НАЗАРБАЕВ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫН БИЗНЕСКЕ САЛУДЫ ТАПСЫРДЫ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев зейнетақы қорындағы 1 триллион 450 миллиард теңгені (шамамен 4,02 миллиард АҚШ доллары) бірқатар жобаға инвестиция ретінде салуды тапсырды.
Ақорданың Twitter парақшасында жазылғандай, Назарбаев бұл жайлы Астанада өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан.
Назарбаев бұған қоса үкіметке "Нұрлы жол" бағдарламасындағы инфрақұрылымдық жобаларды жеделдету үшін 2016 жылы 76 миллиард теңге бөлуді де тапсырған.
Сонымен бірге мемлекет басшысы 100 миллиард теңгені "ҚазАгро" ұлттық компаниясына басымдық беретін жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануды міндеттеді.
Назарбаевтың пікірінше, жұмсалған қаражатты тиімді пайдалану экономиканың бір процентке дейін өсуіне мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Біріңғай ұлттық зейнетақы қорындағы ақша 5 триллион 828 миллиард теңгені (шамамен 16 миллиард АҚШ доллары) құраған.
Назарбаев 2015 жылы қарашада жыл сайынғы халыққа жолдауында зейнетақы қорындағы қаржыны бизнесті несиелендіруге жұмсауды доғаруды тапсырған. Президент ол кезде зейнетақы қаржысы бюджет тапшылығын толтыруға ғана пайдаланылуы мүмкін екенін айтқан.
Абай-ақпарат