ҚИСЫҚ АҒАШ
(А.Сәрсенбайұлының рухына)
Нұр саулаған гауһар тастай қарашықтан нұр емес,
мөлт-мөлт етіп жас тамса;
елжіреген ет жүрегің қан жылап,
қан кеткесін қатқан қара тас болса;
бодандық пен кемдіктің,
бостандық пен теңдіктің,
ақиқатында, мағынасы бос болса;
қу тірлікті сүргенің -
тоғыз ауыз тобасыз сөзбен,
тоғыз түйеге жүк болар байлықпен,
тоғыз грамм қорғасынмен ғана расталса -
сонда шындықты қайдан табамыз ?!
Өзімізде бар нәрсені өзімізге қимасақ;
уақыт пен кеңістікті ноқталаған көңілдер
мезгілден де жаңылып, шекті қойып
қара жер мен көк аспанның аясына сыймаса;
біреудің надандығы мен тоқшылығы да,
біреудің жамандығы мен жоқшылығы да,
айналып келгенде, қара халықты ғана қинаса;
азуы бары - азулымын екен деп айылын жимаса;
құрығы ұзыны - құрықтымын екен деп құлқынын тимаса -
сонда тәубені қайдан табамыз ?!
Дін, діл дейміз, тіл дейміз...
Діндарың кім ?
Дін қайда ?
Ділмарың кім ?
Діл қайда ?
Тілемсек кім ?
Тіл қайда ?
Шағыстырып отты - суға, жерді - көкке, күнді - айға;
бар ілімді ой-ботқа ғып,
жоқ ілімді ойлап тауып, әйтеуір, қойыртпақтап келтіреміз ыңғайға.
Көз де, сөз де, көкірек те аллаға емес, адамға құл мұндайда -
сонда иманды қайдан табамыз ?!
Бірлік қайда ?
Бар ма, бірлік, ой бақсақ ?
Батыс, шығыс, оңтүстік боп, жеке-жеке аймақ сап;
жақсы менен жайсаңыңды бір-біріне айдап сап;
руыңмен деп у ішкізіп, өзің зәмзәм су ішіп;
шатырдағы орын үшін шайтанмен де туысып,
сосын келіп кісімсіну - қай мақсат ?!
Тірлік қайда ?
Шындық - жалған;
тәубе - қалған;
бірлік - арман;
иман - жоқ.
Жапа шеккен ағайынның айтқанына ұйыған боп,
реті келсе солармен
қышқылдатып шарап жұтып, ыстық-ыстық шай ішіп;
саясат деп, мәдениет деп қабырғамыз қайысып,
өп-өтірік отырамыз майысып.
Ал жай күні қыңыр сөз бен құр ұйқыдан бас алмай;
жанға пайда әкелмейтін шүкірліктен аса алмай;
біреу қызмет жасардай;
біреу құман тосардай,
кергиміз кеп, сорда өскен қисық ағаш секілді.
Сен бе, жалғыз кекілді ?
Мен бе, жалғыз кекілді ?
Екеумізде не айырма ?
Екі қолмен, екі аяққа - жалғыз бас.
Тәнімізді ойын, жанымызды ой сорған.
Өзіміз де білмейміз қайсы - мұрат, қайсы - арман.
Тек қиял бар - құмай шалғызбас,
күдік бар - түлкі алғызбас.
Сосын... сосын өзгермейтін түсінік бар көні қатқан терідей.
Әй, түбі бар ғой,
емексіткен сол қиял құм шекердей ерімей;
елегзіткен сол күдіктен жерімей;
түсініктер күйремей, көні қатқан терідей -
сірә де ел болмаспыз !
Талғат Ешенұлы
Abai.kz