ТЕР ТӨКПЕГЕННІҢ - ТІЛІ СУАЛАДЫ...
(екі ойдың елегі)
Әлеуметтік желілер тұрмысымызды билеп, баса көктеп барады. Сан алуан ақпарлардың арасынан «Әр қазақ оқыса екен...» деген сілтеме-сөз көзіме оттай басылды. Авторы - Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ екен. Жаңылыспасам, талапты ақын болса керек...
«...Жарықтық Фейсбукті ашып қалсам болды, бір жаңалығын ұсынады, әйтеуір. Сол сансыз жаңалықтың ішінде бір сайтта жарияланған “Қазақстаннан кеткім келеді…” атты мақалаға назарым ауды.
“Кейде халықты тонап байыған, бойында не кісілігі, не кішілігі жоқ, білімсіз, біліксіздердің алшаңдап жүргенін көрсем, Қазақстаннан кеткім келеді…”, - дейді автор. Бұндай жәйт құдды бір қазақ елінде ғана бар жағдай секілді. Басқа мемлекетте ақша десе ауызын арандай ашатын адам жоқ секілді. Қазақстаннан басқа мемлекеттің бәрі жұмақ секілді.
“Қазақстанда неге қазақтарда ғана баспана жоқ? Жалдамалы пәтерде, жатақханаларда неге бірыңғай қазақтар ғана тұрады? Не үшін жалпы қазақ кедей? Осы сауалдардың жауабын көп іздедім. Бірақ таппадым. Неге екенін, сол сәтте Қазақстаннан кеткім келді”, - деп сабақтайды ойын одан ары. Осы меніңше, қоғамды сорлы етіп көрсететін өзіміз-ау...
Маған мына сауалға жауап беріңіздерші. Неге еңбек етіп, ақша жинап пәтер сатып алмайсыз? Неге тер төгіп, қаржы тауып, әдемі көлік мінбейсіз? Неге біз іштей “бізге біреу беру керек” деген принципті ерікті-еріксіз ұстанамыз?..
«Кедейлік басқа елде жоқ» деп ойлайсыз ба? Әлде, басқа мемлекет әр азаматына бәрін үйіп-төгіп береді деп ойлайсыз ба?! Кейбір данышпандар бар былай деп гөй-гөйлейтін: “Ойпырмай, еврейлер балалары туғанда есешотына 1 миллион доллар салып қояды екен-мыс”. Әлемдік саясаттың, жаһандық тұрақтылықтың көшін бақылап жүрсеңіз, айтайын, мәселен, Израиль қайыршылық индексі бойынша Чили мен Мексикадан да төменгі сатыда. Әлемде аты дардай 4 еврей бар болса, олармен бәсекелесе алатын 4 қазақтың бар екеніне шүбә келтірмеңіз...
“Мысалы, өзімді айтайын. Мен 4 жерде жұмыс істеймін. Ай сайынғы табысым департамент басшысының табысынан аз емес. Ал, менің небір айта қоятындай көкем де жоқ. Әкем – жылқышы, шешем – кітапханашы. Сөзімді растайтын осы Фейсбукте адамдар бар, өзімді, отбасымды жақсы танитын. Менде пәтер жоқ. Бірақ, “неге жатақта тұруым керек” деп, елорданың қақ ортасынан 160 мыңға пәтер жалдап отырмын. Пәтерім жоқ екен деп елден неге кетуім керек, ал сонда?! Және “Азаматта пәтер жоқ екен” деп Үкімет басшысы “хай-вилден” үш бөлмелі пәтердің кілтін беруі керек пе?! Еңбек етіп, жиған-тергенімізді жарым екеуміз депозитке салып, сақтап жүрміз. Екі жыл, бес жыл ма, әйтеуір, қалаған пәтерімізді сатып алатынымызға кәміл сенемін. Ал, сіздің менен қай жеріңіз кем, неңіз артық еді?!.”
Жә-ә, одан ары автор Қазақстаннан қай елге көшуге болатынын парықтайды. Ресей, Қытай, Жапония деп, ақыры Америкаға тоқтайтын секілді. Жетіскен екенбіз. Американың ауасын жұтқанша, туған жердің көңіне аунап, батпағына малынып жатқаным артық мен үшін. Екіншіден, Америка бір қазақ тұрмақ, мың қазақ келсе де жарылқамайды. Статистика бойынша, Америкадағы ең кедей топ - шеттен көшіп келгендер. Рухани құндылығы жоғалған АҚШ қайыршылық пен кедейлік бойынша Қазақстаннан да төмен. Біз естіп, оқып жүрген ақпараттың бәрі қолдан жасалатын ақпарат екендігін ұмытпау керек. АҚШ, Ресей секілді алпауыт мемлекеттер әрдайым ең жақсы рейтингтің көшбасында тұруы заңдылық болып қалған.
“«Отан», «Ана тіл», «Астана», «Алматы» дейміз. Бірақ соншама сүйген отаныңның қадірін басқалар көріп, байлығын басқалар жеп жатса, қалай ғана шетелге кеткің келмейді, ә?! Байлары шіріген, кедейі қара сумен жанын бағып отырған елден қалай ғана шаршамайсың?!” дейді мақала соңында автор. Сонда отанның қадірі ақшада ғана ма?! Басқа елдің байлары ақша жемейді, шірімейді деп кім айтты?!. Басқа елде кедей жоқ деп кім айтты?!.
Бізде жаман үрдіс пайда болғалы қай заман. “Балық басынан шіриді” деген мақалды ту етіп аламыз да, жоғарыда отырғандарды жамандаймыз келіп. Егер біреудің күйеуі алқаш болса, біреудің жалғыз сиыры өліп, енді біреудің пәтер алуға ақшасы жетпесе, оған Мемлекет басшысының немесе Қазақстанның не кінәсі бар?!. Сілесі қатқан қойшы серкені қарғайды да.
“Есектің артын жуса да мал табуға” (Абай) талпынатын қоғам қалыптастыру керек. Ол өзімізден басталады. Алақан жайып, “қашан сол алақанға тиын түседі екен” деп күтудің қажеті жоқ. Сізге ешкім ештеңе қарыз емес. Сіз ешкімнен кем емессіз және Өзіңізді және бала-шағаңызды асырау өз міндетіңіз.
Қазақстанның тұрақтылығы жақсы, дағдарыс әр елде болады. Ал, егер сіз есектің артын да жуа алмасаңыз, оған Қазақстан кінәлі емес. Бүйректен сирақ шығарып, “Қазақстаннан көшкім келеді” деп елді бүлдірудің не қажеті бар?!. Біздің тағдырымыз тек өзіміздің ғана қолымызда! Мінерге арғымақ таба алмасаңыз да, жуарға есектің арты табылады. Тек, еңбек етуге дайынсыз ба?!.»
P.S. ...Екі мақаланы да мұқият оқыдым. Ой түюге, сенім бекітуге тырыстым, ақ-қарасын ажыратпақ болдым. Бірақ, екеуі де біржақты, бірсарынды, бірізді болып шықты. Бірі - «...бойында не кісілігі, не кішілігі жоқ, білімсіз, біліксіздердің алшаңдап жүргенін көрсем, Қазақстаннан кеткім келеді…» деп, бар үмітін үзіп, запыран-қайғыға салынса, екіншісі - «..Мен 4 жерде жұмыс істеймін. Ай сайынғы табысым департамент басшысының табысынан аз емес. ...Егер біреудің пәтер алуға ақшасы жетпесе, оған Мемлекет басшысының немесе Қазақстанның не кінәсі бар?!. Сілесі қатқан қойшы серкені қарғайды да. ...Сіз есектің артын да жуа алмасаңыз, оған Қазақстан кінәлі емес.» - деп, Қазақстанды өз қолымен жердің бетіндегі жұмаққа айналдырғысы келеді...
...Екеуіне де қосыла алмаспын. Біріншіден, Қазақстан - әлемнің ең кедей ел емес; екіншіден, қазақ елі - жер бетіндегі ең бай жұрт та емес. Бізде артықшылықтар бар, ал кемшіліктер шаш-етектен. Десе де, қара аспанды орнатып, өзіңді қор санаудың да; жағаны жайлауға жіберіп, құр мақтанудың да қажеті жоқ.
Ең бастысы, адамның қорғаны - еңбек. Тер төкпегеннің - тілі суалады... Бірақ, нан-нәпақа табу жолында (есектің сасығына қол салу міндетті емес), ар-намысыңызды жоғалтып алмағайсыз!
«...Әр қазақ оқыса екен...»
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Abai.kz