Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2850 0 пікір 15 Ақпан, 2016 сағат 14:39

ТҮРІКТЕР СИРИЯ АУМАҒЫНДАҒЫ КҮРДТЕРДІҢ ШЕПТЕРІН АТҚЫЛАДЫ

Түрік қарулы күштері Сирия аумағындағы әскери операциясын бастады.

Бірнеше күн бұрын сириялық күрд жасақтарының қолына өткен Миннех әуе базасы мен оның жанындағы ауыл артиллерия шабуылдарының нысанасына айналды. Соғыс қимылдарының басталғаны туралы Сириядан тыс аумақта орналасқан адам құқығының сақталуын қадағалау жөніндегі Сириялық орталықтағы дерек көздері растады. Одан бөлек, артиллериялық шабуылдың болғанын Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы да қуаттады.

Атыс болар алдында Дәуітоғлы өз елінің Сирияның солтүстік бөлігіндегі кей аудандарды бақылауда ұстап отырған сириялық күрдтерге қарсы әскери операция бастауға дайын екендері туралы мәлімдеген еді. Премьер құрлық операциясы туралы айтпағанымен, күрд әскери жасақтары шоғырланған жерлерді бомбалаулары мүмкін екенін жоққа шығармаған болатын.

Сонымен бірге, Сауд Арабиясының әскери ұшақтарын АҚШ әуе күштерінің Түркиядағы "Инджирлик" әуе базасына апарып жатқаны туралы хабар тарады. Бұл туралы Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы Мюнхендегі конференциядан қайтып келе жатқан бетінде мәлімдеген. Министр Түркия мен Сауд Арабиясының көптеген елде қызметіне тыйым салынған "Ислам мемлекеті жихадшы тобына қарсы құрлық операциясын бастаулары мүмкін екенін" айтты.

Абай-ақпарат

0 пікір