алуын қамту үшін түрлі үйірмелер ашуға өз үлесімді қоссам деймін. Сонымен қатар Қапшағай қаласынан 59 сотық жер телімін сатып алып, бірінші қабатында 250 орынды балабақшасы бар тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отырмын. Осы әлеуметтік нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қолдау тапса деген ұсынысым бар. Мектепке барар жолға көпшілік демалатын орын жасап, көгалдандырып, шамдар орнатып, спорт кешені мен велосипедшілерге арналған жол салсам ба деген ойымды жүзеге асыруға мүмкіндік жасайсыздар деген ойдамын.
Облыс әкімінің жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөлетіндігін, биыл облысымызда бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі межелі жоспарға жетіп отырғандығынан көре аламыз. Оған өз тарапымыздан үлес қосып жатқанымызды мақтаныш тұтамыз.
Ерлік Қалибек, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі:
– Өткен жылдың қаңтар айында Амандық Ғаббасұлы мәдениет қызметкерлерінің басын қосып, жеткен жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді саралаған болатын. Бұл басқосу мәдениет саласының қызметкерлеріне үлкен серпіліс берді. Облыстағы Мәдениет үйлерінің метериалдық-техникалық базасы жаңартылып, музыкалық аппаратуралар сатылып алынды. Театр ғимаратына 98 млн. теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесуде театрға сұралған он штат бірлігі екі айға жетпей беріліп, нәтижесінде қатарымыз жас мамандармен толықты. Бүгінде сол әртістердің екеуі және өзім баспаналы болып отырмын. Кеше ғана нәрестелі болған мен үшін бұл зор қуаныш, үлкен бақыт. Мұның өнер адамдарының жұмысқа деген ынтасын арттырып қана қоймай, Елбасының сындарлы саясатын қолдап, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу жолында аянбай еңбек етуімізге үндейтіні сөзсіз.
Өңір басшысы мәдениет саласына аса көңіл бөліп, өнер иелерін барынша қолдап келеді. Облыс орталығында жаңа театр салу бастамасы театр әртістерінің ғана емес, барша жетісулықтың қуанышы деп білеміз. Сол үшін Амандық Ғаббасұлына үлкен алғыс айтамыз. Мәдениет қызметкерлері атынан өткен жылы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деп баға береміз.
Сағи Асылханов, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі:
– Облысымызда жастарға үлкен қолдау көрсетіліп келе жатқандығы бізді қуантады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасының жастары облыс әкімінің гранты есебінен еліміздегі ең беделді ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл жастардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады.
Облысымыздың күн сайын көркейіп келе жатқандығына қарқынды жүргізіліп, қала ажарын ашқан құрылыстар дәлел. Соның ішінде жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы мен «Жастар» саябағын мақтанышпен айта аламыз. Қаратал өзенінің жағажайы да ғашықтардың махаббат аллеясына айналды. Алдағы уақытта жастардың некесі теңдесі жоқ зәулім Салтанат сарайында қиылатыны әрбірімізге қуаныш сыйлайды. Ал жас отбасылары мен жас мамандарға арналып көпқабатты зәулім үйлердің салынуы жастарды жарқын болашаққа жетелейді. Сонымен қатар студенттік құрылыс жасақтарының жүзден астам сарбазы «Жастар» саябағының жандануына қызмет етіп, облысымыздың көркеюіне үлесін қосуда. Ал «Жасыл ел» еңбек жасағының 3 мыңға жуық жасы облыс аумағында тазалық жұмысын жүргізіп, еңбекпен қамтылуда.
Өткен жылы облыс әкімі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға пәтер кілттерін сыйлағанда олармен бірге қоныс тойын тойлағандай болып, шын жүректен қуандық. Бұл жасалған жұмыстарды Жетісу жастары өте жақсы деп бағалайды.
Қуаныш ТҰНҒАТАР, Алма ЕСЕНБАЕВА
Abai.kz