Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5315 0 пікір 3 Ақпан, 2016 сағат 09:51

ТАҒЫ БІР ОЙ-ХОЙ ОҚИҒА

(Сықақ сыңайлы сөз)   

Тас  дәуірінде ме, темір-көмір дәуірінде ме, әйтеуір, атамзаманға дейін өтіп кеткен нөпір дәуірдің бірінде бір ғұлама, ал бұл ғұлама, дана, әулие дегендерің бізде бүгінде де толып жатыр, иә, сол жарықтық ғұлама: «Болайын десе, оқиға оп-оңай!» депті. Оқығаным емес, пәленбай құлақтан кейін менің құлағыма келіп жеткен сәуегейлік сөз. Ал сәуегейлік екенінде енді дау жоқ. Оны, мысалы, менің мойындағаныма он бірдеңе күн болды. Мойындамас едім, бұқаралық ақпарат деген бұқамойын күш бар емес пе, сол  тақсыр менің де еркімді ерттеп мініп алып, текпілегеннен асыра тебінді дейсің, бағана. Төзу қайда?! Көзіме тосқанын оқи бастадым. Мәселен, мыналарды:

«Елдің еңсесін көтеруді ойлайық!»; «Халықтың хал-ахуалын жақсартуымыз керек!»; «Тарихи оқиға»; «Көптен күтіп едік»; «Өте дұрыс шешім»; «Президент ұсынған бағдарламалар енді мүлтіксіз орындалады!»; «Демократияның жарқын көрінісі»; «Ендігі сенім – жастарда»; «Бүкіл әлемді елеңдетті!»; «Ұтқыр бастама»; «Дамуымыздың кепілі»; «Уақытпен үндестік»; «Сын кезеңдегі салиқалы, ұтымды шешім»; «Отан алдындағы жауапкершілік»; «Басты мақсатқа бастаған қадам»; «Күрделі кезеңнен ойдағыдай асырар жол басы»; «Конституциямыздың талабына сай»; «Тәуелсіздік тегеуіріні»; «Сындарлы шешім»; «Ұлы ойдан туған ұлағатты ұйғарым»; «Қоғам қамы»; «Президентіміздің көрегендігіне куә және бір қадам»: «Бұрынғыдан ерекше болатын сайлау»; «Жастарға жол беріледі»; «Жаңа Мәжілістің жаңа депутаттары ел сенімін ақтауға тиіс!». Оп-оңай оқиға мен сәуегейлік айырып алғысыз боп араласып жатқан жоқ па?!

Жә, осы да жеткілікті. Гәзет беттеріндегі пілдің құлағындай жалпиған мақалалардың тақырыптарын тіземін деп мен талып қала жаздап отырмын, өзін оқитын  сіздердің  сілелеріңіз қатар, иә, тоқтайын. Бірақ мына тақырыптардан не ұққанымды айтпасам, еңбегім еш болар. Яғни, тәуелсіздікті әлгі анау одақтас 14 республиканың ең соңында алғандығымыздан ба, қалайда содан бергі 25 жылда: еліміздің еңсесі көтерілмепті де, халқымыздың жағдайы жақсармапты; президент бағдарламалары мүлтікті орындалыпты да, демократияның көрінісі жарқын болмапты; жастарға сенбеппіз  де, бүкіл әлемді елеңдете алмаппыз... әй,  ұққанымды да ұлғайта бермей, ендігісін етігімнің қонышына сұға салайын да, гәзеттердің осыншама  сөз сығындыларын  неліктен тақырып етісіп, не үшін жарыса бастағандарын өзімше бажайлайын. Егер мен бірдеңе білсем бар ғой, олардың әрқайсысы біздің парламент Мәжілісінің жуықтағы өзін өзі таратуы арыда бүкіл әлемді елеңдеткен, орта жолда бүкіл ТМД-ны тамсантқан, беріде бүкіл Қазақстанды қуантқан оқиға болғанын басқалардан артық айтып беруге битін салуда. «Ұтқыр бастама», «Басты мақсатқа бастаған қадам», «Бұрынғыдан ерекше болатын сайлау», «Жаңа Мәжілістің жаңа депутаттары ел сенімін ақтауға тиіс», әнеки, аңғардыңыздар ма, «демократияның жарқын көрінісі» арқасында біздегі бар-жоқ шындық жарық дүниенің жайнамазына жайып салынды. Мысалы, бұл сайлау: бұрынғылардан ерекше болады екен; дамуымыздың кепілі екен; қоғамымыздың қамы екен; бұрынғы қадамдар басты мақсатқа бастамаған екен; ескі Мәжілістің ескі депутаттары ел сенімін ақтамаған екен... Құдай-ау, бізге тәуелсіздік енді ғана келетіннен сау ма?!.

Сонымен, қайталап айтайын, егер мен бірдеңе білсем бар ғой, бірде-бірі: «Менің ауылымның жағдайы адам төзгісіз», немесе: «Біздің елде қымбатшылық құтырынғанын қашан қояды?» деген екі сөйлемді аузынан шығарып көрмеген  бұрынғы Мәжілістің  бұрынғы 107 депутатының орнына жаңа Мәжіліске сайланып келер жаңа 107 депутаттың ішінен ел сенімін ақтайтын 17 азамат табылар ма екен? Жалпы, Абай жарықтық айтқандай, «заң-зәкөн қолымда болса», мен 107-ні екі есе қысқартып, үкімет қаржысын үнемдеудің «бүкіл әлемді  қызықтырған» үлгісін көрсетер едім! Жоғарыда президенттің, төменде төрағаның қабағын бағып, шегі  жоқ  далбаса  мақтанның малта суын дәметіп отыратын Сенат пен Мәжілістегі қолкөтергіштердің санын шынында екі есе азайтса, мысалы, Шымкент қаласындағы №69 қазақ орта мектеп үйін жаңадан кеңейтіп салып, қазірде үш ауысымда оқуға мәжбүр болып жүрген 1600 шәкіртті бір ауысымда оқытып, балалары мен ата-аналарын шексіз қуантуға артығымен жетер қаржы табылар еді!..  Аталған мектептің жалғыз емесі, жүздеп бары сөзсіз.

Е, дүние...  Жаңа Мәжілістің жиһаз-жасауы келіскен кең залына жайғасу үшін  жанталас басталып та кеткен шығар. Ой-хой оқиға-ай!.. Қолы ұзын көкелердің  мұрындары мен алақандары тағыда қышып, етегінен ұстаған іні-қарындастарын «құтты орындарына қондыру» жорығын тағыда бастап кеткен шығар. Өйтпегенде ше?!. Ескі Жоғарғы Кеңесі де, жаңа парламенті де кейде сотпен, кейде сотсыз-ақ мерзімінен бұрын талай тараған  бізде әділ сайлау арман болғалы, оған қол жету былай қалғалы қаша-а-ан!..

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366