Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4624 0 пікір 24 Қаңтар, 2016 сағат 00:13

ВУНДЕРКИНД және ДАҢҒАЗАЛЫҚ

Білімде сапа болмағанда, көпшілік тарапынан неге олай деген сұрақ туындауы орынды. Алайда білім беру саласын басқарушылар тарапынан мұндай сұрақтың тууы мүмкіндігі алдын ала ескеріліп, жауап жүріс дайындалып қойған. Оның мәні – ақпараттық соғыста білім сапасы төмендеп кетті деушілердің аузын жабу үшін, мемлекеттік ресми басылымдарды іске қоса отырып, Қазақстанда білім беру ісінің «керемет дамып кеткенін» күн құрғатпай «дәлелдей» беру.

Осы ескі сүрлеуді ұстанған Білім және ғылым министрлігі бірнеше рет айды аспанға шығарған мәлімдемелер жасады. Анау бір жылдары министр лауазымында болған адам америкалық «Newsweek» журналының келтіргені бойынша «Қазақстан білім беру сапасы жөнінен дүние жүзінде 14-орынға шыққанын» жариялаған еді (Қазақстандағы білім сапасы көрсеткішін аталған журнал қайдан алғаны, қандай мәліметтерге сүйеніп жасағаны – өз алдына жеке мәселе. Сол журналдың келтіруі бойынша, Ресей 31-орында болған). Алайда осыдан кейін дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдері біздің білім беру саласындағы тәжірибемізді үйренуге лап қоймады, сапалы білім алу үшін Қазақстанға қарай жөңкілмеді, Астана ЖОО-ларына түсуге ағылмады. Ресми баспасөз де «дүние жүзіне үлгі болатын» бұл жетістікті айғайлап жарнамалауын тоқтата қойды? Өйткені бұл өзгені қойып, қарапайым адамдардың ақылына сыймайтын, тидаусыз авантюра болатын.

 «Казахстанская правда» газетінің тілшісіне берген сұхбатында сол кезде Білім және ғылым министрі лауазымында болған Б.Жұмағұлов «Қазақстан соңғы үш жыл бойы білім беруді дамытудың ең жоғарғы индексін иеленген төрт елдің қатарынан түспей келе жатқанын» айта келіп, «біздің оқушыларымыз жыл сайын көп марапатталады. Халықаралық интеллектуалдық жарыстарда өткен жылы олар 912 медаль әкелді, 2007 жылы тек 181 еді» («Казахстанская правда» – 29. 02. 2012) деген мақтанышын білдірді.

Бұл мәліметтердің рас екені – рас. Қазақстандық оқушылар жыл сайын интеллект бойынша жарыстарда оза шауып, бәйге алып жүр. Мұның, бір жағынан, мақтануға тұрарлық жетістік екеніне көзжұмбайлықпен қарауға болмайды.

Алайда «бір жағынан» деген қыстырманың бұл жерде бекер қыстырылмағанына көңіл аудару керек. Өйткені, екінші жағынан, осыған қатысты көңіл аудармасқа болмайтын кілтипан да жоқ емес. Мектеп оқушыларының интеллектуалдық жарыстарда медальді көп алып жүруінің бұлыңғыр астары бар.

Біріншіден, жаратылыстану-математика циклі сабақтарын педагогикалық-гигиеналық нормаларды бұза, бір бағытта, бір реттік нәтижеге жету мақсатын қоя отырып, сананы компьютерлендіру әдісімен оқыту өте зиянды. Ондайда жас адамның ойлау үдерісі бір арнадан шықпай қалады, адам тек биокомпьютерлік деп аталатын келеңсіз менталдықтың құлы болып, ол қоғамға да, айналасындағыларға да мазасыз кейіпке айналады.

Екіншіден, олимпиадаларда медаль алу жақсы болғанымен, жалаң технократтық білімнің көптігі мен тәрбиенің кемшіндігі арасындағы қайшылық оқушының жеке тағдыры үшін үнемі игілікті бола бермейді. Вундеркиндтерге (индиголарға) ерекше қатынас, әлеуметтік-психологиялық күй керек. Әрине, олардың жақсы қасиеттері көп: шығармашылық потенциалы мол, өзіндік «Менін» сезінуі күшті, қуатты, тынымсыз...

Бұған қоса, олардың тәрбие мен мәдениеттің кемістігінен туындайтын бірқатар «қиын» мінездері болады. Олар – әлеуметсіздік, коммуникабельдіктің төмендігі, оқшауланғыштық, өзін сыйлағыштық, нарциссизм, индивидуализм, назарсыздық, қысылтаяң ахуалда депрессияға бейімдік. Қиын мінездері көпшілік жағдайда олардың тағдырын да қиындатып отырады. Адам тағдырының технократтық біліммен емес, тәрбиемен және мәдениетпен айқындалатынын ескере алмағандықтан, вундеркиндтердің көпшілігі мектептен немесе ЖОО-дан кейін-ақ когнитивтік күрделі жанға айналып, бейшара күйге түсіп кетеді.

Үшіншіден, Қазақстан жағдайында интеллектілі технократтардың қоғамда орнын табуы да өте қиын. Олар ЖОО-ға түседі. Бітіреді. Сонан кейін не істейді? Сәтті дегенде – мұғалім болады. Ал көпшілігі бәрібір ғылым кеңістігінде тасқа шауып, төске өрлей алмайды. Өйткені Қазақстанда Ғылым академиясы жүйесі құрыған. Таратылмай қалған ғылыми-зерттеу институттары ауыр жағдайды бастарынан кешіруде. Олар Білім беру министрлігі мен салалық министрліктер арасында допша тебілуде. Индустрия, техника, технология салалары да олардың деңгейіндегі мамандарға зәру болып отырған жоқ. Өйткені елде ғылымды, жоғары технологияны қажет ететін өндіріс орындарының өзі мардымсыз. Ғылым даму үшін, технологияға сүйеніп дамыған өндіріс болуы керек.

Бірде академик А.Жұмаділдаев математика институтының тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда жас ғалымдармен толықтырылмағанын қынжыла атап өткен еді. Ол былай деп жазды: «Біздің математика институтында... ат ауыстыру көп, бірақ заты өзгерген жоқ. Математика саласында ғалым көбейген жоқ. Бәрі сол баяғы адамдар» [Жұмаділдаев А. Бізге жалған намыстың керегі жоқ // «Жас Алаш», 13.03.2014].

Жағдайдың осылай болып отырғанын белгілі журналист Ж.Сүлеев те қуаттайды. Ол былай дейді: «Құдай бізге егемендік алып берді. Ал неге соңғы жиырма бес жыл ішінде бізде Айтхожин немесе Сұлтанғазин деңгейінде ғалымдар шықпады» [Сулеев Ж. Интеллигенция: смена вех и поколений // Central Asia Monitor, 25-31. 07. 2014].

Авторитарлы қоғамдарда индиголар жаратылған сәйгүліктер сияқты интеллектуалды бәйгелерге қосылады. Олардың жетістіктерін билік иелері өздерінің имиджі үшін пайдаланады.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ,

kzhukesh@mail.ru

 «Общественная позиция»

(проект «DAT» №3 (320) от 21 января 2016 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435