АБАЙ ҰРПАҚТАРЫ ҚАЛАЙ ҚУҒЫНДАЛДЫ?
Тектінің ұрпағы да текті болады екен ғой. Қолымызға түскен құжаттар осы сөзімізді айғақтайды. Түбіне тартып туса, несі айып?.. Алайда қазақтың намысы мен мүддесі жолында бас тіккен хакім Абайдың ұрпақтары мен туыстарын бүгін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Астананың іргесіндегі «АЛЖИР» мемориалды мұражайының директоры Болат Жүнісбеков бұл құнды деректерді сонау Семейден алдырыпты. Абай мемлекеттік республикалық әдеби-мәдени-тарихи мемориалды қорық мұражайынан жеткен жәдігерлерден елорда төрінде енді экспозиция ашылмақ.
Тұрағұл мен Мекайыл қалай опат болды?..
Тұрағұл Абайдың 1876 жылы Әйгерімінен туған баласы, ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан сауат ашқан көрінеді. Кейін өздігінен ізденіп, орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген. 1904 жылы Кішік-Тобықты еліне болыс болып сайланып, 1905 жылы өз еркімен босатылған екен. 1917-1920 жылдары Семей өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі қызмет атқарған.
Тұрағұл бала жасынан әкесінің қолында тәрбиеленеді. Сондықтан Абайдың қай өлеңі қай кезде, қалай жазылғанын және кімге арналғанын жақсы білген. Кәкітай Ысқақұлымен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петерборда бастырып шығарған. Тұрағұлдың Абай мұрасын жинастырып, бастыруда аса құнды мағлұматтар жазып, ақын шығармашылығының текстологиясын түзіп, түпнұсқаны қалпына келтіруі – абайтану ғылымына қосқан зор үлесі. Ол Мұхтар Әуезовке «Әкем – Абай туралы» естелігін жазып берген. Тұрағұлдың Абай туралы естеліктерінің қысқаша нұсқасы 1933-1940 жылдары Абай шығармалары жинағында жарияланды.
…1922 жылы Семейде Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов тұтқынға алынғаны тарихтан белгілі. Сол саяси науқанда Абайдың ұлы Тұрағұл да түрмеге жабылып, төрт айдай қамақта болған. Ақшоқыда жатып, жазумен шұғылданады. Аударма жұмысымен айналысады. Ол М.Горькийдің «Челкаш» әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, «Таң» журналына (1924 жылғы №3,4 саны) бастырған. А.Неверовтың «Мен өмірге жерікпін», Джек Лондонның «Балалық туралы ертегі» және «Балалы әйел не білу керек» деген еңбектерін ана тілімізге аударып, оқырманға ұсыныпты. Тұрағұлдың ағасы Әбдірахманға арнаған өлеңдері Абай мұражайында сақтаулы.
1927 жылы Тұрағұл қайта тұтқынға алынып, 1928 жылдың көктеміне дейін түрмеде жатады. Түрмеден шыққан соң кәмпескеленіп, Шымкентке жер аударылады. Тұрағұлдың зираты жайында қызы, Абайдың он жеті әнін нотаға түсірген әнші Мәкен Мұқаметжанова бір естелігінде: «Тұраш ағам 1934 жылы 6-наурыз күні 59 жасында қайтыс болды. Шымкент қаласының орталығындағы мұсылмандар зиратына жерленді. Кейін сол зираттың үстінен химзауыт салыныпты. Зауыт салынар алдында Тұраш ағаның сүйегін алатын жанашыр жақыны болмай, зауыт астында қалды. Ол кезде біз Шымкенттен ауысып, басқа жаққа кеткен болатынбыз» деп жазады.
Беу, дүние-ай! Арыстарымыздың сүйегі қайда шашылмады?..
Абайдың Әйгерімінен туған Мекайылы да ұлт жолында тағдыры үзілген ерлердің қатарынан екен. Жарты ғасырға жуық қана ғұмыр кешкен ол арабша, орысша сауатты болған. Абай өлеңдерін түгелдей жатқа білген. Домбыра тартып, ән салып, әкесі жайлы білгендерін ел ішінде әңгіме етіп таратқан. Мұхтар Әуезов жас шағында Мекайылдың аузынан Абай туралы естеліктерді көп естіген. Ағасы Тұрағұл ауылымен бірге Ақшоқы маңайын, Тышқан деген жерді мекендеді. 1931 жылы «бай баласы» деген желеумен ұсталған. Көнекөз қариялардың айтуынша, Мекайыл 1931 жылы Семейдегі Полковничий аралында атылады.
Дастандар мен жырлар жазған Әубәкір
Әубәкір – Ақылбайдың баласы. Ақын, әнші, композитор. Абайдың немересі әрі шәкірті. Атасының шығармаларын халық арасына көп таратуға еңбек сіңірген. Әубәкірді Абайдың інісі Оспан балалары болмаған соң бауырына басып, тәрбиелеген көрінеді. Әубәкір өлеңді суырыпсалып та, жазып та шығарған екен. Немересінің ақындығын байқаған Абай оны ерекше жақсы көріп, бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беріп отырыпты. Әубәкір жас кезінен өлең-жырға құмар болып, шығыс қиссалары мен батырлар жырын жатқа айтып, домбырада күй тартып, ән салған. Абайдың нұсқауымен әзіл, мысқыл, әжуа, сықақ өлең шығарып, ХIХ ғасырдың басында қазақ әдебиетіндегі сатираға өзіндік үлесін қосқан.
О, ішінде қымың да бар, жымың да бар,
Өмірде би болмаған сұмың да бар.
Анық, әділ тартылса таразыға,
Балтаменен шабатұғын мінің де бар, – деп ащы мысқылға толы өлеңдер шығарған. Әубәкір сатиралық өлеңдермен бірге тарихи шығармаларға бет бұрып, «Мамай батыр», «Әнет баба», «Ақтабан шұбырынды», «Оралбай мен Керімбала», «Әреке мен Береке» деген әлеуметтік дастандар да жазды. Кеңес өкіметі дәуірінде жазған өлеңдерінің көбі ел қазынасын жымқырған жемқор, пысықтарды әшкерелеуге арналады.
1928 жылы ағасы Тұрағұл кәмпескеленіп, жер аударылады. Әубәкірдің басына қайғының қара бұлты төнеді. Құнанбай тұқымы түгел қуғын-сүргінге ұшырайды. Ел аштықтан өле бастайды. 1931 жылы Шәкәрім атылады, оның баласы түрмеде бауыздалып өледі. Тұрағұлдың інісі Мекайыл да атылады. Сол жылдары Абай ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшыраған сәтті «Шыңғыстау» дастанында шынайы суреттейді. Бүлініп жатқан өз елінде өмір сүре алмайтын күйге жеткен Әубәкір 1931 жылы бас сауғалап, Үржар ауданына кетеді. Онда тұрақ таба алмай, Тұрағұл тұрған өңірге – Шымкент шаһарына қоныстаныпты. Сөйтіп, 1934 жылы 53 жасында қайтыс болады.
Тағдыры беймәлім Бағұфұр
Бағұфұр Әлімқұлұлы — Абайдың Ақылбайынан тараған шөбересі. Мал дәрігері. Қ.Мыңбаев атындағы Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас маманы болып 25 жыл қызмет етті. Ол Мұхтар Әуезовтің ағасы Разақ Омарханұлының қызы Ғафураға үйленген. Одан Эрнест, Бауэр, Айдар есімді үш ұл сүйген. Мұхаңмен сырлас іні, сыйлы күйеу бала ретінде араласады. Бағұфұр Құнанбайдың, Абайдың, Мұхтардың пайдаланған заттарын тиянақтап, Семей мұражайына тапсырған. Соның ішінде Құнанбайдың Меккеден киіп келген тақиясы да бар екен. Б.Ерсәлімовтың «Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары» кітабында Бағұфұр Ақылбаевтың 1933 жылы Жарма жақта қамалғандығы туралы айтылады. Басқа дерек жоқтың қасы.
Әуезовтің досы болған Даниял
Дәл солай! Абайдың інісі – Ысқақтың немересі, Шыңғыстауда туған Даниял Кәкітайұлы ауылда сауатын ашып, ауыз әдебиеті мұраларын тыңдап, Абай, Шәкәрім шығармаларын жаттап өскен. Даниял Семейдегі орыс-қазақ мектебінде оқыған. Мұхтар Әуезовпен достығы да сол мектепте басталады. 1920 жылы қоғамдық істерге араласа бастаған ол губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болып істейді. Ташкенттегі Орта Азия университеті (САГУ) қаржы-экономика факультетінде оқып жүргенде Мұхтармен тағдыры тоғысады. 1925 жылы екеуі бірігіп, «Өзбекстандағы қазақ балаларына жаңа әліпби» деген көлемді еңбек құрастырады. 1924 жылы Ташкенттен шығатын «Сана» журналында «Қорғансыздар» деген сын мақаласында Даниял Мұхтардың «Бәйбіше-тоқал» шығармасына талдау жасайды. Бұл мақала бертінде Тұрсын Жұртбайдың дайындауында «Абай» журналында (1993 жылы №6 саны) жарияланды. Даниял еңбегі жайында ғалым Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Ол Мұхтар Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» пьесасын сондай пайымды пікірмен талдаған қазақ сынының басы…» Қазақтың әдеби сынының қарлығашы Даниял 1925 жылы «Белинский туралы» деген мақаласын жазады. 1927 жылы «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» газеттерінде С.Мұқанов, К.Кемеңгеров, А.Байтасов, Д.Ысқақов әдеби сын жөнінде пікір-толғам Даниялдың болашағынан көп үміт күтетіндерін айтады.
Даниял 1926 жылы көркем аудармалар жасаумен жүйелі түрде айналыса бастайды. Оның А.Чеховтен, В.Гаршиннен, өзбек жазушысы А.Каһһардан, француз классигі Р.Ролланнан аударғандары ҚР Ғылым Академиясы орталық кітапханасының қорында сақтаулы. Қайым Мұхамедхановтың «Абай мұрагерлері» атты монографиясынан Даниялдың Г.Серебрякованың «Маркстің жас шағы», Б.Ясенскийдің «Человек меняет кожу» деген шығармаларын, сондай-ақ Ленин еңбектері мен саяси оқулықтарды да аударғаны белгілі болып отыр. Даниял Ысқақов негізінен қаржы-экономика салаларында көп еңбек етті.
Б.Ерсәлімовтің «Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары» кітабында: «Жан досы Мұхаңмен қатар түрмеге жабылып, босаған соң Даниял 1937 жылы Наркомпроста Темірбек Жүргеновтің қаржы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып жүргенде қайта жабылып, сол жылғы НКВД-нің қараша айындағы үкімімен алдымен ату жазасы белгіленіп, артынан каторгаға айдалады…» деген жолдар бар. 1945 жылы айдауда жүріп асқазан ауруының асқынуынан қайтыс болған.
Башқұрт қызы Мүкәрәм күйеуінің ісін қуып, шағымдануының нәтижесінде 1957 жылы 25-қыркүйекте «1898 жылы туған Даниял Ысқақовқа Алматы облысы УНКВД-сы 1937 жылдың 21-қарашасында шығарған үкімі қылмыстық дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты өз күшін жояды» деп хабарлаған.
Абай баулыған Әрхам
1886 жылы туып, 1963 жылы өмірден озған Әрхам – Абайдың туған інісі Ысқақтың немересі, Кәкітайдың ұлы. Төрт жасынан Абайдың алғашқы немересіндей маңайында өсіп, жүйрік шешен, дүлдүл әнші-күйшілерді тыңдап ер жетеді. Орыс тілінде жазуды, сөйлеуді Абай ауылында үйренеді. Атасы Ысқақтың баулуымен жас шағынан шаруаға мығым болып, ауыл молдасынан сауат ашады.
Семейде түрлі шаруашылық жұмыстарын істеп жүрген Әрхамды Мұхтар мен Даниял 1924 жылы Бақанас, Байқошқар өзені бойынан жер алып, арық қазып, егін салып еңбектенетін кооператив құруға жібереді. Алпыс үй кедейді жинап, қала тәртібімен үй, мектеп, емхана, монша салып, су диірмені, май зауытын көтеріп, аз жылда ырысты үлкен елді мекенге айналдырады.
Күншілдердің жаласымен қамалып, босатылғаннан кейін 1929-1930 жылдары Ташкенттегі «Қызыл партизан» колхозына барып сіңісіп, сонда жасырынып жүреді, жан бағады. Осы жылдары туған жерін, өскен елін сағынған сезімі «Бақанас» пен «Бақанаста туған-туыстарыма» деген өлеңдерінде баяндалған.
1939 жылы М.Әуезовтің шақыруымен Семейге келіп, Кәкітайдың досы Бекбай Байысовтың үйінде ашылған Абай мұражайының іргетасын қаласқан. 1953 жылы Қарауыл ауылында тұрған Әрхам Кәкітайұлы Абайдың сүйегін алып кетпек болған әрекетке қарсы қол ұйымдастырып, Жидебайдағы Қызыл отау меңгерушісі есебінде қарашаңырақтың шырақшысы болды. «Абайдың өмір жолы» естелігі мен Шыңғыстау елі жөнінде құнды деректерді жазып қалдырды. 1961 жылы ғалым Әбіш Жиреншиннің көмегімен оның «Зағипа» поэмасы жеке кітап болып жарық көрді.
Әрхамның ұлы Халит 1908 жылы Шыңғыстауда туған, Кәкітайдың тәрбиесінде болғандықтан Кәкітайұлы болып саналады. Мәскеудегі қаржы-экономикалық институтында оқыған. 1932 жылы төрт жылға Архангельск облысындағы «Соловки» дейтін жерге айдалып, «Беломор» каналының құрылысында болған. 1936 жылы елге оралады. Екінші рет 1943 жылы Павлодар қаласында ұсталып, Турухан өлкесіндегі «Гулагқа» сегіз жылға айдалады (статья 58-10 ч. II УК РСФСР). Халит 1984 жылы өмірден озды.
Ахметбек және оның ұлдары
Ысқақтың ұлы Ахметбекті (1875-1937) көргендер көзі ашық, көңілі ояу, мәдениетті кісі деседі. Ахметбектің Мүбәрәк, Медіғат, Талғат, Жәудат есімді ұлдары, Ғалия, Қапиза, Үбісән және Кәсира атты қыздары болған. Ағасы Кәкітайдың үлгі-өнегесімен Ахметбек те балаларын жас кезінен оқытып, жақсы тәрбиелеп өсіреді. Ауыл молдасынан сауаттарын ашқан соң ұлдарының бәрін де қаладағы орыс мектебінде оқытқан. Ахметбек 1931 жылы тұтқындалып, түрмеге жабылып, хабар-ошарсыз кеткен. М.Ысқақованың «Ұлы Абайға адалдық» кітабының (Семей, 2002 жыл) 191-бетінде Ахметбектің қайтыс болған кезі – «1937 жыл» деп көрсетіледі.
Семей гимназиясында білім алған үлкен баласы Мүбәрәк 1937 жылы оқып жүріп-ақ репрессияға ұшыраған. Медіғат та осы жылдың 24-қаңтарында ұсталып, он жылға айдалған.
Асхат Райқұл
«Ана тілі»